Ақмола облысында Балық шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті
Сурет: Ашық дереккөзден
Бүгін Ақмола облысында Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара балық шаруашылығы саласының өкілдерін, ардагерлерді, аквамәдениет пен су биоресурстарын қорғау саласындағы ведомстволар мен ұйымдардың мамандарын біріктірді.
Шараға қатысушыларға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде балық шаруашылығы – өңірге экологиялық таза өнім өндірумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін агроөнеркәсіп саласының болашағы зор бағыты екенін атап өтті.
Өңірде тауарлы балық өсіру көлемін арттыру, саланы мемлекеттік субсидиялау және биологиялық алуан түрлілікті сақтау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Биыл 2000 тонна балық өсіру жоспарланған, оның 1000 тоннадан астамы жыл басынан бері алынған. Сонымен қатар, 30 миллионнан астам балық шабағы су айдындарына жіберіліп, кең көлемде балықтандыру жүргізілуде.
Балық шаруашылығы саласын дамытуға сіңірген көп жылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және жеке үлесі үшін бірқатар сала қызметкерлері Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төсбелгілерімен, алғыс хаттарымен, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары мен Есіл өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының алғыс хаттарымен марапатталды.
Пікірлер (0)