«Амина-2011» балабақшасындағы ерекше қойылым
Қосшы жаңалықтары
642
Қосшы қаласындағы «Амина-2011» балабақшасында «Балалардың жеке тұлғасын театр өнері арқылы жан-жақты дамыту» атты тақырыпта семинар өтті. Семинарға Қосшы қаласы Білім бөлімінің әдіскері Гаухар Мейрманова, балабақшалардың бірнеше өкілдері, тәрбиешілер және ата-аналар қатысты.
Жыл бойына арналған іс-шара театрландырылған қойылымдар арқылы мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамыту, сөйлеу мәнерлерін қалыптастыру, адамгершілікке баулу, дүниетанымын кеңейту мақсатында ұйымдастырылды. Аталмыш шара қонақтармен «Маска» тренингі арқылы танысудан басталды. Содан семинар қатысушылары сабақтарға кіріп, артынша бүлдіршіндердің қойылымын тамашалады. Балабақшадағы кішкентай бүлдіршіндер тобында «Ертегілер еліне саяхат» ашық сабағы өткізілді. Ал орыс тілінде білім алатын ересек топта қазақ тілінен «Орман жануарлары» тақырыбында интерактивті сабақ өтіп, ағылшын тілінде «Тhe Turnip» ертегісін көрсетіп, қуыршақ театры «Инелік пен құмырсқа» атты қойылым қойды. Балалардың шығармашылық белсенділігі осы театрландырылған ойындарда дамитыны белгілі. Балабақша бүлдіршіндері театрландырылған ертегілерді ойнаған кезде еш қысылып-қымтырылған жоқ. Олар сөздерін нақышына келтіріп айтып, тіпті, рөлге еніп, сахна әртістеріндей өнер көрсетті. Кішкентай өнерпаздар ертегі кейіпкерлері сияқты әрекет еткенде театрға деген сүйіспеншілігін байқадық. Осы орайда тәрбиешілерінің де еңбегі зор. Балаларды ашық сабаққа да, сахнаға да дайындап, өздерінің шеберліктерін көрсете білді. [video width="848" height="480" mp4="https://janabastau.kz/wp-content/uploads/2022/11/whatsapp-video-2022-11-09-at-12.36.11-1.mp4"][/video] «Іс-шарадан алған әсеріміз өте керемет. Балалар білімді, өнерлі екен. Тәрбиешілер өздерінің шеберлігін жүз пайыз көрсете білді деп айта аламын. Олардың еңбегіне табыс тілеймін. Осындай қызықты ұйымдастырылған іс-әрекеттерді өткізе берсін. Ұжымға да алғысым шексіз. Педагогтік көзқараспен талдасақ, ең әуелі маған орыс тобындағы «Шалқан» ертегісі ұнады. Сол ертегіде өзіміздің қазақтың ұлттық киімін көрсете білген. Яғни, ата мен әжеге ұлттық киім кигізіп, жаңашылдық енгізіпті. Осылай өзіміздің салт-дәстүрді насихаттап, дәріптеу керек. Содан кейін ересек топта өткен «Қызыл телпек» ертегісі де қатты ұнады. Ондағы балалардың әрбір тапсырманы қиналмай, өте жақсы орындағанына риза болдық. «Күз» тақпағын мнемо кестесі арқылы түсіндірді. Балалар өлең жолдарын суреттер бойынша қарап, тез жаттап алады. «Қуыршақ театры» қойған ертегі жайлы айтар болсақ, онда балалар ертегіні аудиомен тыңдап отырып, қолмен, іс-қимылмен керемет көрсетті» – дейді семинарға келген «Балғын» балабақшасының әдіскері Назым Кәрімова. Балабақшада аталмыш іс-шара аясында «Сиқырлы театр әлемі» атты көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде Қуыршақ театры, Диск театры, Таяқшалардан жасалған театр, Көлеңкелі театр, Конус және Саусақ, Маска театрлары өз туындыларын паш етті. Игі шара көпшіліктің көңілінен шығып, балалар өздерін қалыптасып қалған өнерпаз ретінде көрсете білді. [video width="480" height="848" mp4="https://janabastau.kz/wp-content/uploads/2022/11/whatsapp-video-2022-11-09-at-12.36.13-1.mp4"][/video] «Театр бала өмірінде ерекше орын алады. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту үшін өте жақсы мүмкіндік болып табылады. Қазір неше түрлі гаджеттер дамығын заман. Оған кішкентай балаларымыз байланған. Сондықтан біз балалардың ашылуын, көбірек сөйлеуін мақсат етеміз. Баланың бойындағы қабілетін ашпаса, оған мүмкіндік берілмесе, ол сол тұйық қалпы мектепке барады. Сондықтан да театр бала тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Бізде ағылшын тілінің үйірмесі бар. Мәселен, ертегіні үш тілде көрдіңіздер. Яғни, балалар рөл бойынша үш тілде сөйлейді. Осы театр балалардың бойындағы өз-өзіне сенімсіздіктен, жасқаншақтық, ұялшақтықтан арылуға, жан-жақты қалыптасуына көмектеседі» – дейді «Амина» балабақшасының меңгерушісі Айнагүл Мурзатаева. Сөз соңында балабақша директоры Есімағзым Қожахметов балалардың өнеріне жоғары баға беріп, оларды тәрбиелеп, тәлім беріп отырған тәрбиешілерге, балабақша ұжымына алғысын айтты.«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл, яғни 2022 жылы – Балалар жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде балалардың игілігі үшін әртүрлі бастамалар көтеріліп жатқанын, естіп, біліп, көріп отырмыз. Біздің де балабақша ұжымы осынау үлкен бастамаларға үн қосып, жас жеткіншіктерімізге өмір теңізінде өз желкенін табуға көмектесіп жатыр. Балалар – біздің болашағымыз. Данышпан Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білімнен сақтану керек» деп айтып кеткен. Сондықтан біз бала тәрбиесіне баса мән беруіміз керек. Тәрбиешілерге, балабақша ұжымына тағы да зор алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің арқаларыңызда балаларымыз ақылды да, білімді болып өсіп келе жатыр», – деп атап өтті Есімағзым Қожахметов.Нұрән ӘДІЛЕТ
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)