Жасөспірімдер суицидтен сақтап қалудың жолдары көп
Фото: ашық дереккөз
Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер суицидінің алдын алуға арналған көптеген психологиялық тәсілдер мен жаттығулар бар. Ол адамның өз құнын бағалай білуге, эмоционалдық сенімділігін бекемдеуге, сонымен қатар күмәнді ой-пошымдаулардан аулақ болуға үйретеді. Осыған орай, біз балалар және жасөспірімдер психологы Айнаш Алтайды әңгімеге тартқан едік.
– Балаларды құлазудан құтқаратын амал-тәсілдер аз емес. Соның көп таралған түрінің бірі – эмоциялық жазба. Жасөспірімдер күнделік жазып, өзінің басынан өткен сезімдерін ақ қағазға түсіруі тиіс. Сол арқылы өз-өзін тануға және ой-сезімдерін ешкімнен жасқанбай сипаттауға үйренеді. Сондай-ақ жас баланың нақты жағдайларға байланысты ақылға қонымды әрекет етуге үйрететін рөлдік ойындар ұйымдастырудың маңызы зор,– дейді маман.
– Балалар суицидке жасқаншақтықтан, әйтпесе тығырыққа тірелген кездері бара ма?
– Адам бұл жағдайға өзінің ешкімге керексіздігін сезінгенде, өмірінің мәнсіздігінен жалыққанда баруы мүмкін. Мұндай жағдайда түрлі арнайы жаттығулар арқылы баланың өзіне деген сенімін арттырып, бойын жағымсыз ойлардан аулақ ұстауға үйретуге болады. Бұл жаттығулар арқылы бала өзін жақсы көруді үйренеді, өзінің күшті жақтарын сипаттайды. Сөйтіп өзіне деген сенімін арттыра түседі.
– Ол жаттығуларды психолог маманның қатысуымен жасау керек пе?
– Басында психологтың қатысуымен, кейін өздігінен жасап үйрету қажет. Тек бір ескерте кететін жайт, баланы сауықтыру процесі жүріп жатқан кезеңде ол отбасы мүшелерімен, жолдас-жораларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың қолдауын сезінуі тиіс. Психологиялық тәсілдер тек сонда ған жақсы нәтиже беретін болады.
– Жалпы, жасөспірімдер суицидке неліктен оңай беріледі?
– Суицидке бейімділік көп жағдайда жағымсыз ойдан туындап жататыны белгілі. Сондықтан баланың миын о бастан түрлі күмәнді ойлардан таза ұстап, тек жағымды нәрселерді ойлап машықтануға үйреткен маңызды. Ойы таза болса, көңіліндегі алаң сейіледі де, бойынна орынсыз үрей ұяламайтын болады. Ол үшін жасөспірімдер күнделікті көргендері мен жалпы өз өмірінде кездескен жағымды сәттерді, жеткен жетістіктерін жазып, онысынан ләззәт алып отырғаны абзал.
– Суицидке көшені көп кезген бала жиі ұрына ма, әлде керісінше, «үйкүшік» бала көп ұрына ма?
– Әр нәрсенің де өз шегі бар, дегенмен бала үйде байланып қалмай, көбірек көпшілік ортаға шығып, әлеуметтік байланыстарды нығайтқаны абзал. Оларға өзі сенетін таныстарымен еркін араласып, көңіл көтеруі қажет. Сондай-ақ өз қатарластарымен бірге командалық ойындарға қатысқаны жөн.
Суицидтің алдын алудың жолдры көп. Жоғарыда айтылған психологиялық әдістер мен жаттығулар қай-қайсы да баланың бойында тұлғалық қасиетті қалыптастыруға, суицид сияқты қауіпті кеселдерден ада болуға үйретеді.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Пікірлер (0)