Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Құтқарушы күнімен құттықтауы

Редакция таңдауы
view 138
news

Құрметті құтқарушылар, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері және ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құтқарушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер кез-келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке келетін, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғайтын, қиындыққа батылдықпен қарсы тұратын және бір-біріңіздегі жауапкершілік мен сенімділікті барлығынан жоғары бағалайтын адамдар тобына жатасыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамандыққа адалдық, ерлік пен кез-келген сынаққа дайын болу төтенше жағдайлар қызметінің мамандарына қойылатын басты талап екенін атап өтті. Бүгінде құтқарушы мамандығының беделі артып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен сала қызметкерлерінің еңбекақылары да көтерілуде. Бірақ, сіздер үшін басты марапат – құтқарылған адам өмірі. Табиғи және техногендік апаттар кезінде, күнделікті қиын жағдайларда сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ал, сіздер өз ерліктеріңіз бен тәртіптіліктеріңіз, асқан төзімділіктеріңізбен құтқарушылар арасында кездейсоқ адамдар жоқ екенін күн сайын дәлелдейсіздер. Аймағымызда бұл ізгі кәсіптің өкілдеріне деген көзқарас қашанда ерекше. Қазақстанның жер-жеріндегі және шетелдегі жүздеген құтқарушылар еліміз бойынша осындай бейіндегі жалғыз оқу орны – Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясының түлектері. Мамандарды даярлауда, оларға орасан зор тәжірибелері және білімдерімен көмектесуде, ең қиын мамандықтардың бірінің дәстүрі мен рухын сақтауда сала ардагерлерінің рөлі орасан. Сол үшін сіздерге мың рахмет! Осы мереке күні адал еңбектеріңіз үшін шын жүректен шыққан алғысымды қабыл алыңыздар! Сіздерге зор денсаулық, табандылық және кәсіби қызметте табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақыт тілеймін!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *