Ақмола облысында 18 мемлекеттік кәсіпорынның заңсыз қызметі анықталды
Фотосурет: дереккөз
Ақмола облысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті биылғы 8 айдағы жұмысын қорытындылады. Бұл туралы брифинг барысында құзырлы орган өкілі Әділет Мурсалов мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Оның мәліметінше, департаменттің басты міндеті – кәсіпкерлердің құқығын қорғау, бизнеске кедергі келтіретін тосқауылдарды жою және барлық нарық қатысушылары үшін тең мүмкіндік жасау.

Департаментке азаматтар мен ұйымдардан 90-нан аса өтініш түсті. Барлығы жан-жақты қаралып, құқықбұзушылықтарды қалпына келтіру және әділ бәсекелестікке кедергі келтіретін мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылданды, - деді спикер.
Маңызды нәтижелердің бірі – бәсекеге қарсы заңбұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу. Мысалы, білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында кейбір ұйымдарға негізсіз артықшылықтар берілгені анықталған. Бұл жайттар бойынша нұсқамалар беріліп, тиісті әкімшілік шаралар қабылданған. Нәтижесінде, барлық нарық қатысушылары үшін тендерлік рәсімдердің ашық және әділ өткізілуі қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, департамент мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне мониторинг жүргізді. Тексеру нәтижесінде, қолданыстағы заңнамада көзделмеген қызмет түрлерін іске асырған 18 мемлекеттік кәсіпорын анықталып, оларға заңсыз қызметті тоқтату жөнінде нұсқамалар берілді.
Департамент жанындағы өңірлік кеңестің жұмысы да айтарлықтай нәтиже берді. Кеңес отырыстарында құрылыс, білім беру, жер бөлу және бизнеске инфрақұрылымға қол жеткізу мәселелері талқыланған.
Мәселен, кәсіпкерлерге интернет желісін дамыту үшін талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнатуға мүмкіндік беретін электр желілеріне қосылуға рұқсат берілген.

Біздің мақсатымыз – нарықтағы барлық қатысушылар үшін тең жағдай жасау және кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімін арттыру. Біз өңірде әділ әрі ашық бизнес ортаны қалыптастыру үшін жұмысымызды жалғастыра береміз, – деді Әділет Мурсалов.
Жалпы жүргізілген жұмыстың нәтижесі – нарықтың біртіндеп ашық, бәсекеге қабілетті болуы, ал кәсіпкерлер үшін даму мен инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктердің ашылуы.
Пікірлер (0)