«Аттың езуін жыртқан»: елде көкпарға тыйым салу мәселесі көтеріліп жатыр
Фотосурет: дереккөз
Алматы облысындағы ат клубынан тараған қанға байланысты видео қоғамда көкпарға қатысты үлкен пікірталас тудырды. Көптеген азамат бұл спорт түрін қатыгез деп атап, мүлде тоқтатуды талап етіп жатыр. Осыған орай, Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан көкпар федерациясының ұстанымын білген, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде Қарасай ауданындағы ат клубынан түсірілген бейнежазба тарады. Кадрда көкпар ойыны кезінде аттың аузынан қан ағып тұрғаны көрінеді. Бұл бейне желі қолданушылардың ашу-ызасын тудырды. Олар мұны жануарға жасалған қатыгездік деп бағалап, e-Otinish порталы арқылы ІІМ-ге жаппай шағымдана бастады.
Видеодан кейін қазақстандықтар клубтың 2GIS қосымшасындағы рейтингін де түсіріп жіберді. Бұрынғы 4,9 жұлдыздан 1,3-ке дейін құлдырады. Ал клуб өкілдері жарақаттың ауыр еместігін айтып, «желі қолданушыларға аттың беті жыртылғандай көрінді» деп түсіндірді.
Алайда қоғамда көкпарға толықтай тыйым салу туралы үндеулер жиілеп жатыр.
Қазақстан көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында жарияланған видеодағы жағдай дұрыс дайындық жасалмағандықтан және атқа сай емес жабдық қолданылғандықтан болғанын айтты.

Мұндай факторлар көбіне жарақатқа себеп болады. Бұл тек көкпарға ғана емес, жалпы конкур, бәйге, поло сияқты ат спортының өзге түрлеріне де қатысты. Жарақат қаупі аттарға да, спортшыларға да тән. Сондықтан бірден көкпарды кінәлау дұрыс емес. Нақты жағдайды зерттеу қажет, – деді Қожаназаров.
Оның айтуынша, барлық ойын федерация аясында өтпейді. Көбіне бейресми турнирлерде ереже жиі бұзылады.

Біз мұндай жағдайлар мұқият тексерілуге тиіс деп санаймыз. Ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылуы керек, - дейді Қазақстан көкпар федерациясының президенті.
Сондай-ақ ол федерация қауіпсіздіктің жаңа стандарттарын енгізіп жатқанын және көкпарды спортшылар мен жануарлар үшін барынша қауіпсіз етуге тырысатынын жеткізді.

Көкпар – ұлттық спорт түрі әрі мәдениетіміздің маңызды бөлігі. Біздің міндетіміз – дәстүрді сақтап, оны заманауи әрі қауіпсіз ету, - дейді Айдарбек Қожаназаров.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Пікірлер (0)