Баға қанша өссе де жалақыны көтере беруге болмайды – сарапшылар пікірі

Жаңалықтар
view 94
news

Фотосурет: Еркеғали Болатұлы

Қазақстанда инфляция әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Әсіресе азық-түлік бағасы шапшаң өсіп жатыр, ал жалақы өсімі инфляция қарқынына ілесе алмай келеді. Осындай жағдайда көптеген қызметкердің көкейінде «Жұмыс беруші жалақыны инфляцияға сай индекстеуге міндетті ме?» деген сұрақ тұрады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл қазан айында Қазақстандағы жылдық инфляция 12,6 пайызды қамтыған. Оның ішінде азық-түлік тауарлары 13,5 пайыз, ақылы қызметтер 12,9 пайыз, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11 пайыз қымбаттаған.

Осы уақытта елдегі медиандық жалақы 2024 жылғы 285 677 теңгеден 2025 жылы 317 512 теңгеге дейін өскен. Бірақ бұл өсім сатып алу қабілетінің төмендеуін өтей ме және жұмыс берушілер инфляция деңгейіне қарай жалақыны көтеруге міндетті ме деген сұраққа қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв жауап берді.

Анықтама: Медиандық жалақы – барлық жалақы мөлшерін екіге бөлетін көрсеткіш. Қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, ал жартысы көп табыс табады. Бұл көрсеткіш орташа жалақыға қарағанда шынайырақ, себебі өте жоғары немесе өте төмен табыстар нәтижені бұрмаламайды.

Андрей Чеботарёвтің айтуынша, инфляция көрсеткіші Ұлттық банктің мақсатты деңгейінен әлі де айтарлықтай жоғары.

12,6 пайыз – көп. Қазақстан үшін мақсатты деңгей шамамен 5 пайыз. Дамыған елдерде қалыпты деңгей – 2-3 пайыз, дамушы елдерде – 3-5 пайыз. Бұдан жоғарысы – теріс құбылыс. Қазір біз мақсаттан 2,5 есе жоғары тұрмыз. Бұл – жоғары инфляция,  дейді сарапшы.

Оның айтуынша, жағдай әзірге сындарлы емес, дегенмен екі таңбалы инфляция халық табысына және жалпы экономикаға кері әсер етеді.

90-жылдардағы үш таңбалы инфляцияны да бастан өткердік, бірақ екі таңбалының өзі жаман, себебі ол нақты табысты «жеп қояды», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, азық-түлік бағасы азық-түлікке жатпайтын тауарлардан жылдам өседі, себебі олар сұраныс пен маусымдылыққа өте тәуелді.

Біз азық-түлікті күн сайын сатып аламыз, ал басқа тауарларды жиі алмаймыз. Сондықтан азық-түлік бағасы маусымға қарай өзгеріп тұрады. Мысалы, егін жинау кезінде көкөніс арзандайды, ал қыста қымбаттайды. Бұл тауарлар тез бұзылатындықтан, олардың бағасы сұраныс пен ұсынысқа тез әсер етеді, – дейді Чеботарёв.

Мысалы, елде ет бағасының көтерілуі ерекше байқалды. Сиыр етінің 1 келісі 5-6 мың теңгеге жетті. Өндірушілер мұны жем-шөп, жанармай, ветеринарлық препараттардың қымбаттауымен және экспорт сұранысының артуымен түсіндіреді. Көптеген қазақстандық етті азайтуға немесе мүлде тұтынбауға мәжбүр.

Инфляция өскен сайын жалақыны индекстеу туралы әңгімелер жиі айтылады. Алайда міндетті индексация инфляциялық шиыршыққа әкелуі мүмкін.

Жұмыс беруші жалақыны индекстеуге міндетті емес. Егер жалақыны үнемі көтере берсек, адамдар бұрынғыдай жұмсайды, сұраныс азаймайды, соның салдарынан бағалар қайта өседі. Жалақы өсімі инфляцияны қуып жете алмайды,  деп түсіндірді сарапшы.

Заңгер Сергей Уткин де Қазақстанның еңбек заңнамасында инфляцияға байланысты жалақыны міндетті түрде индекстеу талабы жоқ екенін растады.

Мұндай шарттар ұжымдық келісімшарттарда болуы мүмкін, бірақ бұл – жұмыс берушінің құқығы, міндеті емес. Индексация туралы ережені жеке еңбек шартында көрсетуге болады, бірақ жұмыс берушілер мұны сирек жасайды, себебі заңмен талап етілмейді, дейді ол.

Оның айтуынша, жалақы нарықтық механизмдер арқылы реттеледі: егер табыс сатып алу қабілетін жоғалтса, қызметкер өз еңбегін жоғары бағалайтын басқа жұмыс таба алады.

Егер қызметкер компания үшін құнды болса, жұмыс беруші оны ұстап қалу үшін жалақысын көтеруге мәжбүр болады. Бұл – еңбек нарығының табиғи тетігі, дейді Уткин.

Бұған дейін Tengrinews.kz порталы премьер-министрдің экономикалық кеңесшісі Әлішер Қожасбаевпен сұхбат жариялаған болатын. Ол да инфляция және жалақы индексациясы мәселелерін қозғаған еді.

Қожасбаевтың айтуынша, мемлекет бизнесті әкімшілік жолмен жалақы көтеруге мәжбүрлей алмайды, өйткені бұл кәсіпкерлікті тежеп, шығынға әкеледі.

Табыстың өсуі табиғи жолэкономиканың дамуы, бәсеке және кәсіпкерліктің өркендеуі арқылы жүруі керек,  дейді ол.

Айтуынша, бизнес жалақыны көтерсе, бұл заңды түрде бағаның да өсуіне әсер етеді. Бұл – нарықтық үдеріс.

Сондай-ақ кеңесші еңбек нарығында экономикалық заңдылықтар жұмыс істейтінін атап өтті. Мысалы, адам өз еңбегі мен біліктілігін сатады, ал егер еңбегі лайықты бағаланбаса, ол жоғары ақы төленетін орын іздеуге тиіс.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *