Отыз жылдың ой-толғауы – Қуаныш Сұлтановпен сыр-сұхбат
Фотосурет автордың жеке мұрағатынан
Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов пен журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Гүлсім Еңсепова «Отыз жылдың ой-толғауы» сұхбаттарында өміріміздің ең басты құндылығы — мемлекеттік тәуелсіздігіміз, оны қастерлеу, ұлттық қауіпсіздігімізді күшейту, еліміздің дүниежүзілік қоғамдастықтағы, халықаралық беделінің өсуі, ел тұрмысының сапасын көтеру, т.б. маңызды мәселелерді арқау еткен. Сұхбат нақты деректер негізінде өрбітіліп, жеңіл әңгіме түрінде баяндалған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«…Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар. Біздің жаңа та- рихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл — ақиқат. Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемле- кеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік институттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді. Көптеген елмен тиімді қарым- қатынас орнатылды, экономикаға шетел- ден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет. Өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шы- найы бағалай алмасақ, алға сеніммен қадам баса алмаймыз. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беру- ге болмайды. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті …».
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 3 қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан.
ҚАРСАҢДА
Гүлсім ЕҢСЕПОВА:
— Қуаныш Сұлтанұлы, ел, жер, ұлт, мемлекет туралы әңгімеге келісім беріп, ой бөлісуге ықылас білдіргеніңіз үшін алғысымды қабыл алыңыз.
Біздің әңгімеміздің ауқымы кең болар деп ойлаймын. Кең болатыны — әңгіменің негізгі өзегі тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасының қалануы, басталуы, бүгіні, ертеңі туралы сөз қозғасақ. Әрине, ондай әңгіме қысқаша тарихқа да сүйеніп өрбісе, артық бола қоймас. Мемле кеттік тәуелсіздігіміз ресми жарияланған күннен бері де 34 жыл өтіпті. Осы уақытта бір ұрпақ өсіп, жетілді. Тіпті олар әртүрлі деңгейдегі мем лекет ісіне де белсене араласып, республика билігіне де келді. Алайда олардың көпшілігі осы мемлекетшілдік, тәуелсіздік деген ұғымдарға тереңдеп мән бере бермейтін сияқты.
Сол мемлекет, жаңа дәуір, тарихи оқиғаларын мейлінше қарапайым баяндау арқылы кез келген оқырманға түсінікті тілмен жеткізу де маңызды болар. Осы жөнінде ойыңыз қалай?
Ең әуелі Конституцияда көрсетілгендей, «зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік» болып орныға алудың жолы қан шалықты күрделі?
Қандай кезеңдерден өттік? Кім едік, кім болдық?
Тәуелсіздіктің қарсаңында көптеген күтіл меген, болжанбаған оқиғалар болғанын білеміз. Олардың қайсысы біз үшін, біздің еліміз үшін маңызды болды, немесе қайшылықты, кереғар болды деп айтар едіңіз?
Тәуелсіздік неден бастау алады?
Қуаныш СҰЛТАНОВ:
— Рахмет, Гүлсім қарындасым.
Сұрақтарыңызды тереңнен толғап, әзірленген екенсіз. Осындай сұрақ, әңгіме қоғамға, әсіресе жас ұрпаққа қажет деп ойлаймын. Өйткені, шүкіршілік, мемлекетіміз тәуелсіздік жағдайында отыз жылдан астам өмір сүріп келеміз. Өткенге қарайлауға уақыт та, мүмкіндік те жоқ, бүгінгі заманның қарбаластары мен толқынының да екпіні қатты.
Алайда бір мезетте ғайыптан бүгінгі күнге келе қалмағанымыз да анық. Қазақстан тарихының жаңа заманына қалай келдік? Тәуелсіздік дәуірінің қарсаңында қандай қоғамнан өттік?
Ол қоғам — социалистік қоғам болды. Мәскеудегі Орталық биліктен басқарылатын, бір партияға бағынатын, бір ғана мемлекеттік меншік. Он бес республика бір орталыққа бағынатын мемлекеттік, саяси құрылым.
Сәл шегініс жасап, жаңа дәуірдегі мемлекеттік тәуелсіздік қарсаңы мен ресми тәуелсіздігімізді жариялаған алғашқы жылдардың кейбір маңызды оқиғаларын да еске ала кетсек, артық бола қоймас.
Мұндай әңгіме тек қызығушылық білдіріп, сұрақ қойып отырған Сіз үшін немесе баяндаушы — мен үшін ғана емес, бүкіл ұрпағымызға қажет. Біздің ұлттық рухымыз өр әрі күшті. Біз табиғатымыздан, жаратылысымыздан еркін ұлт, ерікті халықпыз.
Тағдырымызда, тарихымызда бізді бұғаулап, бағындырып, жерімізді өзіне қаратып, бізге үстемдік еткісі келетін басқа ел бар екен деп көп адам ойлай қоймауы да мүмкін. Кезінде 1922 жылы Одақтық келісімнің негізгі өзегі де Одаққа кірген барлық республикалар үшін тең құқықтық болатын. Алайда жақсы ниет жарияланып, іс жүзінде барлық саяси, экономикалық билік шексіз орталықтана беріп, республикалардың еркін тіршілігі мен дамуы одақтық орталыққа қарағанда екінші кезек жағдайында болды. Оны бүгінгі заманның адамдары түсінуі үшін қысқаша өте қарапайым, тұрмыстық мысалдарды да еске алсақ — республикаға берілген тапсырмаға сәйкес ол замандағы экономикалық жүйе жоспарлы экономика ғой. Мәселен, ет, астық тағы басқа азық-түлік өнімдерін алдымен Мәскеу, Ленинград, сосын Ресейдегі ірі өнеркәсіп қалаларын толық қамтамасыз етіп, тек артылған көлемдері өз республикамызға қалдырылатын. Осы принцип барлық бағытта, саясатта, экономикада қолданылатын. Одақтас республикалардың билік институттары — яғни, саяси партиялық, атқарушы билік орындары, олардың қызметі Одақтық биліктің қатаң бақылауында және солардың келісімімен жүргізілетіні Одақтық орталық билік орындарының шешімдерімен, бұйрығымен бекітілген. Сол сияқты республикадан шет елдермен қарым-қатынас, бару, келу, оқуға жастар тек Мәскеудің рұқсатымен жіберілетін.
Бүгінгі тәуелсіздігімізде мыңдаған жастар өз қалауымен, қабілетімен дүниежүзінің оқу орнын таңдау еркіндігінде. Оған ешқандай билік араласпайды. Тек визалық ережелер ғана сақталады. Одақтық бағыныштылық, бір ұлттың үстемдігі, басымдығы туралы бұрындары да айтылып жүргенімен, нағыз ашық сөз компартия өз жұмысын тоқтатып, Кеңес Одағы ыдырап, биліктен кеткеннен кейін ғана мүмкін болғанын да айта кету керек. Кеңес Одағы мен компартияның саяси кеңістіктен кетуі, сонымен бірге Шығыс Еуропа елдерінің өз мемлекеттік тәуелсіздіктеріне қол жеткізуі де біздің Одақ құрамындағы республикаларға жол ашты.
Бұл құбылыстар мызғымастай болған компартия теориясы мен тәжірибесінің догматикалық талаптарын тас-талқан етті.
Коммунистік партия өз жұмысын тоқтатып, тарағаннан кейін оның себеп-салдарына арналған зерттеулер мен сыни-сараптамалық мақалалар дүниежүзінде телегей-теңіз сипат алды. Шын мәнінде, біздің заманымызда мұндай ірі оқиға екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жаһандық оқиға болды. Дүниежүзілік қоғамдастықта мемлекеттер арасында көптеген бұрын қалыптасып қалған көзқарастар өзгеріске ұшырады. Әлемдік саясат кеңістігіне жаңа мемлекеттер шықты. Сонымен қатар ССРО-дай алып, көп ұлтты империяның күйреуінің себептері туралы сол жылдардан басталып, осы күнге дейін әртүрлі қорытындылар, сараптамалар айтылып келеді. Оның саяси-экономикалық, тағы басқа халықаралық себептері көп.
Осы орайда Кеңес Одағының тарауына алып келген тікелей бізге, біздің республикамызға қатысты ең маңызды екі бағытын бөлекше атап өтсем деп едім.
Біріншісі — сол жылдары әсіресе Кеңес Одағында экономикалық дағдарыс тереңдеп, етек алды. Оның да себептері көп болды. Негізгісі — экономика заңдылықтарын назарға алмай әкімшілік бақылау, қысымның шамадан тыс күшейтілуі. Технологияның ескіруі, жаңа жабдықталудың артта қалушылығы. Кеңес Одағының басқару институттары, экономика саласының ғалымдары, партиялық, мемлекеттік құзырлы аппараттар, тағы басқа мекемелердің дүниежүзінде, әсіресе АҚШ, Батыс Еуропа елдеріндегі озық технология жетістіктерін көріп, білмеуі, оны қажетті дәрежесінде ескермеуі, одан үйренуді қажет көрмегендігі.
Біздің республикамызға тікелей қатысты әсері — еліміздегі ауыр индустрия, өнеркәсіп кәсіпорындарының 93 пайызы Одаққа, Одақтық министрліктер бағыныштылығында болуы.
Екіншісі — ұлттар теңдігі, ұлтаралық қатынастардың ерекшеліктерін, оның даму, өркендеу заңдылықтарын ескере алмауы. Тікелей ескергісі келмегендігі. Қайта, титулдық ұлт — орыс ұлтынан басқа, әсіресе түрік әлеміне жақын қазақ ұлтын өзінен төмен, өзіне бағынышты қалыпта көруге әрі солай болуына үйренгендігінен. Бұл мәселе — сонау қазан төңкерісінен кейінгі жиырмасыншы жылдар деңгейінде қалып қойып, ұлттардың өсуі, қайта өрлеуі, өркендеуі ескерілместен жоғарыдан төмен күштеп басқару тәсілінің өзгермеуі. Орыстан басқа ұлттардың талап-тілегіне партия саясатында қажетті мән берілмеуі. Ол көзқарас, өзімшіл сезім Ресейде қазір де өзгере қойған жоқ.
Социалистік қоғамда қанша қайшылықтар мен кемшіліктер болып жатса да, ел алаңға, көшеге бірден наразылық шерулеріне шыға алмайтын. Ондай ақпарат бола қалған жағдайда ресми орындар өкілдері алдын ала бастамашылармен кездесулер өткізіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, мәмілеге келетін. Түсінісе алмағанда жұрт жиналып шеруге шығатын. Билік өкілдерімен диалог бола алмағанда күшпен тоқтату шаралары өткізілетін.
Кеңес Одағы тарардың қарсаңында сол кеңістікте сондай түсінісе алмаған шерулер көбейді, билік тарапынан күш қолдану жиіледі. Бірақ наразылық азаймады.
Алматыда әйгілі 1986 жылдың 17 желтоқсанындағы жастар көтерілісі, олар мен күштік құрылымдар арасындағы қанды қақтығыс, адамдар өлімі, ол көтерілісті күштеп басқаннан кейін бірнеше жылдарға созылған қуғын-сүргін, Мәскеу билігінің қазақ ұлтын кемсіткен саяси бағасы — қазақты бағындыра алмады. Наразылық, кек сезімі өрши берді. Мұндай қақтығыс, наразылықтар сол кездегі басқа республикаларда да дүмпіп жатты.
ТӘУЕЛДІЛІКТЕН — ТӘУЕЛСІЗДІККЕ
Г.Е.: — Тәуелсіз мемлекет болғанымыз қалай жарияланды? Оның бұрынғы жағдайымыздан айырмашылығы қалай? Не өзгерді?
Қ.С.: — Орасан зор, түбегейлі қоғамдық, әлеуметтік, мемлекеттік төңкеріс болды. Бүкіл өмір өзгерді. Алдыңғы сұраққа жауап беру барысында шет жағасын ғана айттық. Саяси-қасаң жүйе — Компартияның үстемдігі, Одақ орталығы — Мәскеуге бағыныштылықтан құтылдық. Ол өзгерістерді айтпас бұрын, 1990 жылы сол кездегі Жоғарғы Кеңес (парламент) қабылдаған Егемендік Декларациясынан бастағанымыз жөн. Декларацияның мәтінін әзірлеп, депутаттар талқысына шығару арнайы комиссияға тапсырылды. Комиссия жұмысына әйгілі заңгер, академик Салық Зиманов басшылық етті. Әзірленген жоба сол жылдың 25 қазаны күні депутаттар талқысына ұсынылып, кең ауқымды пікірталастан соң көпшілік дауыспен қабылданды. Біз ол жылы әлі Одақ құрамында болатынбыз. Сондай-ақ Коммунистік партия әлі билік басында.
Саяси жағдайдың ширығуына — 1991 жылдың тамызында ССРО-ның сол кездегі ВицеПрезиденті Г. Янаев бастаған бір топ лауазымды адамдар Төтенше жағдай комитетін жариялап, ССРО-ны дағдарыстан шығарамыз деп өздері құлап, тұтқындалуы, Компартияның таратылуы үлкен оқиғалар болды.
Сол қайшылықты кезеңдерде, Декларация қабылдаған бір жылдан кейін, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес арнайы мәжілісінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылдап, мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еттік. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз, талай ұрпақ армандаған, армандап, жете алмай, кей кезеңде құрбан да болып, қол жеткізіп, тәуелсіз ел, тәуелсіз ұлт, тәуелсіз мемлекет болу бақыты біздің заманымызға келді. Бұл — теңдесі жоқ Бақыт! Бейбіт заманда ешқандай қырғын, сүргінсіз тәуелсіздікке ие болу — сирек ұлттардың басына қонған ұлы Бақыт. «Сирек» дейтінімнің де мәнісі бар. БҰҰ-ның мәліметінше, дүниежүзінде бес мыңнан астам этнос, осыншама тіл бар екен. Осылардың қай-қайсысы да дербес мемлекеттікті, еркін тәуелсіздікті аңсайтыны да, армандайтыны да, соған ұмтылып күресетіні де айғақ әрі табиғи. «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» деген сөздер жадымызда жатталып қалған. Сол Ұлы Бақыттың қадірін сезініп, құнын бағалап, ұстап, оны күшейтіп, ұрпақтан ұрпаққа, мәңгілікке үздіксіз аманатқа жалғастыру бәріміздің, әрбір қазақтың қасиетті борышы деп түсінемін. Ежелгі ғибратты халық мақалы да «Бақ ұстағанның қолында тұрады» дегендей, тәуелсіздік — басымызға қонған Бақыт, сонымен бірге сынақ. Сол Бақыттың қадірін біліп ұстау — парызымыз. Біз тәуелділік, тәуелсіздік деген ұғымдардың, сөздердің мағынасына бойлап, оның кәдімгі тұрмысымызда қоғамның тыныс-тіршілігіне, ықпалына мән бере бермейміз. Өз өзінен бола беруге тиісті құбылыс, жағдайлар сияқты көріп, атүсті қарауға бейім адамдар да жеткілікті.
Тәуелсіздік — ең алдымен адамның құқы, еркіндігі, бостандығы. Сондай-ақ әр азаматтың өмір сүру мүмкіндігі, кеңістігі, саяси-рухани алаңсыз бостандығы.
Тәуелсіз елміз дегеннің өзінде оның тәуелділіктен айырмашылығы жер мен көктей екендігін түсіне бермейміз. Оны таратып айту көп уақыт алар еді. Бар жақсылық, игілік, құқық тәуелсіздіктен басталары хақ.
Әсіресе мемлекеттік тәуелсіздігіміздің арқасында, нәтижесінде біздің бүгінгі жас ұрпақ емін-еркін өсіп-өніп, өз таңдауымен, қабілеті мен біліміне қарай оқуын оқып, білімін алып, еңбек етіп, елімізге ие болса, арманның үлкені де, оның орындалғаны да, еліміздің ертеңі де осы болса керек.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміз — өміріміздің, халқымыздың қайнар көзі, ең басты құндылығымыз екенін ұрпағымызға аманат ету — әрқайсымыздың қасиетті парызымыз, борышымыз. Бұл жолда мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария етіп, дүниежүзілік қоғамдастық тарапынан танылып, мойындалып, тең терезелі дипломатиялық, сауда, экономикалық қарым-қатынас қалыптастырып, оның белсенді мүшесі болуымыз да абыройлы міндетіміз. Талап, мақсат, меже, даму.
Жаңа өзіңіз айтқан мезгіл — мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария етіп, дүниежүзілік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болғанымыз — соңғы отыз үш жыл.
Сұрағыңызға орай сол, яғни 1980 жылдардың соңы мен 1990, одан 2000 жылдардағы біздің ұлы тарихымыздың ең маңызды оқиғаларына тоқтала кеткеніміз жөн болар.
Г.Е.: — Иә, менің де сұрағым дәл сол жылдар дағы маңызды оқиғалар. Жаңа өзіңіз айтқандай, біз 74 жыл бұрынғы Одақтың құрамында болдық. Содан қалай шықтық? Жалпы Кеңес Одағы болғаны белгілі. Ал ол қандай қоғам еді?
Қ.С.: — Сол 80-ші жылдардың бірінші жартысында қысқа мерзімде КОКП Бас хатшылары Л. Брежнев, Ю. Андропов, К. Черненко әр жылдары қайтыс болып, билікке М. Горбачев келді.
Ол келе салысымен өзінен бұрынғы билік басшыларының қызметін сынға алып, «қайта құру» («перестройка») саясатын жүргізетінін жариялады. Онысын ел қош көріп, қолдады. «Бәрін, партия билігін жаңартамыз, халық тұрмысын жақсартамыз», — деп ұрандатты. Алайда ниет жақсы болғанымен, Бас хатшының бастамасы құр сөзден артып, нақты іске жұмыла алмады. Бүкіл Одақта, республикалар, облыстар, аудандар, ауылдарда ұзақты күнге қаптаған жиналыстар науқаны «жоқ, жоқтан» асып, ешқандай нәтижеге жете алмай, толқынға тұншыққан жарықтай өшіп жатты. Одақтың Қиыр Шығысынан бастап әр өңірінде, республикаларда жергілікті халықтың наразылық шерулері жиіледі.
1986 жылдың 17 желтоқсанында Алматы жастарының Горбачевтің Қазақстан басшылығына жіберген адамына қарсы бейбіт шеруі билік пен халықтың қақтығысына айналды.
Алматыдан кейін келесі жылдары осындай қақтығыстар Кавказ, Балтық жағалауы, Орта Азия республикаларында өршіді. Билік тарапынан халық талабына оқ атылып, адам өлімі болды. Бүкіл Одақ көлемінде өріс алған дағдарысты доғарамыз деп құрылған Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік Комитет (ТЖМК) маздап тұрған отты жалындаған өртке өршітіп, елді төңкеріс жағдайына келтірді. Мұндай жағдайды Ресей президенті Б. Ельцин жедел қимылдап, Ресейдің Одақтан оқшаулану саясатын енгізуге пайдалана алды. Дағдарыс шайқалуындағы Мәскеудегі халық шеруіне сүйенген Борис Ельцин билікті өз қолына алып, КОКП-ның қызметін тоқтатып, ТЖК мүшелерін түгелдей тұтқындап, Горбачевті партиясыз, билік құрылымынсыз «қуыршақ» басшыға айналдырды. Халық Ельцинді қолдап кетті.
Жоғарыдағы төтенше оқиғаларды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өте қырағылықпен әрі сергектікпен, Борис Ельцинмен үздіксіз байланыста болып, өз республикамыздағы жағдайды шашаусыз, уысында ұстады.
Біріншіден, ол Мәскеудегі Одақтың құзырлы орындарымен үздіксіз байланыста болып, ТМЖК-ні «ССРО Конституциясына қарсы, заңсыз, өкілетсіз шенеуніктер тобы» деп, бірден Қазақстан позициясын жариялады.
Екіншіден, шұғыл түрде Қазақстан Компартиясының кезектен тыс съезін шақырып, өзі партия қатарынан шығып, съезде компартия өз жұмысын тоқтатып, ендігі жерде Социалистік партия құрылды. Бұл партияда бұрынғы компартия қуатының тек жұрнағы ғана қалды.
Үшіншіден, басқарушы Компартия жұмысын тоқтатқанымен, Одақтың басқарушы билік құрылымдары, материалдық, қаржылық, ресурстық аппараттар тарай қоймаған, бұрынғыдай ықпалды болмағанмен, республикадағы әсіресе одақтық кәсіпорындар, яғни әскери-өнеркәсіптік кешендер, ірі кешенді зауыттар, фабрикалар жұмыстарын бұрынғыша жалғастырып жатты. Олар туралы арнайы айту қажет. Өйткені ол мекемелерде еліміздің жұмысшыларының ең үлкен, ықпалды тобы жұмыс жасайтын. Атап айтқанда, республикадағы өнеркәсіп орындарының 93 пайызы бұрынғыдай Одақтың құзырында (бағыныштылығында) болатын. Ондай кәсіпорындар әкімшіліктері Мәскеудегі өз басшыларының шешімінсіз, рұқсатынсыз ешнәрсе шешпейтін. Міне, тәуелділіктің айқын көрінісі. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев осы қиындықты еңсеру мақсатында Қазақстандағы одақтық бағыныштағы кәсіпорындарды республика юрисдикциясына алу жұмысын бастап кетті. Әрине, бұл өте қиын жұмыс еді. Ең алдымен сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін біздің азаматтарымыздың өзін бері, елімізге қарату да оңайға соқпады. Көпшілігі «Одақтық кәсіпорындар жағдайы республикаға қарағанда әлдеқайда қуатты» деген көзқарастан арыла алмады. Мемлекеттік меншікті анықтап, меншіктің мемлекеттіктен де басқа түрлерін қалыптастырудың заңдық негізін жасау да мүлдем жаңа міндет, жаңа жұмыс еді. Осы сияқты жаңа, түбегейлі өзгерістер кезеңін ұйымдастыру, оны еңсеру, оны өмірімізге енгізу шараларын да бізге сырттан келіп ешкім жүргізіп, жасап бермейді.
ҚАНДАЙ ҚОҒАМНАН КЕЛДІК?
Г.Е.: — Біздің аталарымыз, әкелеріміз социализм үшін күресті, жанқиярлықпен еңбек етті. Ол бізге не берді? Социализмде тәуелсіз мемлекет бола алар ма едік? Кеңес Одағына кіргенге дейін қалай біз Ресейдің құрамында болдық?
Қ.С.: — Тәуелсіз мемлекет болғанымызға дейін біз қандай қоғамда өмір сүрдік? Бір сәтке осыған ой жүгіртейікші. Социалистік, коммунистік қоғамда өмір сүрдік дегенді білмейтін аға ұрпақта адам жоқ. Бірақ сол қоғамды толық түсіне алдық па? Бұл сұрақтарға жауап іздеу ұзақ әрі күрделі әңгімені талап етер еді. Жас ұрпақтың ол қоғамдардан хабары мүлдем жоқ.
Дегенмен қысқа қайырып айтсақ та, дәл осы өзіміз өмір сүріп жүрген тәуелсіздігімізге дейінгі ең маңызды кезеңдерді атап өткеніміз әділдік болар.
Хандық дәуіріміздің өзінде Ресейдің қысымын көргеніміз белгілі. ХVІІІ ғасырда Батыс өлкелерге ықпалын күшейтуді көздеген патша құрылымдары ХІХ ғасырда Орталық Қазақстан жеріне еркін бойлап, Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Семей өңірлеріне бекіністер салып, қара топырақты Арқа кеңістігіне орыс шаруаларын көптеп тоғыта бастады.
Әйгілі Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі осындай Ресей патшалығының қазақ жеріне басакөктеп кіруіне қарсылық көрсетуден басталған. Қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін Ресей қазақ жерін отарлап, түгелдей Ресей құрамына күштеп енгізіп, генерал-губернаторларға бағындырып қойды.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін біздің ұлтымыз үшін әуел баста әлеуметтік теңдік кезеңі болғаны да тарихи шындық. Сол кездегі қазақ басшылары да, елі де солай болатынына сенді. Ол дәуірдің игілігін айту, немесе еске алу — ешқандай да ол заманды аңсау емес, тарихи шындықты сақтау. Сол игіліктердің біздің халқымыз үшін ең маңыздысы мен елімізді өсірген тұстарын айту да әділдік болар еді. Социализм дәуірінде жаппай тегін орта білім алу, денсаулық сақтау бағдарламалары жүзеге асырылды. Әйел теңдігі «төрге» шықты. Қабілетіне қарай тегін жоғары білім алу да жолға қойылды. Көптеген жоғары оқу орындары тек сол замандағы астанамыз Алматыда ғана емес, облыс орталықтарында да ашылып, білімнің өрісі кеңіді. Ғылым Ордасы — Ұлттық Ғылым Академиясы, Опера және Балет театры, көптеген облыстық кәсіби театрлар, басқа да толып жатқан өнер, ғылым, мәдениет, әдебиет, көп салалық тарихи-зерттеу институттары ашылып, ұлтымыз өркениет өріне өрмеледі. Сондықтан ол 74 жылда еліміз жүріп өткен жолын, игіліктерімізді, жетістіктерімізді жоққа шығармаймыз. Экономика, құрылыс, өнеркәсіп, техника, технология салаларында да көптеген айтуға тұрарлық жақсы жетістіктерге қол жекізіп, индустриалдық дүмпудің әлемдік көшіне ілестік. Жоғарыда қысқаша тізбелеп шыққан жақсылықтар өз кезегінде елімізді тұрмыстың жаңа деңгейіне көтерді.
Өкінішке қарай, ата-бабаларымыздың, ұлтымыздың бірнеше ұрпағының көрнекті қайраткерлері ұлт теңдігі, құқы үшін алысып, арпалысып жүріп, көпшілік көрген игіліктермен қатар жаппай ашаршылық, соғыс, қуғын-сүргін, ұлттық тіл, тарих, руханият, діни таным салаларында шовинизмнің дүлей саясатынан мол зардап та шекті. Миллиондаған қандастарымыз ашаршылықтан қырылып, кейбірі жан сақтап, көрші елдерге көшіп-қонып, өлшеусіз қорлықты бастарынан өткізді. Қазақ зиялыларына саяси қуғын-сүргін ұйымдастырылды. «Қызыл қырғын», «халық жауы» деп жүз мыңнан астам адам атылып, ұзақ жылдар лагерьлерге айдалды. Олар туралы айту, тарихи зерттеулер, шындықты жариялау тек мемлекеттік тәуелсіздігіміздің арқасында мүмкін болды.
Ғасырларға созылған феодалдық дәуірден социализмді де басымыздан өткізіп, бүкіл саналы адамзат аңсайтын тәуелсіздік дәуіріне жетіп, оны көзімізбен көріп, жанымызбен, жүрегімізбен, ақыл-санамызбен сезіну Бақытына ие болуымыз — бізге, қазаққа Ұлы Алланың, тағдырымыз бен тарихымыздың берген теңдесі жоқ Сыйы. Тәуелсіздікке жету, қол жеткізу бар да, ендігі жерде сол қол жеткен арманды ұстап тұру, оны баянды, ұлттың игілігіне жарату бар екенін де әр қазақтың сезінуі, түсінуі бар. Бұл — мәңгілік қажеттілік, мәңгілік қозғалыс.
ӨТПЕЛІ ЖЫЛДАР
Г.Е.: — Аға, қалай ойлайсыз, біз, біздің ұлттық санамыз осыған жеттік пе? Әсіресе социализм дәуірінде ұлттық санамыздың тамырына балта шабылды ғой. Сол шабылған бас, тапталған ру хымызды тірілту басты мақсатымыз емес пе?
Қ.С.: — Тәуелсіз сана арқылы ұлттық рухымызды тірілтеміз. Ұлттық сана — әр ұрпақтың сапа биігі. Жетуге міндеттіміз. Бірақ жеттік деп айту қиын. Өйткені тәуелсіз сана, ұғым басталуы, аяқталуы бар өлшемді дүние емес. Иә, бұрынғы ортақ, одақтық билікке тәуелділіктен құтылдық. Бұл — мәселенің, яғни тәуелділіктің ең басты болса да бір тармағы ғана. Өз мемлекетіміздің ресми билік институттарын құрып, олардың тек ұлт мүддесіне, болашағына қалтқысыз қызмет етуін қамтамасыз ете алу — басты мақсат. «Ұлт мүддесі» деген сөздің мағынасы да, кеңістігі де өте кең, шексіз. Ол үлкен әңгіме. Яғни «Қазақ және Әлем». Қайтара тәуелділік «қақпанына» түсіп қалмау үшін жанымызды салып, тіршілік жасауымыз керек. Ұлттық бостандықты өз ұлтымыздың ынтымағы, бірлігі, қабілеті, сапасымен, дүниежүзілік ерсілі-қарсылы бәсекелестікке шыдас бере алуымызбен ғана қамтамасыз ете аламыз.
Біздің Конституциямызда көрсетілгендей, шын мәнінде, «зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» болып орнығу жолындамыз. Сөз жоқ, бұл — өте өркениетті әрі күрделі жол. Жоғарыда әлденеше рет атап өткен ұрпақтар санасын қалыптастыру жолы. Өзімізді өзіміз, өз ұлтымызды тану, оның қарым-қабілетін әлемдік кеңістікте таныта білу — бір мезгілдік немесе бір науқандық құбылыстар емес, үзіліссіз, үздіксіз даму процестері. Әрине, осы талаптар үдесінен шыға алатын қадамдар, заңдар, әрекеттер, шешімдер қабылдауға қабілетті, білікті билік институттарының тиімді, кәсіби жұмыстары қоғам талабымен үндесіп өрістеуі де маңызды.
Баға жетпес басты құндылығымыз — мемлекеттік тәуелсіздігіміз. Осы құндылыққа әрбір азамат ортақ. Әрбір азамат осыған мән беріп, бір сәт болса да ойлана ма? «Маған бәрібір. Тәуелділік пен тәуелсіздіктің айырмасы не? Бұрын қалай жұмыс істеп жүрмін, қазір де солай — жұмыс болса болды емес пе?» деп, бейжай сөйлейтіндер де жоқ емес. Алайда ондайлар көп емес. Бұл — тәуелсіз мемлекет болған алғашқы онжылдықтарда болған әңгіме. Қазір ондай сенімсіздіктер азайды.
Тіземіз бүгіліп, ұлттық руханиятымызды, тарихымызды, дәстүр, дүниетанымымызды айта алмай, аша алмай, байланған, булыққан кезеңдерді басымыздан кешіріп, еңсемізді көтердік. Ұлттық құндылықтарымызға бетбұрыс жасадық. Жақсылықтарымыз да, жетістіктеріміз де бәсекелестікке лайық.
Сонымен бірге көптеген игілік, ізгіліктерге ілесе алмай жүргеніміз де бар. Ар, ұят, тәуба, қанағат, жауапкершілік деген құндылықтар төмендеп кетті. Өтірік ақпарат, өтірік уәде, алдау, арбау, жемқорлық, парақорлық, менмендік, өзінің түкке тұрмайтын шатпағын дәріптеу, мақтаншақтық жайылып, жайлап жүр. Неғұрлым сорақы сөйлесе, соғұрлым «кереметпін» дейтіндер телефонға қадалған жас ұрпақты «тәрбиелейтін» болды. Ал біздің телеарналар ше? Талғам төмендеп, неше түрлі «шоу» жарқ-жұрқ етіп тұр.
Сөз жоқ, жаһандық құбылыстардың болжай алмас жылдамдықпен дамып, сананы улап жатқаны да айдай анық. Оған қарсы тұрарлық технологиялық та, білім, тәрбиелік те мазмұнды шығармашылық идеялық-саналық мүмкіндігіміз де әлсіз. Дәстүрлеріміз де тек сыртқы формаға айналып барады. Отбасы институты, ата-ана жауапкершілігі баланың тұрмыстық әлеуетіне басымдық береді де, оның ұлттық санасы ата тегін білуімен шектеліп, ана тілін ұмытып, шет тілдерде сөйлейтініне мәз. Ал кейбір жас түлектер «мен шет елде оқимын, жұмыс істеймін, маған қазақ тілінің керегі жоқ» деп дандайсиды. Бұл — ұлттық сананың жоқтығы. Ұлттық сана — тектен, қаннан, білімнен. Бізде тек, қан болғанымен білім жетпей жатыр. Әрине, жалпы ұлттық сана туралы сөз қозғағанда өткен тарихымыздың, әсіресе солтүстік көршіміздің бодандығында, одан кейін жетпіс жылдан астам социализм идеологиясының ықпалында болғанымыздың да зардаптары әлі де бар екендігін де ескергеніміз жөн. Тәуелсіздік қарсаңында болжанбаған, күтілмеген ең ірі ғаламдық оқиғаларға тоқталсақ, алдымен біртұтас Компартияның, әсіресе КОКПның құлауын айтар едік. Горбачев Бас хатшы болып, «қайта құру саясатын» бастағанда партияға реформа жасау керектігі күн тәртібіне көтерілді. Бірақ ол мақсатқа әуелі КОКП басшылығы өздері қол жеткізе алмады, партия дағдарысы тереңдей берді.
Жоғарыда еске алған Төтенше Комитет екі күнге жетер-жетпес «өмір сүріп», ССРО Конституциясына қарсы «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыптаумен түгелдей тұтқынға алынғанын жоғарыда айттым. Нәтижесінде Ресей Президенті Б. Ельциннің жарлығымен Коммунистік партияның қызметі тоқтатылды. Осы оқиғалардың бәрі де біздің мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуімізге зор ықпалын тигізді.
Алайда басқарушы Коммунистік партия өз жұмысын тоқтатқанымен, Одақтық жүйе әлі де біраз уақыт жұмыс істеп тұрды. Бірақ бұрынғы қуат, пәрмен, басқару қожырай бастады. Өнім, өндіріс, қаржы, алыс-беріс — бәрі дағдарысқа ұшырады. Бүкіл Одақта күннен-күнге қарама-қайшы наразылықтар күшейіп, елдің әлеуметтік жағдайы төмендей берді. Сұрақ көп, жауап жоқ. Ең бастысы, әрекет жоқ. Осындай жағдайда 1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украи-на, Беларусь — үш республиканың басшылары (ол кезде осы үшеуі БҰҰ-ға мүше елдер болатын) өкілеттікті өздеріне алып, «1922 жылы қабылданған Одақтық Келісімнің күші жойылды» деп жариялады.
Бұл оқиға біздің республикамызда сол кездегі демографиялық, тағы басқа қайшылықтарға қарамастан өз тәуелсіздігімізді ресми түрде жариялауға мүмкіндік беріп, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдағанымызды жоғарыда айттық. Осындай заң қабылдап, Біріккен Ұлттар Ұйымына, барлық халықаралық құзырлы құрылымдарға, барлық мемлекеттерге Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланғанын шұғыл түрде жеткіздік. Сол күні түнде біздің тәуелсіз мемлекеттігімізді, территориялық тұтастығымызды мойындап, дипломатиялық қатынас орнатуға әзір екендіктерін айшықтаған ең алғашқы қарлығаш хабар да бауырлас Түрік елінен келіп жетті. Келесі күндері құттықтау хабарлар толқыны үдей түсіп, бір жылдың көлемінде 100-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық.
Тағдырымыздың, тарихымыздың бұрын-соңды болмаған жаңа кезеңі басталды. Тәуелсіздік ұраны бүкіл халқымыздың, ұлтымыздың рухын әуелетті. Осындай асқақ сезімнен артық қандай оқиға болуы мүмкін?! Сөзімізді қорыта айтсақ — мемлекеттік тәуелсізідіміздің қарсаңы — шын мәнінде өте маңызды тарихи оқиғаларға толы болған жылдар. Ал ол оқиғалар, құбылыстар өздігінен болған жоқ. Оның әрқайсысының себептері, қозғаушы күштері болды. Мен олардың ширек бөлігіне ғана тоқталып, Тәуелсіздік қарсаңындағы еліміздегі жағдайды қысқаша шолып, ең үлкен оқиға — өз мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялауды ерекше атап отырмын.
ДАҒДАРЫСТАР
Г.Е.: — Есіңізде болар, біздің қоғамда тәуелсіз діктің алғашқы жылдарында да, кейінгі күндерде де «біз тәуелсіздік үшін ешкіммен ешқандай соғысқамыз жоқ. Тәуелсіздік біздің қолымызға өзі келіп қонды», — деген пікірлер айтылып қалады.
Қ.С.: — Бұл — шолақтау, тым қарабайырлау, жадағай және өз тарихымызға атүсті қараудан туған пікірлер. Мәселе міндетті түрде соғысуда емес. Дүниежүзіндегі екі жүзге жуық тәуелсіз мемлекеттердің тарихтары да, өздерін тәуелсіз мемлекет деп жариялаулары да сан алуан. Тәуелсіздігін жариялау тұсында міндетті түрде соғыс, қантөгіс болуы шарт емес. Республикаларды «бір уыста» ұстап тұрған Одақтық келісім бұзылып, әркім өз құқығы мен қалауымен еркіндікке, теңдікке бет түзеді. Ендігі жерде одақтық келісімдер әріптестік, тең құқықтық жағдайында сақталуы тиіс деген ұсыныстар айтылды. Бұрынғыдай бір мемлекеттің үстемдік, артықшылық, жетекшілік орындары толығымен жойылды. Тәуелсіздік актінің бейбіт жолмен жариялануы — Алланың берген сыйы. Осылайша басымызға қонған бақтың қадір-қасиетін бағалап, ұстай білу — бәрімізге парыз. Бұл да ешкімге ұқсамайтын тағдырымыз десек те болады. Ал сондай бақыт сыйлаған тағдырымызға жеткенше халқымыз қандай қиын заманды, бабаларымыздың қанша ұрпағының қантөгісін басынан кешірді емес пе? Тәуелсіздік үшін қаншама көтеріліс, соғысты халқымыз басынан өткізді. Оның алаулары тарихымызда жарқырап жанып тұр. Тарихшыларымыздың сараптау, жариялауларына назар аударсақ — тек соңғы жүз, жүз елу жылда қазақ даласының барлық өңірлерінде — Батыс, Солтүстік, Орталық, Сыр өңірі, Оңтүстік, Шығыс, Жетісу елдерінде Ресей патшасы билігіне үш жүзден астам наразылық көтерілістері бұрқылдап, бой көрсетіп тұрған. Арқада басталған бір ғана Кенесары бабамыздың он жылға созылған ұлт-азаттық көтерілісінің өзі жеңіліс тапса да, Алатаудан Атырауға дейін ұлт кеңістігінің рухын аспандатып, бостандық үшін күрес отының мәңгі өшпейтінін көрсетті.
Бергі ХХ ғасырдың бірінші жартысында әйгілі Созақ, Торғай, Албандар, Адайлар көтерілістерінде де қазақтар патша жарлығына қарсы, ұлт, жас ұрпақты сақтау үшін бастарын тікті. Ол көтерілістердің барлығы да қарумен, зеңбірекпен, от, мылтықпен күштеп атылып, шабылып, тұншықтырылса да, қазақтың бостандыққа деген рухы өлген жоқ. Сол бабалар рухы да өз ұрпағын қолдап тұрған сарқылмас қуат, өшпес жалын, от. Ерлікке толы қиын-қыстау ғасырлардан өтіп, бүгінгі заманның озық елдерінің көшіне ілестік. Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жариялануы туралы біраз ой бөлістік-ау деймін. Жалпы бұл тақырып шексіз әрі мәңгі тақырып қой. Бүкіл тыныс-тіршілігіміздің, ел болуымыздың қайнар бұлағы.
Г.Е.: — Дұрыс айтасыз. Тәуелсіздіктің қадірін қадірлеп өсеміз ғой. Сіз жаңа біздің экономи камыздың 93 пайызы Одақтық Орталық, яғни Мәскеуге тікелей бағынышты болғанын айтып өттіңіз. Осы жағдайға қысқаша тоқтала кетсеңіз. Бүгінгі ұрпақ мұндай тәуелділіктен бейхабар ғой.
Қ.С.: — Міне, тәуелділіктің бір көрінісі. Республика өнеркәсібінің 93 пайызы Мәскеу бақылауында болуының өзі-ақ айтып тұр ғой.
Елде экономикалық дағдарыс қаулағаны тікелей осы жүйемен байланысты болды. Одақта Мемлекеттік Жоспарлау Комитеті жаңағы Одақтық өндіріс орындарының жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Шығарылған өнімдер де сол құзырлы мекеменің пәрменімен алушыларына таратылады. Бір-бірімен тығыз байланысты. Тағы бір ерекшелік — ол зауыттардың ширек бір бөлігі өте ірі әскери-өнеркәсіптік «жабық» зауыттар. Сондай-ақ атом полигоны, басқа да әскери сынақ полигондар Қазақстан жеріне орналасқан. Ондағы кәсіби жұмысшылар да негізінен сырттан, Ресейден келіп жұмыс жасайтын. Ұзақ жылдар тоқтаусыз, үздіксіз жұмыс жасап тұрған жүйе, схема. Мәселен, Қостанайдағы Рудный қаласының Соколов-Сарыбай комбинаты Қазақстандағы шикізат өнімдерін қорытып, Ресей қалаларындағы бірнеше металлургия зауыттарына шығарады. Осылайша Қарағанды, Павлодар, Жезқазған, Өскемен, Петропавл, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Риддер, Теміртау, Хромтау, Екібастұз, Семейдегі ірі кәсіпорындар Ресейдің Қиыр Шығысынан Батысына дейінгі Украина, Белоруссия, Балтық жағалауы зауыттарымен байланысты. Одақтық банк, рубльге тәуелді едік. Олар Қазақстанға қаржы беруін тоқтатты. Сауда сөрелерінде тауар жоқ. Инфляция өршіді. Айлар бойы жалақы, зейнетақы төленбей қалды. Міне, осындай алып жүйе тоқтағаннан кейін Одақ бойынша миллиондаған адамдар жұмыссыз қалып, әлеуметтік наразылық кеңінен қанат жайды. Бізде, Қазақстанда, 90-шы жылдардың бірінші жартысында жоғарыда айтқан одақтық ірі кәсіпорындар тоқтап, жұмыссыздар саны бес миллионнан асты. Бұл көрсеткіштер айтуға ғана жеңіл, және мен жеңілдетіп айтып отырмын. Ал сол жағдайды көзімізбен көріп, ондай дағдарыстың қайнаған ортасында жүру — жүрекке үлкен салмақ. Жай жүрмейсің ғой. Ауыр сұрақтарға жауап беріп, не болғанын, не болатынын жұмыссыз, жалақысыз алаң толған адамдарға түсіндіріп көр…
Қысқасы, Одақтық алып жүйе жүрісін тоқтатып, одақтас республикалар өздерінің дербес тәуелсіздігін жариялап, жаңа реформалар жолына түстік. Анығы — бұрынғы саяси-экономикалық жүйеден бас тарттық. Жаңа, бізде бұрын-соңды болмаған, бізге бейтаныс реформалар жүргізіп, экономиканы, тұрмысымызды көтеріп, озық Еуропа елдерімен теңесеміз деген ниетпен қаруландық. Басқа жол да жоқ еді. Бұрынғы жүйеден жайдан-жай бас тартпадық. Басты себеп — ескі жүйенің өзі де тозығы жетіп, заманға ілесе алмай, шалдығып, діңкесі құрып, тынысы да өше бастады.
Шұғыл түрде қысқа мерзімдік, ұзақ мерзімдік стратегия жасау — кезек күттірмес қажеттілік болды.
Саяси тәуелділігіміз — баспа, бұқаралық ақпарат құралдары цензурадан құтылып, республика меншігіне өтті. Бұрынғы Компартияның идеологиясынан түбегейлі бас тарттық. Бұдан былайғы идеологиямыз да, саясатымыз да мемлекеттік, ұлттық тәуелсіздігімізбен байланысты болды. Ұлттық қазақ тіліміздің қолданыс кеңістігін тұрақтандыру, оның мемлекеттік мәртебесін ұлықтау арқылы Ұлттың тәуелсіздігін қамтамасыз ету әр қазақтың борышы деп түсіндіруге тырыстық.
Күрделісі де, дұрысы да экономикалық реформалармен қатар саяси реформалар жүргізіп, қысқа мерзімде жаңа заңдар қабылдау қажеттігі күн тәртібінде тұрды. Билік жүйесін де түбегейлі қайта құру міндетті болды.
Осы жұмыстардың барлығына, бүкіл реформаларға бастамашы сол кездегі республикамыздың тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Президент пәрменімен реформалар, стратегиялық іс-әрекеттер жүргізуге арнайы мемлекеттік комиссиялар құрылды. Олардың ұсынымдары шұғыл түрде Үкіметте, Жоғарғы Кеңесте талқыланып, нақты шаралар іске қосылып, осындай жұмыс өңірлерде, қалаларда, ауылдарда жүргізіле бастады.
Барлық реформалардың кілті қаржы жүйесінде еді. Бұл сала түгелдей дерлік жаңадан қалыптастырылды. Президент жарлығымен Ұлттық банк құрылып, ұзаққа созбай ұлттық теңгемізді айналымға енгізу міндеті қойылды. Социалистік меншіктің орнына мемлекеттік және жеке меншік енгізіліп, 1993 жылы тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Ол Конституция өтпелі кезең құжаты делініп, көп баптары қысқа мерзімде өзінің маңызын өзгерту қажеттілігіне байланысты 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум қорытындысымен тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Конституцияға сәйкес республикамызда президенттік басқару жүйесі орнығып, Мәжіліс және Сенаттан тұратын қос палаталы Парламент өмірге келді. Үкімет құрамы мен өкілеттік салалары жаңадан жасақталып, жаңа министрліктер мен агенттіктер құрылды. Олардың қатарында жаңадан Сыртқы істер, қорғаныс, Баспа және бұқаралық ақпарат құралдары, шекара, кеден, монополияға қарсы, мемлекеттік меншік қызметтері сияқты бұрын болмаған министрліктер, агенттіктер, комитеттер шаңырақ көтерді.
Сол алғашқы жылдардың ең үлкен әрі ең бір бейберекет жүргізілген науқаны — мемлекеттік меншікті жекешелендіру болды дер едім. Қалың ел, бұқара халық қанша айтылып, насихатталып жатса да, әбден санаға сіңіп қалған «мемлекеттік меншікке қол сұғуға болмайды» деген қатаң тәртіптен көпке дейін аттап өте алмадық. Есесіне билік басында жүргендер, тағы басқа пысықтар қарпып қалудан да тартынбады. Жаңадан құрылған мемлекеттік меншік комитеті де алғашқы жылдары өз жұмысын білікті ұйымдастыруға шамасы келмей, орынсыз қайшылықтарға жол берді. 1992–1995 жылдар жекешелендірудің басталу шағында әңгіме көп болып, алайда әлеуметтік нысандарға қол көтерілмей тұрды да, есесіне 1995–2000 жылдар жекешелендірудің қарқын алған жылдары болды. Жекешелендіру туралы заң қабылданғанымен, оның орындалуы әдеттегідей бопсаланып кетті. Жекешелендіру барысында көптеген өнеркәсіп мекемелері бұрынғы кескін-келбетінен айырылып, кішігірім цехтар дәрежесіне дөңгеленіп қалды. Әсіресе әлеуметтік нысандар қолды болды. Сол кездегі үкімет басшысы енді республикалық бюджет әлеуметтік нысандарды, әлеуметтік мекемелерді қаржыландырмайды, нарық экономикасының талабы — әркім өзін-өзі қаржыландыруы керек, яғни әлеуметтік нысандар — мектеп, аурухана, клубтар, кітапхана, кейбір елді мекендерде олардың ғимараттары «пышақ үстінен» әлдекімдердің иеліктеріне өтіп жатты. Көптеген келеңсіздіктер азаматтар тарапынан айтылып жатса, оған құлақ асып, сабырға тоқтар пенделер аз болды.
Әсіресе ауыл шаруашылығында мүлік мәселесі мүлдем бақылаусыз, талан-таражға түсіп қалғанын ел біледі, ел айтады. Бұрынғы уақытта шаруашылықтар үлестіріліп, таратылып, шағын фермалар құрылды. Техника жаңартылуы жүзден бірдің ғана қолынан келетін болды. Аграрлық кешендерде жұмыс орындары азайды, жастар оған бармайтын болды. Жоспарлы экономикада ауыл шаруашылығындағы жұмыстар, егер оған колхоз, совхоздың өзінің шамасы келмей шығындалып жатса, мемлекеттік бюджеттен дотация, қаржы бөлінетін. Техника, басқа жабдықтар да шаруашылықтың «бай», «кедейіне» қарамастан оған жоспарлы түрде бөліне беретін. Сондай-ақ жастармен, жоғары сынып оқушыларымен кәсіби бағдар жұмыстары жүргізіліп, олардың ауыл, мал шаруашылығында жұмыс істеуіне жағдай жасалатын. Олар өмір бақи малға байланып қалмайтын, екі-үш жыл еңбек етіп, еңбек нанының қадірін біліп, өз қалауынша оқуға бара ма, жоқ басқа мамандық игере ме, жолын тауып жататын. Мұндай жұмыс ежелден, ата-бабаларымыз, әкелеріміздің дәстүрінен жалғасатын еді.
Тәуелсіздігімізбен бірге келген еркін экономика, нарық ол жұмыстардың бәрін «ескінің қалдығы», «жаңа заманның жастарын мал бағуға үгіттемейміз, бәрі жекешелендіріледі» деп жаппай таратуға көштік. Тоқсаныншы жылдардың ортасында болған бір Премьер: «Қазақстанға мал, қой өсірудің бәрі шығын, етті Австралиядан тасу әлдеқайда арзанға түседі, қашанғы жастарымызға қой бақтыра береміз» — деп популистік «жанашыр» бола қалды. Мұндай сөз, әрине, қазақтың құлағына жаға қалады. Осындай ұшқары сөз, науқаншылдыққа өз пікірімізді айтып көріп едік, оны құлағына да ілген жоқ,
«сендер, коммунистер, идеологтар рынокты білмейсіңдер, маман емессіңдер» деді. «Біз маман емеспіз, бірақ елдің жағдайын, тұрмысын білеміз. Сонау 30-шы жылдардың ұжымдастыру науқанын қайталап жүрмейік», — деген сөзіміз үшін ескерту де алдық. Оның әңгімесі ұзақ. Қысқасы, өңірлерде, облыстарда, аудандарда мыңдаған ұсақ шаруа қожалықтары құрылып, бұрынғыдан төмен дәрежеде жер игеру, мал өсіру міндеті жалғаса берді. Ауылдарды жұмыссыздық жайлады. Дегенмен мұнайдың есебінен мемлекеттік бюджет оңала бастады. Соның арқасында жұмыссыздарға әлеуметтік көмек жасаймыз деп уақытша «атаулы әлеуметтік көмекті» енгіздік. Ақыры ол уақытша болмай, тұрақты болып қалды. Енді ол көмек қоғамда масылдықты туғызды. Бірқатар өңірлерде болып, ел-жұртпен кездесулерде еститініміз — «қол-аяғы балғадай азаматтар мал баққаннан гөрі «атаулы әлеуметтік көмек» қаржысын малданып, үйінде жатқанын қалайды. Немесе діңдей жігіттер күзетші, шлагбаумның «қожасы» болуға құштар. Анау бір аты жоқ қожайыны бұйырмаса, ішің түсіп, көз алдында құлап қалсаң да безбүйрек күзетшілер беті бүлк етпей, сазарып тұрғаны. Ауылды жерлерде жұмыссыздықтың салдарынан ірі қалаларға, облыс орталықтарына, әсіресе Алматы мен Астанаға көші-қон, миграция керуендері зорайып келеді. Ауылдар көшіп, мектептер жабылып жатыр. Қалаларда мектептерге бала сыймай жатыр. Ауылдарда 400–600 орындық мектептер бос тұр.
Бұл еске алған көлеңке жақтар бүкіл жүйені, жаңа экономикалық жүйені, нарықтық қатынастарды жоққа шығара алмайды. Өткен отыз үш жылда бұрынғы социализм жүйесімен салыстырғанда жер мен көктей жақсы өзгерістер де болды. Тұрмысымыз, тұрмыстық қатынастарымыз жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Бизнес, кәсіпкерлік бұрын-соңғы тарихымызда болмаған дәрежеде қанат жайды. Әсіресе жас ұрпақтың орны да, үлесі де орасан. Жаңа экономикалық мәдениет те қалыптасып келеді. Жас ұрпақ санасы еркін, рухани бостандықта. Ешқандай идеологиямен шектелмеген. Осындайда діни наным-сенімдер, діни сауаттылық арқылы жастарды нағыз таза Құран жолынан адастыруға машықтанатындардан сақтану, іргесін аулақ ұстап, айтқанына ілеспеуге әрбір жастың ата-анасы да алдымен жауапты болуы міндетті.
Маңызды мәселе — отаншылдық. Отаншылдық тек тұрмыспен, бизнеспен ғана байланысты емес, алдымен ақыл, санамен, мінез-құлықпен, дүниетаным, біліммен қатар жүретін сезім. «Жас ұрпақтың дүниетанымы қалай қалыптасады? Оған кім ықпал етеді?» деген сұрақтар үнемі қоғамда көтеріліп келеді. Уақыт тезінде тоқтау жоқ. Қазір тәуелсіздік дәуірінің басталуында дүниеге келген нәрестелер өздері ата-ана болды. Ұрпағына отаншылдық сияқты ұлы сезімді аманаттау үшін сол сезім олардың өз қанында, жүрегінде, тегінде болуы керек. Жаңа реформалар аумағындағы өзгерістерді айтамыз деп, руханият проблемаларына тереңдеп кеттік. Оның да жөні бар сияқты. Қандай да мемлекет кеңістігіндегі реформалар адамдардың, қоғамның санасына, дүниетанымына, қоғамдық қатынастарға әсер етпей қоймайды. Тұрмыс, адамдар өзгереді. Біздің еліміз социалистік формациядан еркін нарық, яғни капиталистік формацияға қайта көшкенде де ең алдымен әлеуметтік нысандар, жалпы мемлекеттің әлеуметтік саясаты екінші кезекке сырғи берді. Көп жағдайда әлеуметтік саланы бір жақты жалпы саясатпен шатастыратынымыз үлкен кемшілік екені әлденеше рет дәлелденсе де, осылайша «ақсаудан» танбай келеміз.
«Өтпелі жылдар» деп атаған кезеңімізде әуелі экономиканы жөндеп алайық, сосын саясат дедік. Бірақ саясат оған тоқтап қалған жоқ.
СЕМЕЙ. АТОМ ПОЛИГОНЫ.
Г.Е.: — Республика экономикасы туралы әңгі меңізде Одақтық бағыныштағы әскериөнеркәсіп орындарының, бүкіл өнеркәсіптің 93 пайызы Одақтық орталық, Мәскеудің құзырында бол ғандығын айттыңыз. Әскериөнеркәсіп дегенде сынақ полигондары, ғарыш айлағы кешенде ріндегі қазақстандық азаматтар сол полигон дарда жұмыс істеуші ме еді? Олар біздің респуб ликаның экономикасына қаншалықты жұмыс істеді? Семей атом полигонының жабылуы қалай болды? Осы оқиғаларға да тоқтала кетсеңіз.
Байқоңыр ғарыш айлағымен қатынасымыз қалай?
Қ.С.: — Бұл — өте үлкен, ауқымды, күрделі әрі көп адам оның қыр-сырын, ерекшеліктерін біле бермейтін тақырып. Одақтық мекемелер мен өндіріс орындарының тарихы да сан алуан. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жері майдан шебінен, жау басқыншылығынан алыс, «терең қашықтықта» деп есептелініп, Кеңес Одағының Батыс, Солтүстік, Орталық өңірлерінен көптеген ірі зауыттар Қазақстан жеріне көшіріліп, олар негізінен соғысқа қажетті қару-жарақ, техника шығаруға бейімделгені тарихтан белгілі. Солардың көпшілігі — соғыс бітіп, бейбіт өмір басталғанда да жұмысын тоқтатпастан, қайта жаңа техника, жабдықтармен жасақталып, жұмыстарын жалғастыра берді. Бейбіт заманның өзінде де көп уақытқа дейін олар құпиялылығын сақтады. Сол зауыттармен бірге келген инженер, техникалық мамандар, кәсіби жұмысшылар да тұрақталып, Қазақстандағы тұрақты өмірлерін жалғастыра берді. Біздің елімізге Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Балтық жағалауы елдерінен келіп, Алматыда, Қарағандыда Петропавлда, басқа облыс орталықтарында тұрақталып, жергілікті тұрғын болып қалды.
Сонымен бірге республикамыздың өз өндірісі де дамыды. Сол заманда көшіп келген Алматыда ауыр машина жасау, Киров атындағы, Петропавлда Ленин атындағы, Қарағанды, Өскемендегі зауыттар өсе келе өндірісінде мыңдаған мамандар жұмыс істейтін алып кешендер болды. Осындай өндіріс өнімі құпия сақталатын зауыттар басқа да көптеген қалаларда болды. Оның көпшілігінің базасы өсті. Бастапқы кезде жергілікті жұмысшыларды қатарларына қосып, оларды оқытып, өндіріске араластырғанымен бірте-бірте азайта берді. Әр цехтарда санаулы қазақ балаларының үлес салмағын көбейтпейтін.
Арнайы оқу бітіріп, білімді инженер болғандардың өздерін орынбасарлықтан жоғары өсірмейтін. Осы жағдайлардың бәрі жергілікті басшылықтар тарапынан әңгіме өзегі болып,
«сыртқа шығармайтын қауіпсіздік мақсатында ашық талқыланбайтын», Мәскеудегі Орталық биліктің құпия талабы болатын. Қазақстанның барлық өңірлерінде өнеркәсіп өндірісі соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда қарыштап өсті. Өркендеген өнеркәсіппен бірге Одақтың шартарабынан мыңдаған мамандар келіп, біздің жерде орнықты. Әрине, олардың біздің ұлттық мамандарымыздың оқып, үйренуіне тигізген оң ықпалын да, ұлтаралық қарым-қатынастың да жақсы, жаңа дәстүрлері бекіп, көп игілікті шараларға бірге қол жеткізгенімізді де жоғары бағалаймыз, қадірлейміз. Сонымен бірге жоғарыдағыдай қайырлы, қайырымды достық түсінікпен бірге осы жағдайлардың өзі де жалпы республиканың демографиялық халахуалына біржақты әсер етіп, көптеген ұлттық құндылықтарымыздың, тіліміздің өсіп-өнуіне теріс самалын да тигізді.
Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, сол алып кешендер өздігінен «қабырғасы» қаланып, тұра қалмайды ғой. Оларды тұрғызатын — білікті мамандар, көп жұмысшы адамдар. Екіншіден, қанша құпия болғанымен, құпия әскери нысанның ішкі технологиясына кірістірмесе де, оның құрылысы, толып жатқан сыртқы жұмыстарын жүргізуде сынақ алаңдарын тазалауда жергілікті халықтың қатысуынсыз іс бітпейтіні белгілі. Бірақ олар ғылым, техника, технология, тікелей «өнім» жасау жұмыстарына, сондай-ақ жасалған «өнімді», яғни атом бомбасын, ракеталарды, оларды жеткізуші сияқты полигонның «ішкі жұмысына» ешқашан араластырылмайды.
Семейде ядролық полигон жұмыс істейтіні, онда сынақтар өткізілетіні туралы «ел құлағы елу» деп қоғамда жабық түрде сөз болып жүрсе де, бірінші рет 1989–1990 жылдары ашық айтыла бастады. Оған дейін бұл жабық тақырып еді. Горбачевтің «қайта құру», «жариялылық» саясатының да осы уақытқа дейін жабық сақталып келген ақпараттардың ашылып, халыққа жария етілуіне көп септігін тигізді. Қоғамдық қозғалыстар бой көтере бастады. Елдің көкірегінде булығып, «бітеу жарадай» болған жағдайлар жарылып, жарыққа шықты.
Сол толқында әлемге аты жеткен дарынды ақын, арынды азамат Олжас Сүлейменов жар салып, жариялап, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қоғамдық қозғалысты бастады. Сол жылдары ол қозғалыстың екпіні де, дауысы да бүкіл республикада орасан қолдауға ие болды.
Ең алдымен бұл қоғамдық қозғалысты республикамыздың ресми билігі — әлі билік тұғырында тұрған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы әрі Президент Нұрсұлтан Назарбаев қолдады. Әрине, республика басшысының мұндай ұстанымы Мәскеудегі Орталық Одақтық билік тарапынан наразылық туғызып, қатаң ескерту де жасалған. Соған қарамастан Семей ядролық полигонының әлеуметтік зардаптары туралы әңгіме 1990 жылғы мамыр айында Мәскеуде өткен ССРО-ның халық депутаттарының съезінде де көтеріліп, ақыры әйгілі тамыз оқиғасынан кейін 1991 жылдың 29 тамызында Н. Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық полигоны түбегейлі жабылып тынды. Жарлықпен жабылуы, сынақтар, басқа да жұмыстар тоқтатылуы тоқтағанымен, ол жай бір есігін жауып қоя салатын ғимарат емес. Оның іші, сырты толған өте күрделі технология, жабдықтардан құралған ауқымы зор өнеркәсіп кешені. Қазақстан өз бетімен, ядролық мемлекеттердің көмегінсіз, білікті бақылауынсыз ешқандай да жұмыс жүргізе алмайтыны кімге болса да түсінікті шығар. Біздің ол полигонга қаржылық та, технологиялық та, тіпті әкімшілік те иелік етуіміз қиын. Сондықтан ядролық мемлекеттердің көмегінсіз іс бітпейтіні анық. Ресей, АҚШ басшыларымен, мамандарымен жан-жақты, ұзақ, өте күрделі келіссөздер жүргізілді. Басқасын айтпағанның өзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерінде жазылғандай, полигон жабылғанда ең алыс нүктелерге (қалаларға) еркін жететін 1452 ядролық ракеталар болғаны, оларды біздің елден шығару жұмыстары қаншама қаржыны, арнайы мамандарды талап еткенін айтсақ та жеткілікті.
Мәскеуде сол кездегі Ресей Президенті Б. Ельцин, АҚШ Президенті Джордж Буш (әкесі) Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізіп, Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшылары У. Кристофер, Дж. Бейкер екі-үш рет сапар жасап, полигонды тоқтатып, оның «өнімдерін» Қазақстан жерінен шығару, әрі республикаға қауіпсіздік кепілдігін беру мәселелерін талқылады. Бірнеше жылдарға созылған қауіпсіздік мәселелерін талқылауда пікір алысып, ақыры ядролық мемлекеттер тарапынан Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін беріп, ядролық қаруды шығаруға келісілді. Оны шығаруға қажетті қаржыны АҚШ пен Ресей өтейтін болды. Ресей сонымен бірге бұрынғы ССРО-ның мұрагері ретінде атом полигонынан зардап шеккен Семей, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының кейбір аудандарына әлеуметтік көмек төлемдер төлеуге келісілді. Бұл шаралар Жоғарғы Кеңес мәжілістерінде жан-жақты талқыланып, арнайы заң да қабылданды.
Сонымен бірге бұл мәселе сол жылдары құрамында 56 мемлекет бірлескен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымында (ОБСЕ) қызу талқыланды. Сондай ынтымақтастықтың нәтижесінде 1994 жылдың 6 желтоқсанында Будапешт қаласында өткен 56 мемлекет басшылары қатысқан Үлкен Саммитке Ресей Президенті Борис Ельцин, АҚШ Президенті Билл Клинтон, Англия Премьер-министрі Джон Мейджер, Франция Президенті Франсуа Миттеран, Украина Президенті Леонид Кучма үлкен протоколдық столдың бір жағында — оның қарсы жағында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей атом полигонының жабылуына байланысты Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Үлкен келісімге қол қойды.
Осы Саммитте Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына толық мүше болып қабылданып, Еуроодақ елдеріменн тығыз дипломатиялық, сауда-экономикалық, саяси, рухани, мәдени қатынастарымызды әртараптандырып, сенімді әріптес болдық. Сондай-ақ Еуроодақтың парламенттік ассамблеясымен әріптестік қатынасымыз жедел дамыды. Қысқа мерзімде, айналасы оншақты жыл көлемінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының белсенді мүшесі болып танылып, Төрағалық етіп, 2010 жылдың 1 желтоқсанында 56 мемлекет басшылары қатысқан ЕҚЫҰ саммитін өткізіп, Астана Декларациясын қабылдауға бастамашы ролін абыроймен атқарды.
Бұл, сөз жоқ, өз ресми тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қол жеткізген тарихи жеңісі еді. Осы халықаралық оқиға Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтып, халықаралық беделінің өсуіне зор ықпалын тигізді. Өткен ғасырдың соңғы жылдарында, одан кейінгі жылдарда да халықаралық қатынастарда ядролық полигонның жұмысын тоқтатып, қарусыздану мәселелерінде Қазақстан бастамасы жоғары бағаланып, айтылып жүр.
АҚШ, Еуропа елдерінің жоғарыдағы шешімін қолдап, Шығыстағы көршіміз ҚХР-да 1995 жылдың ақпан айында Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін жариялады. Лобнордағы атом полигоны сынақтарына мораторий жариялады.
Реті келгенде айта кететін бір жайт — жалпы Қытай елімен келіссөздер жүргізу өте қиын, күрделі, тиянақты дайындықты қажет етеді. Қандай дәредежегі келіссөздер болмасын Қытай тарабы зор жауапкершілікпен қарап, маңыз береді? Қабылданған құжатқа өте мұқият. Келісті ме, міндетті түрде орындайды. Әрине, әріптестерінен де осындай тәртіп болуын талап етеді.
ҚХР Төрағасы Си Цзинпинь және басқа Қытай басшыларының белсенді қолдауымен Қазақстан-Қытай бейбіт қатынастары бүгін өте жоғары әрі даму дәрежесінде. Біз оған алдағы әңгімемізде кеңірек тоқталамыз.
Сіздің сұрағыңыздың соңғы буынына оралайық.
Г.Е.: — Иә, Байқоңыр ғарыш айлағы туралы.
Қ.С.: — Бұл сұрақтарыңызда көтеріп отырған кешендеріңіздің әрқайсысы бір-бір баян. Ғарыш айлағы да — оның мақсаты да, арналуы да бейбіт өмір, жасампаздық десек те, маңыздылығы полигоннан артық болмаса кем емес. Атом полигоны — қару, қырып жою. Ғарыш ракеталары — ғаламды игеру, зерттеу — қоршаған орта, ғылымды дамыту, тағы сол сияқты адамзат болашағының ғажайып сырларын ашу. Бірақ, өкінішке орай, ондай өте жоғары технологиялы, әрі өзі бір республикадай алып кешенді «ұстап», жұмыс істету 90-шы жылдары біздің қолдан келетін іс емес еді. Республиканың бюджеті де оны «көтеріп, ұстап тұру» яғни жұмыс істету мүмкіндігінен мүлдем шалғай еді. Қазір, отыз жылдан кейінгі бюджетіміз сол кезбен салыстырғанда «жер мен көктей» болса да, космодром ұстауға шамасы келмейді. Тағы да сол мамандар тапшылығы. Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде ғарыш айлағында да жұмыс істеген қазақ балалары болса саусақпен санарлық. Жеке батырларымыз — Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, әрине, ұлтымыздың мақтаныштары. Ал «Байқоңырдай» ғарыш кешенін қалпында сақтау мыңдаған білімді, білікті мамандар — инженерлер, конструкторлар, ғалымдар, зертханалар, технологтардың үздіксіз жұмыс істеуінің нәтижесінде ғана мүмкін. Қысқасы, оны жұмыс істетіп, оған бірте-бірте жас таланттарды оқу, үйрену үшін Ресей басшылығымен келісімшарт жасасып, оларға (арендаға) жалға беруге тура келді.
ОДАҚТЫҚ МЕНШІК. ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ.
Г.Е.: — Әрине, біз жоғарыда әңгіме еткен Семей атом полигоны мен Байқоңырдағы ғарыш айлағының қай жағынан алсақ та — мейлі халықаралық, немесе өнеркәсіптік, ғылыми, қорғаныстық, әлеуметтік болсын — орны да, салмағы да бөлек қой. Біздің республикамызда олардан да бөлек әскеритехникалық ірі зауыт тар, арнайы кәсіпорындар болды емес пе? Одақ тарағаннан кейін олар кімнің құзырына өтті?
Қ.С.: — Дұрыс айтасыз. Әлгіде айтқан республика өнеркәсібінің 93 пайызы Мәскеу құзырында болды дегенімнің артында дәл осы ірі кәсіпорындар тұр. Олардың да негізгі дені әскери-өнеркәсіп кешенімен байланысты. Мәселен, Алматыдағы ауыр машина жасау зауыты, Киров атындағы, Солтүстік Қазақстандағы Петропавлда Ленин атындағы өте үлкен зауыттар теңіз торпедаларын, тағы басқа құпия өнімдер шығаратын. Одақ тарағаннан кейін оларды консервациялау жұмыстары жүргізілді, жоғарыда айтқанымыздай, бұрынғы өнімдерге тапсырыс, қаржыландыру тоқтатылып, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалды. Экономикалық дағдарыс жайлады. Ондай ауыр индустрияның базаларын енді республика сұранысына, мұқтажына бейімдеу жаңа жабдықтауды, орасан қаржыны талап етті. Бұрынғы алып империяның он бес бөлшегінің біріндей болған біздің елде оның бірі де жоқ еді. Жаңа реформалар жүргізіп, жаңа экономикалық заңдар, қатынастар қалыптастыру арқылы ғана нәтижеге жету мүмкін болды. Ал дағдарыс тек одақтық кәсіпорындар мекемелерде ғана болған жоқ, бәрі бір жүйеде жұмыс істегендіктен бүкіл республика өндіріс орындарын да қамтыды.
Жаңа біз айтқан әскери-өнеркәсіптік кешендерде жұмыс істеген қатардағы жұмысшыдан бастап жоғары дәрежедегі инженер-техник мамандарға дейін негізінен орыс ұлтының өкілдері болды. Басшылықтарын айттық. Кезінде «неге осылай, неге қазақ мамандарын осы өндірістерге алмайсыңдар? Тіпті Мәскеу, Ресейдің басқа ірі оқу орындарын бітіріп келген күшті мамандарды алмайсыңдар, өсірмейсіңдер» деп лауа-зымда жүрген талай қазақ баласы айтысқан кездеріміз аз болмаған. Жарайды, анау 40–50 жылдар жағдай басқаша болған болар. 80–90 жылдардағы Қазақстанда қазақ жастары да, олардың білімдері де басқа этнос өкілдерінен артық болмаса кем емес еді.
Дағдарыс сондай-ақ тек өнеркәсіп саласымен шектелмей, аграрлық саланы, бүкіл халық шаруашылығын басқару, қаржы институттарын да шарпыды.
Дүниежүзі елдерінде әр дәуірде, әр кезде болған экономикалық дағдарыстардың зардабын ең алдымен әлеуметтік салалар — денсаулық сақтау, оқу, білім, мәдениет, жалпы руханият көреді. Өйткені олар негізінен мемлекет бюджетінен күн көреді. Бізде де солай болды. Жай солай болған жоқ. Әдеттегідей, тарихымызда өткен талай науқандардай — асыра шаптық. Барлық дағдарыс — мемлекеттің монополиясынан деп жекешелендірудің дәрежесіне мемлекетсіздендіруді (разгосударствление) жектік.
Әсіресе жекешелендіру — ауыл шаруашылығында кәдімгі басы жоқ, аяғы жоқ — қызу науқанға айналып кетті. Ала-құла. Біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Мұндайда түсіндіру жұмыстарын жүргізетін бұрынғы компартия жоқ. Ол елден бұрын тарап кеткен. Осындай маңызды жұмысты сол кезде біздің жаңадан құрылған баспа және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі қолға алды. Журналистер әдеттегідей белсене араласып, баспа беттерінде, телеканал, радио хабарларында күн сайын әртүрлі хабарлар ұйымдастырып, теле-радиоэфирлерге жауапты қызметкерлерді шақырып, сөйлетіп, қоғам сұрақтарына мейлінше жауап беріп жатты. Жекешелендіруді жүргізу тәртібі, ережелері жайлы сол кездегі парламент — Жоғарғы Кеңесте де, Үкіметте де бірауыздылық бола қоймады. Қайшылық та, келіспеушілік те көп болып, қоғамның түсінуі өте қиынға соқты. Пікірталас, дау-дамай толастамады. Қолында билігі бар адамдардың көпшілігі халыққа мұқият түсіндіріп, олардың қамын ойлаудан гөрі өз жеке басының пайдасын көбірек күйттеп, қолы жеткен жерді қармап қалуға тырысып жатты. Оларға қоса туған-туыстары, құда-жекжаттарының да қомағайлығы дендеді. Адамдардың мінез-құлқы өзгерді, пейіл-ниеті тарылды. Тәлім-тәртібі, іс-әрекеттері өзгерді. Алдау, арбау көбейіп, уәде бере салу түкке тұрмайтын болды. Ұят деген сөзді, ұғымды айтудың өзі ұят болатын халге жеткеніміз қапаландырады. Дүниеге талас басталып, әлі жалғасып, тіпті көбейіп келеді. Мүлік пен меншікке ие болу жолында адамдар арасындағы қатынас бұзылды. Ескі достар, жақын туыстар, бұрынғы сыйластар ақша үшін арпалысып, бір-бірімен «бет жыртысып», бірін-бірі алдап, «лақтырып» жолға тастап кету жағдайлары жиілеп, қоғам әлі де тазармай тұр.
Осының бәрін көзімен көрген, кейбір астамшылықтарды ішінен білетін Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халық зор сенім, қолдау көрсетіп, сайлаған биік лауазымының алғашқы сөзін Адалдық, Әділдік, Даму сияқты ең басты құндылықтардан бастап, осы тұжырымдамасын Жолдаудан Жолдауға жалғастырып, таза қоғам, таза Қазақстан жасау үшін күресіп келеді. Осы парызды, міндетті мемлекет басшысымен бірге әрбір азамат өз мойнына алуы керек. Біздің санамыз сондай түсінікке жеткенде ғана қоғамымыз тазарады. Санасы мықты, сенімі мықты ел боламыз. Қуат, қабілетіміздің бәрі, Санамыз мықты болғанда бәсекелестікке шыдас бере аламыз.
ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕС. ДЕМОКРАТИЯ ІЗДЕНІСТЕРІ.
Г.Е.: — Аға, экономика, саясатты сараптап оты рып, сана биігіне жетелеп кеттіңізау. Шынында да, тәуелсіз ел, мемлекет болуға ұмтылудың өзі де тікелей Сананың жеңісі, жемісі емес пе?
«Күрес» деген тек күштік соғыс, қарулы қақ тығысты ғана білдіретін әрекет емес екені де белгілі. Біздің тіліміздегі күрес сөзінің ауқымы да өте кең. Жаңа Сіз жекешелендіру жөнінде Жоғарғы Кеңес пен Үкімет бір көзқарасқа, бір пікірге келе алмады дедіңіз. Жалпы сол 90шы жылдардың басында Жоғарғы Кеңес туралы әңгіме де көп болғаны есімізде. Қандай елеулі оқиғалар болды, таратыңқырап айтып берсеңіз?
Қ.С.: — Бұрын Компартияның кезінде барлық билік Орталық партия комитетінің қолында, құзырында болғандығын бірнеше рет айттық. 1990 жылдың 25 қазанында Жоғарғы Кеңес ҚР-ның Егемендігі туралы қабылдаған Декларация біздің тәуелсіздігіміздің бастамасы болғанына айрықша маңыз беруіміз қажет. Ол кезде әлі Компартия да, оның Орталық Комитеті де, бүкіл Кеңес Одағын билігінде ұстаған пәрмені де, республика, облыстар басшыларының күнделікті қызметін бақылау құқы да баз баяғы қалпында. Бірақ Кеңес Одағы Конституциясынан Компартияның басқарушы ролі туралы арнайы бап алынып тасталып, бұрынғы тас түйін қалпынан босаңси бастаған кез. Саяси-қоғамдық қайшылықтар көбейе берді.
Мәскеудегі, Одақтағы кейбір маңызды оқиғаларды еске алып отыруымыздың мәнісі де, заңдылығы да бар. Өйткені біз бұрын барлық жағынан Орталық билікпен байланысты болдық. Кей жағдайда Мәскеуде болған оқиғалар бізде де қайталанып тұратын. Азаматтарымыздың Мәскеумен байланыстары, қаржы қатынастары тығыз еді.
Ресей өздерінің тәуелсіздігін 1991 жылдың 12 маусымында жариялады.
Одан кейінгі ең үлкен әрі маңызды оқиға 1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украина, Беларусь республикалары басшыларының 1922 жылғы Одақтық келісімнің күші жойылды деп жариялауы.
Сол жылдың 21 желтоқсанында он республиканың басшылары Алматыда бас қосып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы деген халықаралық ұйым құрды. Міне, оқиға желісі осылай.
Кейде неге біз тәуелсіздігімізді 15 республиканың ең соңы болып жарияладық деген сұрақ туады. Бүгінгі күннің биігінен қарасаң, заңды сұрақ сияқты. Ал 91-ші жылды көз алдымызға келтіріп, сәл ойлансақ — басқа республикалар жариялап жатыр, біз неге кешеуілдеттік? Біріншіден, жоғарыда әскери-өнеркәсіптік кешендерге байланысты біздің ерекшеліктеріміздің бір бөлігін айттық. Екіншіден, республикамыздағы демографиялық жағдай, өкінішке орай, негізгі ұлт — қазақтар елдің 40 пайызы ғана болды, ал Солтүстік өңірлерде одан да екі есе төмен. Украина, Ресей, Беларусь, Балтық жағалауы елдері, Кавказ, Орта Азиялық көршілер — бәрінде де өз ұлттары 80–90 пайыздан жоғары. Біздегі Жоғарғы Кеңестегі 360 депутат та ұлттық құрамы жағынан осыған сәйкес еді. Әрі солардың алпыстан астамы Мәскеуге тікелей бағынатын біздегі зауыттар директорлары, әскери кешендер, полигондар, ғарыш айлағы басшылары, Орта Азия округі генералдары — бәрі кезінде КОКП Орталық Комитеті нұсқауымен бізге Жоғарғы Кеңес депутаттары болып сайланған. Оларды саяси сарапшылар «қызыл директорлар» деп атады. Көп жылдардан солай қалыптасқан. Жалпы күнделікті тұрмыс, республиканың әлеуметтік жағдайы мәселелерін талқылауда, шешім қабылдауда олар дұрыс, іскерлік бағыт ұстанатын. Бұл жолғы әңгіме ондаған, жүздеген бұрынғы заңдар мен шешімдерден мүлде бөлек қой. Олар Кеңес Одағының тұтастығына еңбек етіп, оны қорғаймыз деп ант берген. Қоғамда, депутаттар, коммунистер арасында күн сайын елдегі жағдай талқыланып, неше түрлі болжамдар айтылады. Республикадағы тіл мәселесі көптің аузында. Генералдар пікірталастарды мұқият тыңдап, ашық араласа қоймағанмен, жеме-жемге келіп, дауыс бергенде қалай берерін ешкім де дөп басып айта алмайды. Оның үстіне біздің республикамыздың тәуелсіздік алуына ашықтан-ашық қарсы көзқарастарын айтқан депутаттар да болды. Олар елге, көзге көрініп, өздері сөйлеуге құштар емес. Есесіне «ұшып-қонып» жүрген депутаттарға ақырын ғана, өте сыпайы бағдар беріп қоятындары да бар. Егемендік декларациясын талқылап, қабылдағанда кімнің кім екенін одан кейін де көргенбіз. Оған қоса депутаттар арасында тәуелсіздік туралы конституциялық заңды да бүкілхалықтық референдумға шығарайық деген пікірлер мен ұсыныстар да болды. Сондықтан көзге көріне бермейтін көп жұмыс жүргізілді. Басқаша айтсақ, кәдімгі дәлелді сөздермен пікір айтысып, күрес жүргізу қажет болды. Адамдармен білім мен біліктілікпен сөйлесу, оларға ақиқатты, әділдікті дәлелдеу — бәрі де күрес түрлері. Сол жылдары Жоғарғы Кеңесте саяси күрес толассыз жүріп жатты. Ұлттың мүддесі, ұлттың құқы үшін. Біз өз тіліміздің өмірін, оның заңды құқын жаңғыртып, өркенді елмен теңестіру үшін басқаның құқына ешқандай да шектеу келтірместен, ортақ құқықтық кеңістікте еркін даму жолдарымен бірге өркендеуді ұсындық. Кімге болса да, қандай ұлт, этнос болса да өз ұлты, өз тілі — қасиетті ұғым. Біз Қазақстанға келген, тұратын барлық ұлттарға құшағымызды ашып, құрмет көрсеттік. Енді осындай тарихтың шешуші бетбұрысында олар да қолдау көрсетуі шынайы адамгершілік болар еді. Әркімнің соған парасаты, ақыл-ойы, мәдениеті жете ме? Нағыз достық осындайда сыналмай ма? Абырой болғанда, ұлтаралық қатынастар ширығып тұрған сол тоқсаныншы жылдарда халық бірлігі үстемдік құрып, өзара сыйластық, түсіністік, біріне бірі құрметпен қараушылық дәстүрінде ешқандай шектен шыққан дөрекілік, содырлыққа жол берілмеді.
Президент Нұрсұлтан Назарбавтың бастамашылдығымен ел арасындағы, ұлттар арасындағы қоғамдық диалог, бірін бірі тыңдай білу, түсінісе білу — оң нәтижесін беріп, республикамызда тыныштық, өзара келісім ауаны қалыптасып, сақталды. Бұл, сөз жоқ, ең басты жетістігіміз еді. Соның арқасында 1991 жылдың 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциядық заңымызды көпшілік дауыспен қабылдап, әлемге жария еттік.
Заң жобасы бойынша арнайы комиссия атынан баяндама жасаған көрнекті заңгер, академик Сұлтан Сартаев екі күн бойына мінберде тұрып, жобаның әр бабы бойынша жан-жақты түсініктеме, депутаттардың сұрақтарына толыққанды жауап берді. Талқылауға Президент Назарбаев қатысып, қажет кезінде сөз сұрап алып, пікірталастарға өзінің ашық пікірін білдіріп, құжаттың сапасын айшықтай түсуге барынша ықпал етті. Жаңылмасам, 360 депутаттың басым көпшілігі тәуелсіздігімізді жақтап, 22 адам қарсы, бес-алты адам қалыс қалып, кешкі сағат 18.30-да заңды қабылдадық. Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залын ұзақ уақыт қол шапалақтау кернеп тұрды. Көкірегімізді қуаныш, бақыт сезімдері кернеп, көзімізден арман жасы шықты. Кеш, түн тойға ұласты. Түнгі сағат он бірден асқан шамада Нұрсұлтан Назарбаев Түрік елінің Президенті Тұрғұт Озалдан құттықтау хат келгенін жариялады. Келесі күндері, апта бойына әлем елдерінің басшыларынан тәуелсіз мемлекеттігімізді мойындап, құттықтау хаттар легі келіп жатты. Мұндай ерекше сезім жүректе бір-ақ рет болар.
1990 жылдың көктемінде ХІІ сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттары Компартияның басшылығымен сайланған соңғы шақырылым еді. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді әлемге жариялау бақыты да дәл осы шақырылымның депутаттарының үлесіне түсті. Сол жолғы 360 депутаттардың қатарында республикамыздың партия, үкімет, өңірлер басшылығының жоғары лауазымды қызметкерлерімен қатар Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Зинаида Федотова, Жабайхан Әбділдин, Шахмардан Есенов, Ғарай Сапарғалиев, Серік Байбатыров, Балғабек Қыдырбекұлы, Өмірбек Жолдасбеков, Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин, Александр Княгинин сияқты елге белгілі, қоғамда танымал, білгір, білікті тұлғалар, әсіресе тәуелсіздік туралы заң жобасын талқылауда зор қайраткерлік әрі білімдарлық көрсетті.
Осы заң қабылданғаннан кейін Жоғарғы Кеңестің халық арасындағы беделі көтеріліп, оның тұрмысына қан жүгіріп, сенім артты. Депутаттардың көңіл күйі де ерекше сезімге бөленіп, елде жаңа, бұрын күтілмеген қарым-қатынас, ортақ мүдде қалыптаса бастады. Енді бұрынғыдай экономикалық дағдарыс себептерін Мәскеуге, Одаққа сілтей бермей, өз жолымызды табу, кезек күттірмей шұғыл шешім, нақты шараларға кірісу қажет. Бастапқы кезде осылай болды да. Президент депутаттар алдында бірнеше рет сөз сөйлеп, шұғыл түрде реформалар өткізу қажеттігіне екпін берді. Үкімет те көп күттірмей жаңа заң жобаларын енгізді. Алайда жобаларды талқылау барысында үкімет пен депутаттар арасында бір мүддеге жұмылудың орнына, кереғар алшақтау орын ала берді. Осылайша уақыт сырғып, көз ілестірмей өте берді. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы экономикалық, саяси жүйеден түбегейлі бас тарттық. Жаңа жүйе әлі жоқ. Өліара. Өмір, уақыт, тұрмыс күтпейді. Жалақы тежелді, зейнетақы, стипендия жоқ. Өндіріс жоқ. Сауда сөрелері бос. Сөз бен митингілер тасқын. Реформа қажеттігі, және өте шұғыл бастап, жүргізу керектігін депутаттар да, үкімет те, қоғам да айтады. Бірақ нәтиже шамалы. Кейбір заңдар кешеуілдеп жатқандықтан Президент өз жарлығымен бірнеше заңдарды шығарды. Ақыры 1993 жылдың қаңтарында тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы Конституциясын қабылдадық. Сол жылдың күзінде тұңғыш теңгемізге де қолымыз жетті.
Уақыт тезіне ілесе алмай жүргендерін саралап жүрген кейбір депутаттар «біз осы реформаларды кешіктіріп, тежеп жүрген жоқпыз ба?» деген сұрақтарды да көтере бастады. 1993 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласының әкімі (сол кездегі аталуы Кеңес төрағасы) марқұм Заманбек Нұрқаділов бастаған бір топ депутаттар Президентке хат жолдап, онда Алматы қаласы Алмалы (бұрын Совет) аудандық кеңес депутаттары өз мәжілісінде Жоғарғы Кеңес депутаттары жұмысын тоқтату туралы және Жоғарғы Кеңес депутаттары бұрынғы Коммунистік партия өз өкілеттігін тоқтатуына байланысты енді ол партияның өкілдері бола алмайтынын айтып, үндеу жолдағанына сүйеніп, мәлімдеме жасады. Осылайша Қазақстан тарихында тұңғыш рет ХІІ шақырылымның 360 депутаты таратылды.
Тәуелсіз Қазақстан жаңа парламентаризм жолын бастады. Енді сайлау округтері ірілендіріліп, бұрынғы 360 депутаттың орнына 177 депутат сайланатын болды. Оған қоса кандидаттар партия ұсынымдарымен тіркеліп, сайлау округтерінде мажоритарлық жүйемен де балама сайлаулар өтетін болып, 1994 жылдың наурыз айында Жоғарғы Кеңестің жаңа құрамы келді.
Мен ол кезде Премьердің орынбасары қызметінде, сонымен қатар қоғамдық қозғалыс негізінде құрылған «Халық бірлігі партиясының (кейінгі жылдары «Отан», «Нұр Отан» партиясы болған)» Төрағасының орынбасары міндетін қоса атқаратын едім. Төрағасы — Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Депутаттыққа үміткерлер тізімі түзіліп жатқанда ойламаған жерден менің де фамилиям аталды. Бұл жағдай мен үшін тосын болды. Өз ойымда ешнәрсе жоқ. Мына вице-премьерлік жұмысыма ешқандай сын, ескертпе айтылмап еді. Керісінше, Президент өзі өткізетін үкімет жиындарда бірнеше рет ризалығын айтқан. Соған мәз болып, шамамыз келгенше шапқылап жүріп жатқан жайым бар. Бірден Нұрекеңе бардым.
— Нұрсұлтан Әбішұлы, мына тізімнен өзімді көріп келіп отырмын. Маған осы уақытқа дейін ешкім ешнәрсе айтқан жоқ. Мына жұмыста жүргеніме бір-ақ жыл болды. Әлде мен бірнәрсені түсінбей, дұрыс жұмыс жасамай жүрмін бе? Әлде көңіліңізден шыға алмай жүрмін бе? Депутат болатын еш ойым жоқ, — дедім. Нұрекең алдындағы қағаз-қаламын ысырып қойды да:
— Сен сасатын, ренжитін ештеңе жоқ. Сенің жұмысыңа да еш сұрағым жоқ. Қайта, сен олай кетсең, орныңа кімді қоярымды да білмей отырмын. Жоғарғы Кеңестің жағдайын білесің ғой. Реформалар, заңдар жүрмей жатыр. Сен сонда менің тікелей тірегім боласың деп ұсынып отырмын, қызметтен, лауазымнан қобалжыма, қажет болсаң кез келген уақытта шешім қабылдаймын, — деп қадап айтты. Үндемей отырып қалдым…
…Сонымен, 1994 жылдың наурызында сайлауға түсіп, өз сайлау округім бойынша балама сайлау қорытындысында 94 пайыз дауыс алып, реттік жалғасы бойынша ХІІІ шақырылым, Тәуелсіз Қазақстанның бірінші шақырылымының депутаты болып, Жоғарғы Кеңеске келдім. Сәуір айында өткен бірінші сессиясында Әбіш Кекілбаев Төраға, Зинаида Федотова, Марат Оспанов, мен — орынбасарлары болып сайландық.
— Айта кететін бір жәйт — сол жылғы сайлау, тіпті тәжірибеміз болмаса да, әкімшілік күштері араласпаған, бәрі де заң аясында өткізілген нағыз демократиялық сайлау болды. Әуел баста жап-жақсы көңіл күймен, болашаққа сеніммен жұмысқа кірістік. Жұмысымызды регламент қабылдаудан бастадық. Оның жобасы алдын ала аппарат қызметкерлері мен әділет министрлігі, көрнекті заңгерлер, Президент Әкімшілігі қатысуымен әбден жан-жақты қарастырылып, дайындалып еді. Өз басым оны қабылдауға көп уақытымыз кете қоймас, ары кеткенде 3–4 сағат көлемінде бітіретін шығармыз деп ойлап едім. Қателескен екенмін. Үш күн қажалап, талқылап, зорға қабылдадық. Мен осыдан байқағаным, түсінгенім — залда отырған депутаттардың үлкен тобы іскерлікке, уақытты тиімді пайдалануға аса мүдделі емес, оншалықты маңызы жоқ ұсақ-түйекке шүйлігіп, орынды-орынсыз сұрақтар қойып, жұмыс істеуге құлықсыздықтарын көрсетті. Тағы бір ескеретін жәйт — осының алдында тарап кеткен депутаттардың қатарынан 40 депутат қайта сайланып келді. Олай келгендерді біз әуел баста «тәжірибелі, білетін адамдар келді, жаңа кеңес жұмысына оң ықпал етеді» деп болжағанымыз да асығыстық болыпты. Олар өз еріктерімен «жаңа құрам сайлаймыз» десе де «өкпелеп» кеткен болып шықты. Бұл жолы өздерін «кек алушылар» деп жариялап, жоқ жерден саяси астар іздеуге машықтанды.
Бұл сайлау — біз мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі ең алғашқы сайлауымыз. Бұрынғыдай басқан-тұрғаныңды бақылап, елмен кездесулер ұйымдастырып, ондағы сөйлеушілерді де іріктеп отыратын басқарушы партия жоқ. Ашық сайлау. Сайлауға тұңғыш рет бірнеше партиялар қатысты. Олардың бәрі де қоғамдық негізде, ел де оларды танып, біле бермейді. Ресми әкімшілік бәріне ортақ. Әкімшіліктер еш партияда жоқ. Қысқасы, еркін сайлау өтті.
Бұрынғы социализм сайлаулары басқарушы компартияның қатаң бақылауымен өтетін. Депутаттыққа ұсынылатын адамдар партия комитеттерінде, жиналыстарында алдын ала іріктеліп, таңдалып алынатын. Әртүрлі әлеуметтік салалар — кандидаттардың қызметі, ұлты, еңбегі, жасы, жынысы, партиялығы, тағы басқа көрсеткіштері бойынша сарапталатын. Бұл жолғы сайлаушылардың белсенділігі де олардың мүдделілігіне сәйкес келді.
Регламент қабылданбай тұрып, депутаттар: «Біз сайлау науқанында сайлаушылармен көптеген кездесулер өткіздік, елдің бізге берген аманат-ұсыныстары, тапсырған міндеттері бар. Біз соларды ізін суытпай Президентке, үкіметке, тағы басқа құқық қорғау орындарына жеткізуіміз керек», — деп сол сауалдарын жариялауға уақыт сұрады. Ол сауалдарды күн сайын мәжілістің соңында бір сағат көлемінде жариялайық деген ұсынысты көпшілік дауыспен қабылдамай, сессияның кәдімгі заң жобасын талқылауға көшуі кешеуілдей берді. Көптеген депутаттар таңертеңгі мәжіліс басталардан бұрын залдағы микрофонға кезекке тұрып, күн сайын бір «саяси мәлімдеме» жасаумен әуестенді. Әсіресе телекамераларды көргенде оларды тоқтату қиынға соғатын. Мәжілісті жүргізуші Төраға ескерту айтса, «менің депутаттық құқымды шектедің» деп наразылық айтуды да әдетке айналдырғандар болды. Қысқасы, Жоғарғы Кеңестің көпшілік депутаттары саяси-мәдениет деген ұғымнан тым жырақта болды.
1994 жылғы ХІІІ сайланған Жоғарғы Кеңес біздің еліміз тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан кейінгі уақытта толық кәсіби парламентке көшкен тұңғыш өтпелі кезеңнің парламенті болды. 90-шы жылғы сайлау бұрынғы Кеңес Одағының көп жылдан қалыптасқан тәртібімен өтіп, тәуелсіздік алғаннан кейін жартылай кәсібиге өткен. Бұрынғы тәртіп дегенде — депутаттар ресми қызметінде жүріп, қосымша депутат болатын. Ал 1994 жылы 177 депутат бұрынғы жұмыстарынан кетіп, енді тек депутат міндетін атқарады. Жалақысын депутат ретінде алады. Осындай өзгерістерге байланысты — күн тәртібіне депутаттың жалақысынан бастап, тұратын үйі, жүретін қызметтік көлігі, дәрігерлік тіркелуі, балаларының мектебі сияқты толып жатқан тұрмыстық мәселелерді ұйымдастырып, оны оңтайлы шешу жұмыстары Жоғарғы Кеңес басшылығынан маған тапсырылды. Мұндай әкімшілік-коммуналдық жұмысты соншалықты қиын демес едім. Қиындығы — кім үшін жасалатынында екен. Президенттің қолдауымен көп пәтерлі қызметтік үй салына бастады. Ол үй құрылысы біткенше Алматыдан тыс өңірлерден келген депутаттарды жоспарланғандай, «Алматы» қонақүйіне орналастырдық. Сайланып келген депутаттардың көпшілігін білетін едім, сыйластығымыз да жеткілікті. Бірақ оларды тұрмыста көрмеген екенмін… Ол бөлек әңгіме.
Депутаттар сайланып келгеннен кейін әуел баста олармен Президент, Премьер кездесіп, жиналыс өткізіп, сайлануларымен құттықтап, бұл жолғы Жоғарғы Кеңестің мүлдем жаңа, бұрын болмаған жағдайда жұмыс істейтіні туралы, алда тұрған шұғыл міндеттер туралы сабырлы, салиқалы әңгіме болып еді. Сондай-ақ депутаттар жұмыс істейтін ғимарат, кеңсе орындары дд толық жеткілікті, ал үй-жай, автокөлік, тағы басқа мәселелер алдағы уақытта шешілетіні — қаржы, басқа қажетті жағдайлар қарастырылып жатқаны анық хабарланып, ұғынықты айтылды. Уақытша қонақүйде әр депутатқа бір орындық бөлме дайын, қызметтік пәтерлер дайын болғанша, бір жылға жуық сонда тұрып, жұмыс істеуге тура келетініне де назар аударылды. Депутаттар да бастарын шұлғысып, еш сұрақсыз түсінікпен қабылдайтындықтарын білдірген. Алайда ондай ұстамдылық ұзаққа бармады.
Көп ұзамай кейбір әріптестер жоғарыдағыдай келісілген мәселелерді өздері біле тұра, жоқ жерде тілге тиек етіп, кейде Үкіметке соқтығып, кейде бүгінгі Жоғарғы Кеңес басшыларын сынап, тіпті өз сөздерін «саяси мәлімдемеге» дейін көтеріп, сөйлеушілер де болды.
Осындай әңгімелерді тізбелей берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Тек бір-екеуін ғана атап өтсем. Қызметтік автокөлік кейбір депутаттардың сүйікті тақырыбы болды. Ылғи риза болмаушылық, ылғи сын. Шынтуайттап келгенде, ол кездегі Алматыда әлі бүгінгідей көлік кептелісі жоқ. Ескі алаңда Жоғарғы Кеңес, Жаңа алаңда — Президент, Үкімет. Екеуінің арасы жап-жақын. Қатынасқа еш қиындық жоқ. Министрліктер түгел дерлік Ескі алаңның төңірегіне орналасқан — жаяу жүретін жер. Кейбіреулер үшін өзіне бекітілген автокөлігі болуы мансаптық маңызды екен. Оны да білдік. Жоғарғы Кеңестің меншігінде бірнеше дача болған. Оған кім алдымен, кім қай кезекте барады, ол да біраз әңгіме болды. Жарайды, оның бәрі өмір ғой.
Оқшаулау тағы бір әңгіме. Әлі Одақ бар кезде Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі, министрлер, депутаттарға жеке қару (пистолет) ұстауға рұқсат шешім қабылдаған. Ондай шешімді Ресей депутаттары да, Советтік Қазақстан, яғни 1990 жылғы Жоғарғы Кеңес те қабылдап қойыпты. Күндердің күнінде Водолазов, Чернышев сияқты депутаттар осы мәселені көтеріп, қабылданған шешімнің орындалуын талап етті. Соған анықтама, жауап беруі үшін ішкі істер министрі Б. Баекенов Жоғарғы Кеңес жиналысына шақырылды. Қару бар, жеткілікті екендігін айтып, тек басшылықтың шешім қабылдауы тиіс деді. Иә, шешім бар. Бірақ ондай әрбір депутаттың қолына қару беріп қоятындай жағдай жоқ. Алматыда өте белсенді түрде әртүрлі митингілер, жоспарсыз жиналыстар болып тұратынына қарамастан елде тыныштық. Шүкір. Коменданттық сағат жоқ. Екіншіден, әр азаматқа қолына оқ атылатын қару беріп қою үшін, ол қаруды ұстауға құқы, оны сақтайтын темір сейфі болуы, арнайы тәртібі, ережесі сақталуы міндетті. Қазір депутаттардың жұмыс орнында да, қонақүйде де ондай мүмкіндік жоқ, ең бастысы, әзірге оларды жасаудың қажеттілігі жоқ, — деп өз ұстанымымды айттым. Кейбір депутаттар бұл түсіндіруіммен келісе қоймаса да, уақытша әңгімені тоқтата тұруға келістік. Бір күні Төраға Әбіш Кекілбаевтың тікелей телефоны шыр ете түсті:
Әбекең — табиғатынан молынан жаралған көкірегі кең адам. Жұмыста да жайлы. Сабырдың үлгісі. Оңайлықпен анау-мынауға қозғала қоймайды. Жұмыстың, қызметтің тәртібіне өте мықты. Уақытынан бір минут та кешікпейді.
— Тыңдап тұрмын, — дедім.
Әбекең әдетте сөзін баяу бастайтын. Бұл жолы қатты дауыстап:
— Ты что не выполняешь решение о пистолете?! — деп орысшалады. Кабинетінде біреулер отырғанын бірден біліп:
— Әбеке, Сізге барайын, — деп сабыр сақтадым да, Әбекеңнің кабинетіне келдім.
Барсам, Чернышев деген қостанайлық депутат бастаған 7–8 депутат отыр. Олармен күнде кездесіп, сөйлесіп жүргендер. Әдетте, түске дейін жалпы жиналыс өтеді де, түстен кейін комитет отырыстары, жұмыс топтары өтетін. Кешке қарай депутаттар жеке шаруаларымен Кеңес басшыларына кіреді. Сол — ескі әуен, бірнеше рет айтылып, түсіндірілсе де, қайта айналып соға береді. Айтатындары, Сұлтанов — партократ, игнорирует решение руководства Верховного Совета. Солай болса бола берсін. Бірақ, шын мәнінде, жауапкершілік деген ұғым бар емес пе? Әділіне келсек, қолына пистолет ұстап жүру қазір кімге керек? Қоғам не дейді? Басқа толып жатқан проблемалар бар емес пе? Депутаттардың бәрі бірдей әскери емес. Көпшілігі қару ұстап көрмеген. Әйелдер де көп. Қазақта «баланың ойыны, бақсының жыны» деген де сөз бар. Бүгінгі депутаттар — 1945–50 жылдары екінші дүниежүзілік соғыстан қайтқан офицерлер емеспіз…
…Осылайша, Жоғарғы Кеңестің негізгі жұмысы заң талқылап, қабылдау болса да, көбірек жоқ жерден сөз шығарып, саясиландырып, у-ду болып, бір жылдай жұмыс істедік.
Бір жылдан кейін бұл шақырылымның депутаттары да тарайтын болдық. Сол кезде Конституциялық соттың шешімімен келіспейтінін айтып, елу шақты депутат бір залға жиналып, ереуіл деп жариялап, бір тәуліктен астам наразылық жиналысын өткізіп отырды. Олар сол жиналыстарында биліктің атына неше түрлі сөз айтып, Жоғарғы Кеңесті таратпауды талап етті. Сол жерде реніштерінің қатарында жоғарыда пистолет бергізбей қойғанымызды сынға алыпты. Ал олар сынамасын деп, қолдарына қоқаңдатып, қару ұстатып қойсақ, қандай көрініс болуы мүмкін? Тәуелсіз мемлекетіміздің өсу жолдары, оның мемлекеттік институттарының еліміздің тұрақтылығы, дүниежүзілік қоғамдастықпен үйлесімділігін, бейбіт халықаралық қатынаста, тұрмыста, қауіпсіздік қорғаныстық міндеттерде бәсекелестікке қабілеттілігін қамтамасыз ету арқылы ғана дами алатынымызды ел де түсіне бастады. Құқықтық кеңістік қалыптастыру — кезек күттірмес жұмыстардың бастамасы болса керек. Оларды дер шағында біліктілікпен ұйымдастыра алатын мемлекеттік басқару институттарында жұмыс істей алатын мемлекеттік қызметкерлер жұмылдырылуы қажет. 1994 жылғы Жоғарғы Кеңес те елдегі және халықаралық жағдайдағы сенімінен күдігі көп қиын кезеңде сайланып, жұмыс жасады. Сондай-ақ ол жылдары оппозиция ашық шығып, әртүрлі саяси күштер белең алды. Әсіресе бұрынғы Кеңес Одағында болған республикаларда олардың қатарында бізде де бұрын-соңды болмаған саяси белсенділік өрістеді. Жаңа партиялар, әртүрлі қоғамдық бірлестіктер қаулап өсті.
Сұрағыңызға орай, біз әңгімелеген 90-шы жылдарда тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде өткен оқиғалар, біріншіден, демократия жолының сайрап жатқан сара жол емес, керісінше, бұралаңы көп күрделі асулар, талабы зор екендігін көрсетсе, екінші жағынан, қоғамның қайшылықтарын, мемлекет құрылысының күрделілігін, ізденіс жолдарының, қабылданған шешімдердің жауапкершілігінен де біраз мағлұмат беріп, алдымызға таудай-таудай міндет қойды. Қысқасы, мемлекет институттарын құрып, оларды нәтижелі жұмысқа, ел игілігіне қызмет етуге тұрақтандыру оңай іс еместігіне де көптің көзі жетті. Мемлекет іргетасын қалап, оны өз халқы толық түсініп, жұмыла қолдап, әлем танып, мойындауы, толассыз еңбек, дамылсыз даму арқылы ғана мүмкін болатын, басталуы бар, жетуі ұзақ құбылыс екенін де әр азамат түсінетін болдық. Қалай болғанда да 1994–1995 жылғы Жоғарғы Кеңестің ХІІІ шақырылымы мемлекет құрылысына өз ықпалын тигізе алған үлкен сабақ, тәжірибе болды.
САЯСИ-ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР. ЖАҢА ПАРТИЯЛАР.
Г.Е.: — Жаңа әңгімеңізде басқарушы Ком партияның ресми биліктен кеткенін айттыңыз. Сол жылдарда жаңа партиялар қалай құрылды? Бұрын билеуші бір ғана партия болған қоғамның көппартиялы жүйеге көшуі қалай болды? «Компартия өз жұмысын тоқтатты» дедіңіз. Қазан төңкерісінде Ленин бастаған большевиктер билікке күресіп келмеп пе еді? Олардың күресі кейін азамат соғысына ұласып кетті ғой.
Социализм кезіндегі идеологиялық басым дықтардан, құндылықтардан бас тарту, ажырау қаншалықты қиындықтар туғызды?
Қандай жаңа партиялар өмірге келді? Олар қалай ұйымдастырылып, құрылды?
Қ.С.: — Дұрыс айтасыз, кезінде Компартия көп жылғы күрес жолымен, 1917 жылғы Қазан төңкерісінің нәтижесінде билікке келген. Әрине, 74 жыл тоталитарлық жүйенің сүйеніші де, тіреуіші де болған Компартияның саяси сахнадан кетуі өте үлкен оқиға болды.
1991 жылдың 19–20 тамыз күндері Мәскеу көшелеріне, алаңдарына шыққан қалың жұртшылық Борис Ельциннің шұғыл шешімдерін қолдап кетті де, Фороста (Қырымда) жатқан М. Горбачевтің Кеңес халқына шығуын талап етті. Мұндай талаптарға ешкім, ешқандай топ қарсы шықпады. Мәскеу көшелеріне шыққан танкілер кері қайтарылды. Әскер күштері түгелдей дерлік Ельцинді қолдап, оның бұйрығын орындады. Ельцин танкінің үстіне шығып, конституциялық билікті қалпына келтіру туралы үндеу жариялады. Ол қадамдарды Мәскеу көшелерін толтырған жұртшылық қолдады. Осындай жедел әрі көпшілік көңілінен шығатын шұғыл шешімдер арқасында үлкен қақтығыс болған жоқ. Бірақ сондай қызуқанды қоғам қайшылықтары тұсында азамат соғысы тұтанып кетуі де ғажап емес еді. Горбачевті Форостан Мәскеуге алып келгеннен кейін оның жалынып-жалбарынғанына қарамастан Ельцин телекамералардың алдында халыққа көрсетіп, Компартияның жабылып, таратылуы туралы жарлыққа қол қойды. Сол күні КОКП Орталық Комитетінің бас штабы Мәскеудегі Старая площадь аталатын мекенжайдағы бүкіл Одақ биілігін жүргізіп тұрған ғимаратты күзетке алып, есіктерін жаптырып тастады. Орталық Комитеттің мыңдаған қызметкерлері жабық есіктер алдында тоғытылып, еш шара қолдарынан келмей, тауы шағылды. Тек бірнеше күннен кейін ғана оларға бұрынғы жұмыс орындарына кіріп, құжаттарын, басқа меншік заттарын ғана алып, кабинеттерін босатуларына рұқсат берілді.
Халық Бас хатшыдан сөз күтті. Бірақ одан бұрын Ельцин сөйлеп, бұрынғы Одақтық билік Ресейдің билігіне көшетінін жариялады. Ол күндердің қарама-қайшылықтары мен түсініксіздіктері туралы Нұрсұлтан Назарбаев пен сол жылдары Михаил Горбачевтің жанында лауазымды қызметте жүрген публицист Николай Зенькович өте анық жазған.
Мәскеуден өзімізге келейік. Жоғарыда айтқанымдай, Нұрсұлтан Әбішұлы өте ширақ әрі сауатты қадамдар жасады.
Біріншіден, ГКЧП әрекетін Конституцияға қайшы деп бағалады.
Екіншіден, сондықтан да оның бірде-бір тапсырмасын, нұсқауын орындамайтынымыз жарияланды.
Үшіншіден, қысқа мерзімде республика Компартиясының кезектен тыс съезі шақырылып, онда Компартия таралып, ендігі жерде оның атауы «социалистік» деп өзгертіліп, Ермұхан Ертісбаев, Константин Жигалов, Владимир Антонов басшылары болып жаңа құрамы сайланып, бұл мәселе ешқандай наразылықсыз шешілді. Жаңа партиялар ұйымдасып, құрылуына жол ашылды. Қысқа мерзім тыныштық орнағандай болды. Бірақ тыныштық деген сөз еліміздің ол жылдарына айтылатын ұйғарым емес. Алайда қоғамда тыныштық болмаса, ешқандай тіршілік жасау да мүмкін емес. Сол жылдарда біз қалай да азаматтық қақтығыстарға жол беріп алмасақ екен деп мазасызданатынбыз. Сондай-ақ экономикадағы реформалар да тек қоғамның, елдің тыныштығымен, өзара түсіністігімен тікелей байланысты.
Әуелгі кезде Мәскеудегі оқиғаларды көріп, бізде де кейбір топтар социализм құндылықтарын «қырып, жоюға» ұрандады. Біз бұрынғы Компартияның өзіне дейінгінің бәрін жойып, жоққа шығару саясатын ұстанудан бас тартып, ел ішінде «ақтар», «қызылдар» деп бөлінуінен сақтандырдық. Кезінде большевиктердің «бізге дейінгілердің бәрін, ескі өмірді түбіне дейін жоямыз. Жаңа өмір тұрғызамыз!» деген ұрандарынан сақтанып, науқансыз, бөлінусіз, сабырлы, салиқалы саясат жүргізуге мүдделі екендігімізді түсіндірдік. «Ескерткіштер және портреттермен күресуге шашылмайық, оларды уақыт өзі екшеп, орнына келтіреді, коммунистердің науқаншылдықтарын, «ақ», «қызылға» бөлінушіліктерін, ел ішінен халық жауларын іздеушілік қателіктерін қайталамайық» деген сияқты әңгімелерімізді қоғам түсініп, қолдады. Бұл да халық санасының, сауатының өскендігін көрсетті.
Көп ұзамай жаңа партиялар да өмірге келе бастады.
Г.Е.: — Иә, осыны да таратып айтыңызшы. Сіз өзіңіз де сол жылдары жаңа партиялардың ұйымдасу шараларына қатыстыңыз ғой.
Қ.С.: — Сол жылдардағы «қайнап жатқан» саясат қазанынан шалғай немеесе сыртта қалу мүмкін емес еді. Оның үстіне менің Үкімет құрамындағы ресми қызметім де қоғамдағы сол процестермен тығыз байланысты болды. Көппартиялықты ұстанатын алғашқы заңдық, құқықтық құжаттарымыздың жарыққа шығуымен жарыса, ілесе жаңа партиялар өз жиындарын, съездерін өткізе бастады.
Айналасы бес, он жылдың көлемінде Социалистік партия болған бұрынғы компартиядан бөлініп шыққан Қазақстан Компартиясы оппозициялық партия болып, оның басшылығына Серікболсын Әбділдин сайланды. Олжас Сүлейменов бастап Халық Конгресі партиясы, Ғани Қалиев — «Ауыл», Алтыншаш Жағанова — «Руханият», Сәбетқазы Ақатаев — «Азаттық», Азат Перуашев бастаған (Азамат) «Ақ жол», Владислав Косарев — оппозициялық Коммунистер партиялары тіркелді. Партиялармен қатар қоғамдық қозғалыстар да өмірге келіп жатты. Сол тұста ресми билікке әріптестік мақсатта халық бірлігі қозғалысы ұйымдастырылып, оның жетекшілігіне Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Серік Әбдірахманов бекітілді. Содан бірнеше ай өткенде Сергей Терещенко басқарған үкіметтің бірінші құрамында Премьердің орынбасары лауазымында жүргенімде ойламаған жерден Президент сол қозғалысты қатар алып жүруді маған тапсырды. Онсыз да ұшы-қиыры, бас-аяғы жоқ әлеуметтік саланы қалай сақтап, қалай жандандырамыз деп қапылып жүрген кезіміз — бірақ Президент сенім білдіріп, тапсырған соң, барыңды саласың ғой. Сөздің қысқасы, бір жылдың ішінде жаңағы қоғамдық қозғалысымызды Президент пәрменімен, облыс басшыларының қолдауымен арнайы съезд өткізіп, Халық бірлігі партиясы деп саяси партияға айналдырдық. Оның төрағасына Нұрсұлтан Назарбаев, бірінші орынбасары болып мен сайландым. Филиалдары барлық облыстарда құрылды. Сонымен, ықпалды билік партиясы жұмыс жасады. Бір жылдан кейін Президент мені Қытайға Елші қызметіне жіберді. Ол бөлек әңгіме. Көппартиялық дәуірдің алғашқы жылдары азаматтардың белсенділігі өте жоғары болды. Әуел баста — Компартияның кетуінен кейін көптеген бұрынғы коммунистер «енді ешқандай партияға бармаймын, кірмеймін» дегендеріне қарап, бейжайлық басым бола ма деген болжамымыз қате болып шықты. Барлық партияларға бұрынғы коммунистер көптеп келді. Сондай-ақ көптеген бұрын партияда болмаған азаматтар да партия құруға құштар болды. Бір жылдары 40-тан астам партиялар, жүзге жуық қоғамдық қозғалыстар тіркеліп, белсенділік танытты. Жүздеген қорлар құрылуы қазір де белсенді.
Бүгінгі Мәжілісте көпшілік дауыс алып отырған «Аманат» партиясынан сайланған депутаттар таныса да, танымаса да сол 90-шы жылдардағы «Халық бірлігі» — одан «Отан», — одан «Нұр Отан» партияларының мұрагерлері. Оларды айтып отырғаным — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігімен қатар келген көппартиялық жүйенің қалыптасуы да демократиялық дамуымыздың өсу жолдары. Ол да мемлекет тарихының маңызды беттері.
Алайда партиялардың өздері таңдаған бағдарламалары немесе мақсат-мүдделері әртүрлі болжанған, болжанбаған саяси-қоғамдық жағдайларға байланысты өзгеріске түсіп жатуы да әбден мүмкін. Қазір өте күшті дамыған технология заманы. Өмірге халқымыздың жаңа буыны батыл көтеріліп келеді. Ежелден айтылып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы да, олардың әлемдік қоғамдастықпен қарым-қатынастары да біз күтпеген дәрежеде болуы мүмкін.
ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР
Г.Е.: — Білуімізше, едәуір уақыт Республикада Парламент, депутаттар болмады ғой, ия? Қазақстан халқының Ассамблеясы сол кездерде құрылды ма? Олардың қаншалықты пәрмені бар еді. Ұлтаралық қатынастар қандай еді?
Қ.С.: — Жоғарғы Кеңес тарасымен қысқа мерзімде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның облыстарда, өңірлерде жергілікті бөлімшелері құрылып, әкімшіліктермен қарым-қатынаста болып, елмен тығыз жұмыс жүргізе бастады.
Сіздің жаңағы сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын. Әуел баста олар Қазақстанда тұратын басқа этностар бірігетін қоғамдық ұйымдар сияқты көрініп, көп ұзамай ондай біржақтылықтан тартынып, барлық этностардың Қазақстан тәуелсіз мемлекеттігін қолдайтын халықтық қоғамдық институт екенін көрсетті.
Шын мәнінде, Ассамблея туралы жарлық шығып, алғашқы жиналысы — сессиясы өткеннен кейін қазақ қоғамы тіксініп қалған жағдайы да болды. Оның себептері — ең алдымен бірінші жиналыстың көп бөлігінің орыс тілінде өтуі. Екіншіден, ұлттық теңдік, құқық мәселелері көп айтылғанымен, бізде — Қазақстанда тұратын басқа этностар мәселелері көбірек айтылды. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе оппозициялық басылымдар бірден «бұл ұйым, құрылым қазақтың жоғын жоқтамайды, сондайақ Парламенттің орнына құрылды» деген сыңаржақ пікірлер туғызарлық хабарлар жазды. Міне, осының өзі-ақ ұлтаралық, этносаралық қатынастардың қай-қайсысы да өте сезімтал, нәзік екенін көрсетсе керек.
Сіздің сұрағыңызға орай айтарым — бізде Кеңес Одағы кезінде де ұлтаралық қарым-қатынас өте төзімділік (толеранттық) жағдайында қалыптасқан дәстүр тұрақты болған.
Айта кетер бір жағдай — алып империя Кеңес Одағының күйреуі де оңай болған жоқ. Оның кеңістігінде 1913 жылғы санақ бойынша 180-ге жуық этностар өмір сүрген. Барлық ұлттардың тең құқықтығы басқарушы жалғыз Коммунистік Партияның қолында болғаны туралы әңгімеміздің басында тереңдеместен айттық. Тоқсаныншы жылдарда Одақ өңірлерінде бірталай ұлтаралық қақтығыстар, қантөгіс, тіпті соғыстар да болды. Шығыс Еуропа, бұрынғы Югославияны айтпағанның өзінде, Балтық жағалауы, Кавказ, Әзірбайжан, Армян арасында, Ресейде Шешен, Тәжікстан жерінде қантөгіске ұласқан ұзақ соғыстар болды.
Бізде, Алматыда 1986 жылдың 17 желтоқсанында болған жастардың көтерілісі әуел баста ешқандай да ұлтаралық қатынасқа немесе белгілі бір ұлтқа (орысқа) қарсы емес, КОКП Орталық Комитетінің, тікелей оның Бас хатшысы М. Горбачевтің сыңаржақ ұлт саясатына наразы көтерілісі болып еді. Оны қанды қақтығысқа айналдырған — сол Мәскеу билігінің өзі.
Қазақстан жастарының 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі — үстемдікпен, күшпен тұншықтырылған ұлт рухының бұлқынған көтерілісі. Теңдік сұраған дауысы. Жас ұрпақтың болашақ бостандыққа үміт артқан сенімі.
* * *
… Ресей империясының қазақ жеріне күштеп кіруіне қарамастан біздің халқымыз ежелден орыстарға бейбіт пейіл көрсетіп, олармен өзара түсінісіп өмір сүруді ұстанған. Тату көршілік дәстүрлері де біздің Ұлы даламызда туындап қалыптасты. Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин сияқты даналарымыз да орыстан оқу-білім үйренуді жатсынбаған. Қазан төңкерісінен кейінгі елді езгіден оңалтып, олардың тұрмысын тең құқықтық жағдайға жеткізуде орыс зиялыларымен, қазан төңкерісі көсемдерімен бірлесе жасампаздық іргетасын қаласып, жарқын болашақ үшін аянбай күрескен аталарымыз, аналарымыз, әкелеріміздің бірнеше ұрпақтары, олардың қатарынан шыққан мыңдаған ағартушы қайраткерлеріміз — халқымыздың мақтанышы, тарихы. Толассыз еңбек майданында, екінші дүниежүзілік соғыста ортақ отанымызды бірге қорғастық. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың жерлерді игеріп, оның игілігін, ел әлеуетін жақсартуға жұмсауда, тағы басқа толып жатқан жақсылықтарды өмір салтымызға айналдыруда бірге келеміз. Қазақ пен орыстың тату көршілік, сенімді достық, бірлескен еңбек бағытында ауыз толтырып айтарлық тарихымыз, дәстүріміз орасан мол. Бұл — өркениет жолындағы аса қымбат рухани құндылығымыз. Осыншама бай құндылығымызды «бір құмалақпен» шірітуге машықтанып, іріткі салып жүретіндер — орыстардың ішінен шығатын орыс пен қазақтың шынайы тұрмысын білмейтін арандатқыш саясаткерлер. Олар Қазақстандағы жағдайды біліп жатпастан бізде «орыс тілін ысырып жатыр» деп байбалам салады. Назар аударыңыз, тіпті ол тоқсаныншы жылдарды айтпағанның өзінде, бүгінгі заманда да орта мектептеріміздің елу пайыздан астамы, яғни 8 мың мектептің жартысынан көбі әлі орыс тілінде, жоғары оқу орындарындағы жағдай да осылай. Гуманитарлық салалардан басқа ғылымизерттеу мекемелері, өнеркәсіп, технологиялық ұжымдарда, қаржы, банк жүйесіндегі толассыз ағылып жатқан құжаттар, операциялар, бейресми бұқаралық ақпарат құралдарының басым көпшілігі орыс тілінде жұмыс істейді. Өкінішке қарай, қазақ мектептерінде оқитын жас балалар сабақтан шыға сала, үйіне келгенде ата-аналарымен орысша сөйлесуі де кең тарап кетті. Қай тілде сөйлеймін десе де әркімнің өз құқы ғой. Дегенмен ұлттық ерекшелік пен намыстың құралы ең алдымен тіл ғой. Солтүстік, кейбір Батыс өңірлерде жер, су, елді мекен, ауылдар, қалаларда патша заманында, социализм дәуірінде қойылған атаулар қаймағы бұзылмай тұрғанына ресми билік, жігерсіз басшылар кінәлі. Елмен сөйлесуді, түсіндіруді білмейтін басшылар, әрине, ешнәрсе өзгерте де, бітіре де алмайды. Бүкілхалықтық референдумда қабылдаған Конституциямызда да орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады деп мәртебе бердік. Ал Ресейдің кейбір саясаткерлері осындай шаралар мен бірқалыпты қарым-қатынасты әділімен бағалаудың орнына, Қазақ мемлекетіне шабуылды үдете түсіп, қайшылық пен қақтығыс туғызып, елді дүрліктіреді. Осы әрекеттерімен олар ең алдымен орыс ұлтына зиян келтіреді. Ондайлар неғұрлым көп «сайраған» сайын орыс тіліне құрметпен қарайтын адамдардың кеудесінен итеріп, сондай басқыншылық пиғылдағылардан аулақтай береді, орыстың өз мақалы айтатындай «күштеп сүйікті бола алмайсың» («насильно мил не будешь»).
Сондай-ақ кейбір Ресей саясаткерлері Қазақстанның солтүстік өңірлері туралы күмәнді, еш негізсіз сөз сөйлеп, шоқ тастап, жарасып отырған ел-жұртты шатастырып, қырғи-қабақ қақтығысты мақсат етіп келеді. «Сөйлей берсін, жалған сөз, жабылған жала» деп қоя салуға да болар еді. Қоғам, ел өзгеріп келеді. Әділдік, достық, өзара сыйласымдылықпен өскен ұрпақтың уақыты өтіп, жаңа уақыт, жаңа, жас ұрпақ өсіп, заман өзгеріп келеді. Арандатушылар сол жас ұрпақтың санасына у құйып, ел мен елді, ұлт пен ұлтты жауықтыруға күш салып жатыр. Осыны да білгеніміз дұрыс. Ондай арандатушылар ешкімге де жақсылық ойламайды. Ресейге жер жетпей ме, ел жетпей ме? Қазір болып жатқан бауырлас славяндар соғысынан кім бақытқа кенеліп отыр? Еуропа, Еуроодақ, АҚШ екі жақты мәмілеге келтіріп, соғыс өртін өшіруге жұмыстанудың орнына, барынша ушықтырып, жалынына май құйып, лаулатып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мүлдем шарасыз. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейбіт заман орнап, бүкіл әлем, адамзат соғыс зардаптарын еңсеріп, елдер арасында өзара сыйластық құқықтық қатынастар орнатып, даму жолымен өркениетті көркейтеміз деген талай жиындар мен келіссөздер жайына қалды. Ғасырлар бойы өркендеп, өсіп келе жатқан өркениет процесі тұншығып тұр. Әлемді қымбатшылық жайлап, экономикалық дағдарыстың бұрын-соңды болмаған жаңа дауылы екпіндеп келеді. Адамзаттың азғындау келеңсіздіктеріне көзіміз үйреніп, жан шошырлық оқиғаларға жол берілуде. Ұлттар сыйластығына, бірлігіне зәр заман келе жатқандай.
ҚАРСЫЛЫҚТАР. АРАНДАТУШЫЛЫҚТАР
Г.Е.: — Жаңа, әсіресе кейбір Ресей саясаткерлерінің арандатушылық әрекеттерін орынды айттыңыз. Біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізді мойындап, құрмет көрсеткен ресми билік өкілдері ондай мәлімдемелерге қалай қарайды? Келіссөздер барысында осындай құқық бұзушылыққа баға беріле ме? Және сондай сөздерді жәй азаматтар айтып қана қойса ғой. Мемлекеттік Думаның депутаттары, тағы басқа әртүрлі ақпараттық мүмкіндікте айтып қалуы арнайы тапсырма емес пе?
Қ.С.: — Міндетті түрде баға беріледі. Біздің Сыртқы істер министрлігі тарапынан дипломатиялық жолмен біздің мемлекеттің көзқарасы айтылатыны да хақ. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге тиісетін сөздер айтқан адамдардың пікірі ресми мемлекеттік құзырлы орындардың ұстанымымен мүлде сәйкес келмейтінін бірнеше рет жариялаған. Оларды ешкім де өкілеттемегені айтылған. Біздің сүйенетініміз — Қазақстан — Ресей арасындағы дипломатиялық қатынас туралы келісім. Ол құжаттарда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі, оның территориялық тұтастығына ешкімнің қол сұғуына жол бермеуі, шекарасы толық мойындалған. Сондай-ақ мемлекет басшылары — Президенттер өзара жыл сайын бірнеше кездесулер өткізіп, осы іргелі құжаттың ойдағыдай орындалуы үшін халықаралық саясиэкономикалық жағдайға байланысты жаңа құжаттардың дер кезінде қабылдануына да айрықша маңыз береді. Үкіметаралық қарымқатынастар да осылайша жаңартылып отырады. Одан тыс көрші мемлекеттер болған соң парламентаралық, министрліктер, өңірлер, қалалар, университеттер, әртүрлі партиялар, қоғамдық ұйымдар арасында да көптеген келісімдер, бірлескен тең құқықтық қарым-қатынастың өрістеуіне мүдделі екеніміз де бар. Біздің мақсатымыз — тыныштық пен бейбітшілік ауанында халқымыздың тұрмысын жақсартуға жағдай туғызу.
Сондай-ақ Қазақстан — Ресей арасында азаматтардың барып, келуіне, оқу, еңбек етуіне де мүмкіндік жеткілікті. Сонда да кейбір теріс біткен бұтақтай пенделер тырнақ астынан кір іздеп, жала жауып, шу көтеріп, елдің шырқын бұзуға барын салып жүргені — бүгінгі күннің көрінісі.
Г.Е.: — Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің өткен жылы шыққан «Менің өмірім» атты мемуарлық ең бегінде тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысында өткен бір сепараттық жиналысты есіне алыпты. Ол туралы не айтар едіңіз?
Қ.С.: — Әңгімеміздің басында бұл оқшау оқиға болғанын сөз арасында айта кеткеніміз есіңізде болар. Сірә, толығырақ тоқтағанымыз жөн болар. Өйткені ол оқиға бір сәттік немесе бір күндік емес. Ол — орыс қоғамының, әсіресе көптеген билік өкілдерінің, кейбір зиялы қауым тұлғаларының терең санасында жатқан ой, және бүгін туған ұсыныс-пікір емес, тамыры тереңде жатқан саясат. Ол саясатты естелік арқылы айтсақ та жөн сияқты…
* * *
…1993 жылдың сегізінші қарашасы. Кеше, яғни жетінші қараша күні бұрынғы Кеңес Одағының ең басты мемлекеттік мерекесі — Қазан төңкерісі күні болғанын, соған байланысты Алматыда, кейбір облыс орталықтарындағы алаңдарға бұрынғы КОКП мүшелері бейбіт шерулерге жиналып, митинг өткізгендерін ескеріп, жұмыс кеңсеме әдеттегіден ертерек келгенім сол еді, Президентпен тікелей байланыс телефоны белгі берді. Нұрсұлтан Әбішұлы аман-саулық сұрап алды да өзіне шақырды.
Келген бетте Президент алдында жатқан бір жарым беттік Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің (ҰҚК) хабарламасын «мынаны оқы» деп маған берді. Көз жүгіртіп оқып шықтым. Түйіні: Кеше, яғни кешегі Кеңес Одағының бас мерекесі күні бұрынғы Целиноград — Ақмола, кейінгі, тәуелсіздік заманында бүгінгі Астана аталған қаламызда сол кездегі Тың игерушілер сарайында (Дворец целинников) Қазақстан славяндарының съезі өтіпті. Оған республикамыздың барлық облыстарынан мыңнан астам делегаттар қатысыпты. Съезде делегаттар екі баптан тұратын шешім қабылдаған. Оның біріншісі — Қазақстанда тұратын барлық славяндарды, солтүстік, шығыс, 5–6 облыстардың аттары аталып, Қазақстаннан бөлініп, Ресейге қосылу үшін референдум өткізуге шақырады. Екіншісі — Целиноград қаласын Қазақстан славяндарының астанасы деп жариялайды.
Біраз үнсіздіктен кейін Нұрсұлтан Әбішұлы:
— Ал не айтасың, не істеу керек? — деп маған қарады да, ойымды жинақтағанша: — шұғыл әрі сабырлы әрекет жасау қажет, — деді.
— Мен барайын, — дедім.
— Дұрыс, уақытты созбай, ертеңге қалдырмай бару керек. Негізгі ұйымдастырушылар сол Целиноградта ғой, — деді.
— Сонымен бірге республиканың, әсіресе солтүстік, шығыс облыстарына да еліміздің көрнекті зиялы қауым өкілдері елмен кездесулер өткізіп, тәуелсіз мемлекеттігіміздің тарихы, тағдыры туралы әңгімелескендері де жөн. Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев сияқты танымал тұлғаларды да бұл жұмысқа тарту қажет болар, — деп келістік.
Осыған байланысты қалай, кімдермен сөйлесу керек, сондай-ақ бұл мәселені екі жақтың айтыс, пікірталасына айналдырып жіберуден сақтануымыз да маңызды.
Жедел түрде білікті мамандар мен мемлекеттік қызметкерлерден құралған жұмысшы топтарын ұйымдастырып, оларды қажетті лекциялық материалдармен қамтамасыз етіп, орталық, солтүстік өңірлерге жібердік. Өте сауатты әрі нәтижелі жұмыс жүргіздік. Қоғамдық келісім жолын таптық. Елдегі орыс тілінің жақсы жағдайын, басқарушы аппараттағы, басқа да әлеуметтік мәселелердегі орыстардың орны, еңбегі туралы нақты деректермен, бірлескен еңбек ұжымдары, күнделікті тұрмысымыздағы ортақ игіліктерді бірге игеріп жүргеніміз жан-жақты әңгіме болды.
Нәтижелі жұмысымыздың қорытындысы бойынша славян белсенділерінің қырық бес адамнан тұратын Президиум мүщелерімен кездесуде олар ағаттық жасағанын мойындап, Н. Назарбаевтан кешірім сұрайтындарын жеткізуді өтінді. Бір арандатушылық әрекет осылайша өшіп еді.
Өзінің «Менің өмірім. Бодандықтан — бостандыққа» еңбегінде Нұрсұлтан Әбішұлы ол оқиға туралы былай деп жазыпты:
«Егемендік жолындағы қадамымыздың алғашқы жылдарында неше түрлі оқиғалар орын алды. Бұғанасы қатпаған жас мемлекеттің беріктігін сынап көргісі келгендер алуан-алуан әрекет жасады. Мысалы, 1993 жылдың аяғында Целиноградта славян қоғамдарының бірлескен съезі өтті, онда қаланы Қазақстандағы славяндардың астанасы деп жариялау жөнінде шешім де қабылданып кетті. Рас, бұларының ешқандай заңға маңайламайтын, қисынға сыймайтын шешім екенін жаңағы «бірлескен съезді» ұйымдастырушылардың өздері-ақ тез түсініп, әлгі шешімнің күшін жойған, арандатушы әрекеттері үшін артынша кешірім де сұраған. Әйтсе де сондай қадам жасағанының өзі кім-кімге де секем алдырмай қоймайтын. Мұның бәрі баяғы Хрущевтің Тың өлкесін РСФСР-ға қосу керек дейтін парықсыз ұсынысының жүзеге асуын аңсайтындар әлі күнге бар екенін көрсетіп тұрған еді.» (Н. Назарбаев. Менің өмірім. Бодандықтан — бостандыққа. 395–396-беттер. Фолиант. 2023 жыл).
«Референдум», «қазақ тілі», «Ресейге жақындық» тақырыптары бүгін ғана пайда болған жоқ, соңғы бірнеше жылдар бойына көптеген саясаткерлердің де, саясат маңындағы «білгіштердің» де сүйікті нысаналарына айналып үлгерген болатын.
Тәуелсіздігімізді жариялаған алғашқы айларда-ақ Қазақстанда «орыс мәселесі» көтеріле бастады. Оның идеологы және жаршысы сол кезде Ресей Сыртқы істер министрі болған Андрей Козырев еді. Ол — өмірі Қазақстанды көрмеген, қазақтың кім екенін, қазақ пен орыстың қалай өмір сүріп жатқанынан мүлде хабары жоқ адам. Борис Ельциннің бұрынғы Одақ жиындарында Ресейдің егемендігі мен тәуелсіздігіне қол жеткіземіз деген ұстанымын сырттай қолдағанымен, Коммунистік партияның саяси аренадан кетуіне мүдделі болғанымен, Одақтың күйреуін, әсіресе сол Одақта орыстың басымдығынан айырылуын қаламаған саясаткер Козырев Кеңес Одағы күйреп, тарағаннан кейін көп ұзамай «біз, ресейліктер, басқа республикаларда тұратын орыстардың құқығын қорғаймыз» деген арандатушылық ұранды жалаулатып, тып-тыныш отырған қалың елге іріткі салды.
Г.Е.: — Қуаныш Аға, сіз айтып отырған осын дай оғаш оқиғалар туралы көп адам білмейтін сияқты. Біз де ол кезде жас болдық па, аса мән бере қоймағанымыз да шындық. Сонда олар біз тәуелсіздік жариялағаннан кейін де сондай жұмыс жүргізген екенау. Расында да, қауіпті іріткі екен. Сол кезде әскериленген казактар да белсенді болып кетті емес пе?
Қ.С.: — Дұрыс айтып отырсыз. Міне, республика ішіндегі желіккен қайшылықтар. Өкінішке қарай, ондай әрекеттер бүгін де тыншымай, өрекпіп тұр.
Біз тәуелсіздігімізді жариялаған тұста және осыған орай қабылдаған Конституциялық заңымызда да ешкімнің, ешқандай этностың құқықтарының шектелуіне де жол бермейтіндігімізді айғақтадық.
Республикамызда өмір сүріп жүрген барлық адамдар ұлтына, нәсіліне, діни танымына қарамастан Қазақстанның азаматтары екендігін, мемлекеттік мәртебе берілген қазақ тілімізбен қатар, орыс тілін ресми тіл деп жариялағанымызды айшықтап, жаңа қабылдаған Конституциямызда заңмен бекіттік. Бұрынғы Одаққа кірген он бес республиканың бізден басқа қайсысы осындай демократиялық шешімге барды? Орыс тілі Балтық жағалауы, Кавказ, тағы басқа елдерден мүлдем ысырылып, қолданыстан шығарылып жатқанда Қазақ елінің кеңістігінде емін-еркін «ойнақтап», меншігі мен билігінің басында жүрген орыстарды қорғау керек пе, жоқ, табалдырықтан аттаса да «төрге» жете алмай жүрген қазақ тілін қорғау, қолдау керек пе? Бұл мәселе, өкінішке қарай, отыз жыл бойына, отыз жыл болғанда да әлі толық қолданысқа, кемеліне келе қойған жоқ. Ал қазіргі осындай еркіндік заманда қазақ тілінде сөйлей алмай жүрген — өзіміз. Қазақтар өзара, бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеуге үйрене алмай жүр. Тіпті қазақ тілінде оқитын балалар үйіне келіп, ана тілін білмейтін ата-анасымен орысша сөйлеседі. Бұған кімді кінәлаймыз? Ұлттық сана оянбай жатыр. Әр қазақ өз ұлтын, өз тілін өз бойында сақтап өсу — жаратылыстан. Ата-ананың жауапкершілігі қайда?
Біз бұл жерде біздің тіліміздің өріс ала алмай жүргеніне әлдекімдерді кінәлайық деуден аулақ, сол жылдардағы саяси-қоғамдық ахуалға назар аударып отырмыз.
Басты мәселенің бірі — демографиялық ахуал. Кеңес Одағының басшылығына Сталиннен кейінгі бірнеше жылдар саяси талас-тартыстың нәтижесінде келген Н. Хрущев Қазақстанда тың жерлерді игеру ұранын қолға алды. Әрине, өте маңызды мақсат, міндет — халықты азықпен қамтамасыз ету. Ел жадында ашаршылық табы, екінші дүниежүзілік соғыстың жарасы мен ойрандары, толып жатқан зардаптары толық жазыла қоймаған кез. Сондықтан Одақ көлемінде тағы басқа игерілмеген тың жерлерді азық-түлік бағдарламасына қосу дұрыс әрі заңды болған болар, және оны халық та қолдады. Алайда негізгі күш Қазақ жеріне бағытталды. КОКП-ның Қазақстанда тың жерлерді игеру туралы арнайы қаулысы 1954 жылдың басында қабылданып, ерте көктемде солтүстік облыстарымызға негізінен жастар келе бастады. Тың игеруді жалаулатып, біздің Солтүстік облыстарымызға Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Балтық жағалауы, Қап тауы республикаларынан бірнеше жылда миллионға жуық адам келді. Олардың арасында кәсіби механизаторлармен, нағыз патриоттармен қатар түрмелерде әртүрлі қылмыстары үшін жазаларын өтеп жүрген адамдар да, жұмыссыз жүргендер де жеткілікті болды. Келгендердің бәрі бірдей коммунистік партия, комсомол шақыруына үн қосқан патриоттар емес, күштеп, әртүрлі қылмыстары, заңбұзушылықтары үшін жер аударылғандар да молынан болды. Сондай-ақ Балтық жағалауы, Кавказ төңірегі республикаларынан да жүздеген, мыңдаған адамдар келіп, айналасы бір бесжылдықтың көлемінде қазақтар өз елінде отырып, азшылыққа ұшырады. Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында қазақтардың саны күрт төмендеп, жиырма, отыз пайыздан аспай қалды. Осы бір жағдайдың өзінен-ақ біздің ұлттық құндылықтарымыздың ахуалын байқауға болады.
Тәуелсіз мемлекет болғанымыздың арқасында бізде бүгін «білгіштер» де, «күштілер» де, сынаушылар да баршылық. Бүгін бәрі батыр.
Солар сонау кеңестік социалистік биліктің 50-ші, 60-шы жылдарына «барып», «көріп», бүгінгі сөздерін айтып көрсе ғой…
Ол кездегілер бүгін сөйлеп жүргендердің әкелері, аталары — ұрпағынан күшті, мықты болмаса, нашар да, әлжуаз да емес еді. Ол заманда да тіл, ұлт мәселесі айтылмады емес, айтылды. Бірақ қоғам да, заман да, билік саясаты да мүлде басқа жағдайда болатын. Ең бастысы, тәуелсіздік қазақтан алыста тұрған.
Сол кезеңдердегі басқарушы коммунистік партия мүшелігіне өтіп, қоғам белсендісі болған, қоғамның лауазымды басқару жүйесінде қызмет істеген жүздеген, мыңдаған, миллиондаған адамдарды да коммунист болғаны үшін, немесе билік қызметтерін атқару арқылы елге, елдің тұрмысына, оқуына, біліміне, өсуіне, өркендеуіне адал қызмет еткені үшін бүкіл жүйені жалпылама сынға алғанымызбен, миллиондаған аталарымыздың, әкелеріміздің еңбегін, күресін жоққа шығара алмаймыз. Аталарымыз, аналарымыз, әкелеріміз өз Отанына адал болды. Ұрпағын да соған тәрбиеледі. Еңбекке, отансүйгіштікке тәрбиеледі. Ол енді біздің тарихымыз. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді ресми заң жүзінде жариялап, дүниежүзілік қоғамдастыққа толық құқықты мүше болып, алыс-жақын елдермен тереземіз тең дипломатиялық қарым-қатынас жалғастырып жатқан тоқсаныншы жылдардың басына қайта оралайық.
…Өткен ғасырдың 80–90-шы жылдарының тоғысындағы жылдар — бір дәуір, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде беделді болып тұрған Кеңес Одағы Коммунистік партиясы мен Одақтық шарттың іргесі шайқалып, елде экономикалық дағдарыс жайылып, Мәскеуден басқарылатын Орталық билік бұрынғы қауқарынан айырыла бастады. Жан-жақты әрі тереңдеп бара жатқан дағдарысты көріп, біле отырып, оның алдында өзінің шарасыздығын көрсетті. Тиімді, нәтижелі реформалар қажеттігі туралы сөз көп, бірақ нақты істің көкжиегі де көрінбеді. Реформалардың ауадай қажеттігі айтылып, бірақ жолын, кілтін таба алмай, тек жалаң идея, сөз тасқынына көміліп жатқаны экономикалық дағдарысты тереңдетіп, меңдете берді. Дағдарыстың басты себебі — бүкіл экономикалық, өндірістік жүйенің ұзақ жылдардан бері шамадан тыс орталықтандырылуы болды. Мүмкін, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы бесжылдықтарда солай ету дұрыс та болған болар. Алайда бейбіт өмірдің тіршілігінде қол жеткен табыстарға тоқмейілсіп, оның даму, өркендеу талаптарына ілесіп, заманның жаңа, күтілмеген үрдістерін сезіне алмаушылық кеңінен тарады. Көп салалы күнделікті экономикалық, техникалық жетістіктері көбіне әскери өнеркәсіптік кешендерге шоғырланып, халық шаруашылығының жағдайы АҚШ, Еуропа елдерінен көп артта қалды. Осылайша, КОКП мен тек Мәскеуге бағынышты болған Одақ әскери-өндірістік кешенді күшейте отырып, басқа толып жатқан бағыттар мен салаларды дағдарысқа ұшыраудан құтқаруға шарасыз екенін көрсетті.
Одақтас республикалардың одақтық экономикаға қосқан үлестерінің жиырмасыншы жылдарға қарағанда әлдеқайда өсіп, мүлдем жаңа деңгейге көтерілгені ескерілмеді. Басқару жүйесі де біржақты, тек жоғары органдардың республикаларға үстемдігін күшейту тұрғысынан жалғасты.
Әсіресе ұлттар, ұлттық мүдде мәселелері Одақтық Орталық билік мүддесімен үйлесе алмай, қайшылықтар көбейе берді. Одақтық шартқа кірген әйгілі он бес республикалар әуел баста келісілген тең құқықтық ережелер жылдар өте ұмытылып, Орталық биліктің біржақты үстемдігі қалыптасты. Одаққа мүше болған республикалар Одақ құрылған 1922 жылмен салыстырғанда түбегейлі өзгерістерді басынан өткізіп, білім, ғылым, мәдениет, экономика, тұрмыс, жаңа өндіріс, техника, технология жағынан болжанбаған жетістіктерге көтерілгені, ұлттық мамандардың бірнеше ұрпағы өскені ескерілмеді. Әрине, мұндай жағдай ел арасында наразылық туғызды. Барлық республикаларда ұлттық сана еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылды. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы уағдаластықтар жаңа заманның шақыруларына ілесе де, үйлесе де алмайтыны елге, қоғамға көрініп тұрды.
КОКП Орталық Комитеті бұрынғысынша барлық ұлттық мәселелерді мүлдем ескірген әміршілік, бұйрық жолымен өз бақылауында ұстап, сонау 1917 жылғы Қазан төңкерісінің «бізбен қосылғандармен біргеміз, қарсы келгендерді бағындырамыз» деген жалған сенімдерінен бас тарта алмай, Одақ кеңістігінде өздерінің ескі тәсілдеріне наразылық ауанын көбейте берді. Күш пен үстемдікке әбден сеніп кеткен Одақтық Орталық билік ұлттық республикалардағы қалың елдің шынайы көңіл күйін білмеді, көп жағдайда білгісі де келмеді, білгендері ескермеді. КОКП-ның идеологтары ұлттық, ұлтаралық қатынастардан әр жерде шығып жатқан ой, пікір, әңгіме, талаптарға «бой үйренген белгілі әңгіме» деп атүсті қарауынан өзгермеді. Олармен санасуды маңызды деп ойламады.
1991 жылы КОКП мен Кеңес Одағы күйреп, жұмыстарын ресми тоқтатқаннан соң да бастапқы бірнеше жылдар солай болғанына көздері жетіп, сене алмай, «бәрі қайта өз орнына келеді» деумен болғанын да көзіміз көріп, құлағымыз естіді.
Ұлттық құқық, ұлттар теңдігі, ұлттардың тәуелсіздігі деген құндылықтар бүкіл өркениеттің, адамзат қоғамының арманы — демократияның басты мақсаты екендігімен де санасқысы келмеді. Әрине, мұндай «тәртіп» қоғамның, әсіресе жастардың наразылық рухын да туғызары хақ. Әрбір республикаларда, әр жерде әлсін-әлсін наразылық шерулері де бой көрсетіп жүретін. Ақыры сондай наразылық көтерілістің ең ірісі 1986 жылдың 17 желтоқсанында Алматыда болды. Республика басшылығына Қазақстанда өмірі болмаған, қазақ ұлтын білмейтін, қазақты танымайтын басқа ұлт өкілінің келуін біздің қоғам қабылдай алмады. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының шешімі қоғам, әсіресе қазақ жастарының қарсылығына ұшырады. Сол күні Алматыдағы Орталық алаңға он мыңнан астам қазақ жастары наразылық шеруіне шықты. Олар әуел баста ешқандай айқай-шусыз бейбіт талаптарын қағазға жазып, тәртіп аясында тұрды. Талабы — «қазақты қазақ басқарсын. Тіпті басқа ұлт өкілі болса да, Қазақстанның азаматы болсын». Бірақ оларды қоршаған күштік құрылымдардың қысымымен алаңда тұрған жастар қақтығыс қарбаласына араласып кетті. Кісі өлімі болып, көптеген адамдар жарақат алды. Сол күні, келесі күндерде (ол кезде бүгінгідей қолма-қол интернет жоқ болса да) жастар арасы өзара жедел хабарласып, мыңдаған адамдар бейбіт шерулерге шықты.
Тіпті 17 желтоқсандағы Алматы жастарының наразылық шеруі күшпен таратылғаннан кейінгі күндерде басқа облыс орталықтарында жастар топтары жиналып, оларға облыс басшылықтары шығып, жағдайды түсіндіріп, тарасқан фактілер де тіркелді. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.
Ал КОКП басшылығы бұл жағдайды сараптап, оның себептері мен салдарларын, партия саясатын терең зерттеп, зерделеудің орнына, сол баяғыша «Қазақстанда саяси интернацоналдық тәрбие нашар, бәрі ұлтшыл болып кеткен, Қонаевтың кемшілігі» деген сарында «жоғарыдан төмен» төпелей берді. Ақыры ұзақ жылдар қордаланып, тобарсыған «бітеу жара» жарылып тынды.
Ол «бітеу жара» — үстемдік пен біржақты жүргізілген Мәскеудегі Орталық биліктің ұлт саясаты еді. 1987 жылдың басында КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросы өз жұмысының күн тәртібіне Қазақстандағы интернационалдық тәрбие туралы арнайы мәселе жоспарлап, ресми қаулысына «казахский национализм» деген термин кіргізді. Бұл жолы қабылданған құжат республика партия ұйымының жұмысына «жаман», «қанағаттанғысыз» деген бағаны бағыныштылықпен қабылдағанымен, іштей наразылық жылдан-жылға өрши берді.
1990 жылы Н. Назарбаев бірінші хатшы, КОКП Саяси Бюро мүшесі болып сайланғаннан кейін өз беделін пайдаланып, Горбачевке де дәлелдеп, сол қаулыдағы «казахский национализм» деген сөз тіркесін алдырып тастады. Мұндай өзі қабылдаған қаулысын түзету бұрын-соңды партия тарихында болған емес. Осындай жағдайлар Компартияның бұрынғы әдіс-тәсілдерінің болашаққа жарамсыздығын да мейлінше көрсетті.
* * *
Тәуелсіздігімізді жариялап, мемлекет құрылысын қамдаған алғашқы қарбалас жылдары ел ішінде екіұдай көңіл күй болды. Біріншісі — ұлттық тәуелсіздікті сезініп, рухани еркіндікті ұрандатқан қазақтар. Екіншісі — бұрынғы Одақтың құлап, келмеске кеткенін түсіне, енді бұрынғыдай болмайтынына келісе алмаған басқа ұлт өкілдері. Олардың көпшілігі «енді не болар екен» деп аңысын аңдып, аңтарылып, кейбіреулері «Қазақстаннан кету керек шығар» деген шешімге келіп, ішін тартып, ойын сергітіп, ширақ қимылға көшуге бейімделе бастады. Қазақтар шашылып, төгіліп, той-думан құшағынан шыға алмай жүрсе де, тіршілік қамын түсінуге бет бұрды. Басқа ұлт өкілдері күн сайын елеңдеп, жан-жақта болып жатқан әртүрлі тосын шешім жаңалықтарға құлақ түріп, төңірегін түгендеп, етек-жеңін жинақтап, жекешелендіруден құр қалмасын да ойлап, жанталасты. Одақ күйреп, оның жүйесі жұмыс қабілетін доғарып, бүкіл тіршілікте, әсіресе экономиканың барлық саласында алапат күйзеліс жайылып, меңдеген жағдайда қиқулап, жұрттың санасын аулаған саяси топтар мен саясаткерлер сахнаға шықты. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланғанымен, әлі толыққанды мемлекеттік келбетке жете алмай, аласапыран ізденіс пен шұғыл шешімдер қабылданып жатқан кез. Бұрынғы орталық — Мәскеу ақпараттық басымдығын сақтап, оңды-солды, қарама-қайшылыққа толы хабарлар мен жұртты сендіріп айтылатын саяси болжамдар да өлшеусіз төгіліп-ақ тұрған.
Соның бірі — А. Солженицынның «Ресейді қалай орналастырамыз?» деген орыстың барлық басқа ұлттан артықшылығы мен Ресейдің басымдығын уағыздайтын мақаласы жарияланып, сол мақаласында Қазақстанды «…Ресейдің құрамындағы Оңтүстік Сібір, Оңтүстік Орал жерлеріне орналасқан далиған жерлерде қазақтардың саны жартыдан төмен», — деп қазақты көпе-көрінеу кемсітіп отыр. Ол мақаланы орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарының бірбірінен көшіріп жарияламағаны жоқ. Олар бұрынғы Одақ кеңістігінде телегей-теңіз болып тараған, өрекпіген дауыл толқынындай тасқындап жатты. «Адам құқығын қорғаушы, ұлы гуманист» деп Нобель сыйлығымен марапатталған Солженицынның шынайы келбеті де, әрекеті де осылай еді. Сол сияқты Кеңес Одағының Президенті ретінде орталық теледидардан сөйлеген соңғы сөзінде М. Горбачев:
«Қазақстанның солтүстік бес облысы Ресейге тән…» — деген қитұрқы ой айтып, өзінің империялық шовинистік примитивизмдік өресін көрсетумен бірге, бүкіл қазақтың намысына тиіп, жұртты дүрліктіріп кеткені тағы бар. Мұндай агрессиялық сөз қазақтың мекені, жері туралы кереғар пікірталасты лаулатып, қоғамдық сананы шатастыруға арналғаны бесенеден белгілі. Және мұндай сөзді жай бір кезекті саясаткер шатасып айтып отырған жоқ, әлемнің жартысына қанатын жайып жатқан аса үлкен әрі қуатты болған мемлекеттің басшысы айтып тұр ғой. Енді екі ел өзара қырқысып, арпалыса берсін деген нағыз арандатқыш тілеу, ниет осы емес пе? Шын мәнінде, Горбачевтің сол сөзі арандатқыштарға кәдімгідей «азық», «мұра» болып қалды. Сол тұста «отқа май құю» жағынан Ресейдің бірқатар саясаткерлері де қарап қалған жоқ. Міне, империя идеясының шабуылы деген осы. Және бұл идея ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үздіксіз жүргізіліп келе жатқанын да қазақ түсінуі тиіс. Оған қоса Ресейдің «жаңа» саясаткерлері бұрынғы Одақ кеңістігіндегі «орыстарды қорғау» бағдарламаларын жариялап, жанашыр болғансып жатты.
Әділін айту керек, ресми Ресей, оның Президенті Б. Ельциннің Қазақстанға, Президент Н. Назарбаевқа ықыласы оң болды. Екеуінің жақсы қарым-қатынасы арқасында көп мәселе Қазақстанның пайдасына шешілді де. Алайда мейлінше еркіндікті пайдаланған әртүрлі саяси ұйымдар жоғарыдағыдай әрекеттерді қоғамдық топтардың бастамашылдығымен, үкіметтік емес ұйымдар арқылы дамыл-дамыл жүргізіп отырудан тартынбады. Қазір де тартынып тұрған жоқ, қайта өршеленіп келеді. 90-шы жылдардың ортасында Кавказ төңірегі қауіпті белдеуге айналды. Ел қозғалып, қайшыласқан көшу-қону процесі басталып кетті. Жан-жақтан «жанашыр» миссионер «қорғаушылар» келіп, орыстар көп орналасқан өңірлер тұрғындарын Қазақстаннан тәуелсіз федералдық аймақтарға бөліну идеясын уағыздап, жергілікті жерлерде казактар отрядтарын құрып, шекелеріне картуз киіп, белдеріне қылыш асынып, елірді. Олардың мұндай желіккенінен қауіптенген қазағы аз елді мекендерден, әсіресе Солтүстік өңірден қазақтар көшіп, Алматыны, қазағы көптеу аудан, облыстарды жағалай бастады.
КОКП тарағаннан кейін 1991 жылдың 31 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі құрылып, мен соның тұңғыш Министрі болып бекітілдім. Елдегі бүкіл саяси-қоғамдық процестердің бағамын бақылап, сараптау, идеологиялық мәселелерді жүргізу — біздің министрлікке тапсырылды. Одақ құлағаннан кейінгі барлық құбылыстарды сараптап, әртүрлі жағдайларға байланысты қорытынды, ұсыныстар жобасын әзірлеп, жүйелі түрде үздіксіз Президентке мәлімдеп отырдық. Біздің жұмысымыздың ауқымы мен министрлік құзыры әуелгі жылдары шексіз болды десем, артық айтқандық емес. Мемлекеттік тіл, тілдер мәселесі, ұлтаралық қатынас, бұқаралық ақпарат құралдары, баспалар жұмысы, дін, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, әртүрлі әлеуметтік топтар, қоғамдық пікір, ел-жұрттың әлеуметтік тұрмысы, көңіл күйі, мемлекеттік саясатқа, жүргізілмек реформаларға көзқарасы, қысқасы, тікелей экономиканы ұйымдастырудан басқа күллі тіршілікке араласуға тура келді. Бұрынғы саяси жүйе, мемлекет тарапынан басқарушылықтан қоғам да, билік те ресми түрде бас тартқанымен, оның орнына бірден келе қойған ешқандай толтырым болмады. Ұзақ жылғы тоталитарлық басқарудан құтылған халықтың көпшілігі әуелгі кезеңде қандай да мемлекеттілік құрылымды мойындағанымен, ешқандай саяси жүйенің қоғамға басшылығын қабылдамады. Коммунистік партияның идеологиялық үстемдігінен кейін ешқандай да партияның билікке араласуын қолдамады. Сөйте тұра қоғам, көпшілік бәрібір өз сұрақтарын билікке бағыттап, биліктен, мемлекеттен жауап күтті. Сол тұста ел-жұрттың жиналған жерінде біздің министрлік өкілдері жұртпен ашық әңгімеге барып, ел мен билік, үкімет арасындағы дәнекер, көпір міндетін де атқарды. Жыл басында бүкіл өндіріс тауарларының бағасы еркіндікке жіберілді. Ең алдымен, электр қуатының бағасы күрт көтеріліп, халықтың коммуналдық тұрмыс қажеттерінің төлемдері қымбаттап кетті. Нан, басқа да тамақ өнімдерінің бағасы да еркіндікке жіберіліп, «рынокқа» көшу басталды. Мұндай көрініс өндіріс тоқтап, кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық жайлап, ақша құнсызданып, әрі жұрт жалақы, зейнетақысын мерзімінде ала алмай жатқан жағдайда болғанын ескерсеңіз, халықтың көңіл күйі, хал-ахуалы қандай дәрежеде екенін көз алдыңызға елестету онша қиынға соқпас. Жаппай жекешелендіру басталды. Бұл шараны елдің, қоғамның түсінуі өте қиынға соқты. Жекешелендіруді жүргізу тәртібі, ережелері жайлы сол кездегі парламент — Жоғарғы Кеңесте де, Үкіметте де бірауыздылық бола қоймады. Қайшылық та, келіспеушілік те көп болды. Пікірталас, дау-дамай толастамады. Жаңа заманға, еркін экономикаға керекті заңдар жасақталып, қабылданып үлгермей жатқандықтан, бұрынғы «тәртіп» бейберекет таратылғандықтан, яғни «өліара», көп нәрсе белгісіз болғандықтан, қолында билігі бар адамдардың көпшілігі халықтың қамын ойлаудан гөрі өз жеке басының пайдасын көбірек күйттеп, қолы жеткен жерді қармап қалуға тырысып жатты. Оларға қоса туған-туыстары, құда-жекжаттарының да арандары ашылып, дүниеге қолы жеткендердің қомағайлығы дендеді. Адамдардың мінез-құлқы өзгерді. Тәлім-тәртібі, іс-әрекеттері өзгерді. Дүниеге талас басталды. Мүлік пен меншікке ие болу жолында адамдар арасындағы қатынас бұзылды. Ескі достар, жақын туыстар, бұрынғы сыйластар ақша үшін арпалысып, бір-бірімен «бет жыртысып», бірін бірі алдап, «лақтырып», жолға тастап кету жағдайлары жиіледі. Тіпті сол үшін атыс-шабыс, ұрлық әрекеттері де өршіді. Мейлінше еркіндікпен қатар ел ішінде дағдарыс, үрей де үдеп тұрды. Әрине, қоғамдағы мұндай көріністер ел-жұрттың көңіл күйін күпті етері де хақ.
Бұрын социализм кезінде әртүрлі әлеуметтік топтардың, әйтеуір, күнкөріс жағдайы бар болушы еді. Мұндай әлеуметтік жағдай күрт өзгеріске ұшырады. Әлі жеке кәсіпкерлік қалыптасып үлгермеген кез. Қымбатшылық қысымы керней берді. Тауар өнімі тапшы. Жұмыссыздар қатары көбейді. Ауылдардан жұмыс іздеген адамдар қалаларға ағылды. Орнықты ұзақ жылғы қоныстарын тастап, көп ел Алматының төңірегіне шоғырлана бастады. Экологиялық апат аймақтары — Арал, Семей өңірлерінен, қазақтар аз қоныстанған солтүстік өңірлерден қазақтар көшіп, Алматыны жағалады. Әсіресе қазақ жұртының Алматыға бет алуы — оның астана болуына байланысты болды. Сеңдей соғылысқан жұрттың әртүрлі қақтығыс-соқтығысқа ойланбай қойып кетуіне мұндайда шек қойылуы қиын.
Міне, осындай сүреңсіз әлеуметтік көрініс тұсында елдің бірлігін, әртүрлі ұлттардың келісімін, бір-біріне деген төзімділігін, қоғамның үйлесімділігін сақтау, қамтамасыз ету — мемлекет құрудың айрықша мақсаты болды.
Г.Е.: — Елдің ішкі, сыртқы жағдайы да төтенше дерлік, өте қиын болған екенау. Сіз жоғарыда империялық саясаттың идеясы туралы нақты дерек келтіріп айттыңыз. Осы идея Ресейде қалай сақталған? Қалай ойлайсыз, осы отыз төрт жыл тәуелсіздігімізде және Ресеймен әріптестік қатынаста олардың ұлттық идеясы өзгерді ме? Бүгінгі ұрпақ қалай ойлайды?
Қ.С.: — Мен бұл идеяның бүгін ғана пайда болмағанын айтып жүрмін. Олай айтуыма негіз жеткілікті. Оның тарихы тереңде. Қазіргі кейбір саясаткерлер оны жаңғыртып, «жан бітіргісі» келеді. Әрине өзгерістер аз емес. Біз ондай ескі көзқарасқа тек өзіміздің дамуымыз арқылы тойтарыс береміз. Біз қалайда жаңа заманның жаңа талаптары биігіне көтерілу жолында жеңіске жете аламыз.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ. ЖАҢА АСТАНА.
Г.Е.: — Аға, Астана туралы әңгімеге көшсек. Астананы әсем Алматыдан ызғарлы, желі өктем Арқаға көшірудің қандай қажеттігі болды? Шешім қабылданған тұс қандай еді? Әсіресе тұрмыс, экономика жағдайы сын көтермейтін кез емес пе еді?
Қ.С.: — Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру, тұрақтандыру, басқа мемлекеттермен оның терезесін тең ету, өңірге, континентке, әлемге мойындату — сол алғашқы кезеңде де, бүгінгі мемлекеттік буынымыз қата бастаған шағымызда да, болашақ даму жылдарымызда да ешқашан маңызын жоймайтын ұлттық идеология, айрықша міндет екені жалпы «Елім, Жерім, Ұлтым, Отаным» деген әрбір саналы қазақ азаматының есінен шықпаса керек.
Сондай төрт-бес адам отырған ресми емес пікір алмасулардың бірінде күтпеген жерден Нұрсұлтан Әбішұлы: «Астананы Алматыдан Ақмолаға көшірсек қалай болар еді?» деп қалды. Бірден ешқайсымыз да жұлынып, жұлқынып жауап бере қоймадық. Шынында, әртүрлі болжамдар, сараптаулар жасап жүргенімізбен, дәл мұндай нақты сұраққа ешқайсымыз да дайын емес едік. Жауабымыз «ойлану керек», «зерттеу керектен» әрі бармады. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ойын жалғастырып, бірнеше дәйектемелерін ортаға салды. Алматының құрылысы, тұрғындары бұрынғы жоспарланғаннан екі есеге артық өскендігіне, экологиясына, жол торабы Қазақстанның бір бұрышында екендігіне, болашақта бәрібір бұл мәселелер стратегиялық дамуда алға шығатындығына тоқталды. Орталық Қазақстандағы өнеркәсіп кешені, өндіргіш күштері, оның болашағы туралы әдеттегідей нақты дәлелдер келтірілді. Демографиялық хал-ахуалға, техника, өнеркәсіп, ауыр индустрия салаларында қазақ жастарының үлесі мүлде төмен екендігіне тоқталып, осы мәселені Теміртауда, Қарағандыда әртүрлі қызметтерде жүргенде де көтергенін айтты. Әңгіме соңында сол кезде мемлекеттік кеңесші қызметінде жүрген Әбіш Кекілбаев пен Премьердің орынбасары — маған, екеумізге «жайлап», қоғамдық пікірдің «тамырын басып» көріп, ұсыныс әзірлеуге тапсырма берді. «Егер ондай шешімге бара қалсақ, қай жылы көшкен дұрыс, соны да ойланыңдар», — деді.
Жаңа, көптеген түйдектелген проблемалар түйінін шешетін Астана жобасының басталғанын түсіндік.
Әбекең екеуміз жұртты дүрліктірмей, біраз адамдармен пікірлестік. Көкірегімізде көп сұрақ туындап тұрса да, астананы көшіру бағдарламасын қолдауға ықыласты болдық. Дүниежүзінде дәл осы тұста бір ғана мысал бар еді. Екі Германия біріккен соң астанасын Боннан 10 жыл көлемінде Берлинге қайта көшіру шешімі қабылданған. Әрине, ол кезде де, тіпті қазір де Германия мен Қазақстанның мүмкіндігін, экономикалық күш-қуатын салыстыру мүмкін емес еді. Оның үстіне бізде, Қазақстанда, экономика мейлінше құлдырап тұрған жылдар еді. Соларды негізге ала отырып, астананы көшіруді 2001 жылы бастап, оны он жылға жоспарлау қажет деген ұсынысымызды бердік. Ондай тапсырманы Нұрекең басқа да лауазымды адамдарға беріпті. Президент біздің пікірімізге өзінің ешқандай көзқарасын білдірмеді. Ақыры, 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы Кеңес астананы көшіру туралы заң қабылдады. Одан кейінгі Астанаға байланысты барлық болжамдар мен Президенттің тұғырлы шешімдері екі түрлі нәтиже көрсетіп жатты. Ешқандай болжамдар болашақ астананың даму қарқынын жақындатып айта алмады. Тек Президенттің қайратты шешімі нақты әрекетке ұласып, өміршеңдікке ұмтылды. Жаңа астанаға қатысты қандай да шешімдерді Президент ұзын сонар шексіз талқыға салмай, көбіне өз жауапкершілігіне алып жүрді.
Мемлекет те тірі организм іспеттес. Мемлекет тіршілігінде тыным, дамыл, тоқтау жоқ. Оған күнде «қорек» қажет. Мемлекеттің тыныс, тірлігі үшін барлық салаларды үйлестіріп, төмендегідей классикалық үлгідегі үш ірі міндетті бөліп айтсақ, олар халықтың тұрмыс-тіршілігінің сапасын, көңіл-күйін бағамдайтын мемлекеттің ішкі саясаты, дүниежүзілік қоғамдастықпен қарымқатынасын, халықаралық беделін қалыптастыратын мемлекеттің сыртқы саясаты және осы бағыттарда жүргізілетін әрекеттердің нәтижесінде қалыптасатын мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қатысты болар еді.
Жаңа Астана жобасы — мемлекеттілігіміздің, мемлекеттік идеяның құрамды бөлігі ғана болып қалған жоқ. Мемлекеттік, ұлттық идеяның өзегі болды. Президент — Астана идеясын мемлекеттің тұғырына айналдырды. Астана өркендеуі мен мемлекет нығаюы бірін-бірі толықтырып, идея, ой, әрекет, шешім, даму жолымен алға жылжу — ел бірлігін қамтамасыз етудің ұтқыр ұстыны болды. Елдің ішіндегі жағдаймен қатар, Президенттің Астана жобасы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықта Қазақстанның лайықты орнын белгілейтін сыртқы саясат шаралары белсенді түрде жүргізілуіне кеңістік берді. Әлемнің ең дамыған елдерімен жіті қарым-қатынас қалыптастыруға, көршілес, іргелес елдермен татулық жағдайында, елдің аралас-құраласына мейлінше ашық, еркіндік жағдай туғызылуына пәрмен берілді.
«Астана» жобасы осы стратегиялық дамудың бел омыртқасы болды. Ол туралы еліне өзінің «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы» атты еңбектерінде егжей-тегжейлі айтып та берді. Міне, сол қазақстандық жолдың ең үлкен даңғылы — ұлтаралық келісім, түсіністік, бірлік құндылықтарының сақталып, елдің дамуына оң ықпалын қалыптастыру еді. Осы маңызды салаға үздіксіз назар аударылып, оны мемлекеттік, ұлттық идеология дәрежесіне көтере алғанының нәтижесінде біздің еліміз үшін ең қымбат құндылық — ұлтаралық татулық орнықты, ел бірлікті болды. Азаматтық қақтығыс Қазақстанда болған жоқ, алдағы уақытта да болдырмауға негіз жеткілікті. Мұндай жетістік ұлтаралық қатынастың қазақстандық үлгісін тұрақтандырды.
* * *
Астананы Алматыдан Арқаға көшірудің де бірнеше жобасы болғаны белгілі. Ұйымдастыру-шылық шаралардың ең үлкен бөлігі Үкіметке тиесілі. Президент шешімімен көш бастау құрметі де, міндеті де ауыл шаруашылығы министрі Серік Ахымбеков пен Көлік және коммуникация министрі Юрий Лавриненкоға тапсырылып, олар министрлік аппарат қызметкерлерін 1996 жылдың желтоқсанында Ақмолаға (Астанаға) орналастырып, жұмыстарын бастап кетті.
* * *
…Ешкім күтпеген, экономикалық дағдарыстың тереңдеп, қыс қаһарына мініп, 37–40 градус аяз сақылдап тұрған 1997 жылдың желтоқсанында Арқаға ұлы көш қонып, шаңырақ көтерді. Сол ұлы көш Ұлттың өмірін өзгертті, ұжданын, рухын көтерді. Астана жобасының тиімділігі, ақталғандығы туралы ондаған, жүздеген деректі мақалалар, кітаптар жазылды. Астананың сәнді сәулеті мен ажары — асқақтаған әуендер мен толғақты жырларға арқау болды. Әлемнің әр бұрышынан келген, ешнәрсеге таңғала қоймайтын шетелдік саясаткерлер, дипломаттар, әртүрлі маман иелері Астана құрылысын ХХІ ғасырдың жаңалығы деп таныды.
Н. Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабының алғысөзінде: «Астананы құру — ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде іс жүзінде жаңа астана құрдық», — деп, ұлы тарихи оқиғаның шежіресі басталғанын атап көрсетті.
Сондай-ақ дүниежүзі мемлекеттерінде өз астаналарын белгілеу, оны бір қаладан басқа қалаға көшіру, олардың атауларын өзгерту тәжірибелері туралы тарихи деректер молынан келтірілген.
Г.Е.: — Астана құрылысы жаңа экономикалық реформалардың жүргізілуіне қаншалықты ықпал ете алды? Үкімет Астананы абаттандырамыз деп күштің бәрін осында шоғырландырып, басқа өңірлер кенжелеп қалған жоқ па?
Қ.С.: — Әуел баста жұрттың көпшілігі осылай ойлаған. Шындығында, Астана құрылысы экономикалық реформалардың локомотиві болды.
Біріншіден, ең басты күш — шетелдік инвестицияларды келтіру болды. Түркия, Араб елдері тікелей көмекке жұмылды. Мәселен, Сенат ғимараты Сауд Арабия королінің қамқорлығымен салынды. «Пекин-Палас» орталығы Қытай инвесторларының қаржысына тұрғызылды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Астана — Қазақстанның бүкіл өміріне бұрынсоңды болмаған өркенді өзгеріс енгізді. Жаңа Астана құрылысы — экономикалық реформалардың жаңа қарқынмен жүргізілуіне түбегейлі серпін берді. Елдің еңсесін көтерді. Рухани сілкініс жасады. Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен жастар ағылып, келіп жатыр. Солтүстік Қазақстан өңірі ежелгі қазақ жері екендігі ешкімге ешнәрсе дәлелдеп жатпастан жұрттың санасында тұрақтанды.
Бұрынғы ескі қаланың көзге түсер ескі ғимараттары түбегейлі өзгеріп, жаңа сипат, келбет алды. Көшелер көркем сәулетке оранды. Ал Есілдің сол жақ жағалауына, керіліп жатқан құла далаға бұрынғы Ақмоладан мүлдем бөлек, жаңа қала салынды. Жаңа Астананың салынуы — еліміздің бүкіл әлеуметтік тұрмысының жақсаруына оң ықпал етті.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің отыз үш, жаңа Астанамыздың жиырма бес жылдығын атап өттік. Тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, Қазақстан үшін, Астана үшін, осы күнге жеткен Қазақстан азаматтары үшін саяси-қоғамдық, әлеуметтік маңызы өте жоғары кезең. Кезінде Мәжіліс депутаты болған көрнекті мемлекет қайраткері, «Халық қаһарманы» Сәт Тоқпақбаев Астана қаласының атын «Нұрсұлтан» деп атауды ұсынды. Депутаттар қолдады. Президент оған өзінің көзқарасын білдірді. Дәл осындай ұсынысты Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында қабылданған Декларация да қолдады. Кезінде ол Декларация мәтінін жариялау маған тапсырылды.
* * *
Бүгінгі Астана — біздің қоғамдық санамызда, халықаралық қарым-қатынаста мемлекетіміздің өркендеуінің рәмізі ретінде қабылдануы да жаңа құбылыс.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасының шаңырақ көтеруі — еліміздің тұңғыш Президентінің қазақ мемлекеттігін қуаттандыру жолындағы теңдесі жоқ дәуірлік ерлігі болғаны да шындық. Астананың өткен тарихы, жарқын болашағы туралы еліміздің көрнекті ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері тартымды шығармалар жазды. Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Кәкімбек Салықов, Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Дүкенбай Досжан, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбеков, Нұрғожа Оразов, Алдан Смайылов, Несіпбек Айтұлы, тағы басқа көрнекті қаламгерлер Астана зиялыларының ортасын толықтырумен бірге өздері де салмақты, салиқалы шығармалар жазды. Жазушы Алдан Смайыловтың Астана тарихын тереңнен зерттеп, оқырманға қажетті деректермен толыққан бірнеше құнды зерттеу мақалаларын «Егемен Қазақстан» өз оқырмандарына тарту етті. Кейін ол жеке кітап болып та шықты.
Астананың жаңа өмірі жаңа мазмұн, жаңа қарқынмен басталды. Жаңа Астанаға әлем назарын аудару үшін де, ешнәрсе жоқ кезінде, тым болмаса жеңіл аталып, тез есте сақтау жағы да ескерілген. Жаңа астана — Астана деген есімге ие болды. Тілге жеңіл, қолдануға ыңғайлы. Ешқандай тілге аударудың да қажеті жоқ. Сөйте тұра Астананың бейтарап атау екенін де әркім біледі. Сөздік, мағыналық қайталаушылық бар екені де белгілі. Астананың аты Астана. Немесе «ұл туды, оның атын Ұл қойдық» деген сияқты. Яғни болашақта Астанаға еліміздің жаңа тарихымен, тәуелсіздік мұратымен байланысты, Астанаға айрықша еңбек сіңіре алған тарихи тұлға есімі берілуі де әділдік болмақ.
Дүниежүзілік қоғамдастықта қалаларға ерен еңбек еткен тарихи тұлғалар атын беру дәстүрі бар. АҚШ-тың астанасы сол елдің тұңғыш Президенті Дж. Вашингтонның есімімен аталатынын айтсақ та жеткілікті. Дүниежүзілік география әлемінде жекелеген тарихи тұлғалардың есімдері, тіпті аралдар, мүйістер, құрлық бөлшектеріне берілгені туралы белгілі журналист, публицист, ғылым докторы Сауытбек Абдрахманов та «Астана хабарында» тізіп жазды.
Біздің халқымызда да ежелден жер, су атаулары сол өңірде тұрған, оны игерген адамдармен байланысты болатын да үрдіс бар. Кеңес дәуірі кезінде, тіпті одан бұрын да қазақ жеріндегі қалаларға қазақтан сұрамай-ақ империяның қалаған атаулары қойылып, тұрақталғаны, халықтың санасына енгізілгені белгілі. Мысалы, Қазақстанның кез келген өңірінде Андреевка, Покатиловка, Николаевка, Александровка, Борисовка, Федоровка, Георгиевка, Петровка, Павловка деген атаулар берілген ауылдар, қала іспеттес елді мекендер толып жатыр емес пе? Басқаларын айтпағанның өзінде, ірі-ірі екі облыс орталығының аттары кімнің атына қойылған? Павлодар қаласы әрі Павлодар облысы. Біздің керемет жомарттығымыздың белгісі — Павелға сыйлық. Немесе Солтүстік Қазақстанның орталығы — Петропавл қаласы. Бір қалаға тіпті қосақтап әрі Петрдің, әрі Павелдің аттарын беріп, үкілеп отырғанымыз жоқ па?! Осылардың қайсысы қазақ еліне, жеріне қандай еңбек сіңіріп еді? Ағылшын концессионері Риддердің де аты бізде сақталған. Тәуелсіздік алғанға дейін Ертіс жағасындағы әдемі қаламызды жерімізге басқыншылықпен кірген Ермактың атымен атауға да төздік.
Сөз жоқ, еліміздің тарихында есімдерін ұлықтайтын ұлы тұлғаларымыз жеткілікті. Олардың еңбегіне, ұлттың рухани өркеніне қосқан үлесіне қарай қадірлеу — қоғамның, ұрпақтың борышы. Әңгіме арқауы — тарихымызда бұрын-соңды болмаған, ең озық үлгідегі халықаралық дәрежеде жүзеге асқан Астана жобасы және оның авторы туралы шындық, әділдік.
Тәуелсіздік алғалы бері тарихымыздың ұлттық таным дәрежесіндегі тұлғаларын халық санасына жеткізуде, олардың еңбектерін, қайраткерліктерін әділ бағалау мақсатында біраз шаралар жүзеге асырылып келеді. Әрине, бұл бағытта да қандай да бір науқаншылдыққа жол бермеген абзал.
Кейбір қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда білек сыбана бәсекелесіп, әркім өз аталарына тартып, әрі кетсе қыстау-жайлаулық, өңірлік қана лауазымдағы адамдардың барлығының атына көше, ауыл, елді мекен беруге тырысушылық та артық машық. Бәріміз де аталарымызды, тегімізді білейік, зерттейік, шежіресін сақтайық — ол парызымыз. Сонымен бірге бізде жалпыұлттық тұлға тану да ұлттық санамыздың сапасын көрсететіндігін түсінетін де, түйсінетін де кез келді. Жалпыұлттық тұлғалар — туған, жүрген жеріне, ортасына қарамастан еңбегінің ел ішінде танылуы арқылы ортақ ұғыммен өлшенері белгілі. Қазақта ондай ұлттық тұлғалар, ұлттың келбеті дерлік асыл қазына тұлғалар баршылық. Сол сияқты, біздің дәл бүгінгі заманымыз да бұрын-соңды тарихымызда болмаған, көрмеген заман. Аталарымыздың талай ұрпағының арман етіп, жете алмай кеткен заманы.
Дәл осындай Тәуелсіздік пен Бейбітшілік жағдайы — біздің ең қымбат құндылықтарымыз.
Тарихымызда тұңғыш рет еліміздің шекаралары барлық көрші мемлекеттермен келісімделіп, мойындалып, ресми түрде заңдастырылды. Оны БҰҰ бекітті.
Біздің мемлекетімізді дүниежүзілік қоғам таныды, мойындады.
Елімізде жаңа, тәуелсіз экономикалық жүйе қалыптасып келеді.
Қазақстан — Орта Азия өңірінде жетекші әрі шешуші рөл атқаратын қуатты мемлекетке айналды.
Халықаралық ұйымдар тарихында тұңғыш рет Қазақстан 56 мемлекет кіретін Еуропа (ЕҚЫҰ) қауіпсіздік, ынтымақтастық ұйымына төрағалық қызметін де абыроймен атқарды.
Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Азиядағы өзара сенім шаралары (АӨСШ) сияқты беделді халықаралық ұйымдардың бастамашысы ретінде де әлемге танымал. Дүниежүзілік діндер жетекшілерінің кездесуі де, съездері де Қазақстанда ортақ мәмілеге келіп, өткізіледі.
Қазақстан өркениетті бәсекеге лайық 50 мемлекеттің бел ортасынан орын алуға ұмтылуда. Осы сияқты ізгі мақсаттар тізбегі ұлттың, халықтың ұжданын көтеруге бағытталған. Осының бәрі — ең алдымен ел Президентінің қажымай, талмай еткен еңбегі, көрегендігі, елін көтеру жолындағы дамылсыз ізденісінің, мемлекеттік институттардың, құрылымдардың жұмысын ұйымдастыра білуінің нәтижесі.
Халық сенімін кезінде атқара да, ақтай да жүріп, жаңа дәуірдегі Жаңа Қазақстанның Жаңа Астанасын ұлт игілігіне жұмылдыра білген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі екені де тарих шындығы.
Г.Е.: — Президент халықтың көз алдындағы Тұлға ғой. Расында да, Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге сіңірген еңбегі орасан, әсіресе Астананы қоныстандыруға. Сіз көп адам біле бермей тін бірталай деректі әңгіме айттыңыз. Шын мәнінде, жоғарыда айтылғандай — бұл қала мемлекетіміздің Астанасы болмаса, осындай өрісті өркендеуі болмаса — жан жақтан, басқа облыстардан қазақ баласы өзі туып өсіп, тұрмыс құрып, үйренген жылы орындарынан немесе бұрынғы астана, жайнаған, жанға жайлы Алматыдан келер ме еді? Табиғаты, климаты жағынан қызықтырар еш артықшылығы жоқ.
Қ.С.: — Дұрыс айтасыз. Көп адам осылай ойлайды. Мен бұл қаланың Кеңес Одағы кезіндегісін де көргенмін. Жоғарыда айтылған тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек — 1993 жылы Ақмола (Целиноград) қаласында 260 мың адам тұрған болса, соның 7-ақ пайызы қазақтар болған. Ал Целиноград облысында тұратын 800 мыңға жуық тұрғындардың 18–20 пайызы ғана қазақтар болды. Осының өзі-ақ әр қазақты ойлантпай ма?
Солтүстік өңірлердегі басқа облыстардағы ұлттық құрам жағдайы да осы шамалас. Ондай болуына қазақ кінәлі емес. Патша заманын айтпағанның өзінде, 1944–45 жылдары Қазақстанға Сталин мен Берия пәрменімен түрік-месхеттіктер, шешендер, ингуштер, қарашай, балкарлар, 30-шы жылдары корейлер, немістер, поляктар, 1955–1960-жылдар аралығында Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Балтық жағалауы елдерінен бір миллионнан астам адам келіп, қоныстанды. Олардың негізгі дені жастар болғандықтан, келесі он жылда Қазақстанға тың жерлерді игеруге келген адамдардың саны екі есеге жуық өсті. Басқа толып жатқан еңбекке, оқуға, тұрмысқа байланысты әлеуметтік жағдайлар, әртүрлі этнос өкілдері арасындағы қарым-қатынастар, әрине, сөйлеушісі көп ортақ тілді пайдалануға мәжбүр. Мұндай жағдайда тек қалаларда ғана емес, ауылдарда, яғни жаңа совхоздарда қазақтар азшылықта қалып, балаларын ашылып жатқан орыс мектептеріне берді. Ондай әңгімелерді бүгін тәуелсіз мемлекет болғанымыздың арқасында айтып отырмыз. Кеңес Одағы, социализм кезінде бұл тақырып та жабық болатын.
Астананы көшірудің ең басты мақсаты елді, жерді сақтау деп ойлаймын. Бірақ сол кездегі жай-күйге, солтүстік көршінің «қас-қабағы», «көзқарасы» және бізбен бейбіт тату көршілік қатынастарды сақтап, өзара түсінісуге байланысты — басты себептер мен мақсаттар ретінде, әрине, экономикалық, географиялық, жол, транспорттық сұраныстар көрсетілді, жарияланды.
Астана — экономикалық, қаржылық дағдарыстар дендеп тұрған кезде жарияланды. Басқа дағдарыс сараптамаларды айтпағанның өзінде, бүкіл Қазақстан бойынша жұмыссыздар саны 5,5 миллионға жетті. Ескі өнеркәсіп орындары, бұрынғы әскери-өнеркәсіп кешендері доғарылып, өнімдері сұраусыз қалып, жаңа жабдықтар әлі жоқ, қаржы жоқ. Жалғыз жол — шетелдік инвестициялар әлі толық орныға алмай жатқан. Астана жобасы осындай қысылтаяң кезінде тығырықтан шығуға өзінің оң ықпалын тигізе алған мүлдем жаңа, тың жоба болды.
Астана келбеті мен оны сипаттауға арналған лайықты сөздерді, теңеулерді дүниежүзінің, әлемнің ең көрнекті тұлғалары, әлем мемлекеттерінің басшылары, корольдер, ұлы ойшылдар, суреткерлер, ғалымдар, өнер иелері айтты.
Ең бастысы, бүгін бұл қала болашақтың, жас ұрпақтың, өсер ұлттың қаласы деп танылды. Жылдан-жылға гүлденіп, өсіп келе жатқан Астана қаласының Әкімі Жеңіс Қасымбековтің мәлімдеуінше, бүгін біздің сүйікті Астанамызда 1 млн. 450 мың адам тұрса, солардың 80 пайыздан астамы қазақтар. Бұл — сөз жоқ, ұлт жетістігі, ұлт жеңісі. Бұл қалада тұратын тұрғындар — Қазақстанның барлық өңірлерінен келген жастар. Олар ортақ шаңыраққа бірігіп отыр. Енді осылардан тараған ұрпақ — тұтас астаналықтар болмақ.
ЖЕР. АУЫЛ.
Г.Е.: — Бәрі де ұлттың болашағы үшін жаса лып жатқан қадамдар ғой. Жастардың санасына үнемі жеткізіп айта беру керек деп ойлаймын.
Қ.С.:– Әрине, бұл әңгімеміз — тек осы отыз жылдағы тарихымыз емес, ертеңнің, болашақтың тарихы. Астана жобасының қалай дамуын әңгіме етіп отырғанда, орайы келіп тұрғанда ауылдарға елді тұрақтандырып, ауыл шаруашылығының сұраныстарына ел қамқорлығы туралы да айта кетсек.
Г.Е.: — Иә, айтыңыз. Жастар негізінен қалаға көшуге ұмтылады. Ауыл оларды несімен қызықтырмақ?
Қ.С.: — Жер мен ұлт қоныстануына байланысты жаңа Астана дамуының жағымды жақтарына тоқталдық. Рас, көптеген ауыл, ел адамдарына жұмыс орындары ашылды. Осы тәжірибені ауыл шаруашылығы кешеніне де жүргізу керек еді. Ауылдардың қалаларға көшіп жатқаны туралы, яғни урбанизация туралы да көп айтылып жүр. Бірақ ауылдар әлсіреп, бұрынғы қауқарынан кетіп барады. Ауылдарды сақтау үшін де тұрақты жұмыс орындарын ашып, ауыл әлеуетін қала дәрежесіне көтеруге жұмыс жасалуы тиіс. Үкімет бір кезде «Дипломмен ауылға» деп жастарды шақырды. Бұл бағдарлама шала ойластырылған. Ауылда құр үй беріп, азын-аулақ қаржы беріп, жастарды тұрақтандыру мүмкін емес. Олар санаулы адам болмау керек. Жастар тек үлкен ұжымға ғана, кәдімгідей орта бар жерге ғана тұрақтай алады. Оларды қызықтыратын жұмысы болуы басты мәселе. Сондай-ақ «Оңтүстіктен — Солтүстікке» деп жүргізген жұмыс та құрдымға кетті. Келген бес-он үйдің адамдарына солтүстік ауылдың адамдары жат қонақтай қарады. Оларға үй берсе, жер бермеді, жер берсе не мал, не жұмыс бермеді. Бұл — үлкен проблема. Әлеуметтік нысандары бар, жеткілікті ауылдарды тастап, қала жағалап көшіп жатқан адамдар саны көбейіп келеді. Егін егіп, жинап, қамбаға сатып жүрген шаруа қожалықтарының көпшілігі ауыл өмірімен жұмысы жоқ. Бұл — үкімет үшін мықтап ойланатын үлкен проблема.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында, тағы басқа маңызды сөздерінде бұл мәселені көтеріп, үкіметке тапсырма беріп, айрықша көңіл бөліп жүр. Бірақ үкімет, ауыл шаруашылығы министрлігі тереңдеп, тиянақтап кірісе алмай келеді.
«Қалай етсек болады?» деген сұраққа жай жанашыр ретінде айтар болсам, елімізде үлгі боларлық тәжірибе бар, жеткілікті. Қызылорда облысында Еңбек Ері Абзал Ералиев ұйымдастырып, нәтижелі жұмыс істетіп, ел игілігін ұйытып отырған Нағи Ильясов атындағы ауылшаруашылық, Ақмола облысында Астанадан 70 шақырым жердегі Еңбек Ері Иван Сауэрдің «Родина» кешені, Солтүстік Қазақстанда Еңбек Ері Геннадий Зенченконың «Зенченко», тағы сол сияқты агрокешендер бар ғой. Неге солардың қатарын көбейтуге болмайды? Түсінбеймін. Өйткені бұл көп жылдардан айтылып келеді. Жоқ, әлде әкімдіктер мен министрліктер бәсекелестіктен қорқа ма? АҚШ-тан бастап әлем елдерінде аграрлық кешенді көтерген тәжірибе толып жатыр. Тағы да Қытай тәжірибесіне назар аударсақ. Олар 2000 жылы өздерінің кезекті Қытай Компартиясы съезінде, БҚХӨ (Бүкіл Қытай халық өкілдерінің) жиналысында Батыс өңірлерді, яғни Шыңжаң (СУАР — Синьзяң Ұйғыр автономиялық район) — өлкесін дамытып, өркендету туралы өте үлкен мемлекеттік бағдарлама қабылдап, соны 20 жылда жүзеге асырды. Ең бірінші кезеңде 100 млрд. АҚШ доллары бөлінді. Одан тыс, Гонконг бизнес өкілдері 200 млрд. доллар қосты. Нәтижесінде, жиырма жылда Үрімші, Құлжа, Алтай, Қорғас, тағы басқа елді мекендер адам танымастай өзгерді.
Бізбен шекаралас аумақтарға ішкі Қытайдан төрт миллионнан астам адам келіп орналасты.
Үкімет тарабы зор, кешенді, бүгінгі әлем елдерінің экономикасының, аграрлық саласының дамуына сай стратегиялық бағдарлама жобасын ел пікірімен санасып отырып жасауы керек. Бұл — кезек күттірмейтін, кешіктірмейтін қажеттілік. Шұғыл.
Г.Е.: — Ауыл өмірі, шаруашылық салалары, әсіресе мал өсіру бәрімізді де алаңдатады. Кейбір әкелерімен орнығып қалғандар болмаса, жастар малға бармайды. Шынында, шұғыл әрекеттер керек. Астана және оның бүгінгі өмірімізге оң ықпалы туралы да біраз мәселе көтерілдіау деймін. Енді мемлекеттігіміздің қуаттануына байланысты тағы да бірекі мәселеге қайта оралсақ. Жер, су, елді мекендер аттары. Халыққа түсіндіру жұмыстары да жеткіліксіз бе деймін. Шынында да, Астана қаласына оған бастамашы болып, еңбегін сіңірген, бүгінгі замандағы ұлтымызды оның толық құқықты иесі еткен қазақтың аты мен атауды неге қимаймыз. Есесіне, жаңа өзіңіз еске алып, айтып өткен екі үлкен облысымыздың атаулары, орталықтары неге осы уақытқа дейін қазақ тіліне, ұғымына, атауына бұйырмай отыр? Сол атаулар қаншалықты тарихи маңызға ие? Әлде біздің елімізге, сол мекендерге тікелей сіңірген ерекше еңбектері бар ма?
Қ.С.: — Мұндай сұрақтарға жауап табу да қиын. Дегенмен жоғарыда бұл тақырыпқа да біраз пікірімізді айттық. Бұрын қазақтар отырған жерлерге, атамекенімізге күштеп келгендер (партия шақыруына патриоттық қолдау көрсетіп келгендер) өз жүрегіне, тіліне жақын сөздерін қоя берген ғой. Өкінішке қарай, қазақтар азшылықта шарасыз қалды. Кейбір, бірен-саран өз пікірін айтқысы келгендерді «партия саясатына қарсы шықты» деп кінәлай салу еш қиындық туғызбаған болар. Оның бәрі тарихымыздың, тағдырымыздың сабақтары болса керек.
* * *
Жоғарыда көршілес Қытай мемлекетінің өздерінің Батыс өңірін дамытуға қандай бағдарламаны жүзеге асырғаны туралы айттық. Өкінішке қарай, біздің тараптан ондай жұмыс жасай алдық деп айта алмаймын. Керісінше, біздің шекаралық аудандар қысқартылып, төмендеп кеткені ащы да болса шындық.
Әрине, социалистік әкімшілік экономиканы реформалау, еркін экономикалық жаңа қатынастарды қалыптастыру оңайға түспеді. Қайшылықтар, шығындар, ұтылыстар жеткілікті болды. Сол сияқты 90-шы жылдардың екінші жартысы мен 2000 жылдар тоғысында өңірлерді, яғни облыстарды, аудандарды қысқартып, «ірілендіреміз» деп жүргізген оңтайландыру саясаты да оң нәтиже бере алмады. Ондай ұсыныс беріп, елді опыр-топыр еткен Үкімет басшылары да, жас «реформаторлар» да көптеген ауылды мекендерді тоздырып жіберді де, енді өздері кінәнің бәрін бірінші Президентке жауып, Еуропадан сын, ақыл айтумен «жанашыр» болып жүр. Әсіресе Қытаймен шекаралық аудандардың жабылып кетуі сол өңірлердің әлеуметтік тұрмысына үлкен зиян келтірді.
Осындай кері әрекеттерді кезінде дұрыс, әділ бағалай алып, Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы жағдайды ашық баяндап, елдің Қытаймен шекаралас Нарынқолдан көшіп, Алматы жағалап, шекарада адам қалмайтынын дәлелдеген — Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Кезінде Президент ол мәселені Қауіпсіздік Кеңесінде талқылап, ақыры Райымбек ауданын қайта ашу туралы жарлыққа қол қойды. Сондай әділ шешімнің нәтижесінде, қазір ел қайта қоныстанып, қонақтап, шекаралық аудан еңсесін көтеріп келеді. Шекаралық аудандардың жағдайын жақсы білетін Қасым-Жомарт Кемелұлы Шығыс Қазақстан облысындағы аудандарды да қайта жандандырды. Кейінгі кезеңдерде осы біржақты шешімдер халық сұрауымен қайта қаралып, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары ашылып, ел-жұрт қайта түлеп, еңселері көтерілді. Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық аудандарда ел тұрақтап, жаңа тыныс ала бастады. Болашақта шекара маңында халықтың көптеп, мүмкін болғанынша тығыз орналасуын қамтамасыз етуіміз өте маңызды. Бұл қандай да үкіметтің, парламенттің қасиетті борышы, міндеті болса, ел өседі.
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚОҒАМДАСТЫҚ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР.
Г.Е.: — Мемлекеттік тәуелсіздігімізге ие болғаннан кейін дүниежүзілік қоғамдастықтың мүшесі болу да біз үшін жаңа жұмыс болды емес пе?
БҰҰға, ЮНЕСКОға мүше болып, тағы басқа халықаралық ұйымдармен әріптестік қатынастар қалай қалыптасты?
Басқа мемлекеттермен дипломатиялық қарымқатынастар ше? Көрші елдермен шекаралық мәселелер қалай реттеліп, келісілді?
Қ.С.: — Бұл сұрақтарыңыздың әрқайсысы бір-бір түйеге жүк екен. Қарсы болмасаңыз, алдыңғы сұрақтар бойынша біраз мағлұмат беріп, ең соңғы шекаралық келісімдер бойынша бөлек әңгімелейік.
Г.Е.: — Келістік. Неғұрлым толығырақ баян дауыңызды да қалаймыз. Және бұл мәселелер дің барлығы да біздің мемлекетіміз үшін, бұрын біз қатынаспаған жаңа қатынастар болып тұр ғой. Сонымен бірге елге, қоғамға ақпарат та жеткіліксіз.
Қ.С.: — Солай. Біз бұдан бұрын еске алғанымыздай, Кеңес Одағы құрамында болғанымызда халықаралық қатынастардың барлық бағыттары, салалары, бүкіл кешенді мәселелері тек қана Мәскеудегі Орталық биліктің монополиясы болатын. Біздің республикамызда Сыртқы істер министрлігі болды. Бірақ оның қызметі мен міндеті шектеулі. Тек Мәскеу белгілеп берген нүктелерде, көбіне протоколдық көлемде ғана тапсырманы орындайды. Көбіне шетел делегацияларына өз республикамыздың ішкі әлеуметтік тұрмысына қатысты ақпарат беру, ұлттық өнерімізді, мәдениет орындарын, тарихи ескерткіштерімізді көрсету сияқты танымдық сапарлар ұйымдастырылатын. Ішкі, сыртқы саясат мәселелері, көзқарас, пікір білдіру тек Мәскеудегі Орталық биліктің құзыры.
Әрине, тәуелсіз мемлекет болған соң барлық ішкі, сыртқы саясат, қорғаныс, қауіпсіздік, кешенді экономика, басқа мемлекеттермен, дүниежүзілік қоғамдастықпен, әртүрлі халықаралық ұйымдармен дипломатиялық қарым-қатынастан бастап, әскери-қорғаныстық, сауда-экономикалық, азаматтық қарым-қатынаста болу — бүгінгі заман талабы.
Біз 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдап, БҰҰ-ға, әлемнің көптеген мемлекеттеріне хабарлағанымызда, Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Озал ең алғашқы болып, біздің тәуелсіз мемлекеттігімізді мойындап, қолдап, құттықтауын жолдады. Дәл осындай қолдауды келесі күні Ресей Федерациясынан алдық. Осы күн жарияланғаннан кейінгі алғашқы бір жылда дүниежүзінің жүзден астам мемлекеттері Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендіктерін білдірді. Тіпті дәл осылай бізді, Қазақ елін, мемлекетімізді бүкіл дүниежүзі құшақ жая қарсы алып, ақ тілектерін төгіп жатуының өзі, шын мәнінде, ұлтымыздың Рух мерекесі емес пе? Осындай асқақтаған көңіл күйде болдық. Тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап бірнеше күн бойы ел ұйықтамады. Адамдар, қазақтар бірінбірі құттықтаумен, той тойлаумен мерекеледі.
Бәріміз сөзбен, тілмен айтып жеткізе алмайтын ерекше Бостандық, Еркіндік Бақытын сезіндік. Бұл қайталанбас Сезім екен.
Сол жылдары дүниежүзінде халықаралық қатынастар да бір ерекше жылы шырайлы дәуірде болған сияқты. Біздер, қазақстандықтар үшін, солай көрінді ме, әйтеуір, бұрынғы капиталистік, социалистік, үшінші әлем сияқты бөлінулер арасын алшақтатып тұрған қолдан жасалған «бітеу қабырғалар», «темір құрсаулар» құлатылып, мемлекеттер бір-біріне құлақ асып, зейін қоя бастады. Өзара барыс-келіске жол ашылды. Саяси ұстанымдар түсінісіп, диалогқа жүгініп, әлемде бейбітшілік пен мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты «тірілтіп», даму жолы ортақ мүддеге айналды.
Тәуелсіз Қазақстан әлемге бірден Семей атом полигонын жабу арқылы бейбіт өмірдің жасампазы болып танылып, оған БҰҰ дүниежүзілік қоғамдастық ерекше сенім көрсетті. Халықаралық беделді ұйымдар қысқа мерзімде Қазақстаннан ұсыныс күтіп отырмай, өздері бастамашы болып, Қазақстанды әріптестік, мүшелік орынға келтіруге мүдделі болып, белсенділікке ықпал етті. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданған алғашқы жылы-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мінберінен сөйлеген сөздерінде барлық мемлекеттерді, әсіресе ядролық қаруы бар елдерді, адамзатты атом қаруының қаупінен құтқаруға шақырды.
Атом полигоны — кезінде «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп сипатталатын. Өйткені ол сол кездегі әлемнің ең күрделі және озық технологиясымен жабдықталған, қаншама техника, нақты саны ешқашан көрсетілмеген мыңдаған мамандар жұмыс істеген ерекше жағдайдағы құпия қала болатын. Оның 40 жылдан астам Кеңес Одағының ең құпия қаласы саналатын жері болғанын ашық айту да тек Одақтың шаңырағы шайқала бастаған сексенінші жылдардың соңы, тоқсаныншы жылдары болды. Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет 1989 жылғы 30 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесінің пленарлық отырысында Семейдегі ядролық полигонның осы уақытқа дейін жабық, құпия түрде зиянды сынақтар жүргізіп келгенін, ол үшін Қазақстан халқына ешқандай әлеуметтік қолдау көрсетілмейтінін, көпе-көрінеу олардың толып жатқан мұқтаждары ескерілмейтінін, әскерилердің үстемдігін ашық сынға алып, нақты талаптар қойып сөйлеген сөзін Одақ депутаттары қол соғып қолдағаны, ол батыл сөз Одақтық телеарналардан көрсетілгені есімізде. Полигонға қарсы қоғамдық пікір, халық көтерілді. Халықтың қолдауымен Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының ықпалы да пәрменді болды. Сол кезде Семей облысының басшысы болған Кешірім Бозтаевтың да еңбегін айтуымыз парыз. Ол сол белсенділігі үшін Мәскеудегі Орталық партия комитеті тарапынан ескерту де алған.
Алайда өткір, батыл сөздің айтылуымен іс бітпейтіні белгілі. «Солай екен» деп ығып қалған Одақ билігі де, атом полигонының басшылығы да жоқ. Керісінше, олар республика басшыларына «әлі мұндай шешімдерің, сөздерің үшін жауап бересіңдер» деп дөң қабақ та көрсетіп жүрген кездер болды.
Әрине, мемлекеттік тәуелсіздігіміз бәрін де өз орнына қойды.
Қазақстан өз алдына жеке, тәуелсіз мемлекет құқында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болудан бастап көптеген халықаралық беделді ұйымдардың белсенді мүшесі болып, өз сөзімізді өзіміз сөйлейтін болдық.
* * *
Қазақстанның бастамашылдығымен халықтар, мемлекеттер арасындағы бейбітшілікті нығайту жолында бірқатар игілікті шаралар жүзеге асты. 1992 жылғы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Азия елдері арасында өзара сенім шаралары туралы кеңес өткізуді ұсынып еді. Мұндай кездесу көп жылдардан бері болмаған. Содан бері жыл сайын Республика Сыртқы істер министрлігі Азиядағы көптеген мемлекеттермен қарым-қатынасымызды жоспарлы түрде жүргізіп, сауда-экономикалық, гуманитарлық көп салаларды қамтитын игілікті шараларды жүзеге асырды. Әртүрлі деңгейлерде келіссөздер жүргізілді. Мемлекеттер бір-біріне ашылып, өзара жақындаса түсті. Жаңа кеңістіктер көкжиегі көрінді. Дипломатиялық қарым-қатынастарымыз іскерлік, сауда-экономикалық қатынастармен толықтырылып келеді. Азия елдерімен білім, ғылым саласында әріптестік қатынастар жылдан-жылға өрістеп келеді. Бүгін біздің ең үлкен әлФараби атындағы, Қаныш Сәтбаев атындағы университеттерімізден бастап қаншама жоғары оқу орындарымыз Еуропа, Азия елдері оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас жағдайында. Осының бәрі өсу, даму жолдары.
Қазақстан-Қытай қатынастары — бөлек әңгіме. Сондай-ақ біздің еліміз Азиядағы барлық мемлекеттермен де тұрақты, тиянақты әріптестік қарым-қатынасты дамытуға маңыз беріп келеді. Осындай жұмыстың барысында Азиядағы өзара сенім шаралары (АӨСШ) Кеңесі 2002 жылы Алматыда өткен 22 мемлекет басшыларының Кеңесінде құрылып, қазір өте жемісті жұмыс жасап келеді. Бұл Кеңестің жұмысына көптеген елдер қызығушылық білдіріп, оған мүшелікке кіруге ықылас көрсетіп жүр. Осындай нақты кеңес, өзара диалог-мүдделестіктің арқасында Азия мемлекеттері ортақ дамудың өрісін кеңейту болашағына да маңыз бере бастады.
Г.Е.: — Әңгімеміз халықаралық қатынастар арқылы көрші мемлекеттерге де жақындап келеді.
Біздің еліміз үшін Шығыстағы көршіміз — Қытай мемлекетімен қарымқатынасымыз қаншалықты маңызды? Бүгінгі Қытай қандай?
Олармен дипломатиялық әріптестік қатынасымызды бастаған 90шы жылдармен салыстырғанда бүгінгі күні айырмашылық бар ма?
Қазір экономиканың қай саласын алсаңыз да, Қытайдың таңғажайып қарышты қадамын көреміз. Қалай ойлайсыз, осылай тек Қытай өнімдерінің тұтынушысы бола береміз бе? Мұнай, газ өңдейтін зауыттар саламыз деген әңгімелердің аяғы не болды? Ұсақтүйек тұрмыстық қасық, пышаққа дейін, киімкешек, күнделікті дастархан мәзірі — көкөніс, тағы басқа тағамдар — бәрі қытай өнімдері. Біздің кәсіпкерлер көбіне көтерме сауда, оған үстеме баға қойып, тек қымбатшылықты шырқатып жүрген жоқ па? Отандық тауарлар, өнімдерді көбейтіп жатырмыз деп үкімет, әкімдер, минис трлер баяндап жатады, бірақ қайда солар?
Болашақта атом электр станциясын салатын болдық. Оның құрылысына Қытай да қатысады деген сөз бар. Мына қалпымызбен болашақта экономикалық тәуелсіздігімізден мүлдем айырылып қалмаймыз ба?
Қ.С.: — АҚШ, Еуропа Қытай экономикасына қаншалықты санкция жариялап жатқанына қарамастан Қытайдың дамуы керемет. Сөз жоқ, бұдан бұрын айтқанымыздай, халықаралық кеңістікте дүниежүзілік қоғамдастықпен қарым-қатынаста болуымыз өте маңызды. Оның шет жағасына біраз тоқталдық. Сол сияқты Қытаймен кешенді достық, әріптестік қатынасымыз да қажет. Өңірлік, көршілік қатынастардың да маңызы зор. Сіз көтеріп отырған күнделікті тіршіліктің сұраныс-жауаптарын әкімшілік биліктен гөрі көбіне кәсіпкерлік мүдделері мен мүмкіндіктері шешеді. Бизнес мүддесі. Қаржы айналымы. Жаңа технологиялар туралы айтқанда, цифрландырудың орны жетекші. Бұрын адам жасайтын көп процестер адамдардың қатысуынсыз жасалатын болады. Әрине, ол дәрежеге жету үшін жаңа өзіңіз айқан зауыттар іске қосылуы тиіс. Білуімше, олар күн тәртібінен түскен жоқ. Яғни болашақта халықтың тұтынуына қажет болған кәсіпорындар бәрібір жасалып, іске қосылуы тиіс. Сол сияқты, атом энергиясы, күн энергиясы, су энергиясы, жел, тағы басқа табиғаттың өзінің адамға беріп отырған байлықтарын ғылым, білім арқылы қалай игереміз. Міне, сондықтан да мемлекеттер, оларда тұратын озық ойлы адамдар, ғалымдар бірлесуі керек. Ал тұтыныс тауарлар, өнімдерді кім, қай ел шығарып жатқанына келсек, бұл енді рыноктағы бәсекелестік.Тұтынушылар әрқашан сапаға қарайды. Мүмкін, бастапқы кезде бұрын болмаған жаңа тауар келгенде оның өтімі жақсы, тартымды немесе бағасы да қолжетімді болуы заңды да. Бұл уақытша. Түптеп келгенде, сапаға мән беріледі. Кәсіпкерлер де, рынокқа қатынасушы жеке тұлғалар да заңға жүгініп, заңмен жұмыс жасауға үйренуге міндетті.
Өкінішке қарай, бизнеске саясат көп араласады. Әсіресе қазіргі кездегі АҚШ-тың, Еуропа Одағының Ресей-Украина соғысына байланысты санкциялары, әсіресе біздің тәуелсіз мемлекеттер кеңістігіне әсері өте зиянды әрі кедергі болып тұр. Бәрі адамдардың бір-бірімен сөйлескісі, өзара түсінгісі келмеуінен болып тұр ғой. Қазір тауар айналымы барлық жақта бұғаттауға ұшырап тұр. Шекараларда да, кедендерде де әртүрлі шекаралық қызметтерде де бөгет көп. Оған сол жерде тұрған қызмет адамдарының жауапкершілігін немесе оның мәселені «шешкісі келмейтін» көңіл күйін қосыңыз. Қаншалықты қиын болса да мұның бәрі бәрібір уақытша. Заң, тәртіп түбі орнығады. Адам да өзгереді. Қоғам да өзгереді. Бақылау, заң да әділдігімен орнығады. Техника, технология, логистика өзгереді. Цифрландыру енгізіледі. Алыс-беріс тазарады.
Атом станциясына қатысты сөз қозғасақ, халық өз сөзін айтты. Енді тек өте жоғары білгір мамандар сөйлеуі керек. Біздің еліміздің тарихында тұңғыш рет осындай орасан зор, жаңа оқиға, жоба жүзеге асырылайын деп тұр. Жаңа ұрпақ келеді. Ел тұрмысы бұрын-соңды болмаған, көрмеген жаңа сапаға көтерілуі тиіс. Адамның жаратылысы, табиғаты әрқашан жақсылықты болашақтан күтеді. Атом қуаты біз үшін де Болашақ болып тұр. Тек сәттілік тілейік!
ҚЫТАЙДАҒЫ ЕЛШІЛІК
Г.Е.: — Ал енді Қытайдағы Елшілікке келсек. Сіз бірінші Елші болдыңыз ба? Елші, жалпы дипломат үшін Қытайда жұмыс істеу қаншалықты қиын? Қытай дипломатиясы өте күрделі деген сөз, ұғым көп тараған. Сіз қытай маманысыз ба, қытай тілін үйрендіңіз бе? Қытайдай үлкен, біз үшін маңызды елге Елші болу таңдауы неге Сізге түсті?
Қ.С.: — Бірден айтайын, мен ресми, арнайы қытай мамандығын, тілін оқымадым. Таңдау неге маған түскенін мен айта алмаймын. Сол 1995 жылы ол таңдау мен тоқтамды жасаған тұлғалар Президент Нұрсұлан Назарбаев пен Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев. Бәрі де тосын, мүлдем күтпеген жерден болды. Жалпы, дипломат болсам деген ой көңілімнің төркінінде жасырақ кезде ұялағаны да бар. Бірақ өмір жолы басқаша өрбіді.
Біз мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін Қытай Халық Республикасы алғашқылардың бірі болып тәуелсіздігімізбен құттықтап, мемлекеттігімізді мойындап, арнайы ресми делегациясы келіп, 1992 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан-Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар туралы екіжақты келісімге қол қойылды. Көп ұзамай екі жақ та өздерінің елшіліктерін ашты. Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қытай маманы, Жоғарғы Кеңесте белсенді депутаттың бірі, ғұлама Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов тұңғыш Елші болып бекітілді.
Қытай тарапы да «арқаны кеңге салмай» қысқа мерзімде Алматыда өздерінің елшілігін ашып, оған дейін Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігінде лауазымды қызметтер атқарған тәжірибелі, кәсіби дипломат Чжан Дэгуанды Елші етіп жіберді. Екі Елші де өздеріне берілген екі жарым жылда көршілес екі мемлекет арасында өзара түсіністік, тату көршілік, әріптестік, достық қарым-қатынастың қалыптасуына аянбай еңбек етті.
Мен Мұрат Әуезовтен кейінгі екінші Елші болдым.
…1995 жылы 11 наурызда Жоғарғы Кеңес тарағаннан кейін аз уақыт Президент тапсыруымен кешегі депутаттарды жұмысқа орналастырумен шұғылдандым да, қоғамдық негізде партия жұмысымен айналысып жүрдім. Ресми қызмет жоқ. Жоғарғы Кеңес тараған күні Нұрсұлтан Әбішұлы Әбіш Кекілбаевты Президенттің кеңесшісі, Зинаида Федотованы Президент Әкімшілігіне марапаттау бөлімінің меңгерушісі, Марат Оспановты инвестиция комитетінің төрағасы етіп бекітті. Маған «Күт. Партиямен шұғылдана тұр», — деді.
Сонымен бір ай өтті, екі ай өтті… 11 мамыр түске жақын Президент қабылдауынан телефон соғып, түстен кейін сағат 15:00-ге Президент шақыратынын айтты.
Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы кездесуіміздей емес, ерекше жылы қарсы алды. Бір мезгілде:
— Екі айдай болды ма, бос жүргеніңе? Не істеп жүрсің? — деді көзіме барлай қарап.
— Сол, өзіңіз айтқандай партия жұмысын қаузап… — деп, «Халық бірлігі» партиясының жәй-күйін баяндадым. Ол кісі өз сұрақтарымен, бастамасымен біраз жағдайлар бойынша жасалып жатқан жұмыстарды тізбелеп:
— Көріп жүрсің ғой, қаншама жаңа шешімдер қабылдап жатырмыз. Оларды бұрын көз алдымызға елестете де алмаушы едік. Әлем танитын дербес мемлекет құрып, тұрғызып жатырмыз. Бұрын болмаған салалар, құрылымдар ашылуда. Ыстық-суықты бірге көріп жүрміз. Қарашы, соңғы жылдары қаншама жаңа нәрсеге бетбұрыс жасалып жатыр. КСРО кезінде бұлар туралы армандай алар ма едік? Бізді, қазақ елін мүлдем естіп, білмеген әлемдік мемлекеттер біздің елге келіп, елшіліктерін ашып жатыр. Өзіміз де қаншама елшіліктерімізді аштық. Бір сәт есіңе түсірші,
Ресей, Қытай, Германия, Англия, Франция, АҚШ бізбен, біздің республикамызбен қашан «терезесі тең» болып, сөйлесуші еді? — деп кішкентай үзіліс жасады.
— Иә, бұл шындық. Өзіңіз де әлемді шарлап, қазақты танытып жүрсіз ғой, — дедім сәл үзілісті пайдаланып. Президент әңгімесін тереңдетіп:
— Ата-бабаларымыз ежелден Шығыспен, Солтүстікпен өзара қарым-қатынасқа көп мән бергенін тарихтан білесің ғой. Абылай ханның өзі де олармен достық қарым-қатынасты қолдады, сол арқылы жерімізді, шекарамызды сақтап қалды. Жаңа заман келді. Жаңа уақыт, жаңа жағдай. Қытай күшті дамып келеді. ҚХР Төрағасы Цзянь Цзяминмен Мәскеуде Ұлы Жеңістің 50 жылдығын мерекелеу кезінде кездестім. Жақсы әңгімелестік. Қытайдағы Елші қызметінде жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте жұмыс істеген, республикада белгілі адамды көргісі келетінін айтты.
Енді ғана әңгіменің төркінін түсініп, іштен тынып қалдым. Бірақ сыр бермей үнсіз отырмын.
Президент:
— Ұзақ ойладым. Сені осы жұмысқа сай келеді деп санаймын, — деп сұраққа жауап беруді талап ететін белгідей қабағын көтеріп:
— Не айтасың? — деп сөзін бітірді.
Не айтайын? Өмірі ойыма келмеген сұрақ екен.
Біраз үнсіздіктен кейін «ішімді» жинап:
— Нұрсұлтан Әбішұлы, не айтайын? Өзіңіз айтпақшы, «бар» дегеніңізде барып, «кел» дегеніңізде келіп, жіберген, тапсырған жұмысыңызда жүрмін ғой. Бұл әңгімеңіз ойыма келмеген екен. Оның үстіне қытай маманы емеспін, тілін де білмеймін. Жасым болса 50-ге келді. Осы уақытқа дейін айтқаныңыздан шықпадым. Осы жолы тым болмаса бір жұма ойланайыншы? — дедім.
— Білем, — деді Нұрекең, — ертең туған күнің. Құттықтау хатыма қол қойып қойдым. Ертең Ақан барып тапсырады. Бір емес, екі жұма ойлан. Асығыс жоқ.
Егер келіссең, сен үшін тіптен басқа жаңа өмір басталады, — деп Президент сөзін жалғастырды. — Бұл — сен осыған дейін атқарған лауазымдарыңнан төмен емес. Бұл — Премьер-министрдің орынбасары қызметінен төмен емес. Бірақ саған «барсаң да барасың, бармасаң да барасың» деп ультиматум қойып отырған жоқпын. Ықыласыңмен бар. Бара қалсаң, бұрынғыдай ынта-жігеріңмен жұмыс істе. Тіл білмейтініңді білемін. Ресми түрде елшінің аудармашысы болады. Біз Қытай секілді елге өзін мемлекеттік қызметте көрсете алған, барған мемлекет үкіметімен, басшыларымен тең дәрежеде диалог жүргізе алатын тәжірибелі саясаткерлерді жіберуге мәжбүрміз. Мұндай тәжірибе бар. Өз уақытында КОКП ОК Саяси Бюросының мүшелері Полянский және Толстиков Елші болған, біреуі — Жапонияда, екіншісі Қытайда.
Егер Қытайға барсаң, ел мүддесі, мемлекет тағдыры, тарихына қатысты үш ірі жобаға қатысасың.
Біріншісі — Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны заңдастыру. Жаңа құжаттарды, келісімдерді қабылдап, Қазақ мемлекетінің қолын қою;
Г.Е.: — Әңгімеміз халықаралық қатынастар арқылы көрші мемлекеттерге де жақындап келеді.
Біздің еліміз үшін Шығыстағы көршіміз — Қытай мемлекетімен қарымқатынасымыз қаншалықты маңызды? Бүгінгі Қытай қандай?
Олармен дипломатиялық әріптестік қатынасымызды бастаған 90шы жылдармен салыстырғанда бүгінгі күні айырмашылық бар ма?
Қазір экономиканың қай саласын алсаңыз да, Қытайдың таңғажайып қарышты қадамын көреміз. Қалай ойлайсыз, осылай тек Қытай өнімдерінің тұтынушысы бола береміз бе? Мұнай, газ өңдейтін зауыттар саламыз деген әңгімелердің аяғы не болды? Ұсақтүйек тұрмыстық қасық, пышаққа дейін, киімкешек, күнделікті дастархан мәзірі — көкөніс, тағы басқа тағамдар — бәрі қытай өнімдері. Біздің кәсіпкерлер көбіне көтерме сауда, оған үстеме баға қойып, тек қымбатшылықты шырқатып жүрген жоқ па? Отандық тауарлар, өнімдерді көбейтіп жатырмыз деп үкімет, әкімдер, минис трлер баяндап жатады, бірақ қайда солар?
Болашақта атом электр станциясын салатын болдық. Оның құрылысына Қытай да қатысады деген сөз бар. Мына қалпымызбен болашақта экономикалық тәуелсіздігімізден мүлдем айырылып қалмаймыз ба?
Қ.С.: — АҚШ, Еуропа Қытай экономикасына қаншалықты санкция жариялап жатқанына қарамастан Қытайдың дамуы керемет. Сөз жоқ, бұдан бұрын айтқанымыздай, халықаралық кеңістікте дүниежүзілік қоғамдастықпен қарым-қатынаста болуымыз өте маңызды. Оның шет жағасына біраз тоқталдық. Сол сияқты Қытаймен кешенді достық, әріптестік қатынасымыз да қажет. Өңірлік, көршілік қатынастардың да маңызы зор. Сіз көтеріп отырған күнделікті тірші-ліктің сұраныс-жауаптарын әкімшілік биліктен гөрі көбіне кәсіпкерлік мүдделері мен мүмкіндіктері шешеді. Бизнес мүддесі. Қаржы айналымы. Жаңа технологиялар туралы айтқанда, цифрландырудың орны жетекші. Бұрын адам жасайтын көп процестер адамдардың қатысуынсыз жасалатын болады. Әрине, ол дәрежеге жету үшін жаңа өзіңіз айқан зауыттар іске қосылуы тиіс. Білуімше, олар күн тәртібінен түскен жоқ. Яғни болашақта халықтың тұтынуына қажет болған кәсіпорындар бәрібір жасалып, іске қосылуы тиіс. Сол сияқты, атом энергиясы, күн энергиясы, су энергиясы, жел, тағы басқа табиғаттың өзінің адамға беріп отырған байлықтарын ғылым, білім арқылы қалай игереміз. Міне, сондықтан да мемлекеттер, оларда тұратын озық ойлы адамдар, ғалымдар бірлесуі керек. Ал тұтыныс тауарлар, өнімдерді кім, қай ел шығарып жатқанына келсек, бұл енді рыноктағы бәсекелестік.Тұтынушылар әрқашан сапаға қарайды. Мүмкін, бастапқы кезде бұрын болмаған жаңа тауар келгенде оның өтімі жақсы, тартымды немесе бағасы да қолжетімді болуы заңды да. Бұл уақытша. Түптеп келгенде, сапаға мән беріледі. Кәсіпкерлер де, рынокқа қатынасушы жеке тұлғалар да заңға жүгініп, заңмен жұмыс жасауға үйренуге міндетті.
Өкінішке қарай, бизнеске саясат көп араласады. Әсіресе қазіргі кездегі АҚШ-тың, Еуропа Одағының Ресей-Украина соғысына байланысты санкциялары, әсіресе біздің тәуелсіз мемлекеттер кеңістігіне әсері өте зиянды әрі кедергі болып тұр. Бәрі адамдардың бір-бірімен сөйлескісі, өзара түсінгісі келмеуінен болып тұр ғой. Қазір тауар айналымы барлық жақта бұғаттауға ұшырап тұр. Шекараларда да, кедендерде де әртүрлі шекаралық қызметтерде де бөгет көп. Оған сол жерде тұрған қызмет адамдарының жауапкершілігін немесе оның мәселені «шешкісі келмейтін» көңіл күйін қосыңыз. Қаншалықты қиын болса да мұның бәрі бәрібір уақытша. Заң, тәртіп түбі орнығады. Адам да өзгереді. Қоғам да өзгереді. Бақылау, заң да әділдігімен орнығады. Техника, технология, логистика өзгереді. Цифрландыру енгізіледі. Алыс-беріс тазарады.
Атом станциясына қатысты сөз қозғасақ, халық өз сөзін айтты. Енді тек өте жоғары білгір мамандар сөйлеуі керек. Біздің еліміздің тарихында тұңғыш рет осындай орасан зор, жаңа оқиға, жоба жүзеге асырылайын деп тұр. Жаңа ұрпақ келеді. Ел тұрмысы бұрын-соңды болмаған, көрмеген жаңа сапаға көтерілуі тиіс. Адамның жаратылысы, табиғаты әрқашан жақсылықты болашақтан күтеді. Атом қуаты біз үшін де Болашақ болып тұр. Тек сәттілік тілейік!
Егер Қытайға барсаң, ел мүддесі, мемлекет тағдыры, тарихына қатысты үш ірі жобаға қатысасың.
Біріншісі — Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны заңдастыру. Жаңа құжаттарды, келісімдерді қабылдап, Қазақ мемлекетінің қолын қою;
Екіншісі — Қытайда 1,5 миллионнан астам отандастарымыз бар. Құқықтық жағдайының сақталуына оң ықпал ету, қалаулары бойынша елге оралуына жағдай жасау;
Үшіншісі — трансшекаралық ортақ өзендерді тең тиімді пайдалану келісіміне қол жеткізу.
Нұрекең маған жүрегінің түбіндегі асыл ойы, шын ниетімен бөліскендей кейіп танытып, сырын ақтарғандай көрінді. Біраз үнсіздіктен соң сөзін жалғастырып:
— Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өрісі кеңейіп, болашақта мұнай туралы сөйлесуге де уақыт келеді, — деді.
Ел Президентінің ұлт мүддесі туралы сөзінен кейін қандай жалтақтау, тағы қандай сылтау, ой болуы мүмкін.
* * *
Келіскендей, бір аптадан кейін Президентке келіп, Елші болып баруға ықыласымды айттым.
Президент менімен ұзақ әңгімелесті. Шын мәнінде, жаңа өмір басталды.
* * *
Қытай дипломатиясы өте қиын, күрделі деген сөздер текке айтылмаған. Солайы солай. Бірақ олармен сөйлесу, келісу мүмкін емес дегенді білдірмейді.
Қытай — мәдениеті, тарихы өте тереңнен тартатын өркениетті мемлекет. Олар да басқа елдер сияқты сыйласа білуді құрмет тұтады. Екіжақты әңгімелесу барысында шетелдіктердің пиғылына, ниетіне, мақсатына, біліміне мұқият зейін қояды. Қытайды сыйлап келген адамға өздері де сондай сый-құрмет көрсетеді. Әрине, құрмет көрсетіп отырып, өз, яғни қытай мүддесін қорғай біледі.
Келіссөздер барысында әріптестерінің өркөкіректігін, мәдениетсіздігін, өзімшілдігін қабылдамайды. Ондайда әңгіме жараспай, шолақ қайырылады. Бұлай бола қалған жағдайда келіссөздерді қайта бастау оңайға түспейді. Келіссөзге келген адамдардың белгілі бір тақырып, проблемаларға дайындықпен келгенін де бағалай біледі.
Әртүрлі жағдайларға да куә болдық. 90-шы жылдардың екінші жартысында, әсіресе шекаралық ортақ өзендер туралы маман қызметкерлер деңгейлерінде келіссөздер жүргізуге біз тараптан сол кездегі ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрлер қызметкерлері Бейжіңге еш дайындықсыз келгендері, бір күн тәртібіне әр кездесуге әртүрлі қызметкерлердің дайындықсыз келген жағдайлары орын алды. Қытай тарапынан: «иә, Сіздерді түсінеміз, әлі тәжірибелеріңіз жоқ» деген сөздер біз үшін ұтылыс. Сондықтан келіссөзге жіберілетін делегациялар құрамын өкілетті, құзырлы министрліктер, Сыртқы істер министрлігі қадағалап, олардың кез келген, кезектен тыс кездесулерге дайын болып, келіссөз мәселесін жан-жақты біліп барулары міндетті.
Г.Е.: — Тегінде, келіссөздер, лауазымды қызметкерлер кездесулері Елшілікте де жос парланатын болар. Қандай да екі жақты кез десулер, мемлекеттік құрылымдар өкілдері, қызметкерлері Елшіліктің қатысуымен өтеді емес пе?
Қ.С.: — Дұрыс айтасыз. Барлығы да, әсіресе, мемлекет құрылымдары Президент, Үкімет, министрліктер, өңірлік әкімдіктер, қатынасатын екі жақты кездесулер, келіссөздер тақырыбы міндетті түрде жоспарланып, қатысушыларға хабарланады. Әрине, ол жоспарлар Орталықтағы құзырлы мемлекеттік орындардың негізгі стратегиялық жоспарларынан туындап, үндесіп, нақты орындалу шаралары ескеріледі. Сондай-ақ бұл жоспар негізге алынғанымен, ол бір қатып қалған догма емес. Өмірдің талап тілектеріне қарай қажетті өзгерістер де енгізіліп тұрады. Тіпті жыл бұрын мүлде жоспарланбаған жағдайлар жаңа жоспарды да жабдықтап, жұмысты жаңартып, жандандырып тұрады. Одан тыс кейде әртүрлі іскер топтар, бизнес өкілдері, жоғары оқу орындары, өнер ұжымдарының, тағы басқа салалардың Қытайдағы өз әріптестерімен тікелей байланыстары да болуы мүмкін. Елшіліктер, әдетте, осындай бастамаларды да қолдайды. Қазақстан үшін барлық мемлекеттермен жақсы қатынаста болу, сөз жоқ, өте маңызды. Солардың қатарында Ресей мен Қытайдың орны бөлек. Екеуі де — дүниежүзіндегі ең ірі әрі барлық халықаралық процестерге ықпалды елдер. Екеуі де бізбен, біздің мемлекетімізбен көршілес, шекаралас елдер. Осындай көрсеткіштерге байланысты жұмыстың маңыздылығын да, толассыздығын да, аса жауапкершілігін де қосыңыз. Қытайлардың ресми құзырлы мекемелерінен де тыс әртүрлі қоғамдық ұйымдармен, ассоциациялармен, шығармашылық ұжымдармен жеке тұлғалар, азаматтармен де кездесулер өткізіп, жұмыс жасалуы тиіс. Осының өзі үлкен әлем. Әсіресе біздің жас дипломаттарымыз үшін үлкен міндет әрі мектеп. Кеңес Одағы кезінде КССРО атынан басқа елдерге жіберілетін дипломаттар негізенен бір ғана орыс ұлтынан болатын. Қазақстаннан дипломатиялық қызметке сирек жігіттер алынатын. 74 жылда екі-ақ қазақ баласы — Нәзір Төреқұлов, Мәлік Фазылов — бірі Сауд Арабиясында, екіншісі Мали республикасында Елші болған. Сонда қазақтан шыққан білімді дипломаттары қызметі Отанға берілгіштігі жағынан басқа ұлттардан кем бе еді? Қазақ баласы басқалардан артық болмаса, ешқайсысынан да кем емес еді. Бар мәселе — ұлт саясатының біржақты жүргізілуінде болып тұр ғой.
Шүкір, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің арқасында өз еліміздің сөзін өзіміз сөйлеп, өз туымызды өзіміз көтеріп, өз Отанымызды өзіміз қорғайтын санаға жеттік. Отаншылдық — мемлекеттік тәуелсіздігіміздің ең басты құндылығы.
Қысқартып түйіндесек, дүниежүзі мемлекеттеріндегі біздің Елшіліктеріміз бен консулдықтарымызда еңбек ететін дипломаттарымыз, елшілікте басқа да техникалық, шаруашылық салаларда қызмет ететін азаматтарымыз нағыз елін сүйер патриоттар, сенімді, мызғымас отаншылдар дер едім. Қазір алғашқы жылдардағыдай емес, қажетті тіл білетін дипломат кадрлар жеткілікті. Әсіресе жас дипломаттар алдыңғы буын ағалардың жақсы дәстүрін жалғастырып, кем-кетігін толтырып, жақсы өсіп келеді.
Мен Елші болған 1995–2001 жылдары өз еліміз экономикалық дағдарыстың ең қиын екінші кезеңін басынан өткізді. Ондай жағдай елдегі тұрмыспен қатар шет елдерде жаңадан ашылып, жұмыс істеп жатқан елшіліктер, консулдықтардың да тұрмыс-тіршілігін, мүмкіндіктерін шектеп тұрғанына қарамастан, еліміздің намысын қорғап, барынша адал, қажырлы жұмыс істеп, Қазақ елін басқа елдерге танытуда барын салып, еңбектенді.
Сол жылдары Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде бірге жұмыс жасаған қытай мамандары Садыхан Бекбергенов, Асан Қожақов, Нұрлан Ермекбаев, Әділ Қыдырбеков, Марат Зұлқарнаев, Данияр Байдильдин, Сергей Машнин, Амангелді Таженов, Ғабит Байжанов, Бағдат Сейітбатталов, Исатай Сартаев, Эрнст Латыпов, Ерлан Айсариев, Серік Батаев, Дархан Нұрсеилов, Ерсайын Есенғалиев, Ерік Әшімов, Айдар Әбішев, Болат Сырлыбаев сияқты азаматтардың іскерлігін, адамгершілігін, отаншылдықтарын ең жақсы сезіммен еске аламын. Сол жылдары өздері қытай тілі оқуларын бітіріп, дипломатиялық қызметтерін маған көмекшіліктен, аудармашыдан бастаған 24–25 жасқа жаңа келген Серік Нарысов, Шахрат Нұрышев мықты, білікті мамандар болып өсті. Шахрат республика Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды, қазір еліміздің Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
Сол жылдары Қытай жоғары оқу орындарына барған жастардың көпшілігі жақсы мамандар болып, сан салалы екі жақты, көп жақты халықаралық қатынастар кеңістігінде еңбек етіп жүр. Бейжің университетін, магистратурасын үздік бітіріп, докторлығын қытай тілінде қорғаған Қуаныш Амантай қазір біздің Қытайдағы елшілігімізде өкілетті кеңесші қызметін атқаруда. Бұл қызмет Елшіліктегі жоғары лауазым — елшінің орынбасары.
МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРА
Г.Е.: — Қай мемлекет болса да ең маңызды, кезек күттірмес мәселесі — мемлекеттік шекарасы болар. Осыған байланысты біздің шекаралас көрші елдермен бұл жұмыс қалай шешілді? Шекара туралы әңгіме қозғағанда ел, жұртты, ең алдымен, Ресей және Қытаймен — екі алып көршілермен қалай заңдастырғаны қызықтырады.
Бір кезде Қытай оқулықтарында Балқаш, Шу өңірлері Қытай жері деп көрсетілгені рас па?
Іле Қазақ автономиялық облысы қай заманда Қытай қолына өтті?
Кеңес Одағы кезінде Қытаймен шекара қалай еді?
Қ.С.: — Әр сұрағыңыздың өзіне жауап тарихтың бір тарауын қамтыр еді. Шынында да, қазақ-қытай шекарасының тарихы, тағдыры еліміздің қилы тарихымен байланысты, үндес құбылыс. Шекара тақырыбы — қашан да ең сезімтал тақырып. Шекара тыныш болса, ел де тыныш. Дүние жүзі, әлем елдерінің қай-қайсысын алсаңыз да, мемлекеттік тәуелсіздікпен қатар қаралатын мәселе — шекара. Мемлекеттер бір-бірімен дипломатиялық қатынас орнатқанда да алдымен бір-бірінің территориялық тұтастығын мойындайтыны айтылады. Бұдан бұрынғы әңгімемізде Ресеймен шекара мәселесіне толық тоқталмасақ та, жерге, көршілікке қатысты біраз әңгімелерді көтердік. Қазақстан-Ресей шекарасы құрлықтағы дүние жүзіндегі ең ұзын шекаралардың бірі — 7 500 шақырым. Ресеймен шекара мәселесі тәуелсіздік жылдары толық шешілген. Арамызда ешқандай даулы, талас тудыратын учаскелер, келіспеушіліктер жоқ. Тиісті құжаттар түгел қабылданып, парламенттеріміз ратификациялаған. Каспий теңізі жағасындағы бес мемлекет арасындағы келісімдер де халықаралық талаптарға сай қабылданып, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауына ие болған. Олар туралы біздің мемлекет басшылары да, дипломаттар да, саясаткерлер де әлденеше рет мағлұмат беріп, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған. Барлық көршілес елдермен де шекарамыз келісіліп, бекітілген.
Шығыстағы алып көршіміз — Қытай елімен де 90-шы жылдары жаңа халықаралық бейбіт, әріптестік, тату көршілік жағдайында барлық шекаралық мәселелер өзара сыйластық, түсіністікпен қаралып, талқыланып шешілді.
Әрине, бұл процестер бір күннің немесе бір кездесу, келіссөздердің нәтижесінде бола қалған шешімдер емес екені де белгілі болса керек. Шекаралық келісімдер — екі тарап мемлекет басшылары, дипломаттары, шекарашылары, көптеген басқа да мамандар қатынасып, ұзақ зерттеп, өлшеп, пішіп, қорытындылайтын өте ауқымды, кешенді әрі күрделі жұмыс.
ХІХ ғасырдың ортасында Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін қазақ даласында билік жүйесі түгелдей өзгеріске ұшырап, хандық жойылып, Қазақстанды толықтай Ресейге қосып, патша пәрмені қазақтарды генерал-губернаторлыққа тәуелді етіп қойғаны тарихтан белгілі. Сол дәуірде Ресей мен Қытай қазақ жерімен, бірақ қазақтың қатынасуынсыз шекаралық келісім жүргізеді. Өйткені ол жылдары Ресей патшалығы тарапынан қазақ жерін Ресейге қосу стратегиясы жүзеге асқан. Міне, тәуелділік. Осы арада «қазақтың қатынасуынсыз» деген сөздерге назар аударыңыз. Қазақтың жерін екі империя өзара бөліске салған. Осылайша, тәуелсіз мемлекет болмай Ресей құрамында болғанымызда, әрине, бізден ешкім де ешқандай пікір сұраған жоқ. Ол келісімдердің қорытындысы бойынша қабылданған құжаттарды біздің тәуелсіздік заманымыздың Сыртқы істер министрі ҚасымЖомарт Тоқаев қазақ-қытай шекара тарихын төмендегідей нақты деректермен баяндаған:
— «Шекараның жалпы бағытын анықтаған 1860 жылғы 2 қарашада қабылданған Пекин келісімі; — 1864 жылғы 25 қазанда қабылданған Шәуешек протоколы шекараның географиялық белгілер арқылы өтуін; — 1881 жылғы 12 ақпанда Санкт-Петербургте қабылданған Зайсан көлі аумағында өтетін шекара және Қытайға орталығы Құлжа қаласы мен Іле өлкесін қайтару. Келесі 1882–1893 жылдар аралығында шекараны арнайы белгілермен, — шекаралық бағандармен жабдықтау жүргізіліп, Орталық Азия аумағында Ресей-Қытай мемлекеттік шекарасын бекітумен аяқталды». (Интервью К. К. Токаева. Казахстанская правда. 15 июля 1998 г.). Кеңес Одағы тұсында да осы шекара сақталды. Сонымен бірге Одақ ішінде әкімшілік шекара бекітілді және ол халықаралық деп айтылмайтын. Қытаймен шекара Одақтың құзырында болды. Қазақстанның Ресей бодандығына мойынұсынуы да, сөз жоқ, мәжбүрліктен туған әрекет, оны да тек тәуелсіздікке қол жеткізгенімізде айту мүмкіндігіне жетіп отырмыз. Тарихта көршілес мемлекеттер арасындағы шекара мәселелері қашанда қарама-қайшы пікірлер тоғысып, көп дәлелдеулер мен пікірталастарды еңсеру арқылы келеді. Сол сияқты Қазақстан мен Қытай арасындағы тарихи оқиғалар мен келіссөздерді тізбелей берсек — келісім ауылынан алыстай беретініміз де анық. Шекараға байланысты қайшылықты оқиғалар, қабылданған келісімдерді көпе-көрінеу бұзушылықтар аз болған жоқ. Оның бәрі — тарих сабақтары. Олардың ең үлкені Іле Қазақ өлкесіне байланысты. 1879 жылы Ресей әскері Құлжаға кірген. Қытай наразылықтарын Ұлыбритания қолдап, ақыры Қырымда Ливадия келісіміне қол жеткізіледі. Ол бойынша орталығы Құлжа Іле өлкесі Қытайға қайтарылады. Мына деректерге назар аударсақ: «…Новая русско-китайская граница в районе Илийского края устанавливалась по горам Беджинтау, по течению р. Хоргос до ее впадения в р. Или и далее на юг, где она смыкалась с пограничной линией, намеченной Чугучакским протоколом 1864 г. … …Протокол о передаче Илийского края Китаю был подписан 10 (22). III. 1882. Накануне и в ходе этой передачи из Джунгарии и Восточного Туркестана началось массовое бегство населения в пределы России. После заключения П.д. (Петербургский Договор) в Россию перешло примерно 70 тыс. беженцев (уйгур, дунган и казахов, пожелавших принять российское подданство, что составило более половины производительного населения Илийского края. Беженцы были расселены в приграничной полосе и во внутренних районах Южного Казахстана». (Дипломатический словарь. Том ІІ. Изд-во «Наука». Москва. 1986. стр. 376.) Міне, жоғарыдағыдай құжаттардан алынған ресми ақпараттар үзінділерінен-ақ біздің шекара аймағымыз қандай күндерді басынан өткізгені көрініп тұр. Қазақ-Қытай екі жақты қарым-қатынасымыздың ақтаңдақтары да, орны толмас, қалған дүние де жоқ емес. Бірақ келген жаңа заман да үнемі «жаңа заман» болып тұра бермейді. Тәуелсіздігімізді жариялаған 90-шы жылдары «жаңа заман» басталды деп әлемге жар салып едік, отыз жыл өткенде ол заманның «ескіргеніне» де куә болып отырмыз. Жақсы, өмір әмсе жаңара берсін, жаңа ұрпақ алдыңғысынан жақсы, мықты болып өссін. Солай болуын тілейміз. Сонымен бірге ол ұрпақтар өздері өскен сайын өткенін де қадірлей білсін. Тарихын тереңнен әрі тарихының шындығынан қуат алсын. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялаған күннен кейін-ақ ең алдымен көршілес Ресей, Қытай мемлекеттерімен іргемізді түгендеп, шекарамызды заман талабына сай заңдастырып алу мақсатында Қытай әріптестерімізбен өзара екі жақты дипломатиялық қарым-қатынас мәселелерін талқылағанда, шекара бойынша келіссөздер жүргізуге олар аса құлықты болмады. Ежелгі қытай дипломатиясының дәстүріне салып, «бізде бұрынғы келісімдер бар ғой» дегенді алға тартып, сөзбұйдаға сүйеп жүріп те айлар, жылдар өтіп жатты. Біз де сабырлылық сақтап, толып жатқан басқа бағыттарымызды қадам-қадаммен жүргізе жүріп, әр кездесуімізде шекара келіссөздерінің қажеттігін еске салып отырдық. Қытай азаматтарымен, мейлі, ол кәсіпкер болсын, мейлі, мемлекеттік қызметкер немесе дипломат болсын, тіпті жоғары лауазымды тұлғалар болсын, қандай да маңызды мәселелер туралы бір айтылған әңгіме немесе екі жаққа да қатысы бар проблема туралы бірнеше рет қайталана талқыланып, «пісіп», жетілуі маңызды. Сол сияқты біз үшін өте маңызды шекара мәселесін де біздер Қытай тарапының жауапты тұлғаларымен әр кездесуімізде де пайдаланып, оның қажеттілігін, маңыздылығын айтып, біздің халқымыз мемлекет басшыларының бұл мәселені кейінге қалдырмай, өзара құрмет, достық, сыйластық дәрежесінде шешілетінін күтіп жүргені тұрақты хабарланумен болды. Біздің Қытай тарапына, олардың мемлекетбасшыларына жеткізгеніміз — осы уақытқа дейін қолданып келген шекаралық келісімдер Қытай мен Ресей арасында болған. Ал мемлекеттік шекараның өтетін жері — Қазақстан. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан ол ғасырда тәуелсіздігінен айырылып, Ресейдің құрамында, бодандығында болғаны тарихтан белгілі. Осындай саяси жағдайына байланысты Қазақстан ХІХ ғасырда Ресей-Қытай шекаралық келісімдеріне қатынаса алмады. Солай бола тұрса да ол шекаралық аумақта сұрақ туғызатын, немесе қайта қарайтын ешқандай жер жоқ. Тек Кеңес Одағы кезінде екі учаскеде шекара бағандары Қытай жеріне, бірінде негізсіз бірнеше шақырымға ауыстырылып, екіншісінде сондай қараусыздықтың салдарынан талас тудырған екі учаске анықталған. Көп жылдар бойына екі жақтан да жеткілікті бақылау болмағандықтан, келіссөздер барысында көптеген шекаралық бағандар орналастырылып, жалпы шекара аумағы қалыпқа келтіріле бастады. Ескеретін жағдай — талас туғызып отырған жерлердің екеуі де таулы аймақтар. Бірі бұрынғы Алматы, бүгінгі Жетісу облысының Алакөл ауданында болса, екіншісі Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданына қарасты жерлерде. Негізінен жазғы жайлау биіктіктері 1800 метрден 2400 метрге дейін. Алакөлдегі учаске 315 шаршы километр болса, Зайсандағы 629 шаршы километр. Ерекшеліктері — ол биіктіктерде тұрақты тұрғын үйлер немесе қысы-жазы ұстайтын мал қоралары, базалар жоқ. Ешқандай зираттар жоқ. Бұрын да, қазір де, ежелгі тұрмыстық тарихымызда да көбіне екі жақтың да малшылары жаз айларында екі-үш ай ғана малдарын жайлауға шығарып, семіртіп, қыркүйектен бастап, суық түсе бастағаннан жайлаудан ойпаңға, ауылдарға түсіре бастайды. Бұрынғы кездерде Кеңес Одағы тұсында біз жақтан да, Қытай жағынан да малшылар негізінен қазақтар болушы еді. Өйткені Құлжа, Тарбағатай, Алтай өңірлерінде ол кездерде олардың малшылары да қазақтар болатын. Қазір білмеймін. Білетінім, бұрынғы Шыңжаң өлкесіне Қытайдың жоғарыда айтқан Батысты игеру мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ішкі Қытайдан, теңіз жағалауларынан жиырма жылда миллиондаған адамдар қоныс аударып, олардың төрт миллонға жуығы шекаралық аймақтарға келіп қоныстанып, кезінде «артта қалған Батыс аймағының» өнеркәсібін, тұрмысын, мәдениетін адам танымастай өзгерістермен өркендетіп жатыр. Кезінде, 2000 жылы Қытай Коммунистік партиясының кезекті съезінде Батыс өңірлерді өркендету міндеттері туралы арнайы мемлекеттік бағдарлама талқыланып, қабылданып, сол өте ірі кешенді мемлекеттік бағдарлама сол жылы Бүкілқытайлық халық өкілдерінің (парламент) арнайы сессиясында заңмен бекітілген. Қытай мемлекеттік билік институттарының тағы бір айрықша ерекшелігі — олар өздері қабылдаған шешімдердің белгіленген мезгілде орындалуын қатты қадағалайды. Тәртіп, талап өте қатаң. Сонымен, шекара мәселесін тәмамдайық. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сол жылдары Сыртқы істер министрі, кейін Сенат Төрағасы, Премьер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытайдағы Қазақстанның тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұрат Әуезов, өз кезегімде мен де Қытай басшыларымен ресми кездесулеріміз міндетті түрде айтатын, талқылайтын ең маңызды мәселелер деп әрқашан шекаралық келісім, қазақ диаспорасының құқы, ортақ өзендерді пайдаланудың заңдық негізі деген үш маңызды мүддемізді ойдағыдай шешу қажеттігін айтпай кеткен жеріміз жоқ. Осылардан барып бүгінгі сауда-экономикалық, мәдени, рухани, білім, ғылым, мұнай, газ, бірлесе даму проблемалары күн тәртібінде тұратын. Кезінде біздің де елшілік қызметіміздің негізгі өзегі, күре тамыры да осы мемлекетаралық жұмыстар болғанын бүгінгі ұрпаққа басымызды көтеріп айтатын мүмкіндігіміз бар. Қысқа қайырып айтқанда, Қытай басшылары, әсіресе сол кездегі Төрағасы Цзянь Цзяминнің де жаңа, тәуелсіз Қазақстанмен әріптестік қатынас қалыптастыруға, сол арқылы Орта Азия, Ресей елдерімен қарым-қатынасты жаңа сатыға көтеруге мүддделі болғаны да көп жағдайлардың оң шешімін табуға ықпал еткенін де айту орынды болар. Бірнеше жылдар табанды әрі әр тарап өз Отанының мүддесін білімділікпен әрі отаншылдық ұстаныммен қорғап, дипломатиялық түсіністікпен ортақ шешімге келе алдық. 1994 жылы сәуір айында ҚХР Мемлекеттік Кеңес Премьері Ли Пэннің Қазақстанға ресми сапары кезінде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойылды. Осы оң қадам жалғасын тауып, 1997 жылдың қыркүйегінде бірінші қосымша келісімге, 1998 жылдың шілдесінде Алматыда ҚХР Төрағасы Цзянь Цзяминь, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екінші қосымша келісімге, 1999 жылдың қарашасында Қазақстан Президентінің Қытайға кезекті сапары кезінде Қазақстан-Қытай арасындағы шекаралық мәселелердің толық реттелуі туралы Коммюнике қабылданып, барлық осыған дейін болған дау, таластарға нүкте қойылды. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Менің өмірім. Бодандықтан — бостандыққа» атты өмірбаяндық еңбегінде осы оқиғаларды былай деп түйіндепті: «…1999 жылғы 23 қарашада Бейжіңде «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекаралық мәселелерді толығымен реттеу туралы бірлескен мәлімдеме» аталатын құжатқа қол қойылды. Онда «Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына ғана ықпал етіп қоймайды, сонымен қатар осы аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ұстап тұруға да қолайлы жағдай туғызады», — деп қадап айтылған. Өте маңызды бұл мәлімдемеге Қытай тарапынан Цянь Цичэнь, Қазақстан тарапынан Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды». (Н. Назарбаев. Менің өмірім. Бодандықтан-бостандыққа. Фолиант. 478-бет.) Осы жұмыс тындырылғаннан кейін мен Елшілікте журналистерге, шетел дипломаттарына, тағы басқа қызығушылық білдірген қоғам өкілдеріне бірнеше күн қатарынан ақпараттық конференциялар өткізіп, көптеген сұрақтарға жауап бердім. Ондай конференцияларды өз елімде де көп өткіздім. Шекараға байланысты айта кететін тағы бір ескертпе. Біз әңгіме үстінде жер, шекара суреттері туралы да айтып едік. Онда кейбір мектеп оқулықтарында, география кітабында карта өрескел бұзушылықпен салынғанына назар аударып, өз наразылығымызды жеткізгенбіз. Жоғарыдағы келісімдерден кейін мен сол кезде Қытай Сыртқы істер мииистрінің бірінші орынбасары, ескі досымыз Чжан Дэгуанмен, Қытай Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Дай Биньгомен арнайы кездесу өткізіп, шекараға қатысты оның тарихынан бастап толық баяндап бердім. Дай Биньгоның бұрынғы қызметі — Сыртқы істер министрінің орынбасарлығынан білетінім бар еді. Өте мәдениетті, білімді адам. Мені мұқият тыңдады. Әңгімеміздің соңында партия халықаралық қатынастар басшысы осы ресми келісімдер негізінде бұрын жіберілген қателіктер міндетті түрде түзетілетінін айтты. Бұл, шын мәнінде, біздің мемлекетіміздің дипломатиялық жеңісі болды. Жаңа тарихымыздың жарқын беттері. Кеңес Одағы кезіндегі барлық шекаралық жұмыстар негізінде көрші Қытай үкіметімен бірлесіп, біз бүгінгі заман, халықаралық жағдайды ескере отырып, өзіміздің қасиетті шекарамызды қауіпсіздік, бейбіт әрі достық белдеуіне айналдыра алдық. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектерінде жеткілікті жазылған. * * * Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес Одағының беделі әлемде өте жоғары болды. Қытай Коммунистік партиясы 1949 жылы жеңіске жетіп, Қытай Халық Республикасы жарияланды. КОКП оған мейлінше достық қолын созып, өнеркәсіп, бүкіл экономикасының өркендеуіне өлшеусіз көмек көрсетті. «Москва-Пекин» деп ән айтылатын. Бүкіл Қытай демесек те, өте көп қытайлықтар орыс тілінде сөйлейтін. Кеңес Одағы басшылығына Н. Хрущев келгеннен кейін жағдай өзгерді. Кешегі дос мемлекеттер бітіспес жауға айналды. Л. Брежнев билікке келген жылдары Мао Цзе Дун бастаған «Мәдени революция» Қытайда жаппай қуғынсүргін ұйымдастырып, дүниені дүр сілкіндіріп тұрды. Дэн Сяопин келіп, қайнаған саясат желігі басылып, бүгінгі Қытай өмірі басталды. Оның «өткенді қалдырып, болашаққа назар аударайық», «Қытай әлемге ашылады, әлем Қытайға ашылады» деген қанатты сөздері, шын мәнінде, Қытайдың өлшеусіз мүмкіндігін дүниежүзіне көрсетіп келеді.
ӘРІПТЕСТІК КӨРШІЛІК
Г.Е.: — Әрине, Қытаймен қарымқатынасымыздың болашағы да біздің елді, қоғамды қызықтырары сөзсіз. Алаңдататыны да бар. Экономикамыздың көп мәселелері, технология, салынып, жұмыс істеп жатқан зауыттар, жұмыс орындары, бизнес, азықтүлік — бәрі қытайланып бара жатқан жоқ па? Болашақта атом электр станциясын салғанда да оларды жобаға қатыс тырамыз деп жатырмыз, ол қалай болады?
Қ.С.: — Өте қызықты әрі орынды сұрақтар. Осы, тағы басқа сұрақтарды көтеріп, жауап іздеп, әртүрлі жастағы адамдар да ой бөлісіп жүрулері де табиғи деп ойлаймын. Әркімнің әртүрлі көзқарастары, ой, пікірлері болуы мүмкін. Бірақ ешкім де бейжай қарай алмайды. Алаңдамасқа да болмайды. Заман қандай ешкім болжай алмаған өзгерістерге ұшырап жатыр. Ғаламдық технология, бүкіл тұрмысымызды цифрландыру санамызда болмаған құбылыстарды өмірімізге келтіруде. Осы құбылыстармен бірге жарық дүниеге жаңа ұрпақ келуі де біздің көп жылдардан бері қалыптасып қалған дүниеге көзқарасымызды, кейбір дәстүр, дүниетанымымызды да өзгертулері мүмкін. Бірақ қандай ең озық технологияларды да өмірге қосатын, оны адамның қажет, мұқтажына, сұранысына жарататын, әрине, Адам. Жасанды интеллектіні де жасап отырған — білімді Адам. Сондықтан білімнің маңызы арта түсетініне сенімдімін. Тек біздің мемлекетіміздің ғана экономикасы дербес бола алмайды. Есептері, қаржы, жабдықтары өзіндік болғанымен, экономика өнімдері бәрібір жергілікті, өңірлік, мемлекетаралық, тіпті континентаралық қатынастар қозғалысымен байланысты болады. Мәселен, АҚШ, Еуропа, Украинаны жақтап, Ресейге экономикалық санкция жариялады. Одан жалғыз Ресей ойсырап жатқан жоқ. Соғыс Ресей мен Украина арасында. АҚШ, Еуропада Ресейдің қаншама бірлескен компаниялары, оларда жұмыс істейтін мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып, дағдарысқа ұшырап, кейінге шегерілді. Ресейдің өзінде Еуропаның, әсіресе Германия, Франция, Англия, тағы басқа дамыған елдердің бизнестері бар. Санкция салдарынан бәрі доғарылып, қолдан жасалған зақымдықтан жалпы экономика ақсап жатыр. Қытай дағдарыстың алдын алатын шаралар қолданып, өз елінде дағдарысқа жол бермей отыр. Олар Қытайдағы америкалық, еуропалық компаниялар, кәсіпорындардың шетелдік үлестерін сатып алып, өз жұмыстарын тоқтатпастан жүргізуде. Жаңа технология, жасанды интеллект жағынан да АҚШ-пен, Еуропаның кез келген елімен иық тіресуге өзінің дайын екендігін де көрсетті. Америка, Еуропа тектентекке Қытай экономикасына қысым жасауды байбалам салып, дауылдатып отырған жоқ. Қытай өндірісі көп жерде монополияға ие болып келеді. Еуроодақ шуласа да, кедергі жолдарын туындатса да, Қытай экономикасы көп салалар бойынша бірінші орынға шықты. Оның үстіне БРИКС (Бразилия, Ресей, Индия, Қытай, Солтүстік Африка) өзара экономикалық одақтың құрылып, жұмыс істеуінен де сескенеді. Қысқасы, жүздеген жылдар бойы басқалардан озық болып, қандай жағдайда да тек өз сөздерін өткізіп үйреніп қалған АҚШ, Еуроодақ бүгінгі әлемді де «уыстарында» ұстап, төрелік еткісі келеді. Бірақ ондай ойдың да уақыты өткен. Қытай, бүкіл Азия экономикасы, ғылымы, мәдениеті, спорты бұрын-соңды болмаған өрлеу үстінде. Сондай-ақ Еуропа мен Қытай, жалпы Азия елдерінде — Вьетнам, Индонезиядағы, Араб елдеріндегі демографиялық процестерді салыстырып көріңіз. Дін әлемінің кеңістігіне көз жүгіртіңіз. Кейбір христиан, католик діндерінің көрнекті өкілдері мұсылман әлеміндегі, ислам дінінің бейбітшіл қызметін мойындап, олармен дінаралық қатынастарды қалыптастырып, діндер, этностар арасындағы түсінбеушіліктерді түбірімен жойып, адамзаттың соғыссыз өмір сүруіне ықпал еткісі келеді. Кезінде, діндер арасындағы сыйластық, өркениет жолында бейбіт түсіністік ауанын қалыптастыруға да Қазақстан президенті бастамашы болып, дүниежүзі дін әлемінің қайраткерлері біздің Астанада бас қосып, үш жылда бір діндер лидерлерінің съездерін өткізу дәстүрге айналды. Күшті бәсекелестік күшті жобаларды да туғызады. Біз, қазақтар, сергек әрі қандай да бәсекелестікте жұтылып кетпей жүру арқылы өсеміз. Арқаны кеңге салып, «бұйырғаны болады» деп жүрудің заманы өткен. Оны санамызбен түсініп, түйсіну үшін әр қазақтың ұлттық санасы оянып, өзіміздің кім екенімізді білу керек. Ол туралы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев та, қазір ҚасымЖомарт Тоқаев та жеткілікті, жеткізіп айтып жүр. Екі жақта екі алып көршілерімізбен қатар өмір сүру — ерте заманнан, бабалардан қалған асыл мұра. Әрине, ол замандардың аралас-құралас, қатынас жағдайлары мүлде басқа болды. Бүгінгі техника, технологияның, құрал-жабдықтардың бірі де жоқ. Қазір сындарлы сынақтармен бетпе-бет келіп тұрмыз. Соған сай ұрпағымыз да, ұлтымыз да ұлтжанды, отаншыл болуымыз міндетті. Қытайланамыз ба, орыстанамыз ба, ол енді өзімізге, өз ұлтымызға, бізге, қазақтарға байланысты. Ең бастысы, қазаққа қазақтану өте маңызды әрі қажет болып тұр ғой. Ондай жағдайлардың себеп-салдарлары көп болуы мүмкін. Тәуелсіздік дәуірінде 34 жыл өмір сүріп келеміз. Өзінің ана тілінде сөйлемейтін, сөйлегісі келмейтін қазақтар неше түрлі сылтау айтады. Мемлекеттік тіл Конституцияда айшықталды. Мәртебе берілді. Одан артық не керек? Ата, ана жауапкершілігі үшін арнайы үкімет қаулысын қабылдаймыз ба? Олар өз үйінде неге балаларына қазақ тілінде сөйлемейді? Әр қазақ «мен неге қазақ болып тудым?» деген сұрақты алдымен өзне қоюы керек. Қазақтардың қазақша сөйлеуді неше түрлі сылтау айтып, проблемаға айналдыруы — барып тұрған енжарлық. Міне, қазақтар сілкініс жасап, осыдан ояну керек? Ондайлар елін, жерін, Отанын, шекарасын қорғауға да енжарлықпен қарайды, — деп қауіптенемін. Біз қоғамдық сананың мешеулігін айтқымыз келмейді. Тіпті кейбіреулер қоғамдық сананы ояту үшін тіл полициясын құрайық деп те ұсыныстар жасады. Айыппұл салуды күшейтейік деді. Нағыз масқара сонда болмай ма? Ана тілінің қасиеті отбасынан басталады. Ата — Ана. Отбасы. Мектеп. Ұстаздар. Міне, ана тіліміздің, мемлекеттік тіліміздің ең басты қайнар бұлағы. Алтын діңгегі. Қысқасы, әрбір ұлттың — өз ана тілінде сөйлеуі, сөйлемеуі адамның да, ұлттың да сапасын көрсетеді.
Г.Е.: — Тіл проблемасына тереңдеп кетуіміздің де қажеті бар шығар. Тіліміз де бәсекелестікке түсіп тұр ғой. Әсіресе бизнес саласында — оның құжаттарынан бастап, барлық қарымқатынастар, қаржылық құжаттарда орыс тілі басым болып тұр ғой. Алдыңғы сұрағымыздың ел үлкен әңгімесі — Атом электр станциясы туралы ұмытып барамыз.
Қ.С.: — Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұл бағыттағы сұрақтардың алдын алып, нақты жауап берді. Тіпті «таяу арада екінші, үшінші атом электр станциясын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын», — деді. Атом электр станциясы туралы әңгіме соңғы жылдары қазақ қоғамына қонақтады. Енді ол толастамайды. Президент қолдады. Референдум өтті. Халық «қажет» деп шешімді сөзін айтты. Менің түсінігімше, ол туралы әңгіме мынандай үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — атом станциясының құрылысына дайындық. Референдум өтіп, шешім қабылданса да, қоғамда неше түрлі пікір, ұсыныстар айтыла береді. Құрылысты бастауға қорытынды шешім қашан қабылданады? Екінші кезең — ең маңызды кезең. Оның құрылысына қатысатын адамдар, мамандар кімдер, қай елдерден келеді? Өз мамандарымызды дайындауды қай оқу орындары жүргізеді? Қазақстан азаматтарының қатынасу мүмкіндігі қалай болады? Құрылысқа байланысты қандай заңдар қабылдануы керек? Станция кімнің жобасымен салынады? Халықаралық тендер қалай өткізіледі? Тендер туралы ерекше жеке заң қабылдау қажет пе? Консультациялық кеңеске қай мемлекеттерді шақырамыз? МАГАТЕ-нің ролі қандай болуы керек? Атом станцияларын салған мемлекеттер мамандарын қалай қатынастырамыз? Үшінші кезең — жаңа технологиялармен жабдықтау қалай, оны кім жүргізеді? Қай мемлекеттерден қандай технологиялар келеді? Оның сапасы мен кепілдігін кім, қандай мекемелер тексереді? Болашақта станцияда жұмыс істейтін мамандар қайда, қалай дайындалады? Міне, осы сияқты толып жатқан сұрақтарға жауап — үлкен жұмыс. Қазір жас ұрпақты осы ғасыр жобасына бейімдеу арқылы жұмыс істеу де отаншылдық тәрбиенің көрнекті бөлігі болар деп ойлаймын. Болашақ ұрпақтарымыздың жаңа технологияларды игеруіне осы ірі жобаның оң ықпалы болады деп сенгім келеді. Сөз реті келгенде айта кетсек, екі үлкен көршілеріміз Ресей мен Қытай да — өз елдерінде Атом электр станциясының игілігін көріп отырған елдер. Кейде ойлаймын, жалпы жоғары технология елдерді, құрлықтарды бүкіл әлемді жақын араластырады, тіпті өткен ғасырлардағыдай құпия сақтау да өзгеріске ұшырайды-ау.
ҚАЗАҚСТАН БАСТАМАЛАРЫ
Г.Е.: — Біздің еліміз бірталай халықаралық қатынастарға бастамашы болып жүр. Бір жағы нан, ол да жаман емес шығар деп ойлаймын. Екіншіден, солардың халық үшін қаншалықты маңызы бар?
Қ.С.: — Ондай қатынастар не үшін, кім үшін жасалады? Әрине, тек қана халық үшін, мемлекетіміз үшін жасалады. Сіз әртүрлі одақтарға мүшелігімізді айтып отырсыз ғой.
Г.Е.: — Иә, ол да бар. Мәселен, Кеден Одағы. Сол Одақ та осы бізде, Астанада құрылмап па еді? Ол құрылғаннан кейін жай қарапайым халықтың түсінігі — Одаққа мүше елдер ара сында Қазақстан, Ресей, Беларусь — аралас құралас жүк тасымалдау, тауар айналымы, кәсіпкерлікке жол кедергісіз ашылып, жақсы боламыз деп ойлаушы едік. Шын мәнінде, кей жағдайларда бәрі керісінше сияқты. БАҚтарда ылғи кеден бекеттерінде тоғытылған жүк көлік терін, мезгілінде өте алмай жүрген тауарлар, ой дан шығарылған талаптар жарияланып жатады. Қандай Одаққа мүше болсақ та бізге, яғни халқы мызға, кәсіпкерлерімізге көмек, қолдау болатын шығар деп түсіндік.
Қ.С.: — Түсінігіңіз де дұрыс, көтеріп отырған мәселелер де бар, қоғамда жеткілікті айтылып жүр. Кедендік Одақ Еуразиялық Одақтың құрылып, жұмыс істеуі тұрмысымызға қажет. Әуел баста оларға қатысты заң, құжаттардың да кем-кетігі аз болмағаны айтылған. Өкінішке қарай, әлі бюрократиялық басым. Көп проблемалар орындаушылар тарапынан, қолдан жасалады. Әсіресе кеден бекеттерінде, шекара қызметтерінде жүк таситын көліктер 10–15 шақырым ұзақтықта кезекте тұрып, бірнеше тәулік, тіпті апталап кеден бекетінен өте алмай тұруын ешқандай себеппен түсіндіру мүмкін емес. Ондай болмау керек. Бұл — заңбұзушылық. Жауапсыздық. Тіпті зорлық-зомбылық десе де болады. Олардың құрылғанына да едәуір жылдар өтті. Көп тәжірибе жинақталды. Кеден бекеттері жаңа құрылыс, жаңа жабдықтармен жасақталды. Қызметкерлер ауысып, жаңа жас буын келді. Қазір мамандар да жеткілікті. Цифрландырудан, компьютерлерден көп үміт күтеміз. Адамның араласуы — адам факторы азаяды. Сонымен бірге мәдени жауапкершілік те арта түсетін болар. Тікелей өзіңіз көтеріп отырған түйткілдерді жоюға, болдырмауға, бақылауға жауапты құзырлы мемлекеттік орындар заң бойынша өз міндеттерін орындауы керек. Осындай Одақтардың қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) жұмысын бөліп айтар едім. Бұл әуел баста тоқсаныншы жылдардың басында басталған. 1996 жылы сәуірде Шанхай қаласында бір шекара бойында тұратын бес мемлекет — Қазақстан. Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан президенттері бас қосып, өзара әскери сенім шараларын қабылдап, келісімге қол қойды. Бес президент осыдан соң шекара маңындағы қару-жарақты қысқарту туралы келісімді келесі 1997 жылы Мәскеуде қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен енді бейбіт өмірдің жасампаздығын қамтамасыз ету үшін жаңа сауда-экономикалық қарым-қатынасты күшейтейік деп 1998 жылдың шілдесінде Алматыда бас қосты. Әр жыл сайын бес президент кездесіп отыруды жоспарлап, 1999 жылы Бішкекте, 2000 жылы Душанбеде кездесіп, әр жыл сайын жаңа келісімдерге жол ашты. Осындай бірізділік тәжірибені сақтап, болашаққа нәтижелі жұмыс істеу мақсатында Н. Назарбаевтың ұсынысымен 2001 жылдың маусымында Шанхай қаласында басқа төрт президенттің қолдауымен «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» (ШЫҰ, орысшасы «Шанхайская Организация Сотрудничества» (ШОС) құрылып, халықаралық ұйым болып қалыптасты. Бұл ұйымның ықпалы да, жұмысы да халықаралық дәрежеде БҰҰ-да өте жоғары бағаланды. * * * Қ.С.: — Әуел бастан Сіз бен біз келісіп, әңгімемізді «Отыз жылдың ой-толғауы» деп айдарладық. Осы жаңа тарихымыздың 33 жылының ең елеулі оқиғаларына тоқталып, пікір алысқымыз келді. Бүкіл мемлекет құрылысын, оның күнделікті қызметін отыз сұрақпен қамти алмасымыз да белгілі. Ондай мақсат та қоймадық. Мәселен, экономикалық, қаржылық, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларын проблема тұрғысынан атап өткенімізбен, оларға терең, жан-жақты талдау жасамадық. Сондай-ақ мемлекет құрылысының қауіпсіздік, қорғаныс салаларын жасақтап, олардың сауатты, білікті жұмыс жасауын қамтамасыз етудің өзі қаншалықты заң, басқа да нормативтік-құқықтық жұмысты талап ететіні тек осы жұмыстармен тікелей айналысатын мамандарға, өкілетті қызметкерлерге байланысты. Мемлекетіміздің қуатты болып, дүниежүзілік бәсекелестікте лайықты орнында жүруі үшін, қандай жаңа талаптар мен биіктерді игеруі үшін қаншалықты жұмыс атқаруымыз керектігін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа, әр адамның санасына жеткізіп айтып жүр. Ондай міндетті атқаратын — халықтың қайраты, ынтымағы, бірлігі. Өткен отыз үш жылда ең қиын кезеңдерді бастан өткіздік. Неше түрлі қайшылықтарға қарамастан, халқымыздың даналығының, бірлігінің, ынтымағының, отаншылдық сезімінің, рух күштілігінің арқасында туған мемлекетіміздің іргетасын мықтап қаладық, қабырғасын көтердік, әлемге танымал еттік. Халықаралық қоғамдастық бізбен санасатын болды. Тек үстіміздегі жылда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы жиырмадан астам мемлекеттерге достық сапар шегіп, осынша елдер басшыларын елімізде қабылдады. Қаншама халықаралық, көпжақты кездесулерде қазақтың туы көтеріліп жүр.
Г.Е.: — Аға, көңілдегі көп сұрақты қозғап, едәуір пікір алысқан сияқтымыз. Жауаптарыңыз да тыңғылықты, ойға ой қосатын маңызды болғанына сенімдімін. Осы келген жерімізде біздің сұхбатымызды да қорытындыласақ бо латындай. Енді бір сұрақ Сізге тосын бола ма? Ол бәріміздің ішіміздегі сол 2022 жылдың қаңтар оқиғасы ғой.
Қ.С.: — Өкінішке қарай, 2022 жылдың қаңтары, әсіресе аға ұрпақтың санасына салмақ, жүрегіне қадалған шаншу болып қалды. Қиын. Сұрақ та, ойлау да, байлау айту да қиын… …2019 жылдың 20 наурызы күні бұрынғы тарихымызда болмаған қандай әдемі билік тапсыруға куә болып едік. Қазақты бүкіл әлем тағы да мойындап, «үлгі», «өнеге» десіп еді. Әлемдік Абырой болып еді. Ұстап тұра алмадық. Тәубемізді ұмыттық па?! Бәрін көтерген, бәрін білетін жалғыз Адам — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев! Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы да «Ана тілі» газетіндегі сұхбатында байыпты бағасын беріп, салмақты ойымен бөлісті. Ереуіл, наразылық — ол адамдардың құқы. Оқ атылғаны, адамдардың өлімі — Республиканың трагедиясы. Қоғамдағы өкінішті жағдайлар қашан да билікке — сабақ. Үлкен, тарихи сабақ!
Г.Е.: — Рахмет, Аға!
Қ.С.: — Сізге де рахмет. Ел аман, ел іші тыныш болсын. Болашағымыз бүгінімізден жақсы болсын!
Сұхбаттасқан:
Гүлсім ЕҢСЕПОВА, журналист,
Қазақстан Республикасы
Ақпарат саласының үздігі,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты.
Пікірлер (0)