«Аттандап қоя саламыз ба деп қорқам»: журналист президент сұхбаты алдында ой бөлісті
Фотосурет: Kazpravda.kz
Белгілі журналист Ерболат Қамен Facebook-тегі парақшасында кешелі бері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне сұхбаты жарияланатыны хабарланып жатқанын алға тартып, осы орайда әріптестердің көкейінде жүрген мәселені көтерді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Осы сәтті пайдаланып, баспасөздің кейбір түйткілді тұстарына қатысты ой білдіргім келді. Елімізде дәстүрлі газет, журнал таралымына қатысты ахуал әбден күрделенді. Оның себебі түсінікті де. Заманауи технологиялық беталыс солардың бастысы шығар: жеделдігі, әдіс-тәсіл әралуандығы, әлеуметтік желілерге әркімнің бір қолжетімділігі, [мемлекеттік басылымдар көтеретін тақырыптың қызықты көріне алмауы] т.б. Әйтеуір бәсеке шыдатпай, тықсырып тұр, - деп бастады сөзін жазба авторы.
Одан кейін баспасөзге жыл сайынғы жазылу науқанының «қып-қызыл майданға айналғанына» тоқталды. Бұл сөзіне газетке жазылуға шақырса, «міндеттеп жатыр» деп байбалам салушылардың да аз емес екенін мысал етті.
Осындай ойбайдан қашып, әкімдіктер де көбіне-көп «аш пәледен қаш бәле». Бірақ әңгіме тек міндеттеуде емес қой. Жанашыр көзқараста. Адамдардың көзін жеткізуге тырысуда. Ұйымдастыра білуде, қысқасы. Тағы бір ескерерлігі, мемлекеттік тапсырыс, тапсырма аясында нешетүрлі медиажоспар болады. Бола береді және ол – заңдылық. Осының екінші жағына зер салсаңыз, үлкен мәселе жатыр. Мемлекет қыруар қаражат бөліп жариялатқан материалдың таралымына, ақталуына мүдделі болғаны, қамқорлығына алуы маңызды. «Олай емес, тиражды көбейтуге редакция міндетті» дейтін болса, оқырманы талғайтын, тартымды саналатын тақырыптарды көбірек жазуына еркіндік берілуі қажет, – деп тоқетерін бір-ақ айтты Ерболат Қамен.
Оның пайымдауынша, егер «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттеріне заңды тұлға ретінде барлық мемлекеттік мекеме, «Ана тілі», «Айқын», «Түркістан» газеттеріне партия мүшелерінің кемінде 10%-ы жазылса, нәтижесі қалай болар еді? Осы формуланы облыс, аудан көлемінде де жалғастырған абзал.
Бұл жерде қағаз жүзіндегі ғана нұсқа демей-ақ қоялық, электрондық жазылым да жолға қойылған болуы керек. Білмеймін, әйтеуір ертең президент сұхбаты жарияланған күні «Ат шапса, ит жүгіреді» демекші, аттандап-аттандап қоя саламыз ба деп қорқам. Яғни, мемлекетшілдігіне, партияшылдығына сенімді тұлғалар үшін кемінде халықаралық «ТҮРКІСТАН» газетіне жазылуға негіз дап-дайын. [Осы жерде квитанция салып, жарыссаңыздар да рұхсат]. Өз басым былтырғы сұхбаттан соң ауылдағы қарашаңырағымызға «Ана тілі» газетін жаздырып беріп едім», – деп түйіндеді сөзін әріптесіміз.
Пікірлер (0)