Николай Дураченко: «Қазақ тілі – мен үшін дүниеге ашылған алтын терезе»
Фотосурет сұхбат берушінің жеке мұрағатынан
2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сіңірген еңбегі бағаланып, Степногорск қаласының тұрғыны, мықты спорт жаттықтырушысы Николай Николаевич Дураченко «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын. Ол – бозкілемнің батырын ғана емес, жүректердің рухын баптаған тұлға. Дзюдо өнерін дамытып қана қоймай, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, жас буынның кеудесіне ұлттық рухтың шоғын үрлеген, сенімнің шырағын жаққан жан. Әр шәкіртіне спорттағы жеңістің ғана емес, елдіктің, тілді құрметтеудің маңызын ұқтырып жүрген ұстазбен біз де сұхбаттасқан едік, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
– Николай Николаевич, туған жеріңіз бен алған біліміңіз сіздің бүгінгі ұстаздық жолыңызға қалай әсер етті?
– Ерейментау ауданының Сілеті ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдағы бастауыш білім мен алғашқы тәрбие менің өмірімнің іргетасын қалады. Кейін Степногорск қаласының спорт мектебінде шыңдалдым. Дене шынықтыру мен спорт факультетін тәмамдап, бүгінгі күні балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етіп жүрмін. Ауылдағы қарапайым қадамдарым бүгінгі үлкен арнаға алып келді деуге болады.
– Демек, сіздің жолыңыздың бастауында отбасы мен әке-шешеңіздің ықпалы ерекше болған сияқты. Қазақ тілін еркін меңгеруіңізге де солардың әсері ме?
– Дәл солай. Әкем Николай Анатольевич бала күнінен қазақ тілін жетік меңгерген. Бізді де соған баулыды. Үйде інім екеуімізді қатар тұрғызып, «мынау шаш, мынау құлақ, мынау бас» деп қазақ тілін жаттатып отыратын. Сол арқылы тіл біздің қанымызға ерте сіңді. Анам Светлана Ивановна да қазақтың салтына құрметпен қарады. Ұлты украин болса да, екеуі де қазақтың тілі мен дәстүрін бойына сіңіріп, бізге мұра етіп қалдырды. Өзім орыс мектебін бітірсем де, қазақ тілінде жарыстарға қатыстым. Қазақ тілі мен үшін дүниеге ашылған алтын терезе болды.
– Ал тілді бойыңызға сіңіргеннен кейін спортқа бет бұру да тосыннан келген жоқ шығар?
– Иә, бәрі бір-бірімен сабақтасып жатыр. Қазақ тілін меңгеруім ортама жол ашса, спорт
қа қадамым да досымның арқасында болды. Ол спорт мектебіне қабылданды, әкесі маған бірге баруды ұсынды. Осылайша дзюдоға келдім. Басында бұл спорттың не екенін де білмейтінмін. Бірақ бір қадам бүкіл тағдырымды өзгертті.
– Спорт сіздің тағдырыңызды өзгерткені секілді, қазір Степногорск жастарының да өмірін өзгертіп жатқандай. Өзіңіз осы қаланың спортын қалай бағалайсыз?
– Қалада спорттың, әсіресе дзюдоның дамуы қуантады. Балалардың қызығушылығы жоғары. Елдос Сметовтың жеңісі қаншама балаға шабыт берді. Қазір топтарда орын жоқ – бәрі толы. Біз шәкірттерді республикалық, халықаралық жарыстарға дайындап жүрміз. Жуырда Германия мен Түркияда ірі жарыстарға барып қайттық. Бұл тек спорт емес, жастардың болашаққа сенімін арттыратын мектеп.
– Сіз үшін әрбір жарыс, әрбір медаль – жаңа белес. Жеке жетістіктеріңіз туралы да айта кетсеңіз.
– Дзюдо күресінен спорт шеберімін. Қазақстан чемпионаттарында бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көріндім. Испанияда өткен Еуропа кубогында ІІ орын, Қытайда өткен Азия ойындарында ІІІ орын иелендім. Қазір ардагерлер арасында күресіп
жүрмін. Жақында Астанада өткен турнирде І орын алдым. Енді Әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз. Бірақ мен үшін ең үлкен арман – шәкірттерімнің жетістігі мен елге пайдасы.
– Сөзіңізден байқадық, шәкірт пен бапкер арасындағы байланыс ерекше екен. Жаттықтырушының рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Жаттықтырушы – шәкірт үшін әке секілді. Ол тек спорттағы емес, өмірдегі жағдайды да білуі тиіс. Кіммен араласып жүр, қандай қиындық бар – бәрін назарда ұстауы керек. Бір балаға мақтау қажет, екіншісін қатал тәртіп шыңдайды. Бірақ бәрі үшін ор
тақ нәрсе бар: бапкердің сенімі. Сенім – ең мықты қару, ол шәкірттің қанатына айналады.
– Ал жақсы спортшы болу үшін ең алдымен не керек?
– Алдыңа айқын мақсат қоя білу. Қиындыққа мойымай, соңына дейін күресу. Жеңісті ғана емес, жеңілісті де қабылдай білу – шын ерліктің белгісі. Өйткені жеңілістен сабақ алмаған адам жеңісті қадірлей алмайды.
– Өзіңізді үлгі тұтып, шәкірттеріңіз қазақ тілін де үйреніп жүр екен. Сол жастарға айтар тілегіңіз?
– Спорттың жаманы жоқ. Ең бастысы – табандылық пен үздіксіз еңбек. Жақсы орта тауып, сенімді досқа жолығу – жеңіске апарар жолдың жартысы. Елге пайдасын тигізуді мақсат еткен жас ешқашан адаспайды. Жеңіс – тек медаль емес, ол – өзіңді жеңе білу.
Сұхбаттасқан: Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)