Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігі мен рухани тұтастығының символы
Фотосурет «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ
Қазақ геральдикасының дамуы – тәуелсіздік алғаннан кейін жаңаша сипатқа ие болған маңызды бағыттардың бірі. Түп тамыры тереңнен басталатын салада аз уақыттың ішінде ауқымы кең, пайдасы мол жұмыстар атқарылып келеді. Дегенмен, бұл саланың басты проблемасы мен болашағы қандай, заңнамалық реттілік жайы қалай, мамандар жеткілікті ме деген сауалдарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ, Геральдикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бижанов Асылжан Самиғоллаұлымен болған сұхбатта жан-жақты зерттеп, зерделеп көрдік, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
ҚАЗАҚ ГЕРАЛЬДИКАСЫНЫҢ ТАРИХЫ, БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ
– Қазақ геральдикасының бүгінгі таңдағы даму деңгейін қалай бағалайсыз? Сапалық және мазмұндық тұрғыдан қай бағыттарда алға жылжу бар? Аймақтар мен орталық деңгейде даму қарқынында айырмашылық байқала ма? Заманауи үрдістерге сәйкестігі қандай деңгейде?
– 2021 жылы «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ Үкімет қаулысы негізінде құрылып, қазақ геральдикасы қайта жандана бастады. Қазақ геральдикасы соңғы жылдары сапалық және мазмұндық тұрғыдан белгілі бір деңгейде ілгеріледі. Әсіресе, өңірлік деңгейдегі қала, аудан геральдикасын даярлауда отандық тарихқа, ұлттық болмысқа бетбұрыс байқалады. Аймақтарда даму қарқыны әркелкі: кейбір облыстарда геральдикалық кеңестер құрылып, кәсіби сараптама енгізілсе, кейбірінде бұл сала енді ғана қалыптасып келеді. Заманауи үрдістерге сай келу жағы да – дизайн, символикалық мағына, тарихи дәлдік жағынан – біртіндеп дамып келеді.
– Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері бұл салада қандай маңызды жетістіктерге қол жеткізілді? Қай нақты жобалар немесе символдар айрықша үлгі ретінде танылды? Халықаралық мойындауға ие болған жұмыстар бар ма? Қай кезең ең жемісті болды және не себепті?
– Ең басты жетістік – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері. Сонымен қатар, облыстық, қалалық және ведомстволық геральдикалық белгілер де біртіндеп ұлттық бағытта жаңартылып жатыр. Рәмізтанушы Ербол Шаймерденов 1992-2012 жылдары Мемлекеттік рәміздерге қатысты бірнеше еңбекті жарыққа шығарды. Геральдикалық зерттеулер орталығына келер болсақ, 2021 жылы «Қазақ геральдикасы кітап-альбомы», 2022 жылы «Қазақ геральдикасы» кітабы мен «Таңбалар тілі» ғылыми-танымдық журналы шығарылды. Орталық жанынан «Таңба» ғылыми-әдістемелік клубы өз жұмысын бастады. Бүгін орталық мамандары «Қазақ символогиясы» және «Мемлекеттік, ведомстволық және өзге де наградалар альбом-кітабы» еңбектерін жарыққа шығару бағытында жұмыстанып жатыр.
– Қазақ геральдикасының тарихы туралы айтып берсеңіз. Көне түркі дәуіріндегі таңбалар, рәміздер, тамғалардың геральдикаға қатысы қандай? Орта ғасырларда (Алтын Орда, Қазақ хандығы) геральдикалық элементтер қалай қолданылды?Ресей империясы мен кеңестік кезең бұл дәстүрге қалай ықпал етті?
– Қазақ геральдикасы тамыры тереңде жатыр. ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының негізгі элементтері сонау сақ дәуірінен бастау алады. Көне түркі дәуірінде тайпалық таңбалар мен тамғалар – меншік, билік, руаралық қатынас белгісі ретінде қолданылды. Бұл – геральдикалық ойлаудың ерте формасы. Алтын Орда және Қазақ хандығы кезеңінде байрақтар, мөрлер, қару-жарақ беттеріндегі символика – билік пен әскери мәртебенің белгісі болған. Ресей империясы кезінде қазақ рәміздері толық ескерілмей, негізінен отарлық басқару белгілері қолданылды. Кеңестік кезеңде ұлттық негіздегі символика коммунистік идеологиямен ұштастырылды.
– Қазақ хандығы кезіндегі нышандардың бүгінгі геральдикаға әсері қандай болды? Бүгінгі гербтерде сол дәуірдің қай элементтері қайта бейімделіп қолданылады? Көшпелі өркениет символикасын заманауи форматқа енгізудің қиындықтары неде?
– Қазақ хандығы дәуіріндегі нышандар бүгінгі геральдикада қайта бейімделіп қолданылып жүр. Мысалы, барыс, тұлпар, қыран, жебе, шаңырақ, бес қару, ту шашағы, көк түс, алтын күн – сол дәуірдің тарихи мұралары. Бұл элементтер қазіргі гербтерге тарихи сабақтастық ретінде енгізіледі. Алайда көшпелі өркениеттің динамикалық, символдық коды мен қазіргі геральдиканың еуропалық үлгісін үйлестіруде қиындықтар бар. Соның бірі – тарихи дерек тапшылығы мен көркемдік интерпретацияның шектілігі.
– Геральдикалық символдарды жасауда ұлттық мәдениет, тарих және дәстүрлер қаншалықты ескеріледі? Ұлттық элементтерді енгізудің негізгі қағидалары қандай? Көркемдік пен тарихи дәлдік арасында тепе-теңдікті қалай табасыз?
– Бүгінгі таңда ұлттық мазмұнды енгізу басты басымдықтардың бірі. Таңбалар, дәстүрлі өнер өрнектері, рухани түсініктер (мысалы, үштаған, жеті саны, ай мен күн), көшпелі мифология мотивтері жиі қолданылады. Негізгі қағидалар – тарихи шынайылық, рәміздік дәлдік және эстетикалық үйлесім. Көркемдік пен ғылыми дәйектілік арасында теңгерім сақтау үшін тарихшы, мәдениеттанушы, филолог мамандар мен дизайнерлердің бірлескен жұмысы қажет.
– Қазіргі таңда қазақ геральдикасындағы ең өзекті проблемалар қандай? Заңнамалық реттеу жеткілікті ме? Маман тапшылығы бар ма? Жасалған символдардың бірізділік, сапа және мағына жағынан мәселелері қаншалықты өзекті?
– Бірінші мәселе – заңнамалық регламенттің толық болмауы. Өңірлік нышандарды бекіту, біріздендіру, сараптау жүйесі соңғы жылдары ғана реттеліп келеді. Геральдикалық жұмыс басқармасы мен Геральдикалық зерттеулер орталығы ұсынған, жұмыстанып жатқан, алдағы уақытта реттелетін мәселелер көп. Заң, ереже қабылдаудың өзі ұзақ процесс. Екіншіден, мамандар тапшылығы – геральдика, семиотика, дизайн саласында қазақ геральдикасын түсінетін кәсіби кадрлар жетіспейді. Үшіншіден, жасалған символдардың бірыңғай стилі, мазмұн тереңдігі мен тарихи негізі әркелкі. Бұл – саланың жүйелі дамуын тежейді.
– Геральдикалық символдарды тіркеу, бекіту және қорғау процестері қалай жүзеге асырылады? Бұл жүйенің ашықтығы мен тиімділігі қандай деңгейде? Авторлық құқық бұзушылықтың нақты мысалдары бар ма? Оларды болдырмау үшін қандай механизмдер енгізу керек?
– Қазіргі таңда бұл үдеріс әр мекеме мен әкімшілік деңгейінде әртүрлі жүзеге асырылады. Бірыңғай ұлттық реестр, сараптамалық кеңес пен заңдық қорғау тетігі толық қалыптаспаған. Авторлық құқық бұзушылық – жиі кездесетін мәселе. Мысалы, бір геральдикалық элемент бірнеше өңірде қайталанып кетуі мүмкін. Қайталауды болдырмау үшін орталықтандырылған геральдикалық реестр құрылуы керек. Бұл бағытта қажетті ұсыныстар мен негіздемелер күн тәртібіндегі мәселе.
– Жаңа қалалар, облыстар немесе мекемелер үшін геральдикалық символдар жасау кезінде қандай қиындықтар туындайды? Тарихи деректердің жеткіліксіздігі жұмысты қалай тежейді? Тапсырыс берушінің талабы мен кәсіби стандарт арасында қайшылықтар бола ма?
– Жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерге немесе мекемелерге геральдикалық символ жасау – үлкен жауапкершілік пен кәсіби көзқарасты талап ететін күрделі жұмыс. Бұл үдерісте бірнеше өзекті қиындықтар жиі туындайды. Біріншіден, тарихи деректер мен дәстүрді толық түсінбеу. Геральдика – тек көркемдік туынды емес, ол мағыналық, тарихи және мәдени контекстке негізделуі тиіс. Дерек аз болған сайын, эмблема, логотип жасаушы өз қиялына көбірек сүйенуге мәжбүр болады. Мемлекеттік тілде ойлайтын дизайнер мамандардың тапшылығынан символдың мәні толық ашылмай қалып жатады. Екіншіден, тапсырыс берушінің субъективті талабы мен кәсіби стандарт арасындағы қайшылық. Кейде тапсырыс беруші (әкімдік, басқарма, оқу орны немесе басқа ұйым) өз көзқарасын, жеке талғамын немесе маркетингтік мақсаттарын бірінші орынға қояды. Олар тарихи шындық пен рәміздік мағынаға емес, «жарқын көрінсін», «ерекше болсын» деген талаптарға көбірек мән береді. Ал кәсіби геральдикада тарих, география, семиотика, рәміздік сәйкестік пен композициялық заңдылықтар басты назарда болуы керек. «Рәміз», «логотип», «эмблема», «леттеринг», «брендбук», «айдентика» «маскот» ұғымдарының мағынасы мен ара-жігін көпшілік ажырата алмайды. Үшіншіден, сапалы сараптамалық кеңестердің жетіспеуі. Бүгінде өңірлерде геральдикамен тұрақты айналысатын кәсіби кеңестер немесе сарапшылар саны аз. Соның салдарынан, жасалған рәміздердің ғылыми, тарихи және көркемдік сапасын бағалау қиынға соғады. Әрбір геральдикалық элементке қатысты түрлі субъективті пікірдің болатындығы да белгілі. Бұл – қабылданған символдың кейін қоғам тарапынан сынға ұшырауына себеп болады.
– Геральдиканың маңызы туралы қоғамның хабардарлығы қандай деңгейде? Қарапайым азаматтар үшін геральдиканың мәнін түсіндірудің тиімді жолдары қандай? Бұл бағыттағы насихат жұмыстары жеткілікті ме? Цифрлық ортада, яғни әлеуметтік желі, сайттарда геральдика қаншалықты танымал?
– Қоғамда геральдика туралы жалпы түсінік қажетті деңгейде деп айту қиын. Соңғы жылдардағы әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты елімізде, әсіресе, жастар арасында дәстүрге, қазақ символикасына деген қызығушылықтың артқаны айқын байқалады. Біздің орталықта мемлекеттік рәміздерді насихаттау бөлімі жұмыс істейді. Әрдайым заман көшінен қалмай, түрлі форматта жұмыс жүргізіп келеді. Университеттер, мектептер, спорт федерациялары, өңірлердің ішкі саясат басқармаларына геральдикалық сауаттылық дәріс-семинарлары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
– Қазақстанда геральдиканы оқытатын арнайы оқу орындары бар ма? Маман даярлаудың қазіргі жүйесі жеткілікті ме? Шетелдік тәжірибе қалай қолданылады? Геральдист мамандығы еңбек нарығында сұранысқа ие ме?
– Қазіргі таңда геральдика жеке мамандық ретінде оқытылмайды. Гуманитарлық бағытта тарихшыларды даялайтын білім беру бағдарламаларында жеке пән немесе қосалқы тарихи пәндер құрамында ғана оқытылады. Бүгінгі күні Геральдикалық зерттеулер орталығы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетімен дипломдық және магистрлік диссертация тақырыптарын геральдика бағытымен байланыстыру бойынша келісімге келді. 2024 жылы М053 – тарих білім беру бағдарламасының магистранты Р. Маманов магистрлік диссертация жұмысын бастады. 2025 жылы Астана халықаралық университетінің жас тарихшылары орталықта өндірістік практикадан өтіп, болашақ геральдист атанудың алғашқы қадамдарын сәтті бастап кетті.
– Халықаралық стандарттар мен қазақ геральдикасының арасында қандай айырмашылықтар бар? Геральдикада ұлттық ерекшелік пен халықаралық талапты үйлестіру қаншалықты мүмкін? Қазақ геральдикасы әлемдік аренада өзіндік мектеп ретінде таныла алды ма?
– Еуропалық геральдикада форма, түс, масштаб, мағына жағынан нақты регламенттер бар. Ал халықаралық геральдикада бірізділік, стандарт әркелкі қалыптасқан. Әр елдің геральдикасы өзінің тарихи-мәдени мұрасымен тікелей байланысты екендігін басты назарда ұстау қажет. Қазақ геральдикасы әзірге бұл стандарттарға бейімделу кезеңінде. Ұлттық ерекшелікті (таңба, эпостық бейне, көшпелі мәдениет) халықаралық стильмен үйлестіру – күрделі, бірақ мүмкін міндет. Қазақ геральдикасы әлемдік аренада өз мектебін қалыптастыруға бет алды деп айтуға болады.
– Ұлттық рәміздердің қадір-қасиеті туралы не айтар едіңіз? Қазіргі қоғам оларды қаншалықты құрметтейді? Қадірін арттыру үшін қандай мәдени, тәрбиелік шаралар қажет?
– Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігі мен бірегейлігінің символы, тарихи жады мен рухани тұтастықтың көрінісі. Қазіргі қоғам оларды ресми құрметтейді, алайда рәміздердің терең мағынасы мен тарихи мазмұнын түсіну деңгейі әркелкі. Қадірін арттыру үшін мектеп бағдарламасына тақырыптық сабақтар енгізіп, көрмелер, деректі фильмдер, әлеуметтік желілерде танымдық жобалар арқылы кеңінен насихаттау қажет. Бұл бағытта едәуір тұшымды, маңызды жұмыстар атқарылып жатыр.
Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)