Астанада атеросклерозбен және жүрек-қан тамырлары ауруларымен күрестің жаңа тәсілдері талқыланды

Жаңалықтар
view 35
news

Фото: Ашық дереккөзден

14–15 тамыз күндері Астанада Қазақстан Атеросклероз қоғамының (ҚАЗОА) III жыл сайынғы съезі өтті. Халықаралық және отандық сарапшылар бас қосқан іс-шараға офлайн және онлайн форматта 1,6 мыңнан астам дәрігер мен мейіргерлік іс маманы қатысты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Съезд Қазақстан Атеросклероз қоғамы құрамына кіретін Атеросклероз халықаралық қоғамы (IAS) мен Еуропалық атеросклероз қоғамының (EAS), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Екі күнге созылған ғылыми жиын аясында 13 ғылыми сессия өткізілді. Биыл алғаш рет кардиоренометаболикалық синдром және мультидисциплинарлық командалардың жұмысы, әйелдер денсаулығы мен жүрек-қан тамырлары жүйесі, ми, жүрек, атеросклероз және деменция арасындағы өзара байланыс секілді бағыттарға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар съезд бағдарламасына алғаш рет мейіргерлік сессия және ҚАЗОА-ның пациенттік бағытына арналған арнайы сессия енгізілді.

Іс-шара барысында 68 спикер баяндама жасады. Олардың 20-сы International Atherosclerosis Society және European Atherosclerosis Society секілді халықаралық орталықтар мен кәсіби ұйымдардың өкілдері болды.

Съездің офлайн отырыстарына Қазақстанның барлық өңірінен 506 дәрігер мен мейіргерлік іс маманы қатысты. Ал онлайн форматта тағы 1112 адам қосылды. Тікелей көрсетілімді Қазақстаннан бөлек Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан, Молдова, Нидерланд, АҚШ, Қытай, Эстония және Грузия мамандары тамашалады.

Атеросклероз – жүрек-қан тамырлары ауруларының негізгі факторларының бірі

Съездің негізгі тақырыптарының бірі қанайналым жүйесі аурулары болды. Іс-шарада атап өтілгендей, бұл аурулар әлем бойынша өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып қала береді. Ал жіті миокард инфарктісі мен инсульт өлімге және мүгедектікке әкелетін негізгі аурулардың қатарында.

Мамандардың айтуынша, аталған аурулардың дамуында жүрек пен ми артерияларының атеросклерозы маңызды рөл атқарады. Съезде ұсынылған мәліметтерге сәйкес, көптеген жағдайларда атеросклероз аурудың әрі қарайғы ағымына және оның нәтижесіне айтарлықтай әсер етеді.

Осыған байланысты мамандар атеросклероздың пайда болу механизмдері мен себептерін, оны ерте диагностикалау және тиімді емдеу мүмкіндіктерін талқылады. Бұл тәсілдер жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім мен мүгедектік көрсеткіштерін төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Съезд барысында атеросклероздың қанайналым жүйесі аурулары, жіті миокард инфарктісі және инсульттің дамуындағы рөліне қатысты ғылыми және практикалық ұсынымдар қаралды.

Қазақстанда заманауи диагностикалық тәсілдер енгізілуде

Сондай-ақ Қазақстанда атеросклерозды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін енгізу, амбулаториялық және стационарлық кардиологиялық қызметті ұйымдастыруға қатысты жүйелі мәселелерді шешу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Съезд ұйымдастырушыларының мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстарға Атеросклероз халықаралық қоғамы (IAS) мен Еуропалық атеросклероз қоғамы (EAS) тарапынан жоғары баға беріліп отыр.

Съезд қорытындысы бойынша негізгі ұсыныстар арнайы резолюцияға енгізілді.

Медициналық мамандарды даярлауға басымдық беріледі

Құжатта медицина қызметкерлерінің липидология, атеросклероз және кардиоренометаболикалық синдром негіздері бойынша кәсіби білімін жетілдіру және білім беру бағдарламалары арқылы міндетті сертификаттаудан өткізу ұсынылды.

Бұл даярлыққа кардиологтармен қатар жалпы практика дәрігерлері, терапевтер, эндокринологтар, неврологтар, нефрологтар, тамыр хирургтері және интервенциялық кардиологтар қамтылуы тиіс.

Сонымен бірге еліміздің барлық өңірінде мультидисциплинарлық медициналық командалар құру, сондай-ақ мейіргерлік іс мамандарын осы бағытта оқыту ұсынылып отыр.

Липидтік орталықтар желісі кеңейтіледі

Тағы бір маңызды бағыт – Қазақстанның облыс орталықтары мен ірі қалаларында липидтік орталықтар желісін одан әрі дамыту. Бұл орталықтарды халықаралық Lipid Clinic Network жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде дамыту көзделген.

Сонымен қатар барлық өңірдегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында атеросклероз кабинеттерін ашу ұсынылды. Бұл ретте ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді. Мұндай орталықтар мен кабинеттер клиникалық тәжірибеге халықаралық стандарттарды енгізуге, медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіруге және практикалық денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға мүмкіндік бермек.

Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қолданылады

Резолюцияда халық арасында скрининг жүргізу аясын кеңейту де қарастырылған. Бұл ретте медициналық қызметкерлерді тікелей тартпай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды.

Бұдан бөлек, жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерді медициналық ұйымдар арасында бағыттау және олардың жағдайын бақылау жүйесін жетілдіру көзделіп отыр.

Липидтік орталықтар мен атеросклероз кабинеттерінің базасында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдана отырып, заманауи диагностикалық және емдеу әдістерін енгізу де ұсыныстардың қатарында.

Пациенттердің профилактикаға қатысуы артады

Съезд қатысушылары атеросклероздың тұқым қуалайтын түрлері бар пациенттердің негізгі топтары бойынша ұлттық тізілімдер қалыптастыруды да ұсынды.

Сонымен қатар халықтың жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға қатысуын арттыру және пациенттердің тағайындалған емге бейімділігін күшейту қажеттігі айтылды.

Осылайша, Астанада өткен Қазақстан Атеросклероз қоғамының III съезінде қабылданған ұсыныстар атеросклерозды диагностикалау мен емдеумен ғана шектелмейді. Олар медицина кадрларын даярлау, мамандандырылған инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, скрининг жүргізу және аурудың алдын алу жұмыстарын күшейту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *