Әкімнің ұлынан таяқ жеген оқушы қыз кінәлі деп танылды: анасына айыппұл салынды

Жаңалықтар
view 194
news

Фото интернеттен

Павлодар мектептерінің бірінде жыл басында болған балалар арасындағы төбелеске қатысты сот отырысы аяқталды. Жақында Павлодар облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты зардап шеккен қызды да кінәлі деп танып, анасына айыппұл салды, деп хабарлайды janabastau.kz.

Оқиға болған мектеп қызметкерлерінің куәліктерін, кәмелетке толмағандардың өздерінің сөздерін, олардың заңды өкілдерінің айғақтарын, сондай - ақ бейнебақылау камерасынан түсірілген бейнежазбаны зерттегеннен кейін сотта қыздың тарапынан баланы қорлау фпктілері орын алды, бұл әрекет оны агрессияға итермеледі деген қорытындыға келді.

Сот шешімінен көрініп тұрғандай, сол күні алтыншы сынып оқушысы физика сабағына бара жатқан. Ал дәлізде жетінші сыныпта оқитын қыз құрбысымен бірге оның алдынан кескестеген. Қыз оның сыртқы келбеті, киген киімін мазақтап, өтуге мүмкіндік бермеген. Онымен қоймай, рюкзактан сусын құйылған бөтелкесін алып қойып, оны қайтармаған. Осыдан біраз бұрын ол жаңағы баланың сол мектептің төменгі сыныптарында оқитын қарындасына да тисіп, оны «қортық» деп мазақтаған. 

Сонымен қатар, бұрын мектеп оқушылары ғылыми жобада бірге жұмыс істегені белгілі болды. Екеуінің арасындағы келіспеушілік сол кезде пайда болған көрінеді. Қыздың анасының айтуы бойынша, алтыншы сынып оқушысы өзін мәдениетсіз ұстаған, қызына әдепсіз қимылдар көрсеткен және свастика салған, оның барлығын қыз бала мұғалімге айтып барған. Өз кезегінде ұл баланың айтуы  бойынша, ол мұндай әрекеттерге жетінші сыныпта оқитын қыздың оған не істеу керек екенін, қалай істеу керек екенін үнемі айта бергендіктен барғанын айтқан. 

Бір қызығы, мектептегі жанжалдың екі қатысушысы да тәртіпті оқушылардың қатарында екен, бірақ ұл балаға «кейде импульсивті» және «тез ренжігіш» деген мінездеме беріліпті.

Нәтижесінде сот қыздың іс-әрекетінде де ұсақ бұзақылық болды деген қорытындыға келді. Анасы қызын тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 51 688 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін желіде Павлодар облысында аудан әкімінің ұлы оқушы қызды ұрғаны туралы ақпарат пайда болған болатын. Ақпаратты Білім министрлігі расталды.

«Шынында да, мұндай факт болды. Мен барлығына айтқым келеді, әлеуметтік желілерде пайда болған әрбір жағдай бойынша біз мұқият тексеріс жүргіземіз және бұл туралы міндетті түрде тиісті мемлекеттік органдарға хабарлаймыз. Осы факт бойынша қазір тергеу жүріп жатыр және тиісінше шаралар қабылданады деп айта аламын»,-деді вице-министр Еділ Оспан.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина өз кезегінде баланың ата-анасын да әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша отырыс өткенін айтты.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *