Мейрамкүл Мырзағұлова: Ойын тәуелділігі – заманауи қоғамдағы сын

Сұхбат
view 70
news

Фотосуре сұхбат берушінің жеке мұрағатынан

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жастар мен жасөспірімдердің өмір салтына терең ықпал етіп, заманауи қоғамда ойындарға деген қызығушылықтың жаңа деңгейіне шығуына жол ашты. Әсіресе лудомания, яғни ойынға деген құмарлық – рухани құндылықтардың шегіне жетіп, жас ұрпақтың психологиялық және мінез-құлықтық тұрақтылығына қауіп төндіретін өзекті мәселе ретінде көрініс табуда. Онлайн ойындардың кең қолжетімділігі мен виртуалды ортадағы жетістіктерге ынта білім беру жүйесіне, отбасы тәрбиесіне және ұлттық құндылықтарға елеулі әсер етуде. Осы күрделі құбылыстың педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық аспектілерін жан-жақты талдау мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы Мейрамкүл Мырзағұловамен арнайы сұхбат жүргізілді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

– Мейрамкүл Дәуренбекқызы, қазіргі қоғамда жастар мен жасөспірімдер арасында ойынға тәуелділік, яғни лудомания кеңінен таралуда. Осындай құбылыстың мәнін педагогикалық және әлеуметтік тұрғыдан қалай сипаттайсыз?

– Қазіргі таңда ойынға тәуелділік жастар арасында қарқынды түрде таралып келе жатқан әлеуметтік әрі психологиялық құбылыс ретінде көрініс табуда. Көптеген жасөспірімдер виртуалды әлемді нақты өмірдің баламасына айналдырып, одан алынған жетістіктерден ләззат алуға бейімделуде. Эмоциялық тұрақсыздық, назарды шоғырландырудағы қиындықтар, отбасымен және құрдастарымен қарым-қатынастың әлсіреуі сияқты теріс салдарлар жиілеп барады.

Ойындар көбінесе уақыт өткізу немесе көңіл көтеру құралы ғана емес, адамның ішкі күйзелістерінен арылу тәсіліне айналып отыр. Кей студенттер сабақтарын кейінге қалдырып, достармен кездесуден бас тартып, күні бойы экран алдында отыруға бейім болады. Әсіресе психологиялық тұрғыда әлсіз немесе эмоциялық қолдауға зәру жандар мұндай ортада өзін қауіпсіз сезінеді.

Педагог ретінде айтарым – ойынға тыйым салу немесе шектеу қою әдетті жоюда тиімді болмайды. Керісінше, жасөспірімдердің эмоциялық қажеттіліктерін түсіну, олармен ашық сөйлесу, саналы шешім қабылдауға үйрету әлдеқайда нәтижелі. Түсіністік пен қолдау көрсеткен жағдайда ғана ойынға тәуелділікпен күресте нақты әрі тұрақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

– Педагогикалық тұрғыдан алғанда, студенттерге ойынға тәуелділіктің зиянды салдарын қалай жеткізуге болады?

– Студенттерге ойынға тәуелділіктің теріс әсерін түсіндіру үшін олардың жас ерекшеліктері мен эмоционалдық жағдайын ескеру қажет. Ойын кезінде дофамин деңгейінің жасанды түрде көтерілуі жағымды эмоциялар туғызып, адамның қайта-қайта ойнауға деген ұмтылысын күшейтеді. Уақыт өте келе студент нақты өмірден алыстап, виртуалды әлемге ғана тәуелді болып кетеді. Бұл оқудағы ынтаның төмендеуіне, өзіне деген сенімнің азаюына және жеке қабілеттерді толық ашуға кедергі жасайды.

Сонымен бірге, XXI ғасырда рухани құндылықтардың орнына материалдық құндылықтардың басым болуы тәрбиеде кері салдарға – қатыгездік пен мейірімсіздікке әкелуде. Қазақ халқының «баланы 5 жасқа дейін хандай күт, 5-15 жаста құлдай жұмса, 15 жастан кейін құрдасыңдай сырлас» деген тәрбиелік ұстанымы бар. Алайда қазіргі ата-аналардың көпшілігі «құлдай жұмса» дегенді терең түсінбей, тым еркін тәрбиеге бейімделуде. Яғни, балалардың мінез-құлқына теріс әсер етуі ықтимал.

Осы қиындықтарды жеңу үшін топтық тренингтер, рөлдік ойындар және дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, студенттерге ойын мен шынайы өмір арасындағы айырмашылықты түсіндіру маңызды. Психологиялық қолдау мен өзін-өзі дамытуға бағытталған шығармашылық жобалар да оң нәтиже береді. Ең бастысы – студенттермен ашық, сенімге негізделген қарым-қатынас орнатып, олардың ішкі өзгеріске ұмтылысын қолдау қажет.

– Студенттермен жұмыс істеуде оқытушының рөлі қандай? Қандай әдістерді тиімді деп санайсыз?

– Жоғары оқу орнында қызмет атқаратын оқытушы тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар бағыттаушы, сенімді кеңесші және кейде психологиялық тірек болып табылады. Студенттік кезең – жеке тұлға ретінде қалыптасудың маңызды сәті. Осы кезеңде студент көп жағдайда өмірлік бағыт іздеп, ішкі күйзелістермен жалғыз қалуы мүмкін. Сондықтан ашықтық пен сенімге негізделген қарым-қатынас орнату – басты міндеттердің бірі.

Кейбір студенттер сырттай сабырлы көрінгенімен, өзіне деген сенімсіздікпен, әлеуметтік қысыммен, отбасындағы түсініспеушілікпен күресуде. Мұндай жағдайларда оқытушының ішкі сезімдерді ескеріп, студентті сөкпей, керісінше түсінуге тырысуы маңызды. Жеке әңгіме, пікір алмасу, кеңес беру арқылы саналы шешім қабылдауға итермелеу мүмкін.

Жұмыс барысында студенттердің қызығушылығын оятатын жобаларға, шығармашылық тапсырмаларға, топтық жұмыстарға көбірек көңіл бөлу керек деп есептеймін. Кейде қарапайым тренинг немесе пікірталас барысында студент өз қабілетін танып, ішкі әлеуетін аша алады. Уақытты басқару, эмоцияны реттеу, әлеуметтік жауапкершілік сияқты бағыттарда қосымша жұмыстар атқару да тиімді.

– Мейрамкүл Дәуренбекқызы, ойынға тәуелділіктің алдын алу бағытында заңнамалық өзгерістер қажет деп ойлайсыз ба?

– Әрине, мәселе жеке адамның таңдауы мен отбасылық бақылаудан тыс, қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық даму тұрғысынан қарастырылуы тиіс. Ойынға тәуелділік жасөспірімдердің психикалық саулығына, білім алуына және тұлғалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Осы себепті кейбір елдер заңнамалық деңгейде нақты шектеулер енгізген. Мысалы, Қытайда 18 жасқа толмаған балалар онлайн ойындарды тек белгілі уақыттарда, көбіне демалыс күндері және шектеулі сағаттарда ойнауға рұқсат етіледі. Мұндай тәсіл тәуелділікті төмендету құралы ретінде тиімді болып отыр.

Қазақстанда да ойын индустриясы жыл сайын кеңейіп, жастар арасында онлайн платформаларға тәуелділік артып келеді. Сол себептен осы үрдісті ескеріп, кибермәдениетті реттейтін құқықтық нормалар қажет. Мысалы, жас ерекшеліктеріне сай ойындарды заңмен бөлу, жасөспірімдерге арналған контентке қойылатын талаптарды күшейту, ойын уақытын шектеуге байланысты ережелер бекіту қарастырылуы мүмкін. Сандық платформалардың иелеріне жауапкершілік жүктеу, ата-аналарға мониторинг жүргізу құралдарын заңмен міндеттеу де маңызды.

Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде цифрлық қауіпсіздік, интернет-гигиена және ойынға тәуелділіктің алдын алу бойынша міндетті оқу модульдерін енгізу заңнамалық қолдауды қажет етеді. Балалардың құқықтарын қорғау туралы заңға арнайы тармақ қосу бүгінгі қоғам талабына сай келеді. Осындай кешенді шаралар арқылы ұлттық деңгейде жастардың санасын сақтап, олардың толыққанды дамуына жағдай жасауға болады.

– Қоғам үшін маңызы зор мәселелерге терең талдау жасап, құнды ой-пікірлеріңізбен бөліскеніңіз үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Педагогикалық тәжірибеңіз бен көзқарастарыңыз жастар тәрбиесінде үлкен бағыт-бағдар береді деп сенеміз. Мейрамкүл Дәуренбекқызы, алдағы еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Жанар АХМЕТОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *