Астанада AI-фильмдер алғаш рет үлкен экраннан көрсетіледі
Фото
Астанада 1–3 қазан аралығында Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) халықаралық кинофестивалі өтіп жатыр. Фестиваль аясында әлемнің 125 елінен түскен 8 мыңнан астам жұмыстың арасынан іріктелген үздік AI-фильмдер алғаш рет елордадағы үлкен экраннан көрсетіледі, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
2–3 қазанда MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында халықаралық байқаудың финалына өткен 25 фильм көрермен назарына ұсынылады.
Фестиваль ұйымдастырушыларының мәліметінше, байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен. Солардың арасынан 25 жұмыс финалдық бағдарламаға іріктелді.
Финалистер фестивальге қатысу үшін Қазақстанға арнайы келген. Байқау бағдарламасында АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстан авторларының жұмыстары бар.
Жүлде қоры – 2 млн доллар
Astana AI Film Festival-дің жалпы қоры 2 миллион долларды құрайды.
Оның 1 миллион доллары Freedom Holding Corp. құрамындағы Freedom Шапағат корпоративтік қорының қаражаты есебінен фестиваль жеңімпаздарына жүлде ретінде табысталады.
Тағы 1 миллион доллар жасанды интеллект саласындағы болашағы бар командаларға инвестициялық капитал ретінде бағытталмақ. Бұл қаражат Қазақстандағы кино өндірісін және жасанды интеллект экожүйесін дамытуға арналған.
Инвестициялық капиталды кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан ұсынған. Ол бұған дейін Coinbase компаниясының техникалық директоры, Andreessen Horowitz (a16z) венчурлік қорының басқарушы серіктесі болған. Сондай-ақ The Network School жобасының негізін қалаған.
Финалистер AI-фильм қалай жасалатынын көрсетеді
Фестиваль тек фильм көрсетілімімен шектелмейді.
3 қазанда халықаралық байқаудың финалистері көрермендер мен шығармашылық индустрия өкілдеріне арналған практикалық шеберлік сабақтарын өткізеді.
Авторлар жасанды интеллект көмегімен кино жасаудың толық шығармашылық үдерісін – идея мен визуалдық тұжырымдаманы әзірлеуден бастап дайын фильмге дейінгі кезеңдерді көрсетеді.
Қатысушылар AI-креаторлардың кейіпкерлерді, локацияларды және референстерді қалай әзірлейтінін, жеке көріністерді қалай генерациялайтынын және заманауи генеративті жасанды интеллект құралдарын кино өндірісінде қалай қолданатынын көре алады.
Сонымен қатар финалистер өз фильмдерін жасау барысында пайдаланған практикалық тәсілдерімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап береді.
Шеберлік сабақтары 3 қазанда сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін АХҚО-ның Trading Hall залында өтеді.
AI-фильмдерді қайда және қашан көруге болады?
Ашық көрсетілімдер 2–3 қазан 2026 жылы Астанадағы Chaplin MEGA Silk Way кинотеатрында өтеді.
Мекенжайы: Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 62, MEGA Silk Way СОСО, 2-қабат.
Көрсетілімдерге билеттерді Kino.kz және Freedom SuperApp платформалары арқылы алуға болады.
Astana AI Film Festival 1–3 қазан аралығында Астанада өтіп жатқан AI Month айлығы аясында ұйымдастырылған. AI Month жасанды интеллект технологиялары мен оларды түрлі салада қолдануға арналған бірқатар іс-шараны біріктіреді.
Пікірлер (0)