Үкімет өз азаматтарымыз бен шетелдіктердің жасырын табысын дұрыстап есептемек
Фотосурет: автордікі
Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасымен елдегі көлеңкелі экономиканы анықтау әдістемесіне ауқымды өзгерістер енгізілді. Енді бұл әдістер жасырын табыстарды дәлірек есептеп, жаңа заңсыз бизнес түрлерін қамтиды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың соңында ведомство көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізген болатын. Тексеру нәтижесінде жасырын және заңсыз табыстарды есептеу әдістемесінің ескіргені және көлеңкелі ақшаның нақты көздерін толық қамтымайтыны анықталды. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросына оларды қайта қарап, жетілдіру тапсырылды.

Нәтижесінде бақылаудан тыс экономиканы бағалау әдістемесі жаңартылды. Бұрын ол білім беру, денсаулық сақтау және демалыс салаларын толық қамтымайтын. Енді осы бағыттардағы есептеу алгоритмдері жаңартылып, толықтырылды, – делінген хабарламада.
Жасырын табыстарды есепке алудың жаңа тәсілдері мынадай:
- тауарды қайта сату үшін әкелетін жеке тұлғалар;
- мал өсіріп, ет, картоп және майлы дақылдар сатумен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірушілері;
- демалыс пен ойын-сауық ұйымдастыру, автокөлік жуу қызметін көрсететін кәсіпкерлер;
- Қазақстан аумағында табыс тауып жүрген шетел азаматтары.
Бұл өзгерістер табыстың ресми статистикаға кірмей, көлеңкеде қалып отырған бөлігін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заңсыз қызмет көлемін есептеу әдістемесіне де елеулі түзетулер енгізілді.
Онда:
- синтетикалық есірткі айналымын есептеу қолданыстағы тыйым салынған заттар тізіміне сәйкес қайта қаралды;
- нашақорлар саны туралы дереккөздер нақтыланды;
- есірткі өнімдерін өндіруді есептеу түзетілді;
- заңсыз ағаш кесу, браконьерлік пен балық өндіруді есептеу формулалары дұрысталды;
- контрафакт, жалған тауарлар мен пираттық көшірмелерді тәркілеу дереккөздері нақтыланды.

Жеке бағыт ретінде шағын кәсіпорындар жөніндегі деректерді жинау түзетілді. Бұрын олардың автокөлік саудасы мен жөндеудегі қызметі ішінара есептелетін, ал енді статистика толық жиналатын болады. Бұл бақылаудан тыс экономиканы есептеудегі бұрмалаушылықтарды жою үшін қажет, – деп атап өтті ЖАП өкілдері.
Палата қабылданған өзгерістер мемлекетке көлеңкелі экономиканың ауқымын дәлірек бағалап, алынған деректер негізінде «уақтылы әрі тиімді шаралар қабылдауға» мүмкіндік беретінін жеткізді.
Пікірлер (0)