Айбек Оралбай – Әлем чемпионы! Қазақ боксы Ливерпуль төрінде жеті алтынмен жарқырады

Жаңалықтар
view 179
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Англияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан 2025 жылғы Әлем чемпионатында қазақстандық Айбек Оралбай (+90 келі) алтын медаль иегері атанды. Финалда ол Өзбекстан үміті, «Баходир Жалоловтың мұрагері» атанған Жахонгир Зокировпен жұдырықтасты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Алғашқы раундта қос боксшы да белсенді қимылдап, алға ұмтылды. Тіпті кездесу кезінде бастары соғылып, Айбектің қасы жарыла түсті. Бұл кезең төрешілердің шешімімен өзбек спортшысына берілді — 3:2. Екінші раундта да Зокиров басым түсіп, есепті 4:1-ге жеткізді. Дегенмен, соңғы раундта Оралбай тактикасын өзгертіп, қарсыласын қыспаққа алды. Нәтижесінде айқас қазақстандықтың пайдасына шешіліп, ол чемпион атанды.

Тарихи жетістік

Айбек Оралбай алғаш рет Әлем чемпионы атанып отыр. Бұған дейін ол 2022 және 2024 жылдары Азия чемпиондығын жеңіп алған болатын. 22 жастағы Жахонгир Зокиров күміс жүлде иеленді.

Қазақстан құрамасының жалпы қорытындысы

Бұл жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы жарысты 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен аяқтап, жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Қазақстандық боксшылардың нәтижелері:

50 келі: Санжар Тәшкенбай – алтын

55 келі: Махмұд Сабырхан – алтын

70 келі: Төрехан Сабырхан – алтын

90 келіден жоғары: Айбек Оралбай – алтын

51 келі: Алуа Балқыбекова – алтын

65 келі: Аида Әбікеева – алтын

70 келі: Наталья Богданова – алтын

48 келі: Назым Қызайбай – күміс

World Boxing федерациясының аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл Әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи додаға айналды. Жеті алтын медаль жеңіп алған біздің құрама қазақ боксының әлемдік аренадағы мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *