«7 күн ішінде баяндауы керек»: Тоқаев бірнеше министрге тапсырма берді
Фото: Ақорда
Бүгін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше министрге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тоқаев Мирзиёевтің шақыруымен Өзбекстанға барады
Жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет
Дәлірек айтсақ, Президент бұл тапсырмаға қатысты сөзін «жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс» деген пікірден бастады.
Тоқаев өз сөзінде 2022 жылдан бері оның тапсырмасы аясында 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылғанын айтып өтті.
Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет, - деді Тоқаев форумда.
Жер қатынастары саласындағы кедергілер
Президент сондай-ақ тағы бір түйткіл ретінде жерге берілетін кепілдік құнның төмен екенін айтып, Үкімет бұл мәселені назарға алып, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауды тапсырды.
Бұдан бөлек Президент бірнеше министрге 7 күннің ішінде Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын дайындау үшін не істеліп жатқанын баяндауды тапсырды.
Жер қатынастары саласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруашылықтар құруға бөгет болып отыр. Мен Жолдауымда Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырдым. Құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек, - деді Тоқаев.
Пікірлер (0)