Ақ халатты абзал жандар алғысқа бөленді

Редакция таңдауы
view 229
news

«Дара» бизнес академиясының концерт залында «Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған» деген атпен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Маусымның үшінші жексенбісін ақ халатты абзал жандар мерекесі еткен сәттен бастап, олардың мәртебесі биіктей түскендей. «Адал, ерен еңбектеріңіз бен мейірімді жүректеріңіз үшін рақмет. Қатарды жақында толықтырған жас қала болсақ та білікті мамандардың арқасында дамып, өркендеп келеміз. Бақ- берекелеріңіз арта берсін!», деп Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов ақ тілегін жеткізіп, мамандардың бірқатарына алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады. Аймақ басшысының қолынан алғыс алған мамандар қатарында бұл күні «№1 қалалық емхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Әсел Білісбекова, «Жанұя» қазақстандық әлеуметтік-медициналық компаниясы» ЖШС бас директоры Гүлмира Бикетова, «Жанұяның» бас дәрігері Бақытгүл Баекеева, Қосшы қалалық санитарлық эпидемиялық бақылау басқармасының басшысы Шынтас Омаров, Тайтөбе ауылының фельдшерлі-акушерлік пунктінің жалпы тәжірибелі дәрігері Жазира Мырзалиева, №1 қалалық емхананың аға медбикесі Жұлдыз Шәймерденова болды. Өз кезегінде сөз алған емхана басшысы Әсел Львовна: «Бүгінгі мерекенің орны бөлек. Сіздер – адам жанының қамқоршысы ретінде аянбай жұмыс жасаған білікті мамансыздар. Қызметтеріңізде абырой, денсаулық, бақыт тілеймін. Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін!» деп қатардағы қызметкерлерге тілектестік білдіріп, алғыс хат ұсынды. Бұл құрметке №1 қалалық емхана медбикесі Рыскүл Спабекова, емхананың медициналық тіркеушілері – Ақгүл Қожахметова, Тілектес Хасенова, Биғаным Қанатова, Қосшы қалалық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Құрманғали Бакин, «Жанұя» отбасылық денсаулық орталығының уролог дәрігері Сәкен Серікжанұлы, орталықтың жалпы тәжірибедегі дәрігері Меруерт Төлегенқызы, кардиолог дәрігер Азамат Толыбайұлы, күндізгі стационар медбикелер – Дәмелі Айтпайқызы, Алма Кенжеболатқызы, инфекциялық бақылау медбикесі Разия Сәндібекқызы ие болды. Ақ халаттыларға арналған концерттік бағдарлама шымылдығын Перизат Тұрарованың жетекшілігіндегі «Sauran club» шығармашылық орталығының жас орындаушылары Бахтияр Естияр, Әбдібек Айару, Майлан Абдурахман, Серік Нұрай орындаған дәстүрлі ән топтамасымен ашты. Әсерлі ән көптің көңілінен шығып, қошеметке бөленді. Көңілді жиын Ерболат Қуанбектің орындауындағы «Қазақстан», Темірлан Елеулінің шырқаған «Көк аспан», Кенесары Мизамов пен Айбала Өсиеттің «Ақ тілек», Мәдениет Есенгелдиев айтқан «Неліктен», Амантай Әбен әуелеткен «Өмір шіркін- ай» әндерімен жандана түскендей. Мың бұрала сахна төрін нұрландырған «Гүлжан» би ансамблі «Ерке сылқым» биін билеп, Құрманғазының «Сарыарқа» күйін Ерлан Саду тамаша орындап шықты. Дәрігер – өмір тірегі. Дем берген дауа жүрегі, Науқастың сенер тірегі. Сыйлаған саулық әр үйге, Өрлесін бақыт – терегі, деген әдемі тілекпен нүктесі қойылған концерт жиылған жұртқа әдемі әсер, ерекше көңіл күй сыйлады.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *