«Атың шықпай жатып, қазақша сөйлегенің қатты қызық емес»: - Әлімханұлына әріптесі кеңес берді
Фотосурет: caravan.kz
Кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев Ақарыс Сейітқазыға берген сұхбатында Жәнібек Әлімханұлы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Кәсіпқой бокста Жәнібектің жекпе-жектен кейін қазақ тілінде сөйлеп жатқанын көпшілік жақсы көреді. Бірақ сол қазақша сөйлегеннен ол екі белбеудің иесі бола тұра үлкен жекпе-жектерді ала алмай жатыр. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дейді ғой. Америкада сен сол жақтың ережесімен жүруің керек. Мысалы, Генаның өзі «Америка – менің екінші үйім», «Мексикалық стиль» деген сөздер айтты. Қазақстаннан шыққан адамда қайдағы мексикалық стиль? Негізінде қазақтың стилі. Бірақ ол жақта бокс көретін негізгі аудитория мексикалықтар болғандықтан сондай сөздер айтты. Оның бәрі – маркетинг. Ол соны түсінді, - дейді Айдар Шәрібаев.
Оның пікірінше, дәл қазір Жәнібектің де жағдайында шоу жасалуы қажет. Артық сөздер айтса да біз оған сынай қарамауымыз керек. Заман талабы – сол.

Қарсыластарына «мен сенің басыңды кесіп, пакетпен Шымкентке салып жіберемін» деп айту керек. Осындай сөздерді америкалықтар басқаша эмоциямен қабылдайды. Ағылшынша сөйлей беру керек. Ертең сенің 100 млн оқырманың болсын, сол кезде қазақша сөйле! Сонда 100 млн адам қазақша үйреніп кетеді. Атың шықпай жатып, сенің қазақша сөйлегенің қатты қызық емес, - дейді боксшы.
Пікірлер (0)