Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті экстрадицияланды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Бас прокуратураның Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Ресей Федерациясынан бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінген азамат экстрадицияланды. Тергеу барысында оның құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2020-2022 жылдар аралығында адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жалған шарттар жасасып, аффилирленген компаниялар арқылы ақша қаражатын аудару жолымен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды, - деп хабарлады Бас прокуратураның өкілі Әсел Берқалиева.
Ол қаражат Ақмола облысында жел электр станциясын салуға арналған. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
Биылғы ақпан айында ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, ҚР Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадициялау туралы шешім қабылданды.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмысқа қатысы бар басқа тұлғалар осы жылдың мамыр айында әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Қылмыстық заңмен айыпталған әрекетті жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - деді прокуратура өкілі.
Пікірлер (0)