Атырау облысындағы кісі қолынан қаза тапқан отбасына қатысты іс: тың деректер белгілі болды
Фото: qamqor.gov.kz
Атырау облысы прокуратурасы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасы мүшелерінің өліміне қатысты іс бойынша жаңа мән-жайларды жариялады. Атап айтқанда тергеу нұсқасы бойынша қылмыстар бір мезгілде жасалмағаны анықталды, деп хабарлайды Ақжайық.
Басылымның прокуратураға сілтеме жасап хабарлауынша, күдікті Наурыз Мұқанғалиевты мамырда, ал қалған үшеуін қарашада өлтірген.
Тергеу нұсқасы бойынша ол қылмысты жалғыз өзі, үшінші тұлғалардың қатысуынсыз жасаған. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Сәрсемалиев ақыл-есі дұрыс деп танылған және өз әрекеттері үшін жауап бере алады.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің басылымға берген мәліметінше, қаза тапқандардың денелерінде кесілген-шаншылған көптеген жарақат тіркелген.
"Әрқайсысында кеуде, мойын және өмірлік маңызды ағзалар аймағында алтыдан астам жарақат бар", - деп нақтылады ол.
Ал күдіктінің жұбайы әрі қаза тапқандардың қызына қатысты түпкілікті қорытынды әлі шыққан жоқ.
Атыраудағы сарапшылар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматыда қосымша сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Марқұмдардың туыстары сот процесінің ашық өтуін талап етіп, онда барлық мән-жайдың жария етілуіне үміт артып отыр. Қылмыстық іс мамырда сотқа жолдануы мүмкін. Тергеу жалғасуда.
Пікірлер (0)