Жылы жүректердің шуағы

Редакция таңдауы
view 129
news

Кеше Қосшы қаласында ардақты аналардың, ақ тілеулі ардагерлер мен ізгі ниетті жастардың басын қосқан «Қайырымдылық – жылы жүректен» деген атпен аналар форумы өтті. Салтанатты жиынды қаланың ақ жаулықты әжелерінен құрылған «Замандас» тобы ән шашуымен ашты. Шара аясында аймақтағы өз кәсібін дөңгелетіп, жеке кәсібін дамытып отырған белсенді қыз-келіншектердің көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда қолдан шыққан ұлттық бұйым, киім-кешек, қыз жасауы, ұлттық тағам, сүт өнімдері, кондитерлік тәттілер мен майлы бояумен салынған суреттер көпшіліктің назарына ұсынылған. Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай: «Қазақ әйелдері қиын кезеңдерден өтіп қатайып кеткен едік. Ана жөнделмей, ұрпақ жөнделмейтінін ұғатын кезеңге келдік. Болашағымыз сенімді болуы үшін ұрпағымызды түзетуіміз керек. Ана мәдениетті болмай, бала мәдениетті болмайды. Мәдениет дегеніміз – өнер емес. Ол өмір сүру тәртібі, қағидасы. Тәрбие түзелмей, қоғам түзелмейді» деп, қоғамда орын алып жатқан күрделі мәселелерді қозғап, оны түзету үшін саналы ұрпақ қалыптастыру керектігін әңгіме өзегіне айналдырды. Кеңес төрағасы балабақша, мектеп жасындағы бала бойына ерте жастан сіңген жақсы тәрбие, саналы ұрпақ қалыптастыруға апарар жол екенін ерекше атап өтті. Ол кісінің айтуынша, сондай-ақ қазір «Әр мектепке бір әже» деген жобаны бастаған. Бұл жоба немере әке-шешеден гөрі ата-әжеге жақын болады, сыр ашып, ойын еркін бөліседі деген оймен жасалған. Балалар өз құқығын дұрыс білмейді. Соның әсерінен құқығы бұзылған бала көп. Оларды жастайынан тәрбие шекарасынан өтпеу, өткізбеу мәселесін реттеу қажеттігін жеткізді. Форумда сөз кезегін алған Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ақатай: «Мектеп жетіспеушілігі елімізде өзекті мәселенің бірі. Оқушының көптігінен бір мектепте 800 балаға бір психолог екен. Баламен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау мүмкіндігі жоқ. Соның әсерінен жағымсыз әдетке бой алдыратын балалар көбею қауіпі жоғары», дейді ол вейб қолданушылардың қатарының басым бөлігі жастар екенін алға тартып. Балаға жақсы әдет қалыптастыру отбасындағы жылы қарым-қатынаспен байланысты екенін ерекшелеп өтті. «Бүгін мемлекеттік деңгейде өте маңызды мәселелер қозғалған басқосу болып отыр. Мұндай жиындар керек. Ұрпағымыз саналы, ғұмырымыз мағыналы болуы үшін осы айтылған жайттар насихатталу керек», деп Қосшы қаласының әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы игі жақсылардың басын қосқан шараның маңыздылығына тоқталды. Қосшы қаласы Қоғамдық кеңестің төрайымы Сайра Матайбаева «Біз әйелдер қанша жерден кәсіп дөңгелеткен іскер болсақ та, отбасының берекесін сақтау қажет екенін естен шығармауымыз керек. Біз тіршіліктің шырайы, отбасының ұйытқысы екенімізді ұмытпауымыз маңызды. Баланы мейірім мен назарсыз қалдырмайық!», деп қоғамдағы аналардың рөлінің маңыздылығын сөз етті. Басқосуға жиылған көпшілік тарапынан сұрақтар қойылып, келген қонақтар нақты деректермен жауап беріп, форум сәтті аяқталды.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *