Саналы ғұмырының қырық жеті жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз Ризабек Нарманбетұлы – Қосшы қаласының қалың жұртшылығына үлгі болған әулеттің ақсақалы.
Ол Омбы облысының Одесса ауданы Қаржас ауылында 1953 жылы дүниеге келген. 1974 жылы Омбы педагогикалық институтының Филология факультетінде білім алып, көп ұзамай осы бағытта ұстаздық қызметке кіріседі. Осылайша, білім ордаларында ұстаз, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, ұзақ еңбек еткен. 2020 жылы Еуразия гуманитарлық институтының қазақ және орыс филологиясы кафедрасының аға оқытушысы болып, сол жерден зейнеттік демалысқа шыққан.
Білім саласының ардагерін Алаш қайраткері,ғалым, жазушы, драматург Қошке Кемеңгерұлының немересі ретінде көпшілігі таниды. «Толқыннан толқын туады» демекші айтары көп, жазары таусылмаған ұстазды қазынаға толы алтын сандық дерсің. Келер ұрпағына мұра етіп қалдырар рухани байлығы мол ақсақал әдеби тақырыпта көсіліп әңгіме айтқанда, жанары жайнап, жадырай түседі:
– Ұстаздыққа, ағартушылыққа келуіме себепкер болған сол атамыздың салған сара жолы, Гүлсім әжеміздің құлағымызға құйған әңгіме, ертегілері десем артық айтқаным емес. Мен әлі күнге дейін үлкен анамызды тәтті естелікпен ойға аламын. Атамыз азғантай ғана ғұмырында қазақ жұртына, Алаш елінің өркендеуіне титтей болсын үлес қоссам, дейтін тұлға болды дейді көзкөргендер. Сондықтан алған өнеге, көрген тірбиемізге қарай біз де саналы ұрпақ қалыптастыру жолында аянып қалмауға тырыстық, дейді ақсақал.
Алты бала тәрбиелеп, ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырған Ризабек атамыз бен Күләш апамыздың отасқандарына биыл қырық сегіз жыл толыпты. Бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешіп, өмірдің ыстығы мен суығын қатар көріп келе жатқан жұп сыйластықты алдыңғы орынға қояды. Отағасы шаңырақ астында береке мен бірлікті сақтауға екі адамның да үлесі зор екенін алға тартады:
– Баланы қалыптастырушы бірінші орта – ол отбасы. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Бұл заңдылық. Бала тәрбиесінде ата-ананың ықпалы алдыңғы орында болуы шарт. Одан қала берді ата-әженің тәрбиесін көріп, естеліктерін естіп өскен баланың жаман болғанын көрмедім. Ақпараттық ағымы жылдам заманда бәрі дайын, бәрі ғалымдарда бар дегенмен, адами құндылық жоғары болуы өте маңызды. Бала ес білгенше үлкендердің махаббат-мейіріміне қанып өссе екен дейміз. Көптің бірі болып, балабақшада өскен бала мен үйде, тату отбасының ортасында еркін ойнап өскен баланың айырмашылығы жер мен көктей. Ағашты шыбық кезінде қалай баптасаң, соған қарай жеміс береді емес пе, бала тәрбиесі де солай,– деп ой өрбітті Ризабек ақсақал.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, балалардың өмірде өз орнын адаспай тауып кетуіне ата-ананың ықпалы қаншалықты маңызды екендігін ардагер ұстаз былай жеткізді:
– Біздің отбасымызда музыканың алар орны ерекше. Әрбір қазақ баласы домбыраны жетік меңгерсе екен деймін. Өйткені ұлттық аспап, одан төгілген күй мен ән баланың рухани бай, ұлтжанды болып қалыптасуына үлкен үлес қосады. Өзім ес білгеннен домбыра тартамын. Балаларыма да ерте өзім үйреттім, немерелерімді де музыкаға ерте баулыдым. Отбасылық ансамбль құрдық. «Ақмола жұлдыздары» байқауында жүлдегер болдық. Жалпы, балаларымыздың мамандық таңдауында біз тек қолдаушы болуға тырыстық, таңдау еріктері өздерінде еді. Бірақ ұяда көрген тәлім-тәрбиесінен негіз алған бағыттарынан жаңылмады деген ойдамыз. Үлкенім Айгүл музыкалық білім алды, Қайырбек ұлым ұстаздық саланы таңдап, қазақ тілі мен әдебиетін меңгерді, Бейбіт балам математика пәнінен сабақ беретін ұстаз, Айнұр қызым анасына ұқсап тігіншілікті меңгерді, Мақсұт балам автоматизация саласының маманы. Балаларымыз алған білімімен білікті маман болып, ұнаған қызметтерін атқарып жүр,– деп толғады тектінің тұяғы.
Бір сыныпта оқып, бірге білім алған жан жары Күләш апамыздың асыл қасиеттерін сөзге тиек еткенімізде, Ризабек атамыз алдымен оның еңбекқорлығын, ісмер екенін алға тартты.
– Бала кезімізден бір ауылда өсіп, бір сыныпта білім алғандықтан, оның еңбекқорлығына, шеберлігіне тәнті болдым. Осы қасиеттерімен мені баурап алды. Шаңырақ көтергенімізде шаруаны бөліп-жармайтын, сенікі-менікі демей бірге жасадық. Әлі күнге дейін бірге бақша егеміз, үй маңындағы шаруаны ақылдасып, бірге жасаймыз. Үйге келген қонақты қабақ шытпай, дастарханды жайнатып, күліп қарсы алатын. Ата-анама аянбай отыз бес жыл қызмет жасап, ақ батасын алған келін бола білді. Жас кезімнен көпбалалы отбасы болуды армандайтынмын. Сол арманым жан серігіммен орындалды. Қандай жетістікке жетсем де оған Күләштің қосқан үлесі, еңбегі зор,– деп саналы ғұмырында өмір бойы қасында серігі болып бірге келе жатқан зайыбы туралы да жылышырай пікірін білдірді.
Білім саласында, ағартушылық бағытта еңбек ету ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулетке келін болудың қаншалықты салмақты міндет болғандығын білмек болып әңгімеге Күләш апамызды тарттық:
- Ауылда медицина саласында жұмыс істей жүріп, үйдің тіршілігінің тізгіні жалғыз келін болғандықтан менде еді. Келімді- кетімді қонақ та көп болды. Бірақ қызығушылықтан, одан қалды үйдегі тәрбиеміз шығар адам жатырқамай, барымызды асып, жадырап қонақ күтіп, шаруаны тиянақтап отыруға тырысатын едім. Енем де жарықтық, «сен болмасаң мынаның бәрін мен қалай жасар едім» деп мақтап отыратын. Сол бір ауыз сөзге қанаттанып, үлкеннің алдында иіліп қызмет жасадық. Қандай қиыншылық болса да игеріп кетуге болады деген көзқарастамын. Үйде құстың түр-түрін өсірдік, керек-жарақты тоқып, тігіп беретінмін. Жас кезімнен қолымнан келетін іске білек сыбана кірісіп кете беретінбіз. Сол қызметімізбен үлгі болдық. Қазір енді сол алған өнеге, көрген тәрбиемізді келін-балаларымызға үйретуге тырысамыз. Қазіргі міндетіміз сол бала мен немереге жағдай жасап, осылардың қызықшылығын көру,– дейді анамыз.
Сыйластықты ту етіп, жарасқан жанұя қалыптастырған Кемеңгеровтер әулетінің кейінгі ұрпаққа үлгі етер өнегесі көп. Ата салған сара жолдан жаңылмаған ұл-қызымен үлгі болар әулеттің берекесі мен бірлігі жарасып, талайды тәнті етер ғалымдар, ұстаздар сабақтастығы әлі де жалғасары сөзсіз..
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)