Атбасар ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде
Фотосурет: ult.kz
Атбасар ауданы – көктемгі су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің бірі. Бүгінде аудан аумағында 16 елді мекен тасқын қаупі бар аймаққа жатады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қалаға қауіп бір жағынан – Жабай өзенінің арнасынан, екінші жағынан – Жақсы ауданынан келетін қар суынан туындайды. Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Бегахмет Махметов мәлімдеді. Аудандағы тасқын кезеңі бірнеше кезеңмен өтеді.
Әуелі қала ішіндегі еріген қар сулары негізгі сайлар арқылы Жабай өзеніне жіберіледі. Одан кейін Жақсы даласынан келетін су қабылданып, өзен арнасына бағытталады. Бұдан соң Жыланды, Жабай және Есіл өзендерінің ағысы кезең-кезеңімен өткізіледі.
Мұндай жүйелі тәсіл суды бақылауда ұстап, елді мекендерді қорғауға мүмкіндік береді. Соңғы алты жылдағы талдау Жабай өзені арқылы өтетін су көлемінің айтарлықтай өзгеріп отырғанын көрсетеді. Мысалы, өткен жылы 627 млн текше метр су жіберілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд 188 млн текше метрге жеткен.
Ғылыми-зерттеу институтының қорытындысына сәйкес, еріген дала суларын азайту мақсатында «Астана–Атбасар–Жақсы» тас жолының 197-шақырымында қосымша су өткізгіш нысандар орнату және жол бойына төрт дамба салу мәселесі қарастырылып жатыр. Биылғы жылғы тасқын маусымына дайындық өткен жылдың жаз-күз айларынан басталды.
Кешенді жоспар аясында 29 іс-шара белгіленіп, оның 28-і толық орындалды. Тек Жабай өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстары келесі жылға өтпелі жоба ретінде жалғасады.
«Дайындық барысында 8 шақырымнан астам канал мен арық тазартылды, 5,8 шақырым бөгет тұрғызылды, 2 шақырымға жуық қорғаныс білігі нығайтылды. 22 су өткізгіш құрылғы орнатылып, Жыланды мен Жабай өзендерінің түйіскен тұсында су еркін ағуы үшін арнайы сай қазылды. Балдырған өзенінің арнасы тазартылып, Атбасар–Садовое жолындағы су басу қаупі бар тұстарға қосымша құбырлар қойылды»,-деді Атбасар ауданы әкімінің орынбасары. 20 ақпандағы гидрометеорологиялық жағдай бойынша ылғал қоры азайып, қар тығыздығы төмендегенімен, топырақтың қату тереңдігі артқан. Бұл да тасқын кезеңін мұқият бақылауды қажет етеді. Тасқын кезеңінде аудан бойынша 409 адам және 125 техника жұмылдырылады. Арнайы жедел жасақтар құрылып, 10 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс істейтін штаб іске қосылады. Сондай-ақ ол: «Жүргізіліп жатқан ірі жобалар мен кешенді жұмыстар Атбасар қаласын және ауылдық елді мекендерді су басу қаупінен барынша қорғауға мүмкіндік береді. Дайындық тұрақты бақылауда», – деп атап өтті.
Қорытындылай келе, Атбасар ауданында тасқынның алдын алу бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қабылданған шаралар көктемгі кезеңді қауіпсіз өткізіп, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне негіз болады.
Пікірлер (0)