Адамзат өркениетінің бастауы – сынықшылық
Руханият
257
Күнделікті өмірде қажеттілік болмаса, көп жайтты мүлде ескере бермейміз. Қала өмірінде ақпарат мол, өмір сүру мейлінше күрделі. Әйтеуір өмірдің ағысымен жүзесің де кетесің. Әрине, күтпеген бір оқиға болып қалмағанға дейін...
Өткен аптада оң жақ шылдыр шүмек деп аталатын саусағымды жарақаттап алғаным бар еді. Ал Файз сол қолын мертіктіріп алған. Травмотологияға жету де қиын, жеткен соң емделу де оңай емес екені қазір жасырын емес. Жыл он екі ай денсаулық сақтандыруға ақша төлеп отырсаң да, бір саусағыңды емдете алмайсың. Арып-ашып ауруханаға жеткеніңде, гипспен қаптап, қоя береді. Сынықшылардың айтуынша, оның да зиянды тұсары бар көрінеді. Мертіккен жеріңді рентгенге түсіргенімен, ол жерде тек сүйектер ғана көрінеді, ал адам бойында сүйектен басқа да заттар бар емес пе?! Міне, осы кезде біз халықтық емдеуге жүгінеміз.
Сөйтіп, Қосшы қаласынан шарқ ұрып сынықшы іздедік. Ұзыңқұлақтан Қытайдан келген оташы, сынықты қазақтар бар деп естиміз, бірақ мекен-жайын таппадық. Есесіне Қосшы қаласы «Лесная поляна» тұрғын үй алабында тұратын бір сынықшыны таптық. Ол – Рақым Өтепбергенов. Шын есімі Шынтас екен.
Рақым Ақтөбе өңірінің тумасы. Негізгі кәсібі – шаштараз. Бірақ ісі түсіп келген адамның көңілін қайтармай, сынған-мертіккен адамдарға жәрдемін аямайды. Біз де сынған-бүлінген қолымызды қаратып, шыққан буынды орнына түсіріп берген соң, сынықшылықтың қыр-сыры жайында сұрап көрдік.
«Атам Өтепберген Нұржанов 1942-1944 жылдары Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Соғыста жараланып госпиталда жатса, сүйектері шашылып кеткен небір әскерлер келеді екен. Орыстарда сынықшы деген бола ма, жоқ па білмеймін, содан атам олардың сынығын таңып, буыны шыққандардың буынын салып бере бастапты. Сөйтіп атам сынықшы Өтепберген атанған. Бір қызығы, әкемде мұндай қасиет жоқ. Бұл атадан балаға жалғасатын, немесе тәжірибемен үйреніп алатын нәрсе емес сияқты. Мүмкін генде болатын да шығар. Бірақ меніңше, бұл жеке адамдарда болатын түйсік. Мүмкін қасиет шығар. Мен мысалы, адамның сынған жерін ұстап отырып білемін. Бірақ мұның ондай бір тылсым ештеңесі жоқ. Тек адамға берілген ерекше қабілет», – дейді сынықшы Рақым Өтепбергенов.
Табиғаттың бізге беймәлім тылсым сыры, адамның бойындағы күш-қуаты түпсіз терең құпиясы мол, ол әлі ашылып болмайтын құбылыс. Кеңес кезінде дін мен ділді, халықтық медицина жетістіктеріне «ескінің қалдығы» деп күстәналап қана қоймай, қудалағаны белгілі. Тыйым салуға қарамастан, емшілік, сынықшылық қасиеттер жіңішкерсе де, үзілмей бізге жұқанасы жетті.
Сынған, шыққан сүйекті салуға машықтанғандарды оташы, сынықшы деп атаған. Қазақ сынықшылары туралы орыс зерттеушілері А.Левшин, А. Ягмин, Н. Зеланд, А. Алектеров, В. Ненецкий қанмен бітетін ерекше қабілетке таңқалып жазған екен.
Бірақ жаратылыстың құдіретімен табиғи бойға біткен өзгеше қасиетті кісілердің «құпиясын» зерттеу елімізде әлі қолға алынған жоқ. Алайда, ондай зерттеулерге деген ұмтылыс әлемдік практикада бар. Мәселен, оларда бірде жалпы тіршілік иелерінің мәңгілік өмір сыры туралы болса, бірде өмір мен өлім диалектикасы, өлім даналығы – танатасофия бағытында қарастырылып отыр.
Сол секілді Рақым Өтепбергенов те талай иық ұршығы, саусақтары орнынан тайып, аяқ сүйектері, тобығы шығып, шорт сынған, бел омыртқасы майып кеткен адамдарға көмегін аямаған екен.
Тағы бір ерекшелігі, сынықшы немесе оташылардың көмегіне жүгінген адамдар олардың қол ақысын өз шама-шарқына қарай береді, яғни дәл мынандай деген «сома» жоқ. Гипократ заңы бойынша, медицинада тегін емдеуді құп көрмейді, тегін емдеген дәрігердің қадірі жоқ деп есептеледі.
Қалай десек те, сынықшылардың қоғамдағы орны ерекше. Әрі-беріден соң, адамзат өркениетінің алғашқы бастауы осы – сынықшылықтан бастау алған деседі. Мысалы, алғашқы қауымдастық кезінде бір адамның аяғы сынып, яки шығып жүре алмай қала ма, ол адамды тірідей көміп, өлдіге санаған. Себебі көшке ілесе алмайтын адамдар тек артық жүктен басқа ештеңе емес. Ал адамзат тарихындағы ең алғашқы сынықшының аяғы бүлінген жолдасын арқалап, оған алғашқы көмек көрсетіп, «өлімнен арашалап» алып қалған сәті адамзат өркениетінің ең алғашқы қадамы болып есептелді. Демек, адамзат өркениетінің бастауы – сынықшылық. Олай болса, өркениеттің алғашқы қадамын жасаған мамандыққа ерекше ықылас танытуымыз керек деп ойлаймын.
Пікірлер (0)