Тайтөбедегі тал егу науқаны

Редакция таңдауы
view 202
news

Қытымыр қыстың сызы қайтып, көктем келіп, өсімдіктер бүршік жара бастағанда, шыбық қадап, тал отырғызу – өте жақсы бастама. Жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, жерге көрік қосып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.

Қазақтың ұлттық дәстүрінде адамгершілікке баулитын, тіршілік иесіне зиян келтірмеу мен қоршаған ортаға жанашырлық сезімін тудыратын әдет-ғұрыптар жеткілікті. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөздің өзі адамға байлықтан гөрі жасыл желектің орасан пайдасы барын айшықтап тұрғандай. Бұны жете түсінген тәуелсіз елдің ұландары бүгінде ағаш отырғызып, көгалдандыруға үлес қосуда. Мамырдың 15 күні Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылында «Халықаралық отбасы күні» мерекесіне орай шыр- ғанақ ағашының көшеттері отырғызылды. Игі бастаманың басы қасында Қосшы қалалық Ардагерлер кеңесі, Қосшы қаласының Ақсақалдар алқасы, Қосшы қаласы Аналар кеңесі, Іскер әйелдер қауымдастығы, сонымен бірге Отбасы және әйелдер істері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері болды. Сондай-ақ күш қосып, қолдау көрсеткендердің қатарынан қалалық Полиция бөлімінің басшылық құрамы да тыс қалған жоқ. Мамыражай мамырдың самал желі тербеген жаймашуақ күніндегі атқарылған қауырт жұмыс «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» дегендей болашаққа жасалған ізгіліктің нұры еді. Қарқынды әрі толассыз еңбектің арқасында аз ғана уақыт ішінде жыртылған жердің екі қатарына ағаштар егіліп, су құйылды. Жұмыс бұдан ары да жалғасын табады. Жас шыбық мәуелі байтерек болып, шағын ғана талдар Тайтөбе мен Қосшы қаласын жалғайтын ну орманға айналуына тілектестік білдіреміз. Бұл жұмыс ертеңгі күні өз нәтижесін берері хақ. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабділбар Абақов ағаш отырғызу науқаны жайлы былай дейді: «Иә, әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесін саялап, кәдесіне жаратса, осының өзі үлкен сауапты іс. Ағаштың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде және топырақты бекітуде де маңызы зор екендігі баршамызға аян. Тұрмыста қолданылатын қызметі өз алдына бір бөлек әңгіме. Ал бұл жолғы егіліп жатқан талдар басқа кездегіге қарағанда өзгешелеу. Қазақ даласында «Төбе» атаулары сирек кездеседі. «Күлтөбе», «Көктөбе», «Келінтөбе» деген сияқты орындар бар. Соған орай «Төбе» атауының маңызы да жоғары болмақ. Бұл Тайтөбе тарихтағы соғыс кезеңдерінде алыстан келген жауды алдын ала байқап отыратын қарауыл төбе болған. Сол үшін тарихи орынды жасылдандыру бүгінгі күннің де өзекті мәселесі болып саналады. Біздің қазіргі еккен жас шыбықтарымыз ертеңгі күні мәуелі байтерек болып, болашақтың игілігіне жараса ұрпақ үшін жасаған зор құрмет болар еді», дейді. Ағаш отырғызу белгілі бір орынға ғана тиімді дүние емес, бүкіл әлемді жасылдандыруға қосқан үлес болмақ. Елімізде қолға алынып жатқан бұндай шаралар көп. Елордамыз Астана қаласының да айналасы қолдан жасалған орман екені белгілі. Сол ұлы көшке Қосшы қаласының тұрғындары да өз түйесінің жүгін қосты. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *