Қосшы қаласында бар жанарды жаулаған республикалық жайдарман ойындары өтті. Жалпы ойынға Қостанай, Рудный, Арқалық, Көкшетау, Петропавл, Астана, Қосшы қалаларының құрама командалары қатысты.
«Жайдарман» – көңілді де, тапқыр жастардың басын қосатын телевизиялық жоба. Әзіл сүйер жастардан құралған командалар ұтымды әзіл мен актерлік шеберлік, ән-би, мимика, ой ұшқырлығымен көрермен көңілін жаулап алды. Жобаның басты ерекшелігі – өмірдегі, жалпы қоғамдағы құбылыстарды ұтымды әзілмен, қағытпа қалжыңмен жеткізе білетін жастардың шығармашылық ордасына айналған. Жалпы «Жайдарман» соңғы жылдары Қазақстанға кеңінен тарап, жастардың сүйіп көретін бағдарламасына айналды. Алайда оның біздің әзіл-сықақтың жүгін көтере алмай, қырын кететін тұстары да аз емес. Дегенмен сұраныс бар жерде оның тамырын кесе алмайтының айқын. Қандайда бір өнер туындысы адамзатқа қызық болса, ол өнер қызметін жалғастырады. «Жайдарман» қоғам арасында біраз сынға ілікті, бірақ мақсатынан тайған жоқ. «Жайдарман» өз тарихын қалыптастырып келеді.
Ел ішінде алып қашпа неше түрлі пікір қалыптасты. Пікірдің естісі бар, есері бар. Солардың біріне тоқталатын болсақ. Ең дұрысы пайым айтқан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин: « Бұл ойын өзге ұлттан, яғни мына орыстардан келген дүние ғой. Біз үшін тарихсыз, тамырсыз болса да, жастар арасында жақсы сипат алып келеді. Сондықтан да бұған қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Әрине, сапасыз, жалаң дүниелерге де жол беріліп жатады. Бірақ сыртынан отырып сынай бермей, керісінше бұл ойынды кәсібилендіруге, идеология ретінде пайдалануға тиіспіз. Ұлттық арнадан беріліп жатқаннан кейін жастарымыз танымалдылықты, эфирден бір көрініп қалуды ойламай, ұлттың бет-бейнесін көрсетуге, қоғамдық мәселелерге, рухани құндылықтарымызды насихаттауға ұмтылса деймін. Орыстарда қалай? Олар КВН-ді президенттерінің өзі келіп тамашалайтын деңгейге жеткізген. Бізде де сол сияқты «Жайдарманды» кәсібилендіруге, арнайы авторлар тартуға тиіспіз», дейді ақын.
Әрине, қоғамның айнасына айналса, тіпті керемет емес пе? «Жайдарман» алғаш құрылғанда ойнаған жас балалар бүгінгі таңда өз орынтарын тауып, өмір жолдарын салып үлгерген-ді. Қай-қайсысын айтсаң да деңгейлері жоғары. Жайдарман алаңын, Есен Елеукеннің тәрбиесін көрген жастар сахна тіліне жаттық, өзін еркін сезінетін, тілі шорқақ емес, сауатты болып қалыптасқаны әмбеге аян. Қазақ «Жайдарманының» қоғамға қосқан бір үлесі жастарды қазақша әзіл-сықақ көруге деген ынтасын оятты. Ал тілдік нормативіне мамандар жауап берер.
Жылдан жылға қанатын кеңге жайып, мәуелі бәйтеректей жайқалып келеді. Оның айқын дәлелі – өткенде ғана Қосшы қаласы Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған республикалық «Жайдарман» негіз. Айта кетейік, «Жайдарманның» жоғарғы лигадан басқа тағы 11 дербес лигасы бар. Олар «Жайдарманның» жүйелі дамуын қамтамасыз етіп келеді. Тұрақты қалыптасқан 110 команда қатысатын «Номад» лигасы да құрылған. Командалар аймақ-аймаққа, облыстараға бөлінген. Соның ішінде «Солтүстік» аймағының тобы алғашқы ойынын Қосшы қаласында өткізген болатын. Құрама командаға тоқталатын болсақ: «Квартет» – Астана қаласы,«Фаворит» – Степногорск, «Есте Сақта» – Қостанай, «7 лақ» – Қосшы қаласы, «Қызылжар» – Петропавл, «Белес» – Астана, «AIU құрамасы» –Астана, «Мегаполис» – Астана, «Ай Қаз» –Арқалық, «Сейфуллин» – Астана, «ТеХас» –Рудный.
Ойыншылар әсерлі де қызық ойын көрсетті. Әсіресе «Ай Қаз» –Арқалық құрамасы көрермендер есінде қалса, Степногорск қаласынан келген «Фавориттің» жігіттері көп дүниесін мимикамен, бимен керемет жеткізді. Әрбір команда өзінше ерекше, өзіндік стильдік айырмашылықтары бар. Командалардың ішінде осалы болған жоқ. Қосшы қаласындағы түйткілді мәселерді өте жоғары деңгейде жеткізді. Еріксіз езуіңе күлкі келеді. Ал сәл ойланып қарасаң, таңдайдағы тәтті әзіл өне бойыңды шымырлатпай қоймайды. Әжуамен жеткізген әзілді түсінетіні бар, түсінбейтіні бар. Ол енді әркімнің ішкі есебінде. Тіпті проблемалық тақырыптардан да басқа, саяси қалжыңдар да кездесті.Қазіргі жастардың ойлау деңгейі, ақпаратты қабылдауы секундтан жылдам. Еркін ойлы, модернистік көзқарастағы жастар қай салада болсын қалыптасып келеді.
Қосшы қаласында тұңғыш рет өткен республикалық «Жайдарманда» бақ сынаған «7 лақ» командасы болды. Олар жоғарғы лигада Қосшы атынан қатысқан тұңғыш команда. Осылайша, олар «Жайдарман» тарихында қалды. Әрине, Қосшы атынан жекелей командалар шыққаны болмаса, дәл «7 лақ» құрамасы сияқты жергілікті команда қатыспаған. Біз де осындай тарихи сәтке куә болдық. Өздерінің аты айтып тұрғандай, лақтай сүп-сүйкімді мектеп жасындағы уыздай балалар. Сахна төрінде қобалжығандары болмаса, жақсы өнер көрсетті. Болашақта құраманы таратпай сақтаса, жақсы әзілкештер шығатыны көздерінен көрініп-ақ тұр.
Қазылар 5 балдық жүйемен бағалады. Барлық команда жақсы балдарға ие болды. Әділқазылар алқасы берген ұпай сандары жинақталып, жоғарғы лигага шығуға мүмкіндік сыйлайды. Айта кетейік, ойын тек бір қалада өтіп, сонымен шешімі шықпайды. Жоғарыда айтқандай, «Солтүстік» аймағының тобы әр қалада ойындар өткізеді.
Қосшы қаласында өткен «Жайдарманның» жұлдызды қонағы, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен болды. Оның «Жайдарманның» негізін қалап, сіңірген еңбегі ерекше. Жастарды бағыт-бағдар беріп, тәрбилеп жүрген бірден-бір адам. Әзіл десе ішкен асын жерге қойып, аянбай еңбек етіп келеді. Әрине, қазақтың әзіл-сықағы әріден келе жатқаны анық. Көнекөз қариялардың өзі үстел үстінде әзіл айтып, бірінің мысын бірі басып отырған. Әзілмен жіпсіз буындырып, қарымын қапысыз жіберген емес. Ол сонау замананнан қалыптасқан дүние ғой.
Ойын соңында Есен Елеукен «Құрметті Қосшылықтар, бүгінгі сіздерде өтіп жатқан «Жайдарман» құтты болсын! Ал командарларға сәттілік тілеймін! Бұл, әрине, жас құрама, асар асулары әлі алда. Сахнада толқыныстар мен тебіреністер болды. Әлі-ақ үйренісіп кетесіңдер, қобалжу әдеткі жағдай. Сіздер шыққан сайын тақымымды қысып, іштей тілекші болып отырдым. Бастысы айтатын әзілдеріңіз бар. Тек басталған дүниені аяғына дейін жеткізу керек. Үйренетін дүниелерің көп. Осындай ойындарда ысылып шығасыздар. Сіздер айтқан әзілдеріңізге, бастарыңызбен жауап бере алуларыңыз міндетті. Бұл – сахна, бұл–«Жайдарманның» қаншама көрермені. Сондықтан сіздерден болашақта сауатты, әдемі әзілді көремін деп ойлаймын. Қосшы тек «Жайдарман» ойнап қана кететін қала емес, осында келіңіздер, қыдырыңыздар. Көрікті жерлерін көзбен көріп, тамашалап, қала тарихымен танысыңыздар . Қаланың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кетуге де болады. Жас қала жастардың мекені болуы керек. Менің де осы қалаға көшіп келуге ниетім болған, бір себептермен келе алмадым. «Жайдарман» құтты болсын! Тек алға шарықтай берейік», деді Есен Елеукен мырза.
Енді командаларға қазылық көрсеткен төрешілерге тоқталсақ: Баянды Сахария – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, Мәдениет үйінің директоры, Дидар Бөлтірікұлы – жеке кәсіпкер, меценат, «Аружан Плаза» мейрамханасының иегері, Ақылбек Данабекұлы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, Жастар ресурстық орталығының директоры, Лаура Ерболқызы – «Жайдарман» ойындарының «Ақпен бірге» командасының капитаны, биылғы жылғы чемпиондыққа үміткер, Фурхат Курбанов – «Астана КВН» филиалының директоры, Мұрат Жұманбай – «Жайдарман», «JCI» компаниясының директоры.
Рамазан БАУЫРЖАН
Пікірлер (0)