Елде енді медицина қызметкерлеріне күш қолданғандар 12 жылға қамалады
Фотосурет: ulysmedia.kz коллажы
Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақты айтқанда, бүгін мемлекет басшысының физикалық зорлық-зомбылық жасаған және медицина қызметкерлеріне қатыгездік көрсеткен адамдарға жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленген Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне түзетулер енгізу туралы Заңға қол қойылды.
Бұл құжат Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғушылық үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жаңа бапты енгізуді көздейді.
Ұсынылған нормаларға сәйкес, егер медицина қызметкерін немесе жедел жәрдем жүргізушісін зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытса, онда ол мынадай жазаға тартылуы мүмкін:
- 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады;
- 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады;
- ауырлататын мән-жайлар болған кезде қылмыскер 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Егер біреу өмір мен денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылық қолданса, оған мынадай жаза тағайындалады:
- 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл;
- немесе дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
- немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- немесе 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу.
Егер медицина қызметкерінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық қолданса, оған 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
Ал бұл әрекет ауырлататын жағдайларда жасалса, құқықбұзушы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге қамалады.
Бұл ретте қылмыстық іс жүргізу кодексінде осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу және анықтау жүргізу жөніндегі ішкі істер органдарының құзыретінде болады.
Бұған дейін президент Үкіметке физикалық күш қолдану және қатыгездік көрсету арқылы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған заңнамаға өзгерістер әзірлеуді тапсырған болатын. Президент медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен әл-ауқатына нұқсан келтіретін мұндай оқиғалардың «Заң және тәртіп» қағидаттарына сәйкес құқықтық салада қатаң түрде жолын кесу керектігін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне шабуыл жасаудың 280-нен аса фактісі және биылдың өзінде 58 факті тіркелген.
Бұған дейін ДСМ фельдшерлер өзін-өзі қорғау бұйымдарымен қамтылатынын мәлім еткен еді. Сондай-ақ фельдшерлердің жалақысын көтеру үшін қосымша 10 млрд теңге қажет екені айтылды.
Пікірлер (0)