Әр өңірде әрқилы сома: қарттарға қаржы аударылатын болды

Жаңалықтар
view 111
news

Фотосурет: автордікі

Қазақстанда Қарттар күні жыл сайын 1 қазанда аталып өтеді. Осы күнге орай зейнеткерлерге көрсетілетін материалдық қолдау өңірлерде әртүрлі мөлшерде және түрлі тәртіппен төленеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Астана қаласында Қарттар күні аясында зейнеткерлерге жергілікті бюджеттен 2,5 АЕК (9 830 теңге) көлемінде бірреттік жәрдемақы беріледі. Төлемді шамамен 100 мыңға жуық қала тұрғыны алады.

Алматыда біржолғы төлем көзделмеген. Қалада қарияларға қолдау жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын 13 түрлі әлеуметтік қызмет арқылы көрсетіледі.

Шымкентте 70 жасқа толған және одан асқан адамдарға 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде бірреттік көмек тағайындалады. Сондай-ақ 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға ай сайын 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде төлем қарастырылған.

Атырау облысында мүгедектігі бар зейнеткерлерге қазан айында 7,5 АЕК (29 490 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Өңірде зейнеткерлер саны – 71 956 адам. Бұдан бөлек, 2023-2025 жылдары «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен 300 жалғызілікті қарт пен әлеуметтік қолдауға мұқтаж азамат Атырау шипажайында ем қабылдаған.

Ақтөбе облысында Қарттар күніне арнайы біржолғы төлем қарастырылмаған. Әкімдік мәліметінше, бір реттік көмек бұған дейін Конституция күніне орай төленген. Дегенмен өңірде мерекелік шаралар өтеді.

Қарағанды облысында қарттарға біржолғы төлем беру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінеді. 70 жастан асқан 51 648 адам қамтылады. Қарағанды, Балқаш, Приозерск, Саран, Теміртау қалалары мен Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандарында зейнеткерлерге 20 мың теңгеден төленеді. Шахтинскіде – 10 мың теңге. Теміртау мен Шет ауданында төлем қазан айында басталады. Балқаш, Ақтоғай, Нұра және Осакаров аудандарында төлем 70 жастан асқандарға, өзге қала, аудандарда 75 жастан бастап беріледі. Сонымен қатар өңірдің барлық аумағында демеушілік есебінен азық-түлік себеттері, тегін дастарқандар мен тақырыптық шаралар ұйымдастырылады. Бұл көмек негізінен үйде әлеуметтік қызмет алатын және қарттарға арналған орталықтарға баратын адамдарға бағытталады.

Қысқасы, Қарттар күніне байланысты қолдау әр өңірде жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай әрқилы орындалады. Тұрғындарға нақты тізім мен төлем тәртібін өз өңірінің әкімдігі немесе әлеуметтік қорғау бөлімдері арқылы тексеріп алу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *