Ақмола облысының аграршылары табысты жиын-терімге дайындалуда
Сурет: Ашық дереккөзден
Ақмола облысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық БАҚ өкілдерінің қатысуымен пресс-тур өтті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Журналистер заманауи агротехнологиялармен, егін жинау науқанына дайындық барысымен танысып, мемлекеттік қолдаудың ауыл тұрғындарына өндірісті дамытуға қалай көмектесіп жатқанын білді.
Зеренді ауданындағы «Викторовское» ЖШС 23,6 мың гектар жерді өңдейді, оның ішінде 17,8 мың гектары — егістік, 6,8 мың гектары — жайылым. Егіс құрылымында бидай, арпа, сұлы, бұршақ дақылдары, зығыр, рапс және малазықтық шөптер бар. Мұнда заманауи техника паркі, астық кептіргіш, механикаландырылған ток және тіпті өз наубайханасы да жұмыс істейді. Маусым кезінде 200-ге дейін адам еңбек етеді.
Кәсіпорын мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдаланады, жеңілдетілген жанар-жағармай мен техника алады, бұл тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді.
Шаруашылық директоры Виталий Гончаровтың айтуынша, биыл алғаш рет тәлімі жерге қант қызылшасы егілген.

«Бұл істі енді бастадық, бірақ гектарына кем дегенде 30 тонна алуды жоспарлап отырмыз. Бұл — жақсы нәтиже. Біз аурулар мен зиянкестерге қарсы төрт рет өңдеу жүргіздік. Салыстырмалы түрде айтсақ, бидайда әдетте екі рет жасаймыз. Жоба пилоттық, бірақ болашағы зор, әсіресе қасымызда қайта өңдеу зауыты ашылса», — деді ол.
Пресс-турдың келесі нысаны — «Журавлевка-1» ЖШС. Бұл — өңірдегі ең ірі шаруашылықтардың бірі. 122,8 мың гектар жерде дәнді, майлы, бұршақ дақылдары, картоп және көкөніс өсіріледі. Сондай-ақ, мұнда мал шаруашылығы, соның ішінде асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры бағыты дамып келеді.
Кәсіпорын басшысы Қуантай Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылық машина-трактор паркінің 90%-ын жаңарта алған.

«Бізде 64 жаңа комбайн бар. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша 6 млрд теңгеден астам қаражат алдық, тыңайтқыш, жанар-жағармай және техника сатып алдық. Бұл тікелей өнімділіктің артуына әсер етті: биыл гектарына 23 центнер алуды жоспарлап отырмыз, өткен жылы 18 центнер болды. Қазір бізде 530-дан астам адам жұмыс істейді. Осы аптада жинауды бастаймыз», — деді ол.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ренат Қасеновтың айтуынша, өңірдегі егін жинау аумағы 5,3 млн гектарды құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 128 мың гектарға көп. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар — 4,7 млн га, майлы дақылдар — 495,4 мың га, картоп — 8,7 мың га, көкөніс — 1,4 мың га.

«Қолайлы ауа райы мен уақытылы агротехникалық шаралар егістік алқаптарының 80%-ында жақсы жағдайды қамтамасыз етті. 4,2 млн гектарда химиялық арамшөпке қарсы өңдеу аяқталды, 273 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Мұның бәрі көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие беру бағдарламаларының арқасында мүмкін болды. Биыл 905 фермер 116 млрд теңгеден астам қолдау алды», — деді ол.
ҚР АШМ стратегия департаменті директорының орынбасары Арайлым Әлімбекованың айтуынша, биыл аграршыларға жеңілдетілген несиеге шамамен 700 млрд теңге бөлінген, бұл он жыл бұрынғыдан 10 есе көп. Ал жеңілдетілген лизингке — 250 млрд теңге қарастырылған. Бұл шаралар шаруашылықтарға егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау аумағы 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектар — дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Тамыз айының басында елде 880 мың гектар жиналып, 1,2 млн тонна астық бастырылды. Солтүстік өңірлерде жаппай жинау тамыздың ортасында басталады.
ҚР АШМ егіншілік департаменті басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов журналистерге биылғы жиын-терім науқанына 38 мың комбайн, 138 мың трактор және 50 мың орақ дайындалғанын айтты.

«Литріне 274 теңге бағамен 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, бұл нарықтық бағадан 20% арзан. Өткен жылдан бастап ауқымды жеңілдетілген техника лизингі бағдарламасы жұмыс істеп жатыр және оған қызығушылық артып келеді. 250 млрд теңгенің жартысы игерілді. Сонымен қатар, Қазақстанда John Deere техникасын шығару басталды, оны 30% субсидиямен алуға мүмкіндік бар», — деді ол.
Пікірлер (0)