Автобустардың жылдамдығын төмендетуге қатысты түзетулер енгізілді

Жаңалықтар
view 156
news

Фотосурет ашық дереккөзден алынды

ІІМ елді мекендердегі қоғамдық көліктердің жылдамдығына қатысты талаптарды түсіндірді.

Жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру және елдегі жол жағдайын жақсарту мақсатында жолда жүру қағидаларына елді мекендердегі автобустардың жылдамдығын төмендетуге қатысты түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер биылғы 6 мамырдан бастап күшіне енді.

"Талдау бойынша, республика бойынша автобустардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны 56 пайызға өскен. Тек биылдың өзінде автобустардың қатысуымен болған жол апаттарында 25 адам қаза тауып, 445 адам түрлі жарақат алды. Автобустар көлемінің үлкендігі мен жолаушылардың көп шоғырлануына байланысты басқа көліктермен салыстырғанда қауіптірек. Олардың жоғары жылдамдықпен жүруі ауыр зардапты жол апаттарына әкеп соғады, сондықтан оларға қатысты елді мекендерде жылдамдығы 50 км/сағат болуы керек деген шектеу шаралары қабылданды", - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Аталған өзгерістер қоғамдық талқылаудан өткен. Яғни бұл бұйрық 2023 жылғы 30 қараша мен 14 желтоқсан аралығында "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Ашық талқылау кезінде бұйрық жобасы бойынша 100-ге жуық ұсыныс келіп түскен, олар министрлік тарапынан ескерілген.

"Аталған түзетулер туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, ақпараттық агенттіктерде, телеарналарда және әлеуметтік желілерде түсініктемелер берілді. Құрметті жол жүрісіне қатысушылар! Жол ережелерін сақтауды сұраймыз!" – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *