«Әй, сүмелектер, неге үндемейсіңдер?»: қоғам белсендісі қаламгерлерге ашынды
Фотосурет: ашық дереккөзден
Қоғам белсендісі Абзал Достияр еліміздегі ақын-жазушылардың, жалпы Жазушылар одағы мүшелерінің ұлттық мүддеге жұдырықша жұмыла кетпейтін жайбасарлығын сынға алды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Елімізде саяси тұтқындардың саны 29 еді, өткен аптада 30-ға толды. Алматылық журналист Мирболат Мырзатайұлын өзіне қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап еткені үшін «ұлтараздық туғыздың» деп 4 жылға түрме жазасына кесті.
Иә, дұрыс, ұлтаралық мәселеге өте мұқият қарау, жіті бақылау керек. Үлкен кикілжіңге, қақтығыстарға себеп болатын, тәуелсіздікке қауіп төндіретін жағдай. Бірақ дәл Мирболаттың іс-әрекетінен ешқандай да ұлтараздық туындамаған, ешкім зардап шекпеген, ешкімге күш көрсетілмеген, ешкім арызданбаған.
Ал енді сүмелектер деп отырғаным кімдер? Менің бұлай сөйлеуім біреулерге тұрпайы естілуі, ел алдында әдепсіздік танытқандай, арзан сөз айтқандай болып көрінуім мүмкін. Расында олай емес, қазір түсіндіремін.
Сүмелектер дегенім – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, айтқыштар мен жазғыштар. Ал енді олар неге сүмелек? Қазақта «бейшара» деген сөз бар, ол дегеніңіз – шарасыздық, амалсыз көну, илігу, дәрмені жоқ деген сөз. Ал «сүмелек» деген сөздің мағынасы «қашқақтаушы», «қорқақ» дегенді білдіреді. Бүгінгі ақын-жазушылар – әділдікті айта алмайтын қорқақтар, шындықтан қашқақтаушылар, қара басының қамын күйттегендер. Сол себепті оларды «сүмелектер» деп атауға толық негіз бар.
Атағы дардай Жазушылар Одағының мыңға тарта мүшесі Думан мен Әйгерім, Марат және басқа да саяси тұтқындар қамалғанда үнсіз қалды, көрмегендей болды. Мереке Құлкенов төраға болып тағайындалған күні «Жазушылар оппозиция болмауы керек» деп ескерту жасаған. Сатқын Қосановты кеңесші қылып алған оның шыншылдарға араша түспесі анық.
Бірақ мыңға тарта қаламгер неге үнсіз? Неге сүмелек? Мінез қайда? Тілге деген жанашырлық қайда? Әбден сүмелекке айналған көп жазушының ішінде екі орындыққа қатар отырғандары бар. Былайғы жерде кездессең, құшақтап амандасып: «Ой, сендердікі дұрыс, қолдаймыз, азаматсыңдар» деп арқаңнан қағады, азаматтық қоғам өкілдерімен сәлемі түзу. Бір күні қарасаң, биліктен марапат алып, мәре-сәре болып тұрады. Әй, сендер, сүмелектер, неге үндемейсіңдер? Таразының басында қазақ тілінің мәселесі тұр ғой! Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ете алмасақ, ана тілімізде сөйлесе алмасақ, біткен жеріміз осы емес пе?
Сол сүмелек қаламгерлер биліктегілер кітап шығарып берсе, жыл сайын кеуделеріне салпыншақ тақса, соған мәз болып жүр. Халқың тозып бара жатса, тілің жетімнің күйін кешсе, сенің кітабыңнан не пайда? Ұлт руханиятына сұмдық үлес қосып жүрмін дейсің бе?
Ел мүддесі сын сағатта тұрғанда азаматтық таныта алмасаңдар, үнсіз қалсаңдар, құндарың – көк тиын! Өйткені Міржақып Дулатұлы: «Елдің мүддесі сын сағатта тұрғанда үнсіз қалғандардың бәрі сатқын», – деген. Әлеуметтік желіден естіп, біліп, көріп отыр, қазақ тілінің мәселесі үшін журналист сотталғанын, бірақ бастарын құмға тыққандай болып отыр. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз». Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: бүгінгі қалам ұстағандар, ақыны бар, жазушысы бар, барлығы – сүмелектер! Елдің азып-тозуына сендер де жауаптысыңдар! Егер сендер азу көрсетсеңдер, мінез танытсаңдар, билік бетімен кетпес еді.
«Зиялы қауымбыз» деп ауыз толтырып сөйлейсіңдер, бір қаламгер қайтыс болса қайғырып, төгілдіріп жазба жазасыңдар, жиылып, ақтық сапарға аттандырасыңдар. Сендердің қолдарыңнан келетін іс – осы. Тірісінде ит пен мысықсыңдар. Енді келіп қазақ тілін қорғап, «әу» деуге қорқып отырсыңдар! Биліктің бетімен кетуіне сендер кінәлісіңдер, қара басын ойлаған тоғышарлар! – деп жазды Абзал Достияр.
Пікірлер (0)