Астанада такси жүргізушісі 19 жастағы қыздың көзінше мастурбация жасаған
Сурет: astana_typical
Астанада InDriver қосымшасы арқылы шақырылған такси жүргізушісі 19 жастағы бойжеткеннің көзінше мастурбация жасаған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
SMARTNEWS.KZ басылымының мәліметінше жәбірленуші Аружан есімді қыз оқиғаны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.
Қыз бұл кезде анасымен бірге сауда орталығына бара жатқан. Оның айтуынша, көлікке отырған кезде жүргізуші сыпайы көрінген, ал өзі анасының жанында артқы орындыққа жайғасқан. Алайда жол бойы ер адам артқы айналар арқылы мазасыз көзқараспен қарап, артынан ашық түрде жыныстық сипаттағы әрекетке көшкен.
— «Басында жай қарап отырған шығар деп ойладым. Бірақ оның бірдеңе істеп отырғанын байқадым. Біраздан кейін бәрі анық көрінді – ол мастурбация жасап отыр екен», – дейді Аружан.
Оның айтуынша, жүргізуші қыздың көзіне тік қарап, әдейі байқатқысы келгендей әрекет жасаған. Қыз көлікте анасы отырғанына қарамастан қатты қорқып, қауіпсіздік мақсатында ештеңе байқамағандай кейіп танытып, жағдайды видеоға түсіріп үлгерген. Сонымен қатар, жүргізуші бойжеткеннің аяғына да абайсызда тиіп кеткен.
— «Көлік “Мегаға” жақындаған сәтте мен сабырмен ақша аудару үшін Kaspi нөмірін сұрадым. Ақша жіберіп болған соң, көлік тоқтай салысымен анамды ертіп, бірден фудкортқа қарай жүгірдік. Ішке кіріп, өзімді ұстай алмай, жылап жібердім», – деп еске алады Аружан.
Қыз 102 нөміріне хабарласып, болған жағдайды баяндаған. Полиция келгенше түсірілген видеоны жолдаған. Алайда патрульдік полиция қызметкерлерінің бірі оның киіміне қатысты орынсыз пікір айтып, жәбірленушіге өзін кінәлі сезіндірген. Кейін бойжеткен мен анасы аудандық полиция бөлімшесіне барып, толық арыз жазған.
Кейін анықталғандай, күдікті жедел жәрдем қызметінде істейді және бірнеше баласы бар. 29 шілдеде өткен сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, отбасылық жағдайын ескеруді сұрап, кешірім сұраған.
— «Мен бұл арызды кек алу үшін жазған жоқпын. Егер дәл осындай жағдай 15 жастағы, өзін қорғай алмайтын қыздың басынан өтсе ше?» – дейді Аружан.
Қазіргі таңда іс сот қарауында. Жәбірленуші әділ шешімге үміт артып, ұқсас жағдайға тап болған жандарды үнсіз қалмауға шақырды.
Пікірлер (0)