Адам саудасы қашан азаяды?

Редакция таңдауы
view 651
news

Жер бетінде сатылмайтын зат жоқ. Бәрі сатылады. Мүмкін бұл капитализмнің заңдылығы да шығар. Сол сауданың үлкені – адам саудасы. Жаһан мұны траффикиң (trafficking) дейді. Адам саудасы әлемнің ең өзекті проблемасы. Оған адамды пайдалану мақсатында сатып алу, сату, зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту және басқа да мәжбүрлеу фактілері жатады. Бажайлап көрсек, адам саудасы көбіне-көп адам құқтары қорғалмаған, демократия жоқ елдерде өршіп тұрғаны байқалады. Бірақ бұл демократиялы елдерде траффикиң жоқ деген сөз емес. ам саудасының тарихы тым тереңде жатыр. Құл иелену үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс аяқталғаннан кейін басталды. Соғыста қолға түскен тұтқындар құлдықтың қамытын киеді. Ал құл деген өзі тауар секілді емес пе? Құлдың хақысы болмайды. Олар тек берген тапсырманы орындауы тиіс болды. Құл базар әлемнің біраз жерінде болды. Мәселен, оның классикалық үлгісі ретінде ежелгі Вавилон, Мысыр (мысалы Бибарыс бабамыздың құл саудасымен барғаны тарихтан белгілі), Грекия, Римдегіні айтуға болады. Құл иеленушіліктің бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі – Американың ашылуы, плантация мен құрылыс басында пайда болған жұмыс күшіне қажеттіліктен кейін өріс алған. Қазірдің өзінде мұндай жағдайлар аз емес. Құл саудасы аграрлық қоғамда өршіді, мүмкін индустриалды қоғамда бұл азаятын шығар деп болжаймыз. Өйткені жетілген жаңа технология жұмысшы таптың орнын біршама басатыны анық. Алайда, секуалды құлдық жоғалып кетпейді. Оған мәжбүрлі адам ағзасының саудасын қосыңыз (бұл өз алдына үлкен тақырып). БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемдегі траффикиң құрбандарының 70 процентінен астамы әйелдер болса, оның үштен бірі балалар екен. Бұл қылмыстық бизнестің Қазақстанға да әсері мол екені белгілі. Жыл сайын 23 тамызда бүкіл әлемде траффикиң құрбандарын еске алу және оны жою Халықаралық күні атап өтіледі.  Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы маусым айының басында адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қабылдануы қажет бірінші кезектегі шаралар туралы жарлық шығарған болатын. Сонымен қатар, адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілік анықтайтын заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 7 Нормативтік қаулысы бар. Адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты бекітілген. Алайда заңгер мамандар елімізде бұл саладағы заңдар әлі де болса жетілмей жатқанын айтады. Zanmedia.kz дерек көзінің мәліметінше, 2019 жылы Қазақстан АҚШ Мемлекеттік департаментінің Адам саудасы туралы жыл сайынғы баяндамасында осы проблемаларды шешу үшін заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігіне байланысты екінші деңгейдегі бақылау тізіміне енді. Баяндама авторлары Қазақстанға позициясын жақсарту үшін 11 ұсыныс жасаған. Ал 2020 жылғы пандемия кезінде «адам саудасы» бабы бойынша елде антирекорд орнады. Қазақстан бас прокуратураның мәліметтеріне сәйкес, тіркелген қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге артқан. Кінәлілердің көбі орта немесе орта арнаулы білімі бар жұмыссыздар. Сол жылы Бахрейнде 20-дан астам Қазақстан азаматының сексуалдық құлдықтан босатылуы қоғамда резонанс туғызған болатын. 2021 жылы Қазақстанда адам саудасына байланысты 141 қылмыстық іс қозғалған. «11616» адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел байланыстың деректері бойынша, бірінші жарты жылдықта оларға 837 өтініш келіп түскен. «Social Development Center» қоғамдық қорының атқарушы директоры Біржан Қазтұрғановтың сөзіне қарағанда, 2018 жылы жарияланған ең соңғы адам саудасының ғаламдық индексінде Қазақстан 86-орынды алған болатын. Сондай-ақ, Еуропа мен Орталық Азиядағы 50 мемлекеттің арасында 25-орыннан көрінді. 2020 жылмен салыстырғанда былтыр елдегі адам саудасы біршама азайғанымен, мәселе әлі де өзектілігін жоймай отыр. Мәселен, 2021 жылы адам саудасына қатысты 60 адамның 56-сын Өзбекстаннан келген мигранттар құрады. Ал биыл жыл басынан бері елімізде адам саудасының құрбаны болған 4 адамның екеуі – Өзбекстан, екеуі – Тәжікстан азаматы болып отыр. Ал «Родник» әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» қоғамдық қорының директоры Нина Балабаеваның айтуынша, олардың статистикасы бойынша 2005 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда 588 кісі адам саудасының құрбаны болған. Оның 322-сі әйел, 266-ы еркек. Мәселен, биыл жыл басынан бері олар адам саудасының құрбаны болған 4 кісіні анықтап отыр. Қазақстанда адамдарды көбінесе жыныстық және еңбекке пайдалану мақсатында сатады. Олардың басым бөлігі Қазақстанға табыс табу үшін басқа елдерден келген мигранттар. – Аzattanu.kz ақпараттық ресурсы адам саудасына қарсы. Ол қазақ, орыс, қырғыз және өзбек тілдерінде жұмыс істейді. Сайттан қауіпсіз көші-қон, шетелде жұмыс істеу және адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың жадынамаларын табуға болады. Жеке блок Қазақстандағы және әлемдегі адам саудасы мәселелері тақырыбындағы жаңалықтарға арналған. Ресурс үнемі өзекті ақпаратпен жаңартылып отырады, – дейді Біржан Қазтұрғанов.

Адам саудасының «табысы»

Қазақстандағы ең басты құндылық – адамның өмірі мен бостандығы екені Конситуцияда жазылған. Адам саудасы адам құқығын бұзудың өрескел түрі. Табыс табу жағынан заңсыз бизнестің ішінде бұл үшінші орында тұр. Заңсыз бизнес арқылы табыс табуды бірінші орында қару-жарақ сату, екінші орында заңсыз есірткі сату және үшінші орынға адам саудасы шыққан. БҰҰ көші-қон комитетінің есебі бойынша адам саудасымен айналысатындар жылына 150 млрд доллар табыс табады. Қазақстанда 2018-2020 жылдары аралығында адам саудасына қатысты 1 100-ге жуық қылмыс тіркелген. Адамды еркінен тыс мәжбүрлеп құлдыққа сату, құлдықта ұстау, құлдықта жұмысқа жегу, зат секілді сату дамыған мемлекеттердің өзінде әлі күшін жойған жоқ. БҰҰ мәліметінше, жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен. Ал Strategy2050.kz ақпараттық сайтының зерттеуінше, әлемде және Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу. Қазақстаннан құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысты екен. Көршілес Орталық Азия елдерінен, яки Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр. Аталған елдерден Қазақстанға құрылыс, ауылшаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. 2008 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни, еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орында болған. Бұл жағымсыз көрсеткіш болғанымен, мұнда ресми деректер айтылмайды. Оның айқын болуының себептері де жоқ емес. Мәселен, алдымен сырттан келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Одан соң құлдыққа түскендер кейін зәбір көргенін, қорқынышын айтып, шағымдана бермейді. Ал әйел саудасына тап болғандар болашағын ойлап, жұртқа жариялағысы келмейді. Бұл жерде қазақ бойында қанына сіңген менталитет жатыр, әсілінде. Ол – ұят болады. Сол ұят боладының нәтижесі, статистикалық деректердің толық болмауына әкеледі. Осыдан соң тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге алып болжам жасап отыр. Қазақстан соңғы жылдары адам саудасымен күрес бағытындағы заңнамалық базаны қатаңдатты. Адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, кейіннен біртіндеп жауапкершілік деңгейі қатаңдай түсті. Еліміз 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойды. Былтыр АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанды адам саудасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, елдегі заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Бақылаудағы елдер дегеніміз не? Алдымен бұл 4 санатқа бөлінеді. Қазақстан аталған есепте үшінші санаттағы елдер қатарына қосылды. Бұл санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату т.б.) немесе АҚШ бастаған кейбір елдердің санкциясы салынуы мүмкін екенін айта кету керек. Бұл ретте, қалыптасқан жағдайды түзету және адам саудасының алдын алу мақсатында Қазақстанға 11 ұсыныс жолданған. Осыған байланысты, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, адам саудасына байланысты кінәлі тұлғаларға жауапкершілік күшейтілді. Интернеттің дамуы адам саудасын жеңілдеткен. Ал Internet World Stats ұйымының мәліметінше, Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады. ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы Думан Таев өткізген онлайн брифингте Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде екінші орынға тұрақтағанын айтқан. Сонымен қатар, ол елімізде із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарға қатысты ақпаратты бөлісті. Қазақстанда жоғалып кететіндердің басым бөлігі мерзімді жұмыс жасайтын ер адамдар екені анықталған. Бүгінде елде із-түзсіз жоғалған 1200 адам тіркелген. Оның 22-сі бала. Көп жағдайда мерзімді жұмысқа басқа қалаға кеткен ер адамдар жоғалып кетіп жатады. Ал кәмелетке толмаған балалар арасында ата-аналарымен келіспей, ұрсысып қалған жасөспірімдердің жоғалуы кездеседі. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Сарапшылар кеңесінің Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын Комиссияның «Азаматтардың және өзге де адамдардың Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы әлеуметтік-экономикалық, еңбек, азаматтық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» арнайы баяндамасының жобасын талқылауға арналған жиынында жұмыс тобының жетекшісі, комиссия хатшысы Тастемір Әбішев баяндамасында Қазақстандағы адам саудасына қарсы күрес, адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау тиімділігін арттыру жөнінде айтқан. Адам саудасы – адамның қадір-қасиеті мен жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіретін аса ауыр қылмыс. Адам саудасы заң үстемдігін әлсіретеді, халықаралық қақтығыстар туғызып, тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін. Ең сорақысы, әлем бойынша шамамен 25 млн адамды құрбан етуді бизнеске айналдырған трансұлттық қылмыстық ұйымдарды байытады. «Қазақстанда адам саудасына қатысты заң жобасының жоқтығын байқаған АҚШ 2019 жылы адам саудасына қатысты арнайы баяндама әзірледі. Ең жақсы көрсеткіш Норвегия, Щвейцария мен Голландияда бар. ТМД елдерін алсақ, Грузия, Литва мен Эстония бірінші деңгейде тұр. Олар адам саудасына қатысты заң қабылдаған. Түркменстан мен Арменияда да мұндай заң бар. Ал Қазақстанда мұндай заң жоқ», – деді Тастемір Әбішев. «Бұл құжатта маңызды ұсыныстар (АҚШ-тың ұсынысы – авт) өте көп. Ұсыныстар шетелдік мигранттардың еңбек қатынастарын реттеуге арналған, сонымен қатар адам саудасына қарсы бағытталған тармақтары да жетерлік. Қазақстанда адам саудасына қарсы Заңның жоқтығы мен үшін таңқаларлық жағдай. Сонымен қатар, менің ойымша, шетелдегі отандастарымызды мемлекеттік қорғау сияқты заң да қабылдану тиіс. ТМД елдерінің барлық мемлекетінде мұндай заңдар бар», – деді заң ғылымдарының докторы, адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы Светлана Жаркенова. Жаркенованың айтуынша, мұндай заңнамалық құжаттардың болмауы Қазақстанның кейбір рейтингтерде төменгі орында болуына себеп болып отрыр. «Еңбек Кодексі» қабылданғаннан кейін кодекстің тармақтарын түсіндіру жөнінде бейнероликтер телевидениеден көрсетілу керек деген пікірлер айтылған. 2021 жылы 22 ақпанда сарапшылар мамандар «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңын әзірлеп, қабылдауды және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістер енгізуді ұсынған. Аzattanu.kz сайты зардап шеккендер мен олардың жақындары үшін көмек ресурстары көрсетілген парақша. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде адам саудасының құрбаны болғандарға кәсіби көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдар мен дағдарыс орталықтарының байланыстары және мекенжайлары көрсетілген. Байланысуға арналған контакті формасы мен адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел желінің қысқа нөмірі – «11616» ұсынылды. Адам саудасы әлемдік қоғамдастық болып күресіп, заң күшейгенімен тоқтар емес. Тіпті мүлде жойылып кетуі де неғайбыл. Тек күрес тоқтамауы керек. Ең бастысы қылмысты азаютуға деген қадамның өзі үлкен жетістік болып отыр.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *