Балабақша педагогтері – ұлт келешегін қалыптастыратын ұжым
Фотосурет автордан
Бүгінде еліміз бойынша 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылып отыр. Оқу-ағарту министрлігі мәлім еткендей, жыл соңына дейін елде осы жас мөлшеріндегі балаларды тәрбие, оқытумен қамту үшін 49 мыңнан аса орын ашу жоспарланған. Ұлтымыздың ертеңі – бүлдіршіндерді балабақшамен қамтып қана қоймай, тәрбиеленушілерге бүлдіршін кезінен саналы тәрбие, сапалы білім беріп, зейінді де зерек ұрпақ өсіріп шығару – мектепке дейінгі білім берудегі бүгінгі басты міндет. Осы орайда біз ШҚО білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Бақытгүл Қажыбековамен сұхбаттасқан едік.
– Алдымен өңірдегі балабақшалардың қазіргі жай-күйіне тоқталып өтсеңіз...
– Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы 388 мектепке дейінгі ұйымдар – балабақша мен шағын орталықтарда 29 мың бала тәрбиеленіп отыр. Ал өңір бойынша балабақша кезегінде 2,4 мыңға тарта бала бар. Сол себепті алдағы жылдары аймақтағы мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің барлығын балабақшамен қамтуға назар аударылып отыр. Осы күні облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында 4,8 мың баланы қамтитын 229 мектепалды даярлық тобы бар. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында өңір мектептеріндегі даярлық сыныптарында 6 мың бала оқытылмақ.
Бір кездердегідей емес, облыстың қалалары мен аудандарында мектепке дейінгі ұйымдарға деген қажеттіліктің айтарлықтай азайғаны байқалып отырғанмен, облыс орталығы Өскеменде, Зайсан, Күршім, Ұлан аудандарының орталықтарында жаңа балабақшаларға деген сұраныс әлі де жоғары. Бұл мәселе жоспарлы түрде шешіліп келеді. Соңғы 3 жылда облыста 12 жаңа жекеменшік балабақша ашылып, бүлдіршіндерді орналастыруға қажетті ққосымша орындар мемлекеттік тапсырыс арқылы қолжетімді болды.
– Ал облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қандай жаңа методика, жаңашыл тәсілдер енгізіліп жатыр?
– 2021 жылы наурыз айында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамытудың жаңа моделі құрылған болатын. Сол модельге сүйене отырып, облысымыздағы мектепке дейінгі ұйымдар 2022-2023 оқу жылынан бастап жаңартылған білім мазмұнына сай жұмыс істеп келеді. Соның бірі – Монтессори әдістемесі. Осы әдістеме бойынша бала өзінің дербестігін, еркіндігін дамытуға бағытталған арнайы құралдар арқылы оқытылады. Логика, технология, шығармашылықты ұштастыра отырып, баланың ойлау қабілетін жетілдіруге STEM элементтері кеңінен пайдаланылып келеді. Сондай-ақ балалардың зерттеу, тәжірибе жасау қабілетін дамыту мақсатында түрлі жобалармен жұмыс істеуге бағытталған жобалық қызмет тәсілі; денсаулық сақтау технологиялары – баланың денсаулығын нығайтуға бағытталған күн тәртібі, сергіту сәттері, тыныс алу жаттығулары; құндылыққа негізделген білім беру – тәрбие жұмыстары арқылы адами құндылықтарды бала бойына сіңіру; цифрлық ресурстарды қолдану – интерактивті жабдықтар, анимациялық материалдар. Бұл әдістер тәрбие мен оқытуды тиімді ұштастырып, баланың қызығушылығын арттырып, дамуына жағдай жасауда.
Негізі мектепке дейінгі ұйымдарда оқыту бағдарламасы бойынша оқу-тәрбие процесіне аптасына орта есеппен 20-25 сағат бөлінеді. Бұл сағат саны баланың жас ерекшелігіне және топтың түріне (шағын, толық күн, арнайы) байланысты өзгеруі мүмкін.
Мектепке дейінгі ұйымдарда бір баланы тәрбиелеу мен оқытуға бөлінетін қаржының көлемі аудан мен елді мекен түріне (қала/ауыл) байланысты. Орташа есеппен алғанда, қаладағы балабақшаларда – жылына 700,8 мың теңге, ауылдық жерлерде – жылына 698,4-777,6 мың теңге. Яғни айына 58 200-64 800 теңге шамасында бөлініп отыр.
– Енгізіліп отырған жаңа әдіс-тәсілдермен, жаңа жүйемен оқытып, тәрбиелеудің тиімді жақтары қандай?
– Бұл жаңа әдіс-тәсілдер мен білім беру жүйесі баланың тұлғалық дамуына бағытталған. Қолданыстағы Монтессори, жобалық оқыту, ойын арқылы оқыту әдістері баланың дербестігін, шығармашылығын, сын тұрғысынан ойлауын дамытады. STEM, сенсорлық, зерттеу әдістері арқылы балалар тек теорияны емес, іс жүзінде әрекет етуді үйренеді. Қоршаған ортамен байланыста болу арқылы өмірлік дағдылар қалыптасады. Интерактивті оқыту арқылы есте сақтау, тыңдау, көру, ойлау қабілеттері дамиды. Цифрлық ресурстарды қолдану баланың танымдық қызығушылығын арттырады.
Осы жаңа жүйеде ата-аналар оқу-тәрбие процесіне белсене қатысып келеді. Балабақшаларымызда жекелей тәсіл де қолданылады. Онда әр баланың даму деңгейі, қабілеті ескеріледі. Нәтижесінде бала жан-жақты дамып, мектепке баруға сай дайындықпен келеді, ал тәрбиешінің жұмысы жүйелі, нәтижелі болады.
– Өңірде мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде қандай оқу құралдары басты, негізгі білім беру тетігі ретінде қолданылып жатыр?
– Мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу барысында мемлекеттік оқу бағдарламаларына негізделген әдістемелік құралдар қолданылады. Олардың ішінде:
- жас ерекшеліктеріне сай жұмыс дәптерлері, суретті кітапшалар, ертегілер, қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілері;
- дыбыстық, математикалық, логикалық дамуға арналған кітаптар;
- жаза білуді және оқуға қызығушылықты дамытатын құралдар бар.
Электрондық ресурстарды айтсақ, ол – іBalapan.kz, Bilimland.kz платформаларындағы анимациялық ойын-сабақтар, ән, бейне, слайд түрінде мультимедиялық оқыту бағдарламалары.
Сонымен қатар, балабақшаларда дамытушы ойындар мен оқу құралдары да пайдаланылып жатыр. LEGO, конструкторлар, сенсорлық үстелдер, құрастыру, сұрыптау, сәйкестендіру ойындары, тіл дамытуға арналған көрнекі материалдар мен логопедиялық құралдар бар. Бұл құралдар баланың жасына, даму деңгейіне және оқу мақсатына қарай кешенді түрде қолданылады.
Облыс орталығындағы барлық балабақша оқу-тәрбие жұмысын бірнеше бағытта бірдей қамти отырып, іске асырып келеді. Әр балабақшада дене тәрбиесі, интеллектуалдық даму, көркем-эстетикалық тәрбие, коммуникативтік даму, экологиялық тәрбие, әлеуметтік-эмоционалдық даму бағыттары қатар жүргізіледі. Балаларға экологиялық тәрбие беру аясында өндірісті қаламыз Өскеменде «Жасыл балабақша» бағыты іске асырылуда. Мысалы, қаладағы №103 санаториялық балабақша-бөбекжайында 20 жылдан аса уақыт бойы экология кабинеті жұмыс істейді. Онда мектеп жасына дейінгі балалар туған өлкенің флора, фаунасымен танысады. Тәрбиеленушілер теңіз шошқалары, тотықұстар, ахатина ұлулары, балықтарға күтім жасауды үйренеді. Балалар өз қолдарымен үй өсімдіктерін қалемшелеп жалғайды, бұтақтарын қырқады, үй жануарларына сұлы тұқымын себеді және өсіреді. Тәрбиеші-эколог мектеп жасына дейінгі балалармен үлкен тәжірибелік жұмыстар жүргізеді.
– Балабақшалардың материалдық-техникалық базасы сын көтере ме?
– Жалпы, тәрбие мен білім сапасын арттырудың негізгі кепілі – мектепке дейінгі ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету және балаларға қолайлы орта құру. Осы міндеттерді орындап, көздеген мақсаттарға жету үшін аймақтағы балабақшаларда жыл сайын жөндеу жұмыстары өткізіліп отыр. Биыл облыс тарапынан ағымдағы жөндеуге 149,6 млн теңге қаржы бөлінген. Балабақшаларда қауіпсіздік стандарттарын сақтау аясында жыл басында 143,0 млн теңге қаржы бөлінген.
Жыл сайын өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған курстар мен семинарлар ұйымдастырылып отыр. Мемлекеттік тапсырыс арқылы балабақшаларды материалдық қолдау шаралары жалғасуда.
Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға тең қолжетімділік қамтамасыз етілген. Ата-аналармен серіктестік формасында жұмыстар жаңартылуда.
Балабақшаларға интерактивті тақта, проектор, дыбыстық жүйе сынды заманауи құралдар енгізілген. Қазір педагогтер мультимедиялық және цифрлық ресурстарды қолдануға дағдылануда.
Ұлт келешегі үшін қаладағы ғана емес, ауылдағы балабақшаларды түзеп, оның материалдық және кадрлық мәселесін дұрыс шешуге жете көңіл бөлу қажет. Аймақтағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы барлық жерде бірдей емес. Жағдайы жоқ, құрал-жабдығы көне ондай балабақшаларды қаржының мүмкіндігіне қарай жаңа ойын жабдықтар мен оқу құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Пікірлер (0)