Әскерге көшеден алып кеткен: қорланған 3 сарбаз жындыханадан бір-ақ шықты
Фотосурет: видеодан скриншот
Маңғыстау облысында 18 жастағы сарбаз жындыханадан бір-ақ шықты. Оның туыстары бұған әскердегі әлімжеттік себеп болды дейді. Айтуларынша, ол тіпті бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болған. Ал әскери бөлімнің қызметкерлері жағдайды тексерудің орнына жауынгерді психикалық орталыққа жатқызып, істі жасыруға тырысқан көрінеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
Сұлтан Шынтеміровті сәуірде әскерге көшеден алып кеткен екен. Анасының айтуынша, 18 жастағы бозбала әлімжеттіктің құрбаны болған. Көрген қорлығына шыдай алмай, тіпті білегін тіліп жіберген. Арада 5 ай өткен соң өзіне екінші мәрте қол салмақ болған. Анасы ұлының психикалық орталықта жатқанын басқа ата-аналардан естіп келген.

Маған Бекзат командирі хабарласып, балаңыздың жүрегі мен бүйрегі ұстап тұр. Сол үшін дәрігерге апара жатырмыз деді. Бүйрегін тексертеді, жүрегін тексертеміз деп алдап, жындыханаға жатқызып тастаған. Оны мен басқа ата-анадан естімесем, баламның психорталықта жатқанын да білмеймін, – деді сарбаздың анасы Лаура Шынтемірова.
Бейнеу ауданындағы 99116 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан жігіт анасына әскери бөлім қызметкерлерінің ұрып-соғатынын айтыпты. Лаура Шынтемірова, тіпті, әскерилер жас сарбаздарды қара жұмысқа жегіп, дәретханада азаптайды деп отыр.

Өз баламды танымай қалдым. Бұндай қылып жібермеген едім. Фотолары да бар. Құрылыс жұмысына салып тастаған. Біреудің үйінде кірпіш құйғызыпты. 99116 әскери бөлімінің толық құрамын тексерсін, – дейді шырылдаған ана.
Сұлтан Шынтеміровтің психикалық денсаулық орталығында жатқанына бір апта болыпты. Одан өзге онда тағы 2 сарбаз емделіп жатыр екен.

Білектерінде сырылған жарақаттар болған. Соған байланысты «өзіне қол салу белгілері» деп алып келді. Психолог, психотерапевт мамандары қарайды, – деді Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов.
Әскерге барып, жындыханадан бір-ақ шыққан сарбаздардың ісіне қатысты тексеріс басталды. Оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтамақ.
Пікірлер (0)