Геосаяси теңгерім: Еуропаның алаңдаушылығы, Азиядағы өзгерістер және Қазақстанның ұстанымы
Фотосурет сұхбат берушінің жеке мұрағатынан
Әлем дүрлігіп тұр. Бүгінде Украина, Мьянма, Судан, Газа, Конго, Камбоджа-Таиланд және Гаити елдерінің аумақтарында ірілі-ұсақты соғыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ Иран-Израиль, Кашмир, Йемен, Эфиопия-Эритрея, Оңтүстік Судан, Қытай-Тайвань мемлекеттерінде жанжал ушығып кетуі мүмкін. Мұндай алмағайып заманда Қазақстан қандай саясат ұстануы керек, жан-жағымызды шалған өрттен қалай аман қаламыз? Осы жөнінде халықаралық саясат шолушысы Қалиакбар Үсемханұлынан пікір сұраған едік, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
– Қалеке, соңғы уақытта Еуропа АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздерге ерекше назар аударып отыр. Бұл алаңдаушылықтың нақты себебі неде?
– Еуропа үшін Украинадағы соғыс – тек көршілес елдің мәселесі емес, бұл ЕО-ның қауіпсіздік стратегиясына тікелей теріс әсер ететін фактор. Ресейдің агрессиясы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тұрақтылық моделін шайқалтып жіберді. Ал АҚШ, әсіресе Трамптың соңғы мәлімдемелері, Еуропа елдерінде сенімсіздік тудыруда. Трамптың «Бір күнде соғысты тоқтатамын» деген мәлімдемесі орындалмады, Ресей – Украин соғысы әлі тоқтайтын түрі жоқ.
– АҚШ пен Еуропа арасындағы көзқарас қайшылығы қаншалықты терең? Бұл НАТО-ға да әсер ете ме?
– Айырмашылық айқын. Еуропа ең алдымен қауіпсіздік пен тұрақтылықты көздесе, Трамп әкімшілігінің басты назары – экономикалық шығындар мен тиімділік. Бұл көзқарас қайшылығы ЕО мен АҚШ арасында түсінбеушілік тудырып отыр. НАТО-ға келсек, бұл ұйым ішіндегі сенімділік пен бірлікке әсер етуі мүмкін. Егер Еуропаның стратегиялық мүдделері ескерусіз қалса, альянс ішіндегі ынтымақтастық әлсіреуі ықтимал.
– Азия аймағына тоқталсақ. Қытай мен Үндістан арасындағы қарым-қатынастың қайта жандануына не түрткі болды?
– Негізгі себеп – АҚШ-пен шиеленістің күшеюі. Трамп әкімшілігінің Үндістанға қарсы сауда тарифтерін күрт көтеруі Нью-Делиді балама серіктестерге бет бұруға итермеледі. Қытаймен арадағы шекаралық жанжалдарға қарамастан, тараптар диалог пен сенімділікті қалпына келтіруге ниет білдірді. Әскерді шекарадан әкету, сауда өткелдерін қайта ашу, визалық шектеулерді жеңілдету – осының бәрі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қадамдар.
– Осындай жағдайда Қазақстан қандай саясат ұстануы керек?
– Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат бағытын жалғастыруда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы – Қазақстанды әлемдік қақтығыстардан тыс ұстау, сонымен қатар жаңа экономикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Ресеймен де, Қытаймен де, Батыспен де прагматикалық байланыс сақталып отыр. Қазақстан мұнайының 60%-ы Еуропаға экспортталады, Қытаймен логистика және жасыл энергетика саласында келісімдер бар. Сонымен қатар, Орта Азия дәлізі мен Каспийдегі инфрақұрылым жобалары елдің геосаяси салмағын арттыра түседі.
– Бүгінгі геосаяси картада қандай ұзақмерзімді үрдістер қалыптасып жатыр деп ойлайсыз?
– Әлемде күш тепе-теңдігі қайта қаралып жатыр. Украинадағы соғыс, Азиядағы экономикалық шиеленістер, сауда санкциялары – бәрі де жаңа көпполярлы жүйенің қалыптасуын жеделдетуде. Еуропа қайта қарулану үдерісін бастады, Азияда аймақтық альянстар рөлін күшейтіп жатыр. Бұл процестер Қазақстан сияқты елдерге сын-тегеуіріндер тудыруымен қатар, жаңа мүмкіндіктер де ұсынады.
– Уақытыңызды бөліп, сараптама жасағаныңыз үшін рақмет.
– Сіздерге де рақмет.
Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)