Ақын Жұмекенді ұлықтаудың ең төменгі деңгейі: айтыс пен концерт

Жаңалықтар
view 154
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Философиялық поэзияның ұлы өкілі, қазақ сөзінің тереңіне сүңгіген ойшыл ақын Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ел ішінде түрлі шаралар өтіп жатыр. Бірақ ақын рухына лайық мазмұн мен мән табылып тұр ма? - деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Белгілі ақын Маржан Ершу бұл жөнінде әлеуметтік желіде ашық пікір білдірді. Оның айтуынша, «Абайдың тойының да, Жұмекеннің тойының да бар шырайы – концерт пен айтыс» болып тұрғаны – ойландыратын жағдай.

Осындай философ, ойшыл ақындардың жеткен межесі концерт пен айтыс па екен? Айтсам, айтты дейсіңдер. Айтпасам, айтпады дейсіңдер, халқым-ау! – деп жазды ақын.

«Жыр – Жұмекен» фестивалі: жырсыз мереке ме?

Маржан Ершу «Жыр – Жұмекен» фестиваліне қатысты пікір білдіре отырып, рухани мазмұнның жеңіл формаға жұтылып бара жатқанына назар аударды.

Оның сөзімен айтқанда:

Айтыс ақырып кірген театрға өлең кіре алмай, босағада мөлиіп тұрады. Жұмекеннің сан салалы әдеби мұрасын жіліктеп шағып беретін әдебиетші ғалымдар қайда?

Ақынның бұл сауалы – бүгінгі әдеби ортаның бет-бейнесіне бағытталған ауыр сын. Себебі ойшыл Жұмекенді тек сахнадағы даңғаза емес, жазушы мен ғалымның талдауы, зерттеуі, жүрекпен түсінуі ғана тірілте алады.

Ескерткіш бар, естелік жоқ

Маржан Ершу тағы мына бір маңызды тұсты ескертеді:

Жұмекеннің ескерткіші тұрған «Салтанат сарайында» конференция өтпеген.

Жұмекенге арналған конференция да алдында қасқайып тұрған ескерткішке қарай алмай, ішке кіре алмай қалады. Адамның қоры болған деген осы да, – дейді ақын.

Бұл сөздер – тек өкініш емес, мәдени саясаттағы жүйесіздікке бағытталған ашық айыптау. Шынында да ойшыл тұлғаны ұлықтаудың ең биік формасы – ой айту емес пе?

«Жақсылығын жақсылардың өздері...»

Маржан Ершу Жұмекеннің өз өлеңіндегі пайымға бүйдеп сілтеме жасайды:

 «Жақсылығын жақсылардың өздері,

жамандығын жамандардың өздері дәлелдейді».

Ақынның пікірінше, бұл жолдар бүгінгі қоғамға айтылған ескерту сияқты.

Жұмекен – екінің бірі емес, ақынның ақыны, – дейді Маржан Ершу.

Оны түсіну үшін жүрек керек. Сол жүректің жетіспейтінін Бауыржан Момышұлының мына сөзімен түйіндеген:

Адамның бәріне ақыл берілгенмен, жүрек бәріне бірдей берілмеген.

«Тұманбай, Қадыр, Жұмекен – 90»: Үштаған кеші

Посттың соңында ақын Құрманғазы ауданында өтетін «Үштаған» кеші туралы да жазған. Кештің тақырыбы — «Тұманбай, Қадыр, Жұмекен – 90». Бірақ Маржан Ершудің пікірінше, бұл да ойланарлық шешім.

Тірісінде бір жыр кешін өткізе алмаған Жұмекенді Қадыр, Тұманбаймен қосақтап, не күн туды бастарыңа?! - дейді ол.

Жұмекеннің 90 жылдығын тойлау – концерт пен айтыстың емес, ой мен парасаттың мерекесі болуға тиіс. Ақынның сөзімен айтсақ, бұл той – «жүректің шындығын» еститін күн болуы керек еді. Ал әзірше сахна шуылдап, өлең босағада мөлиіп тұр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *