"Қиын диагноз. Дәрігерлер консилиум өткізді": Жұлдыз Әбдікәрімова уайымын айтты
Фото: zhuldyzabdukarimovaofficial инсаграм парақшасынан
Көпбалалы ана әрі танымал актриса Жұлдыз Әбдукәрімова жүктіліктің соңғы апталарында бастан өткерген толқулы сәттерін жасырмай, оқырмандарымен бөлісті, деп хабарлайды Janabastau.kz.
Актриса айтуынша, 37-аптада жасалған УДЗ қорытындысы дәрігерлерді алаңдатқан. «Краевая плацентация, жамбаспен келу, кіндік бауы екі рет оралған» деген қорытындыдан кейін дәрігерлер оны бірден кесар тілігіне дайындай бастаған.
«Сол сәтте бойымды үрей биледі. Дәрігерім: “Бұл оңай емес, өз өміріңізді де, баланың өмірін де тәуекелге қоясыз” дегенде ғана есімді жидым», – деп еске алды ол.
Алғашқыда «толық предлежание» қойылғанымен, уақыт өте келе диагноз «төмен орналасуға» өзгерген. Соған қарамастан, Әбдукәрімова табиғи жолмен босануға шешім қабылдапты.
«Төрт рет табиғи жолмен босанған мен үшін кесар тілігі бөтен көрінді. Көп профессордың дәрісін тыңдап, ақпарат жинадым. Ішкі түйсігім: “Жақсы болады” деп сендірді», – дейді ол.
38-аптада ота жасалатын күн белгіленгенімен, Жұлдыз тағы да уақыт сұрап, қосымша тексеруден өткен. Нәтижесінде, баланың жағдайы жақсарып, дәрігерлер консилиумы «толғақты күтеміз» деген шешімге келген.
39-аптаның таңында ерекше сезіммен оянған актриса сол күні перзентханаға барғанын айтады:
«Ерте тұрып, самса пісірдім, үй жинадым, киім үтіктедім. Өзімді қуанышты күнге дайындағандай болдым. “Әй, осы бүгін босанатын шығармын” деп дәрігеріме хабарластым да, перзентханаға жеттім», – дейді ол.
Жұлдыз Әбдукәрімова бұл оқиғадан түйген ойымен бөлісіп, әйелдерге үн қатты:
«Қандай диагноз қойылса да, ең бастысы – сенім мен ішкі түйсікті жоғалтпау. Дәрігердің қырағы бақылауы – ананың да, баланың да амандығының кепілі».
Пікірлер (0)