Астаналық ақын қарияны 2,5 млн несие қақпанынан құтқарды
Фотосурет видео скрин
Белгілі ақын, журналист Тоқтарәлі Таңжарық алаяқтардың құрбаны бола жаздаған қарияны аман алып қалды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бүгін таңертең елорданың қақ ортасында тағы бір кибералаяқтық дерегі тіркелді. Белгілі қаламгер «Керуен» сауда орталығы маңында жасы алпыстан асқан азаматты қылмыскерлердің арбауынан құтқарып қалды.
Ақынның айтуынша, қария телефон арқылы «орган қызметкерлерімен» сөйлесіп тұрмын деп сенген. Құрыққа түскен кісіге белгісіз бір ер адам мен әйел таң атпай хабарласып, шұғыл түрде банкке барып несие рәсімдеуді талап еткен. Тіпті, WhatsApp арқылы жалған құжат жіберіп, «қазір кредит алмасаңыз, жағдайыңыз мүшкіл болады» деп қорқытқан.
– «Да, да, слушаю» деп әр сөзін қайталап келе жатқан ағамыздың іс-әрекеті күдік тудырды. Жақындап барып мән-жайды сұрасам, «органдағылармен сөйлесіп тұрмын» деді. Шын мәнінде бұлар кәдімгі алаяқтар екенін түсіндіріп, полиция шақыруға тура келді, – дейді Тоқтарәлі Таңжарық.
Полицейлер дер кезінде келіп, қарияны бөлімшеге алып кетті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ақынның қырағылығы арқасында азамат екі жарым миллион теңге көлеміндегі кредиттен аман қалған.
Бұл оқиғаға ұқсас жағдайды жуырда ұстаз Какен Камзиннің де басынан өткергені белгілі. Мамандардың айтуынша, кибералаяқтар қазір қарияларды, тіл білмейтіндерді және жалғызбасты азаматтарды жиі нысанаға алуда.
«Кибералаяқтардан сақ болыңыздар! Әсіресе, жасы үлкендерге мұндай қулықтарды алдын ала түсіндіріп, сақтандыру қажет», – дейді Тоқтарәлі Таңжарық.
Пікірлер (0)