Арқалық әуежайына Міржақып Дулатұлының есімі беріледі
Фотосурет: e-history.kz/kz
Арқалық әуежайы XX ғасырдың екінші жартысында, қала қарқынды дамып тұрған кезеңде салынды. Ол кезде Арқалық Торғай облысының орталығы болып, өндіріс, ауыл шаруашылығы және білім салалары қарқынды дамыды. Қалада боксит кенін өндіру, құрылыс материалдары зауыттары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жұмыс істеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі e-history.kz сайтына сілтеме жасап.
Осындай экономикалық серпін әуе қатынасына деген сұранысты арттырды.Әуежай арқылы Арқалықтан Алматы, Целиноград (қазіргі Астана), Қостанай, Челябі секілді қалаларға тұрақты рейстер қатынады. АН-24, Як-40 секілді ұшақтар ұшып, жолаушылар тасымалы үздіксіз жүріп тұрды. Бұл Торғай өңірін елдің өзге аймақтарымен байланыстыратын маңызды артерияға айналды1990-жылдардағы экономикалық дағдарыс Арқалық қаласына да әсер етті. Көптеген кәсіпорындар жабылып, халық саны азайды. Соның салдарынан әуе рейстері сиреп, әуежай жұмысы тоқтап қалды. Ғимарат инфрақұрылымы сақталғанымен, ұзақ уақыт пайдаланусыз тұрды.Алайда соңғы жылдары Арқалық қаласын қайта жандандыру, Торғай өңірін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында әуежайды қайта қалпына келтіру мәселесі қайта жүзеге асты. Бұл өңірдің көлік қолжетімділігін арттырып, инвестиция тартуға жол ашатын маңызды қадам.Айта кетейік, Арқалық қаласының жаңа әуежайы 2026 жылдың екінші жартысында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қала әкімі Әмірхан Асанов өз сөзінде әуежайдың өңір дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.Жоспар бойынша алғашқы ұшақтар Алматы, Астана және Қостанай бағыттары бойынша ұшады. Яғни, әуежай бизнес, білім беру, туризм және жолаушылар қатынасының жаңа белеске көтерілуіне жол ашады. Арқалықтың транзиттік әлеуеті артып, өңір дамуына оң серпін беретін жаңа мүмкіндіктер пайда болады, — деді қала басшысы.Оның айтуынша, әуе қатынасының қайта жандануы Торғай өңірінің инвестициялық тартымдылығын арттырып, логистика мен туризм саласының дамуына жол ашады.«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Ысқақов әуежайдың іске қосылуы әлеуметтік тұрғыдан да үлкен мүмкіндік беретінін айтты.Арқалық әуежайы іске қосылған соң, қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру тұрғысынан да мол пайда әкеледі. Бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде көптеген азаматтар тұрақты жұмысқа орналасады. Әркім өзіне қолайлы жұмыс тауып, алдағы жазда ашылатын әуежайдың халыққа сапалы қызмет көрсетуіне үлес қосатын болады, — деді ол.Сонымен қатар, жергілікті «Арқалық хабары» басылымының жазуынша, Арқалық қаласының әуе айлағы Алаш ардақтысы, «Оян, қазақ!» деп ұран салған ұлт қайраткері Міржақып Дулатұлының есімін иеленбек. Жасұлан Ысқақовтың айтуынша, ол 2026 жылдың ақпан айынан бастап жаңадан құрылған филиал — Міржақып Дулатұлы атындағы Арқалық қалалық әуежайының директоры қызметіне кіріседі. Бұл шешім өңірдің рухани жаңғыруына ғана емес, Торғай өлкесінің тарихи тұлғаларын ұлықтауға бағытталған маңызды қадам болмақ. Жаңғыртылған әуежай Торғай өңірінің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.
Пікірлер (0)