Қазақстанның өңірлерінде «Жас құтқарушылар» сыныптары ашылып жатыр
Фото: ТЖМ
Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде «Жас құтқарушылар» сыныптарының ашылуы жалғасуда. Бұл бастама мектеп оқушыларының жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға, сондай-ақ төтенше жағдайларда қажетті практикалық дағдыларды үйретуге бағытталған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жетісу облысы Сарқан ауданының Сарқан қаласындағы №1 мектеп-гимназияда кадет сыныбы өз жұмысын бастады. Бұл өңірде ашылған алтыншы «Жас құтқарушылар» сыныбы. Бұл өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың көрінісі болып табылады.
Салтанатты ашылу рәсімінде кадет қозғалысы төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарының сапасын арттыруға ғана емес, сондай-ақ құтқарушы мамандығына деген құрметті қалыптастыруға, жауапкершілік сезімі мен көмек көрсетуге дайын болуды дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.
Оқу бағдарламасына азаматтық қорғаныс негіздері, өрт қауіпсіздігі мен су мен мұз үстіндегі жүріс-тұрыс ережелері, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары, жергілікті жерде бағдарлау, байланыс құралдарымен жұмыс істеу, психологиялық тұрақтылықты дамыту және командада жұмыс істеу машықтары кіреді. Сабақтар ТЖД мамандары мен педагогтардың қатысуымен өтеді, практикалық дайындықты, жаттығуларды, оқу эвакуацияларын және белсенді оқытудың басқа да түрлерін қарастырады.
Осындай сыныптар Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының Сайхин және Хан Орда ауылдарында да ашылды. Ашылу рәсіміне жергілікті белсенділер, педагогтар, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мен оқушылар қатысты. Жас құтқарушылар өрт, жер сілкінісі, шомылу маусымы және басқа да ықтимал төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін үйренуде. Сонымен қатар бірлескен жаттығулар өткізіліп, бағдарлама қатысушыларына куәліктер табысталды.
«Жас құтқарушы» сыныптарының түлектері болашақта бейінді білімдерін жалғастырып, 112 қызметінің қатарына қосылады деп күтілуде, бұл борыш, абырой мен қоғамға қызмет етуді өмірлік ұстанымдарына айналдырған жандардың кәсібі.
Пікірлер (0)