Алматыда Nomad Bazaar-дың ашылуы: "Бір ауыл - бір өнім " жобасының өңірді дамыту жолындағы жаңа қадамы

Жаңалықтар
view 58
news

Фотосурет: gov.kz

Алматыда NOMAD Bazaar атты "Бір ауыл - бір өнім" (БАБӨ) жобасының Орталық Азиядағы алғашқы тұрақты сауда алаңы ашылды. Жаңа дүкен Көк базардың орталық павильонында орналасқан, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Nomad Bazaar жай ғана дүкен емес, ол ауылдағы өндірушіні мегаполис тұтынушысымен байланыстыратын платформа. Мұнда БАБӨ жобасына қатысатын қазақстандық қолөнер және гастрономиялық брендтер жергілікті бастамаларды тұрақты бизнеске айналдыра отырып, өнім ұсына алады. 50 м2 сауда нүктесі "барлығы бір шатыр астында" ұстанымымен орналасқан: логистика, орау, сату және бухгалтерлік есеп орталықтандырылған. Бұл кәсіпкерлердің өнім сапасына мұқият болуына мүмкіндік бермек. Жаңа алаңның артықшылығы көп. Алматы тұрғындары мен туристердің кең аудиториясы оған қол жеткізе алады, кәсіби маркетингпен сүйемелденеді. Тұтынушылық сұранысты талдап,  өнімді өткізу ауқымын арттыратын онлайн - сатылым бар.

"Бір ауыл - бір өнім" жобасы Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен, Ұлттық экономика министрлігінің бастамасымен, "Атамекен" палатасымен бірлесіп іске асырылуда. Оның мақсаты — ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, Қазақстан өңірлерінің мәдени ерекшелігін көрсететін бірегей өнімдерді ілгерілету. 2025 жылы жобаның бренд-комитеттері 60 жеңімпазды таңдап алған болатын. Енді олардың өнімі аймақтың ерекше өнімі ретінде озық кәсіпкерлік символына айналып отыр. Nomad Bazaar-дің ашылуы осы брендтердің орнықты маркетингі мен сату жүйесін қалыптастырудағы қисынды қадам болды.

Жоба қазірдің өзінде халықаралық деңгейде танылып отыр. FOODEX Japan көрмесінде қазақстандық өндірушілердің өнімі жоғары бағаланған. Ал "Жантақ" балы Honey of the Year байқауында үздік үштікке енді. Қазақстандық ірімшік жасаушылар — өткен жылдардағы жеңімпаз. Франциядағы беделді Mondial du Fromage 2025 байқауында алты медаль жеңіп алған.

Алдағы айларда БАБӨ қатысушылары үшін экспорттық қуатты арттыруға арналған тамақ өнеркәсібі, стандарттау, буып-түю және маркетингтік оқыту семинарлары ұйымдастырылады.
Алматыда Nomad Bazaar-дың ашылуы "Бір ауыл - бір өнім" жобасының жергілікті бастамадан өңірлердің тұрақты дамуына алып келген Made in Kazakhstan мықты брендін қалыптастырудағы жаңа деңгейге өтуді білдіреді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *