Қанат Сәбитұлы: «Төртемнің мінезі төрт түрлі»
Редакция таңдауы
1196
Мектепте оқып жүрген кезімізде Қазақстанның бір өңірінде дүниеге бірден төрт нәресте келіп, олардың аттарын Аман, Есен, Тұрар, Мекен деп қойыпты дегенді құлағымыз шалғанда, айран-асыр болғанымыз әлі есімде. Тіпті мұндай жақсы жаңалықтың дақпырты Қытайдағы, Моңғолиядағы, Ресейдегі, басқа да мемлекеттердегі қандастарымыздың құлағына жетіп, ол жақтағы ағайын да атажұртпен бірге қуанысып, даурығысып жатты.
– Әрине, жолың болмай, арманың орындалмай жатса, кімге жақсы болсын?! Мұндай сәттерде қатты күйзеліп, қатты түңіліп кеткен кездер де болды. Келіншегіме де оңай тиген жоқ. Тек, әйтеуір, бір-бірімізді қабақпен түсініп, артық сөз айтпай, өзімізді барынша сабырлы ұстауға тырыстық. Құдай бермей жатса, оған кімді жазғырасың? Тағдырдың қаталдығына налисың да, іштен тынасың. Бірақ қалай дегенмен де, көңілде үміт өшпеді, алдан бір жақсылық күтіп тұрғанына сендік,– дейді Қанат сол ауыр күндерді есіне алып.
Бірақ ерлі-зайыпты екі жас алған беттерінен қайтпай, жылда ЭКО жасатуға барады. Мұндайда Қанат Гүлмираны жалғыз жібермейді, қашанда қасында болуға тырысады. Көңілге ол да демеу болсын дегені де. Бірақ ол үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысып, квота аламын деп таласпады. Өйткені квотаның саны шектеулі. Әйтсе де, айта кетейік, Үкімет көпшіліктің оған деген сұранысының үлкендігін ескеріп, мемлекеттен ЭКО-ға бөлінетін квота санын көбейтті. Мәселен, 2010 жылы100 квота бөлінсе, 2017 жылы ол 950-ға дейін ұлғайды, ал биыл оның көлемін одан да көп көбейтуді көздеп отыр. Бірақ одан кезегін тосқандардың саны азаяр емес. Оның үстіне, квотаны бір рет пайдаланғаннан бала бітпесе, қайтадан кезекке тұрып, тағы 1-2-3 жыл күтуге тура келеді. Әрине, ЭКО-ны жекеменшік клиникаларда өз ақшаңа жасатқанның өзінде де бірінші мүмкіндік сәтсіз болса, кейінгілерін қайталату үшін бәрібір жүктілік процесіне байланысты белгілі бір кесімді мерзім күтуге тура келеді, алайда ол адамның физиологиялық жаратылысына байланысты болатын себеп қой. Оның үстіне, Қазақстанда ЭКО-ның бағасы басқа мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Еуропада, мәселен, ЭКО арқылы бала сүюге бір рет талпынып көру (босану емес, талпынып көру-авт.) бағасы орташа есеппен 25-30 мың доллар тұрса, бізде ол 650 000-1 200 000 теңгенің арасында. Оның үстінде қосымша тағы түрлі шығындар бар.
... Үміт пен күдік араласқан жеті жыл өтті. Қанат пен Гүлмира осы жеті жыл бойы Қосшы қаласындағы тұрғылықты үйлері мен Астанадағы түрлі ЭКО орталықтардың арасындағы жолды тоздырды, мен мықтымын деген талай дәрігер мамандардың алдарынан өтті. Қанша қаржы жұмсалды, ол басқа әңгіме... Ерекше күндердің бірінде ЭКО жасалған орталықтың дәрігері Баян Жүнісова жылдар бойы күткен қуанышты жаңалықты жеткізді, Гүлмираның бойына шарана бітіпті. Бұл хабарды естігін ерлі-зайыптылардың бақыттан бастары қалай айналғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал енді жүкті келіншектің бойында бір емес, төрт бірдей нәресте дамып келе жатқанын естірткенде, Қанат пен Гүлмира, тіпті өң мен елестің ортасында тұрғандай күй кешті... Тек, көңілді күпті еткен күдік те айтылмай қалмады. Дәрігерлер жүкті келіншектің организімі төрт шарананы қатар көтеруге жарамайды деп күмәнданбағандықтан, оның екеуін алдыртып тастайық дегенді ашық жеткізген. Ерлі-зайыптылар мұндай ұсынысқа пышақкесті қарсы шықты. Сәби сүю өмірлік арманына айналған келіншек, тіпті денсаулығына қауіп төнетін болса да тәуекел ететіндігін мәлімдеген. Дәрігерлер бұл уәжден кейін жұбайлардың пікірімен келіспеске амалы қалмады. Бірақ болашақ ананы екі ай бұрын перзентханаға жатқызып, ерекше күтімге алды. Іштегі қызылшақалардың дамуын күнделікті бақылап отырды.
Әрине, төрт шарананы қатар көтеру оңай ма, жүктілік ауыр өтті. Мерзімді күні келгенде Гүлмира кесар тілігі арқылы босанды. Төрт нәресте бірінен кейін бірі іңгәлап өмірге келді. Бәрі құйтақандай ғана, әрқайсының салмағы ұзаса 1 келіден сәл-ақ асады. Дәрігерлер төртеуін де бірден инкубацияға жатқызды, ал ананың денсаулығы күрт нашарлап, реанимацияға түсті. Көп ұзамай нәрестенің бірінің өкпесінен ақау шығып, оны да реанимацияға алып кетті. Дәрігерлер тағы бір нәрестеден кілтипан тапты. Қуанған мен абдыраған бірдей дегеннің кері нақ осы болды. Қуаныш пен үрей қатар келді. Абдырап әке жүр. ... Адам көбіне шыдағанда, азына шыдамаушы ма еді, осы бақытты ұзақ күткен Қанат еш мойымады. Алаштың арда ұлдарын пір тұтып өскен ақынжанды нәрестелерге қазақтың үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің есімін берді, ал қызын анасы Әмина Өмірзақованың құрметіне Әмина деп атады.
Гүлмира босанғаннан кейін де перзантханада 1 ай жатты. Осы уақыт ішінде Бейімбет пен Ілияс та дәрігерлер қарауында болды. Қанат үйіне Сәкен мен Әминаны ғана алып қайтты. Үйде әкелген қос сәбиді анасы Төлеу мен енесі Нұрикамал қамқорлыққа алды. Ал Қанат өмірдің есігін енді ғана ашқан балапандарын тамақтандыру үшін қанатымен су тасыған қарлығаштай, тағы да Қосшы мен Астананың арасында жүйткіп жүріп, перзентханадан анасының сүтін тасыды.
Міне, осыншама қиындықпен дүниеге келген төртем – Сәкен, Ілияс, Бейімбет және Әмина бүгінде Қосшы қаласындағы №3 ІТ мектебінің 2-сынып оқушылары. Білім ұясындағы көп баланың ішінде тарыдай араласып, тай-құлындай тебісіп, өсіп келеді. Бәрі әдеттегідей, бәрі қалыпты, көшеде үсті-басы бірдей болып киінген төрт қозының томиып келе жатқанына қосшылықтардың көзі баяғыда-ақ үйренген. Тек сырттан келген біреулер болмаса, оған мән беріп, ерекше таңырқасып жатқан да ешкім жоқ. Қарапайымдылықты жақсы көретін Қанат соған шүкіршілік етеді. Сөйте тұра ол төртемнің мінез-құлқы да, түр-түсі де әртүрлі екенін айтады:
– Сәкенім – өнертапқыш. Әрнәрсені ойлап табады, қалған үшеуі соның айтқанын істеп, көрсеткенін қайталап жүгіріп жүреді. Ілиясым – ойшыл. Математиканы, шахматты, сурет салғанды жақсы көреді. Сабағына мұқият. Мұғалімнің үйге берген тапсырмасын бірінші орындап тастайды, қалғандары одан көшіріп жүреді. Ол көңілі түссе көшіртеді, түспесе – көшіртпейді. Әминам – кіл ұлдардың ортасында өскендіктен шығар, ерке, ер балалардың ойынына бейім. Ойыны да, қызығушылығы да ұл сияқты. Қуыршақ сатып әперсек, кішкене ойнайтын да, ұзамай онысын лақтырып тастап, ұлдарға қосылып кетеді. Қайта қазір мектепке барып, құрбы қыздарға жақын жүретін болды. Бейімбетім – кенжем. Тентектеу, ана үшеуіне айтқанын істетіп, тыңдамаса тістелеп дегеніне көндіреді,– деп жарқылдап бір күліп алды әке.
Бірақ бірге өскендіктен шығар, әрі біздің тәрбиеміздің әсері де болар, балалар ұйымшыл, бірін-бірі ұзақтау көрмей қалса, өзді-өздерін іздеп, сағынысып жатады. Қонаққа барған жерде кәмпит, ойыншық берсе: «анаған қайда, мынаған қайда» деп бауырларының аттарын атап, сыйлықтарын қалғандарына да ала келеді, дегенді де қосып қойды бақытты әке.
Қанат Сәбитұлы сөзінің соңында: «Барлығы Алланың қолында оның қалауынсыз ештеңе болмайды, бізді осындай қуанышқа жеткізген Жаратқанның жазуы», деп сөзін түйіндеді. Бүгінде ол құрлыс компаниясынан кеткен, туризммен байланысты өзінің шағын кәсіпкерлігін ашқан. Компанияның атауын балалардың есімінің бас әрпімен – S.A.B.I Company деп атаған. Енді төртемнің несібесі үшін бизнесінің іргесін кеңейтсем бе деген ниеті бар. Гүлмира – Қосшы қаласының мәдениет үйінде бухгалтер.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)