«Балдәурен» балабақшасы – өнерлі балалар ордасы
Сұхбат
1246
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мен орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасы аясында Қосшы қаласындағы кәсіпкерлер арасында өтетін «Жылдың үздік кәсіпкері» қалалық байқауы жалғасуда. Байқауды ұйымдастырушы – Қосшы қаласының әкімдігі және Jańa bastau газеті. Оған Қосшы қаласының кәсіпкерлері қатыса алады. Басылымның бұл санында белгілі кәсіпкер, педагог Қосшы қаласындағы «Балдәурен» балабақшасының директоры Шолпан Өтегенова ханыммен жасаған материалды ұсынамыз.
Сондай-ақ, Шолпан Қажайыпқызы 1975 жылы Тайтөбе негізгі мектебін бітіріп, Целиноградтағы А.Майқұтов атындағы педагогикалық училищеге оқуға түскен. Педагогикалық институтты бітіргеннен кейін 1979 жылдың қаңтар айында Целиноград совхоз-техникумында (Қосшы ауылы) балабақша тәрбиешісі болып еңбек жолын бастаған. 1980 жылы Целиноград педагогикалық институтына «Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі» мамандығы бойынша оқуға түскен. 1982-1995 жылдары Қосшы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1996 жылдан 2001 жылдың ақпан айына дейін Целиноград облысының білім беру басқармасында бас маман, одан кейін басшының орынбасары қызметін, 2001 жылдың наурыз айынан 2009 жылдың қазан айына дейін Целиноград ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 2010 жылғы қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін «Балдәурен-Сан» ЖШС-ның директоры.
1999 жылда осы уақытқа дейін Шолпан Қажайыпқызы білім саласында біршама белесті бағындырыпты. Айталық, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Жоғары санатты мұғалім», «Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасы», «ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғысхаты». «ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы», «Целиноград облысының 90 жылдығына арналған мерекелік медаль», «Жомарт Жүрек» грамотасы және 2019 жылы Целиноград ауданының Құрметті азаматы атағы берілген екен. Бұл күнде Шолпан Қажайыпқызы – екі бала, алты немере өсіріп отырған ардақты ана.
«Балдәурен» балабақшасы 2010 жылы қаңтар айынан бастап ашылды. Ақмола облысы бойынша алғашқы болып ашылған жекеменшік балабақшаның бірі. Сол жылы қыркүйектен бастап «Балапан» бағдарламасымен мемлекеттік тапсырыс ала бастадық. Ең алғаш бастағанда 25 бала болған, қазір 250 бала бар. Басында бір ғимаратта оқытсақ, қазір үш ғимаратта оқытылады», – дейді балабақща директоры.
Қазір Қосшы қаласында 30 жеке балабақша бар екен. «Балдәурен» балабақшасының олардан бір ерекшелігі – бүлдіршіндерді өнерге баулуға айырықша ден қоятын көрінеді. Оны балабақшаның осы күнге дейінгі жеткен жетістіктерінен байқауға болды. Республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі түрлі жарыстардың жеңімпазы атанған «Балдәурен» балабақшасының түлектері қазір алды 9-сыныпқа жеткен.
Шолпан Қажайыпқызының айтуынша, ел тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың саны өсті, сөйтіп елімізде балабақша тапшылығы қатты сезілген. Осы мәселені тұңғыш президент Н.Назарбаев жеке меншік балабақша ашуға рұқсат беру арқылы шешті. Жеке меншік балабақшалар мемлекеттік балабақшалар мен және өзара қызу бәсекелестік пайда болды. Басқа салада да осындай бәсекелестік болса, еліміз бұдан да жақсы дами түспек.
Сонымен қатар кәсіпкер Шолпан Қажайыпқызы қаламыздағы бірқатар қоғамдық істерге де демеушілік жасап жүргенін білеміз. Мәселен, өткен жылғы қаламызда өткен қалалық «Алтын домбыра» айтысына демеушілік жасаған. Қазір қаланың стелласын жасауға атсалысып отыр. Одан бөлек, қаламыздағы «Замандастар» әжелер ансамбліне де қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкер.
Қазір балабақша десе, ата-аналар баланың қауіпсіздігіне қатты алаңдайды. Бұл мәселені Шолпан Қажайыпқызы ерекше назарда ұстайтынын айтады. «Ең біріншіден, балабақшада қауіпсіздік пен тәртіп өте жақсы қадағаланған. Тек әжетханадан басқа жердің бәрінде бақылау камерасы қойылған. Өзім тұрақты бақылап отырамын. Сонымен бірге біздегі мамандар тәжірибелі, халыққа сапалы қызмет көрсету – біздің қастерлі міндетіміз», – дейді Шолпан Қажайыпқызы.
Едіге ЕРСАЙЫН
Пікірлер (0)