Ақбөкен еті – сатылымда: дәмін алғаш татып көргендердің пікірі шықты
Фотосурет: Orda.kz
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жақын арада ақбөкен еті Қазақстанның супермаркеттерінде бөлшек саудаға шығарылатынын растады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ет комбинаттарына тексеру жүргізіліп, өнімнің толық ветеринарлық-санитарлық сараптамасынан өткеннен кейін саудаға рұқсат берілген, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Digital Business-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерді шолып шыққанда анықталғандай, қазақстандықтар жаңа өнімді әлдеқашан татып көріп, өз әсерлерін желіде белсенді түрде бөлісіп жатыр. Көпшілік пікірінше, ақбөкен еті қой етінен жұмсақтау, алайда оны дұрыс дайындау үшін алдын ала өңдеу қажет.
Еті өте жұмсақ әрі дәмді. Бірақ кем дегенде 4-5 сағат суға салып қою керек. Сонда ащылығы кетеді. Аталықтарының еті аздап кермек болады, сондықтан міндетті түрде суға салып қою қажет. Біздің отбасымызда бәріне ұнай қойған жоқ, бірақ мен етті жақсы көретін адам ретінде қуырдағын ерекше ұнаттым, - деп жазды бір азамат.
Басқалары, керісінше, дәмін қой етіне ұқсатады, бірақ оған тән иістің жоқтығын атап өткен.
Кейбіреулерге ұнамағанына таңғаламын. Көп адам қой етін иісі үшін жемейді, ал ақбөкен етінде ондай иіс жоқ. Дәмі жұмсақ, сәл тәттілеу, – деп жазды Threads қолданушысы.
Енді біреулер еттен жусанның жеңіл дәмін сезгенін айтқан. Олардың бірі ақбөкен етін өзі дайындап көріпті.
Кішірек, 16 келі тушасын алдым. Өте ұнады. Жұмсақ, қой етіне ұқсайды. Бұқтырып пісірсең, саусақ жалап қоясың. Әзірге сатылымда барда тағы аламын. Ал кәуапқа келмейді, тым құрғақ болып кетеді, - дейді ол.
Кейбір сатып алушылар ақбөкен етін алғаш рет интернеттегі кеңестермен дайындағандарын жазған.
Жақында жәрмеңкеден ақбөкен етін сатып алдым. ChatGPT-дан қалай дайындау керегін сұрадым. 6-7 сағат суға салып қойдым, содан кейін қуырдақ жасадым. Еті жұмсақ, хош иісті, даланың шөп иісі сезіледі. Қабырғасы керемет – май қабаты жұқа. Еттің дәмі лақ етіне ұқсайды, бірақ майы аң еті сияқты тез қатып қалады. Кеңесім – міндетті түрде көріңіз! - дейді келесі желі қолданушы.
Пікірлер (0)