Ақтөбе олысында көңілдесін аяусыз ұрып-соққан әкім сотталып жатыр
Фотосурет: gov.kz
Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырдың үстінен сот процесі басталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі orda.kz-ке сілтеме жасап.
Шенеунікке өзімен көңілдес болған әйелді ұрып-соқты деген айып тағылған. Әкімнің өзі бұл айыпты толығымен жоққа шығарып, оны жала деп атады.
Бұл оқиға туралы ақпарат 9 қыркүйекте пайда болған. Сол кезде Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырдың әйелді ұрып-соғу фактісі бойынша ісі сотқа жолданғаны белгілі болды. Енді міне, сот отырысы басталып, істің мән-жайы айтыла бастады.
Сотта жәбірленуші әйел әкіммен 2021 жылдан бері таныс екенін айтты. Олардың арасында көңілдестік қарым-қатынас орнаған. Қазбек Аққайыр отбасын тастамайтынын, бірақ екі жаққа да бірдей қарайтынын айтып, уәде берген. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында ол әйелге алғаш рет қол көтерген.
Әйелдің айтуынша, жанжал әкімнің жұмыс кабинетінде болған.

Ол мені қылғындырып, басымнан және бетімнен бірнеше рет жұдырықпен ұрды. Мойнымнан қысып, қабырғаға апарып тақады, - деді ол сотта.
Қазір сотталып жатқан әкім Қазбек Аққайыр өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр. Ол мұның барлығын өзіне жағылған күйе, жабылған жала деп санайды. Ал жәбірленуші болса, оқиғадан кейін өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеді. Үш баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйел балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді екен.

Мені жұмыстағы бастығым шақырып алып: «Маған жоғарыдан қоңырау шалып жатыр. Егер жұмысың керек болса, өзің ойлан, сен балаларыңмен жалғызсың ғой» деді. Жергілікті блогерлер де арызымды қайтып алуымды сұрап, қысым көрсетті, – дейді ол.
Сотқа куәгер ретінде әкімдік қызметкерлері мен сол блогерлер де шақырылған.
Еске сала кетсек, Қазбек Аққайыр Қандыағаш қаласының әкімі қызметіне 2024 жылдың 7 шілдесінде тағайындалған. Бұған дейін ол екі рет тәртіптік жауапкершілікке тартылса да қызметінде қала берген. Енді сот істің ақ-қарасын анықтап, айыпталушыдан жауап алатын болады.
Пікірлер (0)