Баланы ұрып тәрбиелей алмайсың

Редакция таңдауы
view 214
news

Елімізде жыл сайын жауапсыз ата-аналар қатары өсіп келеді. Былтыр 7 203 қамқоршы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2021 жылы ата-аналық міндетін орындамаған 5 мыңнан астам азамат тіркелген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді. Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі әрі жауапты міндет. Алайда қоғамда бұл мәселеге атүсті қарап, тіпті «балама мектеп тәрбие берсін, мемлекет асырасын» дейтіндер аз емес. Өкініштісі, балаларына қатысты жасалған құқық бұзушылықты жасыратындары да кездеседі. – Қоғамда балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзімсіздік мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. 2022 жылы 39 адам балаларға қатысты құқық бұзушылықты жасырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда өкінішке қарай заңсыздықтарды жасыру фактілері жалғасып келеді. Министрлікке осындай жасыру фактілері бойынша мыңнан аса ақпарат келіп түседі, – деді Еділ Оспан. Дөңгелек үстел барысында өз пікірін білдірген БҰҰ Қазақстандағы балалар қорының өкілі Артур Ван Дизен елімізде балаларды ұруға заңмен тыйым салуды ұсынды. – Қоғамда қалыптасқан кейбір әлеуметтік нормаларды өзгерткен жөн. Баланы дауыс және қол көтермей-ақ тәрбиелеуге, өсіруге болады. Мұны ата-аналарға жеткізу үшін тиісті коммуникациялық компания керек. Дене жарақатын салуға заңмен тыйым салу – өте маңызды. Бүгінде 65 мемлекет дене жарақатын салуға заңмен тыйым салды. Тағы 27 ел бұл заңға қосылуды жоспарлап отыр. Оның арасында Қазақстанның көршілері де бар. Сондықтан отбасында да, отбасынан тыс жерлерде де дене жарақатына тыйым салу маңызды болып отыр. Біз балаларға зорлық-зомбылық жасалуына, оларды ұрып-соғуға жол бермеуіміз керек. Бұл – қоғам алдындағы міндетіміз, – деді ЮНИСЕФ өкілі. Жауапсыз ата-ананың олқылығынан баланың да зардап шегетіні белгілі. Елімізде қазірдің өзінде түрлі мәселесі бар 6 мың жасөспірім мектепішілік есепке алынған. Әрине, мұның құқықтық салдары жоқ, тек баланы кез келген проблемадан алып шығуға бағытталған. Алайда қоғамда соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық, қатыгездік фактілері өткен жылмен салыстырғанда өскен. Вице­министр сөзінше, бұл мәселеге ұрпақтар сабақтастығының әлсіреуі, ата-аналардың мектептегі тәрбие үдерісіне қатысу деңгейінің төмендігі, отбасындағы тәрбиенің осалдығы, интернеттің ашықтығы және пандемияның салдары секілді негізгі бес фактор әсер етіп отыр. Бұл ретте, министрлік ел мектептеріндегі тәрбие жұмысының жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатқан көрінеді. – Жеткіншектер арасында орын алып отырған зорлық-зомбылық фактілері балалар тәрбиесіне қатысты кешенді көзқарастардың қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан министрлік тәрбие жұмысының тұжырымдамасын әзірлеуді қолға алды. Тұжырымдаманың негізгі өзегі – ұлттық адами құндылықтарға негізделген білім мен тәрбие беру. Осы бағыттағы жүйелі шешімдердің бірі әрбір мектепте ата-ана міндетін жүзеге асыруда оларды жан-жақты қолдауға бағытталған ата-аналар академиясын құру болмақ. Министрлік барлық мүдделі органдармен бірге балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу бойынша кешенді жоспар әзірлеуді қолға алды. Бұл құжат алдағы оқу жылына дейін қабылданады деп күтіп отырмыз. Бұған қоса жыл сайын балалардың құқық бұзушылық жағдайының түр-сипаты да өзгеріп отыр. Бір құқық бұзушылық жағдай екінші оқиғаға ұқсамайды. Жаңа буллингтің, қатыгездіктің түрлері пайда болып жатыр. Бұл интернеттің ашықтығымен де байланысты. Мамандардың біліктілігін арттыру күн тәртібінде тұр. Осыған байланысты білім беру жүйесінде психологиялық қызметтің жаңа моделін қабылдау мәселесі де өзекті. Қазір министрлік осы бағыттағы жұмыстарға ерекше ден қойып келеді. Оның ішінде жоғары оқу орындарында психолог мамандарды даярлау бағдарламасына да тиісті өзгерістер керек, – деді Оқу-ағарту вице-министрі. Оның пайымдауынша, балалар үшін қауіпсіз интернет кеңістігін құру маңызды. Бұл орайда ата-аналар өз перзенттерінің интернеттегі іс-әрекетіне бақылауды күшейту керек. Ол үшін спикерлер жағымсыз ақпараттарға шектеу қоятын мобильді қосымшаларды қолдануды ұсынды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *