Астанада Республика күніне орай дөңгелек үстел өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық музейінің Ғылыми кітапхана залында «Егемендік – ел болашағының бастауы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Республика күні мен Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған жиынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Геральдикалық зерттеулер орталығы ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – егемендіктің тарихи мәні мен құқықтық негіздерін кеңінен насихаттау, ұлттық рәміздердің идеологиялық әрі рухани маңызын айқындау.
Жиынға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қатысушылар Тәуелсіздік тарихына тағылымды шолу жасап қана қоймай, егемендіктің мәнін бүгінгі күн тұрғысынан жан-жақты талдады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков өз сөзінде мемлекеттік рәміздердің пайда болу тарихын баяндап, егемендік декларациясының қабылдануы ұлттық идеологияның рухани өзегіне айналғанын ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше үлес қосқан тұлғалар марапатталды.
Ашық пікірталас кезінде қатысушылар егемендіктің бүгінгі ұрпақ санасындағы орны, ұлттық бірегейлікті нығайту тетіктері және Республика күнін жалпыұлттық деңгейде атап өтудің маңызы жөнінде ой бөлісті.
Пікірлер (0)